19 Қаңтар, 18:03 162 0 Денсаулық Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

ШҚО-да сары аурудан 1 бала қайтыс болды

ШҚО-да Үржар ауданындағы Шолпан ауылында  сары аурудан 1 бала қайтыс болып, ондаған оқушы ауырып жатса да мектепте карантин  

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бүгінде аталған кеселден бір оқушы қайтыс болып, тағы 49 адам науқастанып жатқан көрінеді. Алайда, жергілікті мектеп әліге дейін карантин жарияламай, балаларды оқытып жатыр дейді осы ауылдың тұрғындары.

Тұрғындар жергілікті билікке ашулы. Аурудың өршіп тұрғанына 4 айдан астам уақыт өтсе де тиісті шаралар қолданбай отыр дейді. Тиісті шаралар қолдану былай тұрсын, ауруды жасырып әлек деп наразылықтарын айтып отыр. Мәселен, қайтыс болған 11 жасар Зарина есімді қызға дәрігерлер "өткір гепатит" деген диагноз қойған. Оның анықтамасы да бар.

«Қызым аудандық ауруханаға барғанда система салды. Қып-қызыл боп кеткен кіші дәретін дәрігерлерге тапсырды. Дәрігерлер оны көріп "сары ауру кіші дәретімен сыртқа шығып жатыр" деп үйге қайтарып жіберді. Қызым үйге келген соң одан сайын ауырды. Сөйтіп, ауруханаға қайта апардық. Олар анальгин мен димедрол салып ұйықтатып тастады. Басқа ешқандай дәрі бермеді. Ақырында қызым ес-түссіз күйге түсті. Оны дереу облыстық ауруханаға жеткіздік. Ондағы дәрігерлер сары ауру екенін, ауруының тым асқынып кеткенін айтты. Денесі сап-сары болып кеткен. Сонда жатып қайтыс болды», – дейді зар жылаған ана.

Денсаулық сақтау министрлігі болса, қыздың неден қайтыс болғаны әлі белгісіз деп отыр.

«Мәйіттің сынамаларын алып, гистологиялық зерттеуге жібердік. Ол 20 күнге созылады. 20 күннің ішінде бәрі анықталады. Нақты зерттеуден кейін айтамыз», – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің комитет төрағасы Жандарбек Бекшин.

Сонда министрлік өтірік айтып отыр ма, әлде қайтыс болғандығы туралы анықтамаға "гепатит" деп жазып берген шығысқазақстандық дәрігерлер ме? Ол жағы тағы белгісіз.

Ауыл тұрғындары министрліктің мәлімдемесімен келіспейді. Себебі, олар ауылға 4 айдан бері не республикадан не облыстан бірде-бір маман бас сұқпағанын айтады.

«Министрлік өтірік ақпарат таратып отыр. Өтірік деп айтатын себебім, 49 адам ауырған, 1 оқушы сары аурудан қайтыс болды. Оның бұл ауруға байланысы жоқ деп жатыр. Бірақ дәрігер «вирусты гипатит» деп диагноз қойған», – дейді Шолпан ауылының тумасы Серікқазы Кәкібала.

Жағдайдың мән-жайын білу үшін ШҚО Денсаулық сақтау басқармасына хабарласқан болатынбыз. Алайда, басқарманың ресми сайтында көрсетілген телефон номерлерінің ешбірі жауап бермеді. Ал, облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер болса аталған жайтқа қатысты алдағы уақытта мәлімдеме тарататындарын айтты.

Айта кетейік, Шолпан ауылында бүгінде 1400-ге жуық адам өмір сүреді. Олардың көбі қазір балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр. Қазірдің өзінде тағы бір оқушы әл үстінде жатыр. Тұрғындардың бар тілегі – балалардың бәрін облыстық ауруханаға апарып, арнайы денсаулықтарын тексертіп, мектепке карантин жариялату. Қазір олар Бас прокурорға хат жазып, қол жинап жатыр.

Соңғы жаңалықтар