Астана Ақмолаға неге көшірілді?
Астана Ақмолаға неге көшірілді?
Жасырып-жауып қайтеміз, «Қазақ-стан Президенті Астана күнін өзінің туған күніне орайластырып 6 шілдеге ауыстырды» дегендей пікір айтып жүргендер жоқ емес. Мұның қаншалықты қисыны бар, әлде «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей пиғылмен атүсті айтыла салған сөз бе? Осы жайында ойымызды ортаға салсақ.
Рас, 1998 жылдың 10 маусымы біздің еліміз үшін ерекше тарихи күн. Өйткені дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасының халықаралық тұсаукесері өткен болатын. Оған республиканың барлық облыстары мен алыс-жақын шет мемлекеттерден арнайы делегациялар келген еді.
Дәл сол уақытта Павлодар облыстық телерадиокомпаниясының бас редакторы болатынмын. Астананың тұсаукесеріне байланысты циклды телехабарлар дайындау маған жүктеліп, облыс делегациясы құрамында жаңа астанаға келгенім мен көргенім әлі күнге дейін көз алдымда. Астананың халықаралық тұсаукесері жайлы сол кезде де, одан кейін де көп жазылды, қаншама телерадиохабарлар дайындалды. Оның бәрін тағы да бір қайталаудың қажеті жоқ шығар. Тек Астананың 20 жылдығына орай, жоғарыда айтқанымдай, Елбасы мен Елорда тақырыбына байланысты көкейде жүрген кейбір ойларымды ортаға салсам артық болмас.
Астана – Елбасының төлтумасы. Оған ешкімнің таласы жоқ. Қазақстанның астанасын жанға жайлы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде бастама көтерген де мемлекет басшысы. Шыны керек, сол уақытта республиканың жаңа астанасы – Ақмола болатынына жұрттың көбі әсте сене қойған жоқ. Басқасын айтпағанның өзінде, тәуелсіздік алғанына көп уақыт өте қоймаған қазақ елінің бұдан басқа да бірінші кезекте шешуге тиісті көкейкесті әлеуметтік-экономикалық мәселелері шашетектен еді. Осындай қысылтаяң шақта: «Жылы орынды суытып, қысы қытымыр, жері батпақ, адам тұруға қолайлы жағдайы жоқ Ақмолаға көшудің қаншалықты қажеті бар?», – деп ашық та, жасырын да қарсылық білдіргендер аз болған жоқ.
Мемлекет басшысы Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруді тоқсаныншы жылдардың басында қозғай бастаған еді. Елбасының бұл ұсынысына алғашында елең ете қойғандар сирек. Себебі бұл ойдың жүзеге асатынына сенімсіздік пен күдік үстем болды. Қазақстандықтардың басым бөлігі осылай екіұдай болып жүрген шақта Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жалпы отырысы өтті. Бұл – 1994 жылдың 6 шілдесі болатын. Елбасы Қазақстан Республикасының орталығын Алматыдан Ақмолаға көшіруді депутаттардың талқысына ұсынды. Оны бір-екі сөзбен жеткізген жоқ, бұл мәселенің маңыздылығы мен қажеттілігіне байланысты дәйектері мен дәлелдерін жайып салды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы «Еуразия жүрегінде» деген кітабында былай деп жазғаны бар: «Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың көбі менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Ендi шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды».
Елбасы Ақмоланы таңдауға байланысты 32 негізгі өлшем-пайымды алға тартқан. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, коммуникация, көліктік инфрақұрылым, құрылыс, еңбек ресурстары және басқа да негізгі салалар бойынша қарқынды дамуға жас мемлекеттің жаңа астанасында мол мүмкіндік болатыны, сонымен бірге климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдай, қоршаған орта өте қолайлы екені айтылған болатын. Осындай тұжырым-пайым мен жоспарлардың бәрі сөз күйінде қалған жоқ, барлығы да ойдағыдай іс жүзіне асты. Жиырма жылдың ішінде тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасы адам танымастай асқақ Астанаға айналды.
Елорданы көшірудегі ең басты мақсаттардың бірі – Қазақстанды геосаяси жағынан нығайту болатын. Өйткені Астана – Еуропа мен Азияның дәл шектескен нүктесінде. Бір сөзбен айтқанда, Еуразия құрлығының нақ ортасында орналасқан. Алыс-жақын шет мемлекеттермен өзара тығыз халықаралық қарым-қатынас қалыптастыруға жол ашылатыны сол уақытта баса айтылған еді. Қазақстанның қазіргі жағдайына қарап бұл мақсаттың да мүлтіксіз жүзеге асқанын анық бағамдауға болады.
Елбасы сол бір тоқсаныншы жылдары жас қазақ елінің халықаралық қауiпсiздiгін де қаперден шығармағаны айдан анық. Өйткені қанаты енді-енді қатайып келе жатқан Қазақстанның астанасы сыртқы шекаралардан мейлiнше қашық болуы керек екені түсінікті. Тіпті қазақ елі бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған кездің өзінде бұл мәселе Мәскеудегі шенді-шекпенділердің «бас ауруы» болғаны жасырын емес. Ол уақытта КСРО-ның «салқын саясат» жүргізуі салдарына байланысты Қазақстанның астанасынан таяқ тастам жердегі Қытай елі «қырын қарап», соған орай екі мемлекет те шекараларын қымтай түскенін тарихтан білеміз. Сол себепті Қазақ-станның астанасын республиканың орталығына қарай көшіру жөнінде талпыныс жасалғаны жөнінде дерек бар.
Әлбетте, көршілес мемлекеттермен қырғи-қабақ, салқын саясаттың бетін әрмен қылсын. Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан бері бейбіт саясат ұстанып отырғаны әмбеге аян. Дегенмен, «Мемлекеттің астанасы шекарадан қашық, елдің кіндік ортасында болғаны дұрыс» деген Елбасы саясатының дұрыстығына бүгінгі күні айқын көз жетіп отыр.
Бұл ретте Солженицын, Жириновский секілділердің «Қазақстанның солтүстігін Ресейге қосу керек» дегендей кертартпа пікірлерді қайта-қайта бықсыта бергені де түрткі болған шығар, бәлкім. Оның үстіне КСРО-ның кезінде тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында Қазақстанның солтүстік облыстарына, оның ішінде әлбетте, Целиноград та бар, жан-жақтан басқа ұлт өкілдері ағылғаны тарихтан белгілі. Мұндай қитұрқы саясат қазақы ортаның жойылып, қазақ мектептерінің жабылып, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің аяқасты болуына әкелген еді. Тоқсаныншы жылдары Ақмола қаласында қазақ ұлты бар-жоғы 10 пайыздың айналасында болатын. Қазір Астанада жергілікті ұлт 90 пайыздың үстінде. Қала халқы үш есе өсіп, бір миллионға жетті. Астанада қазақ мектептерінің қатары артты. Сонымен бірге елдің бірлігі мен ынтымағы, тұтастығы да арта түсті. Бұған дәлел – ТМД елдерінде баламасы жоқ құрылым біздің тәуелсіз мемлекетте бар – Қазақстан халқы ассамблеясы. Ұлттар мен ұлыстарды ұйытып, олардың салт-дәстүрлері мен мәдениетін сақтап, ынтымағын нығайтуға ұйтқы болып отырған ассамблеяның да негізін қалаған Елбасы. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Еуразия жүрегінде» кітабында былай деп жазған болатын: «Астананы құрамы жағынан көп ұлтты өңiрге көшiре отырып, бiз тұрақты саяси-этностық мемлекет құру, Қазақстанды мекендеген этностар арасындағы достықты сақтау мен байыту, дiндер мен конфессиялардың қақтығыссыз тату өмiр сүруiн қамтамасыз ету жөнiндегi бағытымызға адал екенiмiздi тағы бiр дәлелдедiк».
Негізі Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіруге түрткі болған тағы бір себеп бар. Бұл ойымызға дәйектеме ретінде Мемлекет басшысының «Еуразия жүрегінде» кітабынан үзінді келтірген жөн: «Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы кезімде менің қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхатының түскені бар. Ол анау-мынау емес, Қазақ КСР-нің астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағандыға, не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Ардақты ғалым, ардагер қайраткер өз дәлелдерінің бірі ретінде осындай байтақ республиканың астанасы елдің әлдебір түкпірінде болмауы тиістігін келтірген. Оның үстіне арадағы қарым-қатынас сол уақытта нашарлап тұрған Қытай Халық Республикасымен шекара да тым іргеде. Есімде қалған: осы елеулі мәні бар баянхат Мәскеуге жіберілген екен. Мұндай мәселелер Мәскеусіз шешілмек түгілі, қолға да алынбайтын еді ғой. Мәскеу: «Басқа істейтін істерің жоқ па?» – деп, келте кесіпті».
2006 жылдан бері Астана күні 10 маусымда емес 6 шілде күні тойланып келеді. Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы Жоғарғы Кеңестің №106 қаулысы 1994 жылы 6 шілде күні шыққан. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті араға екі жыл салып, 1996 жылдың 6 шілдесі күні елорданы көшіру туралы қаулы қабылдаған. Сондықтан Астана күні Елбасының туған күнімен тұспа-тұс келуі әдейі орайластырылған емес, тарихи құжаттарға негізделген заңдылық.
Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ