Жаңалықтар

Ақтөбеде өртенген автобустың жүргізушілері екі ай қамауға алынады

ашық дереккөзі

Ақтөбеде өртенген автобустың жүргізушілері екі ай қамауға алынады

Ақтөбедегі автобус өртінен аман қалған жүргізушілер екі ай қамауда отыратын болды. 52 адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиғаның себебін анықтауға шамамен осыншалықты уақыт қажет. Тергеу нәтижесі бойынша жүргізушілер 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы 31 арна хабарлайды. «Ақтөбе облысындағы автобус өртіне қатысты қылмыстық іс ІІМ аймақаралық жедел тергеу тобының тергеу департаментіне келіп түсті. Тергеу кезінде жүргізушілер өрт қауіпсіздігін сақталмағаны, көлік құралдарын пайдалану заңдылығы ескерілмегені және автобус ішінде жылыту шамы қолданылғаны белгілі болды. Автобустың үш жүргізушісі де осы қылмысқа қатысы бар екені анықталды», – дейді Ақтөбе облыстық прокуратураның бірінші басқармасының басшысы Азамат Құстанов. Қылмыстық істі Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарының процессуалды прокурорлары бақылайды. Тергеу Бас прокуратура мен ІІМ бақылауында болады. Ал өрттен аман қалған Өзбекстан азаматтары ауруханадан шығарылды. Қазіргі уақытта олардың отанына жеткізілуі туралы мәселе шешіліп жатыр. Естеріңізге сала кетсек, 18 қаңтар күні Ақтөбе облысында автобус өртеніп, 52 Өзбекстан азаматы қаза болды. Ал 5 адам аман қалды. Оның үшеуі Қазақстан, екеуі Өзбекстан азаматы.