Жаңалықтар

Өткені - күңгірт, болашағы - бұлыңғыр

ашық дереккөзі

Өткені - күңгірт, болашағы - бұлыңғыр

Адам тағдыры сан қилы. Лаухыл-маһпұзға, яғни, тағдырыңа не жазылғаны тағы белгісіз. Күндердің бір күнінде қоғамға да, отбасына да керек емес адам боп оянсаң, содан асқан қасірет жоқ шығар, сірә? Себебі, бұрын кім болғаның, қазір кім екенің де белгісіз. Өткені – күңгірт, болашағы – бұлыңғыр. Бүгінгі қоғамның ажырамас бөлігіне айналған мұндай жандарға қысқа ғана «БОМЖ» атауы берілген. Оларды қаңғыбас кейіпке енгізген өмір ме, әлде басқа ма? Кейде «пешенесіне жазылғаны осы шығар...» деп мүсіркейтініміз бар. Қалай десек те, ол жарық дүниеге «АДАМ» болып келді емес пе? Күн сайын, таңертең не кешке, тіпті бірер сағат бұрын ғана қарсы алдыңыздан тұрағы жоқ адамды ұшырастырған шығарсыз. Бірақ күйбең тірлік айналаға мойын бұрғыза қойсын ба?! Жапан далада жалғыз қалғандай күй кешкен қаңғыбас та алғаш қиындыққа тап болғанда қоғамнан қолдау күтетіндей көрінеді. Дұрыс жолды бағыттап, жөн сілтеп жіберсең, қателігін еріксіз мойындайтын сияқты. Алайда жақсы сөз бен жылы қабақ күтетін олар «Отбасыма керек болмаған мені қоғам қайдан көзіне ілсін...» деп, бәріне қолды бір-ақ сілтеп, біржола ащы сумен дос болатыны белгілі. Осылайша, талай отағасы мен отанасының, білікті маманның үміт ошағы біртіндеп сөніп, тайғанақ жолдың таптаурынымен сырғи беретіндей әсер қалдырады. «Қаңғыбас болу – өмір сүрудің жеңіл жолы» деген пікір қалыптастырып алған жандарды түсіну қиын, әрине. Басқа түскен сынақты көтере алмай, морт сынатындар да көп ұзамай солардың қатарын толықтыруда. Әуелі ішімдікті молынан сілтейді, ақырында сол ащы су далаға қаңғытқанда ғана баратын жері, басар тауы жоқ екенін түйсінеді. Бірақ ол кезде бәрі кеш... Қыс мезгілінде тұрақты мекені жоқ кезбелердің саны артпаса, кемімейді. Жаздағыдай емес, талғажу ететін асын да тірнектеп, тіміскіленіп табатын олар жорыққа да көп шығады. Әрі күн суықта тамақтан ас өтпесе, адам тоңғақ келмей ме, тұрғын үй алдындағы қоқыс жәшігінің маңайын торуылдайтындарды жиі кездестіретініңіз сондықтан. Қаланың кейпіне көлеңке түсіріп, көркін бұзатын қаңғыбастар санының артуы – қоғамның айықпас дерті. Кешегі «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен уақытта қиындыққа төтеп бере алмай, тығырыққа тірелген отағасының кейбірі осы жолды таңдаған. Бірақ бұл қай жол? Тар жол, тайғақ кешу ме, әлде ажалға апаратын төте жол ма? Үйсіз-күйсіз қалған қаңғыбастар жайында аз жазылып, кем айтылып жүрген жоқ. Алайда жарасының бетін қайта тырнағанымызбен, құлантаза жазылуға септігіміз тиіп жатқаны шамалы. Қоғам болып күрес жүргізуге қауқарымыз жетсе де, немкеттілікке салынып, кері тартыншақтаймыз. «Басы ауырмағанның балтыры сыздамас» деген осы да.

Бірінші күн

Алматы қаласының Әуезов ауданына қарасты ықшам аудан үйлері ауласын жаяу шарлап келемін. Үстіне жұқалтаң күртеше киген ер кісі бас-көз демей, қоқыс жәшігіндегі заттарды сыртқа лақтырып жатыр екен. Жанына таяп қалған мені көзіне ілген жоқ. Амандассам да, еститін емес. Өз ойымен өзі арпалысып, аузы жыбырлап, әлденелерді айтқандай болады. Кенет басын қоқыс жәшігінен суырып алып, жан-жағына жалтақтай қарап, іле-шала селк ете түсті. Екі көзі домбығып, ісіп кеткен. Қабағы қатулы. Қоқыс жәшіктен не іздеп жатқанын сезсем де, әйтеуір әңгімеге тартудың амалын табуға тырыстым. Өзін «Артур» деп таныстырған ол: «Күн суық. Кейбір мейірімді жандар киілмейтін аяқ киімдерін осында қойып кететін еді. Бәлкім, бүгін кеш шығып, басқа біреу қағып кеткен сияқты. Қарнымның ашқаны бір бөлек, аяқтан өткен сыз жаныма батып барады. Енді таңертең ертерек келіп қарамасам, бүгін құралақан қалдым...» деп қисайған қалпағының сыртынан басын тыр-тыр қасып қойды. Осындай күйге қалай түскенін сұрауға дәтім бармаса да, үнсіз қала алмадым. «Осы сауалды қоятыныңды білгем. Бәрінің сұрайтыны осы. Айтпақшы, менің өмірім саған не үшін керек?» деп өзіме қарсы сұрақ қойғанда екі көзі ежірейді. Мән-жайды түсіндіре бастағаным сол еді, әңгімесін суыртпақтай жөнелген Артур өмірін бір сәт көз алдынан өткізді. «Отбасылы болдым. Екі балам өмірге келді. Әркімнің босағасында жүргенше несиеге үй алайық деп шештік. Оның өзіне араға делдал салдық. Оған да ақша беру керек. Сөйтіп, банктен несиеге ақша алып, баспаналы болдық. Алайда сол кезде сәтсіздікке ұшырап, жұмыстан шығып қалдым. Әйелім баламен үйде отырды. Ипотеканы төлеу мұңға айналды. Айналып келгенде, банк баспанамызды тартып алды. Әйелім балалармен анасының үйіне кетіп, өзім далада қалдым. Себебі қолымнан келер қайран болмады. Аяқтан шалған қырсық жалғаса берді. Ақыр аяғында көшенің кезбесі боп шыға келдім. Қазір 55-темін. Әйелім мен балаларымды ойласам, ішім қан жылайды. Қайда екен, қандай болды екен? Бір көру – арманым...» деді даусы бәсең тартып. Бір сәт үнсіздік орын алды. Ол да, мен де жанарымызды төмен салған күйі сілейіп тұрмыз. Әрі қарай пәлен деп айтудың артық екенін түсіндім де, «Аман болыңыз! Отбасыңызбен қауышатын күн де туар...» деп кері шегіншектедім баяу ғана. «Қарындасым, 200 теңге қалдырып кетші» деген дауыс қана шашыранды ойды тез жиғызып, терең тұңғиық құшағынан қайта суырды...  

Екінші күн

Бұл күні Алматы аппақ қарға оранды. Кезекті кейіпкер іздеу барысымен ықшам аудан аулаларын тағы шолып шықтым. Қарсы алдымнан ұшырасқан кісіден осы маңайдағы қаңғыбас адамдар жиі отыратын жерді меңзеп жіберуін сұрап едім, «Ой, олар қаптап жүр ғой. Мына балабақшаның сыртында бір қуыс бар. Сол жерде отырып ішеді, төбелеседі. Түннің бір уағында тарайды. Бірақ мынандай ауа райында жылы жерлерінен шықпай жатқан шығар», – деді тәптіштеп. Шынында да, жан адам жоқ. Абай мен Саин көшелерінің қиылысынан төмен келе жатып, арба сүйреген ер кісіні көзім шалды. Бет-аузы кір-қожалақ. Киімі қара күйеге малғандай. «Аға, тоқтай тұрыңызшы, осы төңіректе бомждар жүре ме? Маған көмектесіп жіберіңізші», – дедім өтініп. Қапелімде қаңғыбасты іздеген адамға таңғалды ма,  ойланып тұрды да: «Оны қайтесің? Біреуді іздеп жүрсің бе?», – деді бетіме бажырая қарап. Бәлкім, «іздеп жүрмін» десем, сол жерге апаратын шығар деген ұры ой қылт етіп, «иә-иә» дей бердім іле-шала. Тіпті, өзі де қаңғыбас адам болуы мүмкін ғой. Бірақ әлгі кісі өзінің осы маңайда от жағушы болып жұмыс істейтінін айтып бәйек болса да, тұрағы жоқ қаңғыбастың қазандықтағы «үйіне» алып келді. «Мұнда түрік пе, өзбек пе, бір 40-тан асқан жігіт тұрады. Бағана ғана ұйықтап жатыр еді. Қашан шығып үлгерген?! Енді күтпесеңіз де болады. Себебі ол бір шығып кетсе, кешкісін бірақ оралады...» деді сенімді түрде. Оның сөзіне күмәнданып, әрі-бері жолға қарайлап ем, күткен бейтаныс қаңғыбас сол күйі келмеді... Ал жол бастап келген кісі сыртымнан сығалап, жалтақ-жалтақ қарап жүр. Мүмкін «Мен де қаңғыбаспын» деуге намысы жібермеді ме екен... Саин мен Райымбек көшесінің қиылысындағы көлік көпірінің астынан өтіп келемін. Сағат түнгі ондар шамасы. Сыз жерге бауырлап жатқан біреу қараңдайды. Жасы 60-ты алқымдаған кісі екен. Ұрттап алғаны анадайдан білінеді. Әрі-бері өткен жұртқа қол жайып, ақша сұрап отыр. Ішімдікке ешкімнің ақша бермейтіні белгілі. «Кімсің?» деп көз қиығын сап, қарап жатқан жан жоқ. Аязды түнде далада түнесе не болады? Отбасы, бала-шағасы қайда? Бұл сауалдар көкейде жауапсыз қалды. Ал қолын жайған қаңғыбас сол түннен аман шықты ма, жоқ па, кім білсін?!

Үшінші күн

Үшінші күні қаңғыбастарға соңғы үміт отын жағатын мекеме – Алматыдағы әлеуметтік бейімдеу орталығына ат басын бұрдық. Қаланың шетінде орналасқан бір қабатты ұзын үйді әрең таптық. Қоршаудың арғы жағындағы өмір мүлдем басқа. Панасыз қалған пенделер мен қала көшелерінде күн көретін кезбелерге қамқорлық көрсететін бірден бір мекеме осы. Қыс мезгілінде мұнда бас сауғалайтындар көп. Алматының қысы қытымыр болмаса да, қазірдің өзінде орталықты паналап жатқандар қарақұрым. Табалдырықты аттағаннан-ақ, қолқаны қапқан иістен бас айналып, жүрек айниды. Бірақ мұнда да тіршілік бар, өмір бар. Алматы қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығы директорының орынбасары Қазыбек Тілешұлының айтуынша, орталық 180 адамға арналса, түнде қонуға бөлінген 50 орын бар. «Барлығы 230 адамды қабылдай аламыз. Қазір 185 адам бар. Оның 27-сі әйел. Бізге қиын жағдайға тап болып, құжатын жоғалтқан, отбасынан айырылған адамдар түседі. Оларды бір жылға дейін ұстай аламыз. Егер туыстарын тапсақ, іздестіріп, отбасына қайтаруға тырысамыз. Ал құжатын жасап үлгермесек, тағы жарты жыл паналай алады», – дейді ол. Қазыбек Тілешұлының сөзіне қарағанда, орталыққа келген қаңғыбастардың кейбірі тәуелсіз Қазақстанның құжатын да алмаған. Сонау Кеңес Одағы кезінде жұмыс істеп, отбасынан көз жазып қалған адамдар ескі құжатпен жүріп, оны да жоғалтқан. «Бір айта кетерлігі, басқа елде, яғни, Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттерден құжат іздеу, жасату қиын. Қайда оқыды, қайда жұмыс істеді, бүкіл өмірін қалпына келтіру оңай емес. Қазақстанда туған, бірақ Ресейде жұмыс істеген адамның құжатын іздеу деген қиямет-қайым. Бізге келген қаңғыбасқа әуелі 2 психолог пен 6 әлеуметтік қызметкер көмекке келеді. Екі көлігіміз кезектесіп қалаға шығып, автовокзал, теміржол вокзалы маңындағы кезбелерді жинайды. Полиция қызметкерлері түнде көріп қалса, бізге алып келеді. Ең бірінші қоятын сұрағымыз – тұратын мекен-жайы, қайда туды және құжаты. Егер бала-шағасы болса, хабарласып алып кетуін сұраймыз. Ата-ана баласын қарауы керек немесе ата-анасы қартайғанда бала-шағасы асырауы керек», – дейді Қазыбек Тілешұлы. Бұрын басқа ұлт өкілдерінің ішінде ата-анасынан бас тартатындар жайлы жиі еститін едік. Қазір біреуге күлетін заман емес. Қазақ отбасында өскен, тәрбиеленген кейбір балалар да еш ойланбастан әкесінен, шешесінен бас тартады екен. «Бізде Жұмабек Дүйсебаев деген ақсақал болды. Бүгінде қарттар үйінде. Себебі ол кісіден екі ұлы да бас тартты. Алайда бала-шағасы бар болса, Қарттар үйіне өз еркімізбен өткізе алмаймыз. Балалары заңды түрде, сот арқылы «Әкемнен бас тартамын» деп жазып берді», – деді мекеме басшылығы. Мұндай орталық әр облыс орталығында бар. Ал Алматы қаласында әлеуметтік бейімдеу орталығы – біреу ғана. Дегенмен стандарт бойынша 100 мың халқы бар қалада бір орталық болуы керек екен. Алматы қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығы директорының орынбасары Қазыбек Тілешұлының айтуынша, дәл осындай бейімдеу орталығы Қапшағай, Қаскелең қаласында, Іле ауданының Ащыбұлақ ауылында болғанмен, қабылдайтын адам саны аз. Алматы сияқты мегаполиске 180 орындық орталық тарлық етеді. Ал бүгінде қаладағы кезбелердің саны 4 мыңға жетіп жығылады. «Стандартқа сай болу үшін әкімшілік, әйелдер бөлімі, изолятор бөлек-бөлек орналасуы керек. Бұрын бұл үй киім тігетін цех болған сияқты. Алматыда қаңғыбастар саны көбейіп кеткендіктен осы орталықты мекемеге бере салған. Былай былығып жатпаса да, бәрі бір жерде болғаны дұрыс емес», – дейді орталық директорының орынбасары. «Қаңғыбастарды бейімдеу өте қиын. Психологтармен дөңгелек үстел өткіземіз. Десек те, бала-шағасы қайта қабылдаса, қалыпты өмірге түсіп кетуі мүмкін. Бірақ дұрыс жолға түсетіндер өте аз. Орталықтың мақсаты – оларды өмірге бейімдеу. Бізге сотталғандар да келеді. Барар жері жоқ сотталып шыққандарды қабылдауға мәжбүрміз. Олардың ішінде қайтадан қылмысқа араласып кететіндері де бар. Біз орталықтан сыртқа шығуға тыйым сала алмаймыз. Себебі соттан шешім келуі керек. Бір ақсақал: «Күн сайын мешітке баруым керек» деп сұранып кетеді де, ішіп келеді. Қайтесіз енді, оған онсыз қызық қалмағандай көрінеді. 4 мезгіл тамақ беріп, алғашқы медициналық, психологиялық көмек көрсетеміз. Егер құжаты жоқ қаңғыбас сырқаттанып қалса, аурухана қабылдамайды. Орталық аумақтық орналасуына орай №4 ауруханаға қарағандықтан, науқастарды сонда апарамыз», – деді Қазыбек Жылқыбеков өздерінің бетпе-бет келіп отырған түйткілін тарқатып. Бұдан соң орталықтағы қаңғыбастардың тыныс-тіршілігін көруге асықтық. Ұзына бөлмеге екіқабаттан тұратын төсектер қойылған. Лық толы. Кіреберіс босағадан қоныс тепкен Қайрат Пазылов: «Астанадан Алматыға нәпақа табуға келдім. Бұл жерді паналағаныма жарты жыл болды. Электрик болып жұмыс істедім. Айлығым – 450 мың теңге болды. Арақ ішуді әдетке айналдырдым. 2-3 ай көше кезіп ішіп кеттім. Адам болайыншы деп, ішкілікті тастап, дәмханаға су кабелін жүргізуші болып орналасып едім, аяғымды сындырып алдым. Айналып келгенде, осы жерге тап болдым. Отбасым, балаларым да жоқ. Астанада ағам, апайым тұрады. Орталықтан оларға бірнеше рет хабарласып көрді. Бірақ жақындарым менен бас тартты. Қазір бұрын жұмыс істеген компания «электрик керек» деп қайта шақырып жатыр. Себебі кәсіби білікті электрик мамандар өте аз. Біраз емделіп алған соң, сол жұмысыма оралсам деген ойым бар...» деп бастапқы қателіктерін мойындап, өмірге бейімделіп келе жатқанына сендіріп бақты. Әрине, иланғымыз келеді. Тіршіліктің жаңа баспалдағын аттап, кезбелігін қойса, бұдан артық не бар? Бейімдеу орталығының қызметкері бір қарт әйелді ертіп келді. «Бұл кісінің жатқанына 2 жыл болды. Қытайдан келгенмін дейді өзі. Құжаты жоқ. Апа, сіз тілшілерге жағдайыңызды айтып берсеңізші, бәлкім туыстарыңыз табылып қалар. Сіз мұнда қашанғы жата бересіз. Адам көп. Басқа да үйсіз-күйсіздерді қабылдауымыз керек қой...» деп түсіндіріп жатса да, қандай да бір жауап беруден бас тартты. «Жоқ, айтпаймын. Маған ешкімнің керегі жоқ» деген апа бөлмесіне қарай қаша жөнелді. Егде кісінің артынан баруға біздің де жүрегіміз дауаламады. Себебі анамыздай кісінің мұң шалған көзіне тіктеп қарауға дәтіміз шыдамас еді...

Қуатты елдерде қаңғыбас көп

Дүниедегі ең ауыр қасірет – адамның жалғыз қалуы шығар. Қайғы-мұңның бәрі сол шарасыз жанның басында тұрғандай көрінеді. Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, көше кезіп қалған адамдар қай елде де бар. Тұрақты мекен-жайы жоқ, үйсіз көшеде қаңғырып жүретін адамдарды ағылшын тілінің америкалық нұсқасында «Hobo» дейді. Экономикасы қарыштап дамыған, әлемдегі ең көп айлық алатын АҚШ-тың кез келген штатында кезбелер көп. Америка біз ойлағандай алып ғимараттар мен қызыл-жасыл шамдардан және кофе ішіп жүрген бақытты адамдардан ғана тұрмайды. Мұнда да несиесін төлей алмай, жұмысын жүргізе алмай, тіршілігін бір арнаға сала алмай жүрген пенделер жетеді. 2010 жылғы санақ бойынша Нью-Йорк қаласында 37 000 hobo болған екен. Қазір олардың саны әлдеқайда көп болуы керек. Әлемдегі басқа ешбір қалада олардың саны мұндағыдай көп емес көрінеді. Тіпті, олардың көп екендігі кәдімгідей байқалады. Көшеде кетіп бара жатып, әртүрлі қиын жағдайдағы хоболарды көресің. Дала суыта бастағанда олар метро бекеттерін паналайды. Ал Нью-Йорк әкімшілігі үйсіз америкалықтарға біліктілігін арттыру, білім беру, бір жылға дейін тұратын орынмен қамтамасыз ету сынды әртүрлі бағытта қолдау білдіретін әлеуметтік бағдарламаларды жүргізеді. Нью-Йорк тек АҚШ-тың ғана емес, әлемдегі ең үлкен қалалардың қатарында болғандықтан, мұнда күн сайын халықаралық немесе әлемдік деңгейде әртүрлі іс-шаралар өтіп жатады. Бірақ сол маңызды ұйымдастыруларға байланысты қала әкімшілігі хоболарды басқа жаққа апарып тастамайды. Жалпы, шетелде тілемсектерге деген ерекше көзқарас бар. Бұл – «қайыршыға ештеңе берме. Қоғамдағы масылдықты өршітесің» деген ұстаным. АҚШ-та да солай. Мәселен, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жатқан Мұрат Есжан: «Мұнда үйсіздер шоғырланған мекен бар. 3 жарым мың адам әр жерде ұйқтайды. Сан-Францискода 16500 қаңғыбас бар. Үкімет соның 9 мыңын кішкентай жатақтарда ұстап отыр. Қалған 3100-і уақытша жатақтарда тұрса, 3400-і көшеде түнейді. Оларға жеңіл-желпі әлеуметтік көмек береді. Мәселен, мені де осы мәселе қызықтырып, бірнеше қаңғыбаспен сөйлестім. Айтуынша, мемлекет бір қаңғыбастың есепшотына ай сайын 180 АҚШ доллар салып тұрады. «Күніне кем дегенде 10 долларға тамақ ішсең, бұл ақша 15 күнде бітіп қалады» дейді олар. Және мұнда қаңғыбастарға арналып салынған жатақтар бар. Кезбелер: «ол жерге барғаннан бармаған жақсы. Қызметкерлердің өздері заттарыңды алып қояды. Одан да далада жатқан жақсы», – дейді. Мұрат Есжан Калифорния штатында қаңғыбастардың көбейіп кетуін үш себеппен түсіндіреді. «Біріншіден, ауа-райының қолайлылығы, екінші – тұрғын үй бағасы мен күнкөрістің қымбаттығы, үшіншіден – психологиялық ауытқушылыққа ұшырағандардың көптігі. Оған тағы төртінші себепті қосар едім, ол туыстық қарым-қатынастың әлсіреуі. Олардың көбі жақындарымен араласпай кеткен. Сондай-ақ, қаңғыбастардың 25 пайызы – жұмысынан айырылғандар, 18 пайызы – маскүнемдікке немесе есірткіге салынғандар, 13 пайызы – несиесін өтей алмай, баспанасынан қуылғандар, 12 пайызы – отбасындағы келіспеушіліктен үйден кетіп қалғандар, 11 пайызы – ажырасып кеткендер», – дейді ол. P.S. Бомж тақырыбын көптеген қаламгерлер де шығармаларына арқау еткен. Сатирик жазушы Таңдай Кенеев «Бомж» деген повесі үшін «Алаш» сыйлығын алған еді. Дәл осындай сәтті туынды басқа елдің ақын-жазушыларында да көп. Осы мақаланы жазу барысында Василий Ткачевтің «Бомж» әңгімесі мен Михаил Веллердің «Бомж» деген повесін оқып шықтым. Ал неміс жазушысы Гудрун Паузевангтың «Фортуна алаңы» атты шығармасында латынамерикандық қаңғыбас Исидроның кенеттен бақытқа кенеліп, әлемді шарлаған жиһанкезге айналғаны әдемі суреттелген. Әрине, тақырып та, мәселе де ортақ. Бірінде қаңғыбас жөнін тауып, өмірге қайта келгендей болады, енді бірінде сол күйбең тірлік ажалға сүйрейді. Бірақ бұл да өмір. Бұл да заңды құбылыс шығар.