Жаңалықтар

Құралай  көз, қолаң  шаш

ашық дереккөзі

Құралай  көз, қолаң  шаш

Қасиетті жеті қазынаның бірі – Ит жылы тарих табалдырығын аттады. Жәй ғана ит емес, алғыр құмай тазы. Басқа мұсылман халықтары сияқты, қазақтар да итті харам жануар деп қабылдағанымен, тұрмыс-тіршілігінде оларды көп пайдаланған. Әсіресе, көшпелі халықтың тұрмысында иттің пайдасы, көмегі зор болғанын тарихтан жақсы білеміз. Басқасын былай қойғанда, үйді қорғап қана қоймай, атам заманнан кәсібімізге айналған мал шаруашылығында да иттің жәрдемі айрықша болғаны белгілі. Қыс қыстауда, жаз жайлауда қойшымен бірге екі құлағын айналадағы дыбысқа тосып, өрістің қай жағынан жау келіп қалар дейтін саққұлақтар әлі күнге дейін өзінің иесіне деген адалдығын жоғалтпай келеді. Сондықтан да болар, тарихқа үңілер болсақ, осынау атаулы жылдары қазақ үшін жайлы, табысты жыл болған деседі. Ылайым биылғы жыл да сондай болғай. «...Менің байқауымша, «Сұлу әйелді ит қаппайды. Олай болса, сұлулықты ит те сезеді...» дегенді қазақтың белгілі қаламгері Ғабит Мүсірепов тегін айтпаса керек. Иә, сұлулықтың шегі жоқ. Жаратылыс формуласы сансыз бола түскен сайын сұлулық қалыбының да қиял жетпестей сан алуан түрі пайда болуы табиғат заңдылығы. Адам сұлулығы табиғаттағы сұлулық біткеннің ең жоғары формасы екендігін, адам болғанда әйел баласының сұлулығын барша данагөйлер ерекше бөліп атаған. Еліміздегі ең табысты кәсіпкерліктің бірі – сұлулық салондары. «Әйелдің қырық жаны бар» дегенді растайтын күйбең тірліктен бір сәт босай қалса, осындай сәндік салондарға бет бұрмайтын әйел некен-саяқ. Мейлі, ол күнделікті ұсақ-түйек мейрам болсын немесе атаулы мереке, тіпті үйіне қонақ шақыру болса да, үй тірлігінің бәрін жайғап, бала-шағаның ас-суын дайындап жүріп те салонға бару керектігін есінен шығармайтын қыз-келіншектер аз емес. Бәріне үлгеруге тырысады. Ол, әрине, жақсы қасиет. Алматыдағы Гагарин көшесінің бойында орналасқан «Гармония» сұлулық салоны мереке күндері ғана емес, жәй күндердің өзінде қызу қарбалас болып жатады. Он бес жылдан аса осы салон қызметіне жүгінетін болғандықтан, ат басын осы салонға арнайы тіредік. «Әйел жабырқаған, әлденеге мазасызданған шақтарда сұлулық салондарына барғаны дұрыс, көп тығырықтан шығудың тиімді бір жолы» дегенді білікті психолог-дәрігерлерден естігенім бар-ды. Шын мәнінде, солай екен. Түрлі шаш үлгілерін жасайтын шеберлердің қолы-қолына жұқпайды, ал үлкен зер айнадан өзіне өзі дән риза келіншектердің нәзік жымиыстары аңғарылады, бәрі де аса көңілді. Келушілердің көптігі сондай, әкімші-келіншек Галина Николаевна: «Біздің салонның тұрақты клиенттерінің өзі мыңға жетеді десем, өтірік бола қоймас. Сондықтан да тек мереке күндері ғана емес, дәл бүгінгідей табалдырығымыздан «қонақ» арылған емес»,– деп риза кейіппен сылқылдай күліп алды. Кез келген адам бір тірлікті бастамас бұрын, әсіресе, қазіргі заманауи кәсіпкерлікке бет бұру үшін ең алдымен жоспарлы түрде оның пайдасы мен зиянын ойластырып барып іске кіріседі. Бүгінгі қоғам орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысамын дегендерге жол ашып, үлкен мүмкіндіктер жасап отыр. Жұмысты кәсіби, тыңғылықты жүргізуге байланысты әр салонның табысы, әрине, әртүрлі болмақ. Ең бастысы, тұтынушылардың көңілінен шығу. Күніне, жәй күндердің өзінде жиырма-отыз клиент қабылдайтын салондар баршылық. Олар өз жұмыстарының нәтижесі тұрақты клиенттерге байланысты екенін жақсы білетін, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жандардың тірлігі. Сондай-ақ, білікті шебердің жалақысы да тұрақты және келісімді болады. Көпшілігі екінші нұсқамен жұмыс істейтіндіктен, өзіне тұрақты түрде келіп тұратындарға жақсы қызмет үлгісін көрсетуге тырысып бағады. Ең бастысы, қаладағы салондар арасында бәсеке өте жоғары. Осындай тұрақты клиенттері бар, сонымен қатар, қаламыздағы бизнес-сауда орталықтары мен көп қабатты тұрғын үйлердің маңайында орналасқандар мұндай бәсекеге бас қатырып жатпайды. Ал өз бетінше халыққа қызмет көрсетуге тырысып, пәтерінің бір ғана бұрышында орналасқан салондардың жөні бөлек. Олардың қызмет көрсету бағалары да қалта ортайта қоймайтындай. – Маникюр, педикюр, татуаж жасайтындар жылына екі рет қан тапсырып, медициналық тексерістен өтуге тиіс. Дегенмен көп жағдайда бұл – орындала бермейтін талап. Көптеген салондарда өз қызметкерлері де дәрігерлік тексерістен өтпейді. Сондықтан да қаламызда ірі сұлулық салондары болмаса, кейбір шаштараздарда дезинфекцияландыру тәртібі де сақталмайтыны жасырын емес. Бір­ыңғай киімдері жоқ, әрқайсысы әртүрлі киім киеді, тіпті кейбірінің отырған орындары да кісі айнала алмайтын тар. Біз ешкіммен бәсекелесіп тірлік жасамаймыз, басқа әріптестер секілді біздің де тұрақты келушілеріміз бар, қызметімізге риза болып жатады. Қалай болғанда да, сұлулық салоны болғаннан кейін, таза, жарық, әсем болғанын қадағалауымыз, талап етуіміз қажет,– дейді Ақсай ықшам ауданында орналасқан «Карамель» сұлулық салонының басшысы Әсем Оспанова. Көкейге қонымды пікір. Қолжетімді кәсіп саналатындықтан болар, қаламыздың қай түкпірінде болса да халыққа қызмет көрсететін осындай шағын мекемелерден көз сүрінеді. Олардың қызмет көрсету деңгейі мен бағасы ғана емес, санитарлық жағдайына да баса көңіл бөлгеніміз жөн. Көптеген аурулардың қоғамдық орындардан жұғатынын ескерсек, өз сымбатымыз бен денсаулығымызға да сақ болуымыз керек. Қалалықтарға осындай қызмет көрсетіп жүрген Мәңгінұр Забашқызы есімді келіншек бет әрлеумен, массаж жасаумен шұғылданады. Қызмет көрсету бағасы, әрине, әртүрлі. Жаздай шаң-тозаңнан, күздегі желден, қыстың қытымыр аязынан сақтайтын бір айлық емдеу-уқалау қызметі 60 мың теңге көлемінде. Бастапқыда он күн қатарынан барып, содан кейін күн ара, уақыт өте келе аптасына екі-үш рет қабылдайтын осынау бет әрлеу тәсілі көптеген келіншектерге, әсіресе, алпысты алқымдап, бет терілері созылмалы-әжімді болып келетін әйелдерге өте пайдалы. Осылай жиырма бес рет қабылдау керектігін ескеріп-есептесеңіз, күндік қызмет бағасы аса қымбат емес, екі мың төрт жүз теңгеден айналады екен. Біздіңше, өзін-өзі жақсы сақтаймын, жас ұлғаюына қанша мойынсұнғанмен, осындай қызмет түрлері арқылы демеп, күтім жасаймын дегендерге қолжетімді секілді. – Менің клиенттерім еліміздің түкпір-түкпірінде, яғни жылжымалы қызмет көрсетемін,– деп күліп алды Мәңгінұр. – Расында да, он бес жылдан асқан тәжірибеме сүйенсем, бірінен бірі естіп, құлағдар болғандар басқа қалалардан да өтініш білдіріп жатады. Әрине, жалғыз адам үшін тым алыс жерлерге бара бермесің тағы белгілі. Сондықтан тұрақты клиенттерімнен естіп-біліп, біршама адам жиналып, қызметіме зәру болып жатса, неге бармасқа?! Әйел жылдың қай мезгілінде, не болмаса қандай мереке тұсында ғана емес, үнемі әдемі, сұлу болып жүруі керек. Оның бойындағы тазалыққа, әсемдікке, сұлулыққа құмарлық ана сүтімен балаларына, әсіресе, қыз балаға дариды емес пе? Жаны-тәні сұлу әйел тек отбасының ғана емес, қоғамның, еліміздің мақтанышы. Отыз-қырықтағылар ғана емес, тұтынушыларымның арасында егде тартқан, жастары алпыстан асқан аналарымыз да бар. Олардың өз сымбаттарына оң көзбен қарап, өмір сүруге, әдемі өмір сүруге тырысқан ниеттері қуантады. Тек мереке күні ғана емес, жылдың қай күнінде де келемін деушілерге есігім ашық. Жаңа жылдың алдында, яғни желтоқсан айының алғашқы күндерінен-ақ емдеу-әрлеу ісін әдейі ерте бастадық. Тұтынушылар мейрам күндері қарбаласпай, басқа тірліктерін де жасайды. Ең бастысы, алдымнан дән риза болып кетіп жатады, сырттарынан амандық тілеп, тілеулес болып отырамын. Біреуге қуаныш сыйлау дегеннің ғажайып іс екенін әрбір клиентімнің жүзінен көріп, өз ісіме риза күй кешемін... – Желтоқсан айының соңғы он күндігі қала тұрғындарының ерекше қарбалас кезі ғой. Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесі, одан кейін жаңа жылдық кештерге қарай салонымызға келушілер міндетті түрде алдын-ала жазылады. Бағасы да бұрынғысынша, тұрақты тұтынушылар болғандықтан мерекелік көтерме баға да қоспадық. Шамамен, шаштың сән үлгілері, косметикалық қызметтер бойынша дәл сол күндері күніне елу-алпыс шақты қыз-келіншектерге қызмет көрсетілді,– дейді «Баян Сұлу» салонының басшысы Баян. Иә, барлық салон жетекшілері, қызметкерлері айтқандай, қыз-келіншектердің, әйел-аналарымыздың өздеріне жарасымды, көңілдерінен шығатындай қызмет көрсете білу бір өнер болса, қыз-келіншектердің «Әй, қойшы, өзім-ақ жасай саламынға» салынбай бой түзеп, сәні мен сыры келіскен қызмет түрлерін пайдалануы қуантады. Ажарымызды сәндеп қана қоймай, мінез-қылығымыз бен еркелігіміз, аналық мейірімімізбен де сұлулана түсейік деген тілек көңілді қытықтады.