Ата-ана күш көрсетсе ызбарланып...
Ата-ана күш көрсетсе ызбарланып...
БҰҰ Балалар қоры елімізде екі коммуникациялық жобаларды жүзеге асыруды бастады. Коммуникациялық жобалар балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ, мұндай акциялар ата-аналардың, қоғамның бала тәрбиесінде қолданатын теріс ережелерін, әдістерін өзгертуге мүмкіндік береді.
ЮНИСЕФ ұсынған коммуникациялық жобалар үш жыл мерзімінде жүзеге асырылмақ. Жоба шеңберіндегі алғашқы жұмыстар Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылады. Кейінірек мұндай акциялар еліміздің өзге өңірлерінде де өткізілетін болады. «Біз әлеуметтік нормалардың өзгеруіне әсер етуге тырысамыз, яғни балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа бейжай қарауды мүлде болдырмау және адамдардың балаларды тәрбиелеу бойынша жаңа дағдыларды дамытуына көмектесуді көздейміз. Акциялар ұлттық институттар мен үкіметтік емес ұйымдар қатыстырыла отырып жүзеге асырылатын болады. Қоғамда көптеген жылдар бойы қалыптасқан нормаларды, мінез-құлықтар мен ережелерді жылдам өзгерте алмайтынымызды түсінеміз, бірақ біз өзгерістерге серпін беріп, орта мерзімдік перспективада өз мақсатымызға жетеміз», – дейді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный.
Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева өз сөзінде балалар суициді сынды мәселелерді шешуге арналған жобалардың маңыздылығын атап өтті. «Біз жоғарыда аталған алты облысты тектен-текке таңдап отырған жоқпыз. Жылма-жыл көрсеткіштерге қатысты балалардың өз-өзіне қол жұмсау жағдайын нақты санмен айтып бере аламын. Қайғылы оқиғалар бойынша Маңғыстауда бір, Қызылордада бес жағдай тіркелген. Бүкіл Қазақстанда 167 жағдай орын алған. Суицид жағдайының ең көбі Оңтүстік Қазақстанда тіркелген. Жобаға Алматы мен Астананы таңдап алған себебіміз – екеуі де флагман. Жағдай тұрақты болса да, екі ірі қалада қайғылы жағдайлар тіркелуде», – деп түсіндірді Зағипа Балиева. Өз сөзінде Зағипа Балиева балаларға арналған клубтар мен үйірмелер жеткілікті бола тұра, жеткіншектердің өз өмірін қиюына бару себептерін анықтау маңызды екендігіне тоқталды.
ЮНИСЕФ Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен 2010-2016 жылдары бірлесіп жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, елімізде балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілері үйде де, мектеп пен интернатта да байқалып отыр. Зерттеу нәтижелері бойынша, ата-аналардың 67 пайызы бала тәрбиесінде күш көрсету тәсілін қолданатындығы анықталған. Айта кетейік, елімізде балаларға қатысты күш көрсету оқиғаларын тіркейтін және инстанциялар бойынша хабар тарататын «111» және «150» ұлттық желісі іске қосылды. Бір өкініштісі, бұл жүйелердің анықтау, хабарлау, тіркеу, әрекет ету механизмдері жақсы дамымаған.
ЮНИСЕФ қоры ұсынып отырған жобалар аясында түрлі шаралар ұйымдастыру, әлеуметтік роликтер түсіріп, тарату, әлеуметтік желілер, ақпарат құралдарымен қызу жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.