Түркиядағы төтенше жағдай тәртібі

Түркиядағы төтенше жағдай тәртібі

Түркиядағы төтенше жағдай тәртібі
ашық дереккөзі
  Түркияда төтенше жағдай тәртібі тағы 3 айға ұзартылды. Елдің ұлттық қауіпсіздік кеңесінің ұсынысын үкімет бірауыздан қолдады, парламент мақұлдады. Осымен алтыншы мәрте. 2016 жылдың 16 шілдесіне қараған түні күллі түрік халқын дүр сілкіндірген оқиға – әскерилер тобының мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынысынан кейін енгізілген төтенше жағдай режимі тоқтатылар түрі көрінбейді. Еуроодақ бұл шешімді тұрғындардың құқығы мен бостандығын шектеу деп сынға алса, Ердоған үкіметі «халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарасы» деуден танбай келеді. 2016 жылдың 15-шілдесінен 16-на қараған түнгі қанды оқиғаны түркиялықтар көпке дейін ұмыта алмасы анық. 250 адамның өмірі қиылып, 2 мыңнан астам адам ауыр жарақат алған қайғылы күн дәл кеше болғандай көптің жадында әлі сайрап тұр. Одан бері бір жарым жыл өтіпті. Өткен жылдың мамырында, төтенше жағдай режимі кезекті рет ұзартылғанда ел президенті Режеп Тайып Ердоған: «Төтенше жағдай тәртібі мемлекетте бейбітшілік пен тұрақтылық орнағанға дейін созылады» деген болатын. 2017 жылдың сәуірінде өткен референдум қорытындысы бойынша конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін Түркия президенті елде төтенше жағдай тәртібін енгізу немесе оны тоқтату құқығына ие болды. Содан бері «төтеншеліктердің» жұмысы бұрынғысынан қыза түсті. Amnesty International халық­аралық ұйымының мәліметінше, 2016 жылдың шілдесінен бері Түркияда 113 мыңға жуық адам ұсталған: олардың 47 мыңы қамалып, 65 мыңнан астамы тергеуден кейін босатылған. Десе де бостандыққа жіберілгендердің 41,5 мыңы әлі де құқыққорғау органдарының жіті бақылауында. Тұтқынға алынғандардан бөлек, мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетін ұйымдастырушылармен байланысы бар деген күдікке ілініп, қызметінен қуылғандар да аз емес. 2016 жылдан бері әр түрлі салада қызмет ететін 138 мыңға жуық маман жұмысынан айырылған. Бұл – осы тақырып аясында зерттеу жүргізетін Turkey Purge атты түрік журналистерінің сайтында келтірілген дерек. Сайт тілшілерінің мәліметінше, жұмыссыз қалғандардың арасында құқыққорғау органдарының қызметкерлерінен бөлек, білім беру, денсаулық сақтау салаларының мамандары, БАҚ өкілдері де жетерлік. 2016 жылдың шілдесінен бері 95 ақпарат құралының жұмысы тоқтатылған, мемлекеттік және жекеменшік БАҚ-тың 231 журналисі, штаттан тыс авторлары тұтқынға алынған. Режеп Тайып Ердоған өз мәлімде­месінде төтенше жағдай тәртібіне қатысты Батыстың ешбір сынына құлақ аспайтынын анық ұқтырды. «Біздің еліміз бетпе-бет келген қауіппен салыстыруға да келмейтін кішігірім лаңкестік шабуылдардан кейін төтенше жағдай режімін енгізетін еуропалық елдер біздің бұл шешімімізді сынауға қақысы жоқ», – деді түрік басшысы.

               Төтенше жағдай тәртібі деген не?

Елде төтенше жағдай тәртібінің орнауы нені білдіреді? Бұл – мемлекет тұрғындары қатаң ережелер бойынша өмір сүреді деген сөз. Төтенше жағдай тәртібі аясында ел ішінде енгізілетін шектеулер тізімі ұзын-сонар. Негізгілеріне тоқталсақ: ‒ Мемлекетте коменданттық сағат жарияланады. Кешкі және түнгі уақытта көшеде және қоғамдық орындарда тек арнайы рұқсаты бар адамдардың ғана жүруі қадағаланады; ‒ Тәртіп сақшылары еш себепсіз көшеде кетіп бара жатқан азаматтарды тоқтатып, құжаттарын тексеруге құқылы. Тұрғындардың барлығы өздерімен бірге төлқұжаттарын алып жүруге және талап етілген уақытта оны көрсетуге міндетті; ‒ Күдіктілерді алдын-ала тұтқында ұстау мерзімі ұзартылуы мүмкін; ‒ Төтенше жағдай тәртібі соғыс уақытындағыдай заңдардың қабылдануына тосқауыл қоймайды. Конституциялық сот олардың конституцияға қайшылығы туралы дау айта алмайды; ‒ Ел билігі митингтер мен шерулерге тыйым салуға немесе белгісіз мерзімге кейінге қалдыруға құқылы. Қоғамдық ұйымдардың қызметіне де тыйым салынуы мүмкін. Үкімет кез келген бұқаралық шараларға, театрлық қойылымдар қоюға, тіпті аудиожазбаларды тыңдап, бейнежазбаларды көруге шектеу қоя алады. Сондай-ақ, газет-журналдар, кітаптар мен үндеу парақшаларды басу мен таратуға да тыйым салу құқығына ие; ‒ Төтенше жағдай режімі кезінде ел заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмейді; ‒ Белгілі бір уақыттарда және елдің кейбір аумақтарында көлік қозғалысы шектелуі мүмкін.

«Темірдей» тәртіп қауіпсіздікті арттыра ма?

Төтенше жағдай тәртібін желеу еткен ел билігінің негізсіз шектеулері мен тәртіп сақшыларының жөнді-жөнсіз тексерулеріне бір кездері наразылық танытқан жұрттың бүгінде бұл жағдайдың бәріне еті үйренген. Десе де, ел ішінде жүргізілген зерттеулердің нәтижесі алаңдатарлық. Түркиядағы төтенше жағдай тәртібін зерттеу жөніндегі комитет ұсынған деректерге сүйенсек, 2016 жылдың 20 шілдесінен бастап, яғни аталмыш режім енгізілгелі бері ұсталған және қамауға алынғандардың 16,7 пайызы өздеріне қол салмақ болған. «Төтенше жағдай тәртібі кезінде адам құқығының бұзылуы және оның көрсеткіштері» атты зерттеу қоғамдық құқыққорғаушылар Омер Фарук Гергерлиоглу мен Нуртен Эртугрулдың басшылығымен қолға алынған. 2 мың 173 адам қатысқан сауалнама 2017 жылы 24 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында жүргізілді. Оның қорытындысы төтенше жағдай режімі қоғам мен мемлекет арасын айтарлықтай алшақтатқанын және билік тармақтары – заң шығарушы, атқарушы және сот билігі арасындағы өкілеттіліктер бөлінісі жойылғанын көрсетті. Зерттеу қорытындысы бойынша, тергеуге алынғандардың 42,6 пайызының ісін жүргізу барысында прокурорлар бірде-бір мәрте сотта төбе көрсетпеген және айыптау қорытындысын дайындамаған. Сондай-ақ, жүргізілген сауалнама нәтижесінде төтенше жағдай тәртібі кезіндегі үкімет нұсқаулары бойынша қызметінен қуылғандардың 48,7 пайызы әлі күнге дейін екі қолға бір күрек таппай жүргені анықталды. Жұмыссыз қалғандардың 35,7 пайызы өздерінің жиған-тергеніне күнелтіп жүрсе, 25,6 пайызы туған-туыстарының қолына қарап отыр, ал 18,9 пайызы кездейсоқ табыспен жан бағуда. Қызметінен айрылғандардың 8,7 пайызы ғана әлеуметтік сақтандырудың арқасында жұмыс тапқаны белгілі болды. Бүлікшілердің мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыну оқиғасынан кейін қамауға алынғандардың 23,5 пайызы соққыға жығылып, зорлық-зомбылық көргендерін айтқан. Психологиялық қысымнан бөлек, дәретханаға баруға тыйым салуға, отбасы мүшелерімен байланысуға рұқсат бермеу секілді теперіш көрсетілген. Респонденттердің 27,3 пайызының айтуынша, олар жиған-тергендерін Bank Asya-да сақтағандары үшін немесе ByLock мобильді қосымшасын қолданғандары үшін айыпталған. Ал сұрау салынғандардың 26,4 пайызы кәсіподақ мүшесі болғандары үшін тұтқындалыпты. Респонденттердің 29,2 пайызы не үшін айыпталғандарын әлі күнге білмейтін көрінеді. Айта кетерлік жайт, зерттеуге қатысушылардың 91,3 пайызы бүлікке дейін мемлекеттік қызметте істеген. Жекеменшік секторда қызмет еткен респонденттердің 75 пайызы өздері жұмыс істеген компания үкімет бұйрығымен жабылғанын айтса, 6,9 пайызы отставкаға кетуге мәжбүр болған. Төтенше жағдай тәртібі кезінде теперіш көргендердің жақындары негізінен экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келген. Сондай-ақ, әлеуметтік оқшаулану (86,6 пайыз) және психологиялық түйткілдерден (85,6 пайыз) зардап шеккендер де көп екен. Turkish Minute солардың бірінің сөзін әлеуметтік оқшауланудың жарқын мысалы ретінде ұсынған: «Мен «әлеуметтік обаға» шалдықтым. Айналамда бұрыннан жақсы танитын адамдар жүрсе де, олардың бәрі бойын менен алшақ ұстауға тырысады. Өйткені үкімет оларға залалын тигізе ме деп қорқады». Зерттеу нәтижесі бойынша, бүліктен кейін істі болғандардың 81,3 пайызы тергеу әділ жүргізілмеген деп есептесе, 55,6 пайызы тергеу мен сот процесі кезінде өзінің жазықсыз екенін дәлелдеу үшін ел заңнамасында көрсетілген құқықтарын қолдана алмағандарына наразы. Сауалнама қорытындысына сүйенсек, үкімет жарлығы бойынша қызметінен қуылғандардың 96,6 пайызы мемлекеттік кәсіпорындар тарапынан кемсітушілік көрсе, 98 пайызы төтенше жағдай режімі азаматтардың қауіпсіздігін арттырмағанын, керісінше, тұрғындардың үрейін үдеткенін айтқан. Түркияда төтенше жағдай режі­мі­нің қашан аяқталары белгісіз. Секемсіз таңы атып, күдіксіз күні батпайтын жұрт мемлекет басшысының ұғымындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнайтын күні туарына сенуден қалып барады.