Жаңалықтар

«Қазақфильм» жекешелендіріле ме?

ашық дереккөзі

«Қазақфильм» жекешелендіріле ме?

«Қазақфильмді» жекешелендіруге қарсы шықты. «Қазақфильм» киностудиясын сатып алған қожайын өз идеологиясын жүргізетін болады. Осылайша, Қазақстандағы жас өркендерді өз мүддесіне мәжбүрлейді. Премьер-министрге депутаттық сауал жолдаған бір топ мәжілісмендер бүгін осындай мәселені көтерді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. «Белгілі болғандай, Алматының ең көрікті көріністерінің бірінде орналасқан қазақ кино өнерінің қалаушыларының бірі - Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының кешені жекешелендірілетін нысандардың тізіміне енгізілді. Кезінде көптеген кітапханалар мен мәдениет үйлері, кітап дүкендері және тағы басқа әлеуметтік нысандар бастапқы мақсаттарынан өзгертіліп, орасан әлеуметтік зардап шегіп, экономика түзелгеннен кейін сол тегін кеткен әлеуметтік нысандарды мемлекеттің қыруар қаржысына қайта сатып алған едік. Осы жағдайды естен шығармағанымыз абзал болар еді», – дейді өз сауалында Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов. Өзімен бірге мәжілісмендер Мамраев, Қарағұсова, Аронова, Ерман, Өтемісов атынан сауалды қойған Қуаныш Сұлтанов «Қазақфильмнің» маңызын айтып берді. «Қазақфильм» кешені ұлтымыздың, ұлттық руханиятымыздың қайталанбас дарынды ондаған өнер шеберлерінің тарихымызға алтын әріппен жазылған ұлы есімдерімен байланысты. «Қазақфильм» кешенінің өзі – қасиетті шаңырақ. Оны киностудиясын сатып алатын адам киноөндіріспен шұғылданбайтыны бесенеден белгілі. Өйткені, ол таяу арада коммерциялық пайда бере алмайды. Әйгілі «Голливудтың», тіпті бізге жақын «Мосфильмнің» дәрежесіне жетуге жылдар мен қыруар қаржы керек. Сірә, оның тұрған жері мен ғимараттары қызықтырып тұрса керек. Ал шетелдіктердің қолына тисе онда сөз жоқ, біз ұлттық кинодан, осы салада Елбасы мақаласында айтылған ұлттық код, тегімізді насихаттау мүмкіндігінен айырыламыз», – дейді ол. Мәжіліс депутаты сонымен бірге бір қауіптің барын алға тартты. «Студияны сатып алған қожайын өзінің идеологиясын жүргізетін болады. Ол біздің жас өркен таланттарымызды өз мүддесіне мәжбүрлейді. Осы жағдайды ескере отырып, «Қазақфильм» киностудиясын жекешелендіру тізімінен шығару мүмкіндігін қарастырудысұраймыз», – деді Қуаныш Сұлтанов.