Қытайлық туристерден Қазақстан экономикасына қанша қаржы түсті?
Қытайлық туристерден Қазақстан экономикасына қанша қаржы түсті?
Қытай туристері үшін енгізілген 72 сағаттық визасыз режім өзім тиімділігін көрсетті. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2018 жылдың соңына дейін Қытай азаматтары үшін ілкі режімде енгізілген визасыз 72 сағаттық транзиттік жоба өз тиімділігін көрсетті. ЭКСПО өткен үш айдың ішінде 4,5 мың қытайлық келіп, еліміздің экономикасына әрқайсысы 250-300 доллардан қалдырды», - деді ол. Министрдің айтуынша, таяу уақытта мұндай режімді бүгінде экономикасы қарқынды даму жолына түсіп, халқы туристік сапармен жиі шыға бастаған Үндістан азаматтарына да енгізу жоспарланып отыр.
«Бұл туралы мемлекеттік органдармен келісілу үстінде. Дегенмен, біз бұл мәселені міндетті түрде шешуіміз қажет деп ойлаймын. Себебі Үндістан қарқынды дамып келеді», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Жалпы министрдің дерегінше, соңғы 10 жылда туризм жылдам қарқынмен дамып, әлемдік экономикадағы ең серпінді өрлей түскен салалардың біріне айналды. Бүгінде туризм әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құрап, әрбір 10-шы жұмыс орнын құруда. Дүние жүзінде туризм саласына құйылатын инвестиция көлемі 800 млрд долларға жетіп отыр.