Ақ қалпақ үшін ашулы
Ақ қалпақ үшін ашулы
«Айыр қалпақты ағайындар». Бұл тіркес бауырлас қырғыз халқының екінші атына айналып кеткелі қашан. Ұлттық бас киімдерін ерекше ұлықтайтын қырғыз жұрты енді ақ қалпақты мемлекеттік белгілермен (Ту, Елтаңба, Әнұран) теңестіруді қолға алмақ. Тіпті, депутаттар президенттен бастап спортшыларға дейін маңызды шараларға ақ қалпақсыз қатыспауды міндеттеуге ниетті.
«Қалпақты иттен» басталған дау
Депутаттардың мұндай сарындағы заң жобасын ұсынуына ел астанасы – Бішкекте 2017 жануарлардың сән көрсетілімі себеп болды. Нақтырақ айтар болсақ, өткен жылдың 22 желтоқсанында «Dogs Fashion Show» көрсетіліміне қатысушылардың бірі бөрібасарына қырғыздың ұлттық ақ қалпағын кигізіп, сахнаға шығарған. Бұл қырғыз жұртының ашуына тиіп, халықтың белсенді тобы бірден наразылықтарын білдіре бастады. Белсенділер қалпақ киген ит иесін жазалауды сұрап, дабыл қақты. Олар мұны «қырғыз ұлтының намысына тию, ұлт араздығын тудыру» деп қабылдады. Белсенділер Бішкекте наразылық шарасын өткізіп, президентке және парламент депутаттарына хат жазатынын мәлімдеген еді. Осы оқиғаға орай Қырғыз жастар кеңесінің жетекшісі Алмазбек Жазыбаев: «Бұл жағдай біздің көңілімізге қатты тиді. Ақ қалпақ үшін жүрегім ауырды. Бұл бізге бабаларымыздан қалған дүние. Бұл – қасиетті. Біз ақ қалпақты басымызға киеміз, ешқашан жерге қоймаймыз. Ал қазір ақ қалпақты тіпті, монша мен саунада да киетіні жаныма батады», – деп пікір білдірген болатын. Ал қоғам қайраткері және заңгер Роман Ремнев дизайнердің бұл әрекетін қырғыз азаматтарының намысын жерге таптау екендігін айтты. «Иттің ұлты жоқ. Бұл жануар адам баласының досы болғанымен, оған ақ қалпақ кигізу – адамның намысын аяққа таптау деп есептеймін. Бұл қырғыз халқы үшін қасиетті бас киім. Ал қасиетті дүниені итке кигізу – ұлттық символымызды төмендету деген сөз», – деді Роман Ремнев. 18 жастағы Ангелина Халиуллина «қалпақты иттің» иесі. Бойжеткен өзінің бұл әрекетінде ешқандай арам ойдың болмағандығын, Қырғызстан халқын кемсітуді ойламағанын айтып ақталды. Қоғамда үлкен дау туғызған жағдайға себеп болғаны үшін қырғыз жұртынан кешірім де сұрады. Ал жануарлар сән көрсетілімінің ұйымдастырушысы Батма Казакбаева: «Әр қатысушы жануарларын өз қалауларынша киіндіріп, алып шықты. Иттің иесінде жаман ой болмағаны анық. Ол өзінің басына ұлттық әйелдер бас киімін киіп, қырғызша сөйлеп, қара жорға биледі. Егер осы арқылы біреудің намысына тиген болсақ, кешірім сұраймыз», – деп атап өтті. Ит иесінің де, шоу ұйымдастырушыларының да кешірім сұрағанына қарамастан, белсенділер жануарға қалпақ кигізген қызды заң бойынша қатаң жазалауды талап етті. Тіпті, оны қырғыз халқының ұлттық намысын таптағаны үшін бас бостандығынан айыруды сұрағандар да табылды. Айта кетейік, Қырғызстанда ұлттық қадір-қасиетті қорлағаны үшін 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімде темір торға қамайды. Белсенділер мәселе көтергенімен, ақпарат құралдары бұл жайтқа қатысты прокуратураға ешқандай шағым түспегенін мәлімдеді. Оның үстіне, ит иесін заң жүзінде жазалауға себеп жоқ. Себебі қалпақ ту, елтаңба, әнұран секілді ерекше статусқа ие емес және мемлекеттің қорғауында емес.Депутаттар істі заңмен реттемек
28 желтоқсан күні бұл мәселе парламент мінберінде көтерілді. Депутаттар Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратурадан қырғыз халқының ұлттық бас киімін жануардың басына кигізгені үшін ит иесін тауып, жазаға тартуды сұрады. Сондай-ақ, Қырғызстан парламентінің депутаттары айырқалпақты мемлекеттік ту, елтаңба, ән-ұранмен теңестіру туралы ұсыныс білдіріп, президент, парламент төрағасы және оның орынбасарлары, үкімет басшысы ресми сапарларда айыр қалпақ киіп жүруге міндеттейтін заң жобасын әзірледі. Депутаттар әзірлеген құжат ережесіне сай, халықаралық жарыстарда Қырғызстанның намысын қорғайтын спортшылар да қалпақ киіп жүруге міндеттеледі. Сондай-ақ, ұлттық бас киімді Қырғызстанда және шет мемлекеттерде өтетін мәдени шараларда, фестивальдерде, конференциялар мен семинарларда, көрмелерде киіп жүру міндетті. Бұл қадам арқылы депутаттар қырғыз халқының ұлттық һәм мәдени құндылықтарын насихаттамақ ниетте. Сонымен бірге, депутаттар қырғыз халқының ұлттық бас киімін мақсатсыз пайдалануға қарсы күрес жүргізу керектігін де атап өтті. Заң жобасында үкіметтің қалпақтарды әзірлеу, елге әкелу және сатуды шектеуі қажеттігі де көрсетілген. Заң жобасының мақсаты – қырғыз халқының мәдени мұрасының бір элементі саналатын ақ қалпақтың имиджін, танымалдығын арттыру, ақ қалпақты республиканың мәдени символы ретінде қалыптасу шарттарын нақтылау. Депутаттар шет мемлекеттер қырғыздарды осы ақ қалпақ арқылы тануы қажет дегенді айтады. Сән көрсетілімінде иттің сахнаға ақ қалпақ киіп шыққаны қырғыз депутаты Рыскелді Момбековтің ашуына қатты тисе керек, өз сөзінде: «Ұлттық символымызды итке кигіздік. Яғни, итті – қырғызға, қырғызды – итке теңедік. Қара қарға үшін де уайымдайтын қырғыз халқы өз намысын қашан ойлайды? Неге ұлттық қауіпсіздік комитеті үнсіз? Ал мемлекеттік прокуратура бұл жағдайға баға бере алмай ма? Бұл бүгінгі күннің маңызды мәселесі. Ертең қалпақты шошқаға кигізеді, ал туымызды мысықтың астына төсеніш қылады!», – деп ашуланды. Момбековтің пікірін әріптестері де қолдап отыр. Парламент депутаты Экмат Байбакпаев: «Ұлттық бас киімімізді итке кигізді. Бұл маған ұнамайды. Ал қалпағымыз қорғауда болмай тұрып, пікір таластыру қиындау. Жазалау керек деп те айта алмаймыз. Сондықтан, әріптестерімізбен бастама көтеріп отырмыз», – деді. Депутаттар ақ қалпақты әрбір азамат құрметтеуі қажеттігін айтады. Ал өзгелер ұлттық құндылықтарын сыйлауы үшін, ең алдымен жоғары лауазымды шенеуніктер ақ қалпақты Қырғызстанда ғана емес, шет мемлекеттерге сапарларында да киіп жүруі қажет дегенді алға тартып отыр.Қалпақтан басқа қиындық жоқ па?
Жалпы, әлем елдерінде ұлттық киімдерін мемлекеттік деңгейде қолданудың түрлі мысалдары бар. Мәселен, Кувейтте барлық мемлекеттік қызметкерлер ұлттық киіммен жүреді. Малайзияда әр бейсенбі күні барлық шенеуніктер жұмысқа ұлттық киімдерін киіп баруға міндетті. Ал Үндістанның сыртқы істер министрлігінде жұмыс уақытында ұлттық киіммен жүру тәртібі бұрыннан қалыптасқан. Малайзия, Индонезия, Бруней елдерінде ұлттық бас киім – сонгкокты ресми шараларда киіп жүреді. Жалпы, көптеген ел басшылары ұлттық костюммен жұрт алдына шығудан қашпайды. Олардың арасында Ауғанстан президенті Ашраф Гани, Малайзия премьер-министрі Наджиб Тун Разак бар. Бірақ олар да халықаралық ресми кездесулер кезінде артық әрлеусіз классикалық үлгідегі костюм кигенді құп көреді. Дегенмен, қырғыз депутаттарының бұл бастамасы толыққанды қолдау тапты деп айтуға ерте. Заң жобасы қоғам талқылауына ұсынылды. Бірақ елдегі экономика, экология, жемқорлықпен күрес сынды стратегиялық мәселелер осындай популистік бастамалардың көлеңкесінде қалып қоя ма деп күдіктенетіндер де жоқ емес. Жоғарғы Кеңестің бұрынғы депутаты, қоғам қайраткері Ишенбай Қадырбеков көпұлтты Қырғызстан үшін мұндай қадамға бару дұрыс еместігін алға тартады. «Қалпақ арқылы қырғыз екенімізді көрсетеміз деп аттандау дұрыс емес. Депутаттардың соншалықты дүрліккеніне қарағанда, басқа айналысар іс жоқ секілді. Қазақстан шекараны бекітіп тастағанда, қаншама сұрақтар туындады. Жағдай қиындады. Сонда осы мәселені талқылайтын отырыс ұйымдастыруға да батылдары жетпеді. Энергетика саласында да жағдай қиын. Ең маңызды құжат – республикалық бюджет. Осы құжатты халық білуі үшін қоғам талқылауына ұсынып, комитеттердің қарауына жіберу керек еді. Оның орнына депутаттар ақ қалпақ мәселесін көтеріп отыр», – деді Ишенбай Қадырбеков. Азаматтық белсенді Рита Қарасартованың айтуынша, шетелдегі шаралар кезінде шенділердің ақ қалпақ киіп жүргені ұлт үшін мақтаныш. Бірақ халық қалаулылары талқылайтын бұдан өзге де маңызды мәселелер шаш-етектен екенін еске салады. Мәселен, қауіпсіздік мәселесі, экстремизм және жемқорлықпен күрес мәселелеріне көбірек назар аудару қажет. Жоғарғы Кеңес депутаттарының бастамасы көптің көңілінен бірдей шықпады. Көпшілігі халық қалаулыларының тым ұсақтанып кеткендігін айтып, оларды ел үшін маңызды мәселелермен айналысуға шақыруда. Айта кететін бір жайт, мұндай бастама Қырғызстанда алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. 2015 жылы парламент депутаты Дамира Ниязалиева «өзге елдерге ресми сапар кезінде қырғыз делегациясы өкілдері ұлттық нақыштағы костюм кисін» деген ұсынысын білдірген болатын. Ол кезде шенеуніктердің өздері бюджетте мемлекеттік қызметкерлерге арнайы киім тіктіретін ақша жоқтығын айтып, бұл ұсыныстан бас тартқан болатын. Халықаралық этикет ережесіне сай, кез келген ресми кездесуге азаматтардың іскерлік костюмде келгені абзал. Ал әшекейлерден қол сағаты ғана рұқсат етіледі. Ресми шарада бас киіммен отыру құптала қоймайды. Сондықтан қырғыз депутаттарының бұл бастамасы этика ережелеріне қарсы келіп тұр. Қырғызстан басшысының, өзге де жоғары лауазымды тұлғалардың шет мемлекеттерге жиі іссапарларға шығып, маңызды жиындарға қатысатындығын ескерсек, ел билігі бұл заңды бекіте қоймас.