«Спорт, сен – бейбітшіліксің!»

«Спорт, сен – бейбітшіліксің!»

«Спорт, сен – бейбітшіліксің!»
ашық дереккөзі
Корей түбегінде сең қозғалды. Пхеньянның ядролық сынақтарынан кейін жағдай ушығып, арада соғыс өрті тұтанып кете жаздаған соң, Оңтүстік және Солтүстік Кореяның келіссөз үстеліне отырарына сенбегендер көп. Алайда Сеул мен Пхеньянның бұл жолғы беталысы бөлек. Соңғы екі жылда алғаш рет екі ел арасындағы тікелей келіссөздер мәмілемен аяқталды. Қос тарап та түбектегі мазасыздықты сейілтуге мүдделі екендіктерін танытқандай. Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын бөліп тұрған делимитациялық аймақта, Пханмунджом елді мекенінде өткен кездесудің басты нәтижесі – КХДР ақпан айының 9-25 аралығында Оңтүстік Пхенчханда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына спорт құрамасын жіберетін болды. Корей жарты түбегіндегі қос мемлекеттің хоккейшілері бір топта, одақтас тудың астында өнер көрсетпек. Бұл жаңалықты естігенде Олимпиада ойындарының негізін қалаушы, барон Пьер де Кубертеннің «О, спорт, сен – бейбітшіліксің!» деген сөзі еріксіз ойға оралды. Пхеньян Пхенчхан қаласында өтетін спорт додасына 230 жанкүйер, 30 таэквондо шебері, 140 музыканттан тұратын делегация жіберуге уәде берді. Одан бөлек, көрші мемлекетте наурыз айында өтеді деп жоспарланған паралимпиада ойындарына 150 адамнан тұратын шағын құраманы аттандыруға ниетті. Сеул өз кезегінде Олимпиада кезінде КХДР-ға қарсы салынған кейбір санкцияларды тоқтата тұруға дайын екенін мәлімдеді. Мәселен, Солтүстік Кореяның кейбір ресми тұлғаларына Оңтүстік Корея шекарасынан өтуге салынған тыйым уақытша күшін жоймақ. Келіссөздердің көпшілікті таңғалдырған тағы бір жаңалығы – спорт тарихында алғаш рет Олимпиада ойындарында екі елдің хоккейден әйелдер құрамасы бірігіп, бір командада өнер көрсететіні. Алайда қос тараптың бұл мәмілесі Оңтүстік Корея хоккей құрамасының жаттықтырушыларына ұнай қойған жоқ. Олардың көпшілігі «Оңтүстік Корея хоккейшілерінің Солтүстік Кореямен бір командада өнер көрсетуі олардың жеңіске жету ықтималдығын азайтады» деп наразылық білдірді. Ондаған мың адам мемлекет басшысынан келісімнің күшін жоюды талап етіп, онлайн петицияға қол қойғаны туралы да ақпарат бар. Алайда споршылардың қарсылығы ел билігін райынан қайтара алмасы анық. Келіссөз нәтижесіне қанағаттанған Оңтүстік Кореяның президенті Мун Жайн бұл қадамның қос мемлекеттің қарым-қатынасына оң әсер ететінін ерекше атап өтті. Оңтүстік Кореяның алдында тұрған ендігі міндет – көрші мемлекет делегациясының Олимпиадаға келіп-кетуі БҰҰ-ның Пхеньянға қарсы енгізген санкцияларын бұзбауын қадағалау. Өйткені екі елдің арасындағы сең қозғалды дегенді естіген сәтте мұны Солтүстік Кореяның өзіне қатысты шектеулерді айналып өту амалы деп жорығандар аз емес. Солардың бірі – Жапония. Жапон сыртқы істер министрі Таро Коно «Солтүстік Кореяның көршісіне жылы қабақ таныта бастауы, оған қарсы қолданылған санкциялардың оң нәтиже бергенін көрсетеді», ‒ деп мәлімдеді және әріптестерін экономикалық қысым шараларын өзгеріссіз қалдыруға шақырды.

Араздастырушы да,  жақындастырушы да – спорт

Солтүстік және Оңтүстік Кореяның арадағы салқындықты жоюды басқа емес, дәл спорт додасынан бастауы кездейсоқтық емес. Кәрі тарихқа көз жіберсек, спорт екі елді жақындастырушы ғана емес, араздастырушы да болып келді. Оңтүстік Корея әлемдік ірі спорт сайыстарын өткізуге дайындалғанда КХДР талай мәрте аяқтан шалып, барынша кедергі келтіріп бақты. Әуелі Пхеньян 1988 жылы Сеулде өткен жазғы олимпиада ойындарына қарсылық білдірді. 1987 жылы солтүстіккореялық агенттер Бағдаттан Сеулге ұшқан оңтүстіккореялық ұшаққа жарылғыш зат қойды. Агенттер өз міндетін орындап болғаннан кейін Абу-Дабиге қону кезінде ұшақтан түсіп қалады. Әуеге қайта көтерілген ұшақ бірнеше сағаттан кейін Андаман теңізінің үстінде жарылды. Борттағы барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері – 115 адам көз жұмды. Бұл Сеулдің 1988 жылғы Олимпиадаға қызу дайындалып жатқан шағы болатын. Пхеньян спорттық шараның өтпей қалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысты. Солтүстіккореялық агенттердің бірі ұстау кезінде өлтірілді, ал екіншісі, 25 жастағы Ким Хюн-хуэй тірідей қолға түсті. Ол әуелі ату жазасына кесіліп, кейіннен КХДР режімінің құрбаны ретінде рақымшылыққа ілікті. Ол кейінірек Би-би-сиге берген сұхбатында: «Жоғары шенді шенеуніктің бірі Сеулдегі олимпиадаға дейін оңтүстіккореялық ұшақтың көзін жоясыңдар деді. Оның жоспары бойынша, ұшақ апаты елі ішінде берекесіздік тудырып, Оңтүстік Кореяны тығырыққа тіреуі керек болды», ‒ деген болатын. 2002 жылғы футболдан әлем чемпионатында да Солтүстік Корея өзінің «жарқын қолтаңбасын» қалдырды. Бұл жолы әлемдік теңбіл доп додасын екі мемлекет – Оңтүстік Корея мен Жапония бірлесіп өткізген болатын. Чемпионат оңтүстіккореялық футбол тарихы үшін ерекше бетбұрыс болды десек, артық айтқанымыз емес. 2002 жылы елдің футбол командасы ең мықты қарсыластар – Португалия, Испания, Польша және АҚШ командасын жеңіп, жартылай финалға жетті. Оңтүстіккореялық команданың бұл жетістігі халықаралық БАҚ-тың негізгі тақырыбына айналды. Әлемдік ірі басылымдардың беттері Оңтүстік Корея футболшылары мен Сеул көшелерінде шерулеткен жергілікті жанкүйерлердің суреттеріне толды. 2002 жылдың 29 маусымында, Оңтүстік Корея мен Түркия чемпионаттың үшінші орны үшін бақ сынайтын сәтте Пхеньян тағы да соққы жасады. Солтүстік Кореяның екі патрульдік катері Сары теңіздегі Солтүстік шекара сызығын кесіп өтіп, Оңтүстік Кореяның Ёнпхёндо аралындағы жағалау күзеті кемелеріне оқ жаудырды. Шабуыл кезінде оңтүстіккореялық 9 адам мерт болып, 6 адам ауыр жарақат алды. Солтүстік шекара сызығы – Корей соғысының нәтижесінде БҰҰ бекіткен Сары теңіздегі демаркациялық сызық. Қазір Солтүстік және Оңтүстік Корея арасындағы теңіз шекарасы да – осы сызық. Алайда Пхеньян бұл шекараның заңдылығын мойындамайды. Үнемі бүлік шығарып, ондағы тыныштықты бұзып келеді. 2002 жылдың жазындағы шабуыл арадағы араздықты ушықтырса да, сол жылдың күзінде Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен XIV Азия ойындарына өз делегациясын жіберді. Делегация құрамында 606 адам: 184 спортшы, 288 чирлидер (еріктілер), 134 шенеунік болды. Оңтүстік Корея 2014 жылы Инчхонда Азия ойындарын өткізуге дайындалып жатқан уақытта Солтүстік Корея соғыс кезінде бөлініп кеткен отбасылардың кейбірінің кездесуіне келісім берді. Екі жақтың келісімі бойынша ұйымдастырылған кездесу шекараның екі жағында қалған миллиондаған адам үшін жақындарымен жүздесудің жалғыз мүмкіндігі болды. Олардың арасында 60 жылдан бері алғаш рет көріскендері қаншама. 2000-2007 жылдар аралығында мұндай кездесулер қос тараптың мақұлдауы бойынша жылына екі рет өткізіліп тұрды. Алайда 2007-2013 жылдар аралығында бір-біріне қабағы қатулы екі елде тұратын туыстарға небары 2 рет жүздесуге мұрсат берілді. Бұл уақытта Сеулдегі Ли Мен Бактың консервативтік үкіметі мен КХДР режімі арасындағы қарым-қатынас қиындап кеткен болатын. 2014 жылы екіге бөлінген отбасылар үш жылдық үзілістен кейін сағынысып қауышты. Олар бұл кездесу екі елдің арасындағы алшақтықты қысқартады деген үміттенді, алайда олай болмай шықты. Азия ойындары жақындаған сайын КХДР өз құрамасын додаға қатыстырмаймын деп бірнеше мәрте доқ көрсетті. Қанша айбат шексе де, ойын басталарда 273 адамнан тұратын делегациясын жіберді. Делегацияны солтүстіккореялық биліктің жоғары шенді үш мүшесі бастап келді. 2015 жылдан бері отбасылардың кездесуі ұйымдастырылмады. Пхеньян мен Сеулдың арасы суи берді. 2017 жылы КХДР алтыншы ядролық қаруын сынақтан өткізіп, бірнеше оқтұмсығын қатар ұшырды. Үрейі ұшқан оңтүстіккореялықтар ең сорақы сценарий – ядролық соғыстың басталуын күтіп, қорғанысқа қажеттінің бәрін жапа-тармағай сатып ала бастады. Алайда Солтүстік Корея көшбасшысының жаңажылдық құттықтауы қорқынышты сейілтті. Ким Чен Ын күтпеген жерден зәйтүн бұтағын ұсынып, өз спортшыларын Пхенчхан олимпиадасына жіберуі мүмкін екенін мәлімдеді. Содан кейінгі жағдайдың бәрі әлемнің көз алдында. Екі елдің арасындағы жылымықты жақсылықтың нышанына деп үміт артқандардың да, Ким Чен Ынның кезекті ойыны деп күдік келтіргендердің де уәжі құлаққа кіретіндей. Әліптің артын бағайық.