Жемқорлық жарға жығады

Жемқорлық жарға жығады

Жемқорлық  жарға жығады
ашық дереккөзі
  «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалында «2015-2025 жылдарға арналған Партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы» аясында мемлекеттік органдармен бірге атқарылған жұмысты қорытындылау бойынша брифинг өтті. Еліміз бойынша Ақмола өңірінде мемлекеттік сатып алулар, лицензиялық рұқсат беру саласы, мемлекеттік органдардың тексеру мекемелері сыбайлас жемқорлық бойынша көрсеткіштерімен алда тұр деген пікір білдірді брифингке қатысушылар. Облыс бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма жетекшісінің міндетін атқарушы Айнагүл Жанәділованың айтуынша, Ақмола облысында өткен жылы 85 сыбайлас жемқорлық ісі тіркелген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 46,8 пайыз төмен екендігін көрсетіп отыр. Көбінесе сыбайлас жемқорлық көріністері қызметтік міндетін асыра пайдалану, пара алу және біреудің мүлкіне қол салу сияқты жағдайларда белең алған. Сыбайлас жемқорлық бабы бойын­ша 69 іс анықталып, тіркелген. Облыс бойынша 89 іс сотқа жіберілсе, 4 іс негізсіз деп табылған, ал 5 іс бойынша алдын ала тергеу мерзімі тоқтатылған. Жауапқа тартылғандардың 17-сі – әкімдік қызметкерлері, 1-уі – мемлекеттік кіріс комитетінің, 3-уі – қылмыстық-атқару жүйесінің, 19-ы өзге мемлекеттік орган қызметкері болып шыққан. – Брифинг барысында облыс прокуратурасы тарапынан жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық фактілері анықталып, олардың себебі мен салдарын жою, әр қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлға бойынша мекеме жетекшісінің жауапкершілігін арттыру бойынша бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқандығы айтылды. «Мемлекеттік қызметтегі әр азаматтың санасында өз мүддесі ғана емес, халыққа, қоғамға тигізер пайдасы қандай болмақ деген ой тұруы тиіс. Сондықтан анықталған әр деректі бұқараға жария етіп, көпшілік талқысына салудамыз, – деді Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының жетекшісі – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Берген Беспалинов. Ол былтыр Әдеп жөніндегі кеңестің шешімі бойынша 28 тұлға, 25 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын атап өтті. «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Азамат Біржанов жиынды қорытындылай келе: «Партияның саяси Доктринасында сыбайлас жемқорлықпен күрес әр азаматтың парызы делінген. Жемқорлық – мемлекет пен демократияны бұзатын фактор. Ендігі жерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениет пен әдеп қалыптастыруға, қоғамдық бақылауды күшейтуге және аталған құбылысты тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға баса назар аударылатын болады», – деді. Іс-шараға қатысқан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өз сауалдарына тұшымды жауап алды.