Қазақты жаһанға танытқан желаяқ
Қазақты жаһанға танытқан желаяқ
Қазақтың атын шығаратын көрсеткіштердің бірі – спорт. Спорт десе құлағы елеңдемейтін жастар кемде-кем. Жас кезімізде қазақтың атын шығарған спортшылардың аты-жөнін, олардың спорттағы үздік көрсеткіштерін есімізге ұстап, оларды мақтан тұтып жүретінбіз. Сондай қазақтың атын шығарып жүрген желаяқ спортшыларымыз Ғұсман мен Әмин болатын.
Ғұсман Қосанов 1935 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысында, ал Әмин Тұяқов 1937 жылы 12 ақпанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шайыр ауылында дүниеге келген. Желаяқ ағамыз биыл сексеннің сеңгіріне шығайын деп отыр. Бала күнінде әжесінің тәрбиесінде өскен Әмин 1954 жылы Атырау қаласында, небәрі 17 жасында 100 метрлік қашықтықты 12,3 секундта жүгіріп, Атырау қаласының чемпионы атанды. Чемпион деген атақты 17 жасында жеңіп алған Әминге жаттықтырушылар қызығушылық танытып, тәрбиелей бастайды. Кеңес Одағы кезінде «Қайрат», «Динамо» және «Буревестник» сияқты, тағы басқа да ерікті спорт қоғамдары көп болатын. 1960 жылы сол «Буревестник» ерікті спорт қоғамының Мәскеуде өткен бүкіл одақтық біріншілігінде 100 метр қашықтықты 10,4 секундта жүгіріп өтіп, «КСРО-ның спорт шебері» атағын алады. 1961 жылы Ленинградта Кеңес Одағының әскерилері арасында өткен чемпионатында 60 метрге жүгіруден кеудесіне алтын медаль тағады. Әминнің бұл көрсеткіші оның КСРО-ның құрама командасына алынуына жол ашады. КСРО-ның сол кездегі жеңіл атлетикадан құрама командасының бас жаттықтырушысы Гаврил Коробковтың ұсынысымен құрамаға алынып, Кеңес Одағының үздік жеңіл атлеттерімен бірге жаттыға бастайды. Одақтың құрама командасында 1968 жылға дейін болған Әмин талай жарыстарда биіктерден көріне біліп, ел рекордтарын жаңалады. 1962 жылы 200 метр қашықтыққа жүгіруден 21,1 секунд көрсеткішіне қол жеткізіп, тұңғыш рет КСРО-ның чемпионы болды. Ал 1965 жылы 200 метр қашықтықты 20,6 секундта жүгіріп өтіп, КСРО-ның рекордын жаңартты. Осы қашықтыққа жүгіруден КСРО-ның бес дүркін чемпионы болғанын жұртшылық жақсы біледі. Жеңіл атлетикадан дүние жүзінде алдына жан салмайтын, 1964 жылы Олимпиада чемпиондары атанған АҚШ спортшыларымен 1965 жылы Киев қаласында болған теке-тірес жарысты ерекше атап өту керек. 4/100 метрлік эстафета бәйгесінде бірінші жүгірген Эдвин Озолин екінші кезекте жүгірген Әминге таяқшаны кешікпей жеткізеді. Әмин қарсыласынан оқ бойы озып, Ғұсман Қосановқа эстафета таяқшасын қарсыласынан бұрын береді. Ғұсман сол артықшылықты сақтап, Николай Политикоға алдымен жетеді. Николай Политико сөре сызығын 39,9 секундта жүгіріп, әлем рекордын жасады. Бұл КСРО-ның да жаңа рекорды болатын. Бұған дейін еш командадан ұтылып көрмеген АҚШ жүйріктері құрамында екі қазақ жігіті бар үздік команданы еріксіз мойындайды. Бұл жарыстардан соң да Әмин талай жарыстарда топ жарды. Сол жылдары Әмин Еуропа кубогының жеңімпазы болған. Ол дегеніңіз сол кездегі Еуропа чемпионы деген ұғымды білдіреді. Ол жылдары Еуропа чемпионаты деген жарыс өткізілмейтін. Осындай үздік көрсеткішке жетіп жүрген Әмин Елемесұлын 1964 жылы Жапонияда өткен олимпиадаға апарып тұрып, белгісіз себептермен жарысқа қоспады. Сол кездегі көзқарасқа сайсақ, себеп белгісіз болғанымен, бұл шындығында жаттықтырушы Бартеновтың ұлтшылдық, шовинистік астамшылығы және спортшыны таңдаудағы көрсоқырлығы болатын. Нағыз спорттық бабында жүрген Әмин Токиодан жүлдесіз қайтпайтын еді. Мұндай әділетсіздік ол жылдары спорт саласында жиі болып тұратын. Спорттан кеткенімен жастарды тәрбиелеуде Әмин Елемесұлы талай жұмыс жасады. Біраз жыл спорт мектебінде жаттықтырушы, кейін ұлттық құрама командасының бас бапкері болды. Еңбегі жеміссіз болмады. Негізінде жеңіл атлетика тарихында аттары алтын жазумен жазылған спортшылар 1960 жылы 100 метрді 10,0 секундта жүгірген неміс Армин Хари, 2011 жылы 100 метрді 9,92 секундта жүгірген француз Христов Леметр, 2015 жылы осы қашықтықты 9,99 секунд жылдамдықта жүгіріп өткен қытай Су Бинтянь сияқты желаяқтардың қатарынан орын алған біздің Әмин Тұяқов екенін мақтан тұтамыз. Әмин Елемесұлы биыл 80 жасқа толмақ. Қазақ спортының тарихында аты алтын әріптермен жазылған желаяқтың мерейтойын Республика көлемінде спорт мерекесі ретінде атап өткен жөн болар еді. Өйткені Әмин Елемесұлы соған лайық жан.
Беркін Әкебаев,
Республикалық «Алтын қалам»
әдеби байқауының жүлдегері