Сайлаубай Жұбатырұлы, жазушы: Жақсы  мен  жаманды да  жасайтын  – адам

Сайлаубай Жұбатырұлы, жазушы: Жақсы  мен  жаманды да  жасайтын  – адам

Сайлаубай Жұбатырұлы, жазушы:  Жақсы  мен  жаманды да   жасайтын  – адам
ашық дереккөзі
Адамның бітім-болмысын білу өмірдің адамға деген сыйынан ба, әлде адамның өмірге деген сыйынан айқындала ма? Сарапқа салар болсақ, бұл екеуінің де өзіндік сыйы бар іспеттес. Өмірдің адамға сыйы – Жаратушы адам баласының маңдайына жазған тағдырының талайы, ал адамның өмірге сыйы – оның еңбегі. Көрнекті қаламгер Сайлаубай Жұбатырұлы 1990 жылдардың басында асқар таулы аяулы Алматыны тастап, ел-жердің экологиялық-әлеуметтік проблемаларын тереңірек зерттеуді мақсат етіп, туған жер топырағына көшіп келді. Осы кезеңде «Кіші Арал» идеясы, Сырдария өзенін қорғау, Қазақстан өзендерінің бір бөлігін Арал аймағына жеткізу идеяларын көтерген бірден-бір азамат – осы Сәкең. Нақтылай айтар болсақ, 1981 жылы КОКП ХХVI съезіне, Л.И. Брежнев атына мыңдаған Қазақстан жұртшылығы қол қойған, Арал қасіреті туралы хат жолдаған оның КГБ қуғынынан қашып жүруіне де тура келді. Сәкеңнің шығармашылық жолындағы шырғалаңға толы еңбегі де ескерусіз қалған емес. Ол сонау 1971-1974 жылдары «Жалын» альманағының жабық бәйгесінің екі дүркін жеңімпазы атанды. Оқырман қауым Сәкеңді уақыт талабынан табылған, толғандырар тақырыптарды ұшқырлықпен көтерген парасат-пайымы биік прозашы, бітім-болмысы бөлек тұлға ретінде таниды. – Әлқисса, әңгімені жазушылық тағдырыңыздан бастасақ. Оның өзіндік бір ерекшелік, мәнділіктері бар ма? Жастықта бәрі қызық. «Жез де – алтын, күміс те – алтын, алтын да – алтын» дегендей... Сонан да сен қызыққышсың, батылсың. Талғамсыздық емес, өсуге, қалыптасуға қажетті сондай бұла кезең болмысы бұл. Таңдап сөйлеу, талғап сөйлеу, яғни зілді жауапкершілік кезеңі кейінірек келеді. Көк бейнет, қара жұмыс сол кезде басталады. Күмән сұрақтары сені жиі мазалайтын болады. Бәрібір, сонда да ашсың ба, тоқсың ба, барсың ба, жоқсың ба, қолыңа қағаз-қалам алмай отыра алмайсың. Сөз сиқыры дейсің бе, шығармашылық ауруы дейсің бе – өзің біл. Бұған шыдамаған немесе басқа тірлік жолын қуып кеткен жан – шын шығармашылық адамы емес деп ойлаймын. Графомандар мен екі сөздің басын құрап, «мен жазушымын!» деп жүретін қайраткерлікті өз арына тапсырдық!.. «Ол бейнет неме керек?» деген шола сұрақ мұндайда туындамаса керек. Бейнетсіз зейнет жоғы – аксиомалық ақиқат. Біздің бейнеттен тұщымды сөз, жүрек қозғар шындықтар күтіледі. Міне, осы мәселе – сұмдық ауыр міндет. «Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы...» тек өлеңнің ғана талабы емес. Мен «Әдебиет» атты ғажайып өріске ат қойған алғашқы қадамымды жаман бастамаған сияқтымын. Осыдан 50 жылдай бұрын «Жалын» баспасы бәйгесінің жүлдегері атандым. (Бұл оқиғаның төңірегіндегі кей қызық жайттарды Фариза апа Оңғарсынова қайтарынан сәл бұрын өзіме айтып кеткен. Реті келгенде, оның да сырын ашармын). Сол бәйгенің тағы бір рет жүлдегері атандым. 20 жастың о жақ, бұ жағында едім. Сол деңгейдегі жоғары меже менің арғы шығармашылық тағдырыма ғана емес, бүкіл өмір жолыма жауапкершілік межесін сызып кеткендей болды. Төмен болмауға, қарадүрсін, таптаурын, жаттанды, құр жылтыраққа әуестеніп, құнарсыз сөйлемеуге тырыстым. – Көп еңбегіңіз ел аузында жүрсе де, кеуде кермейтін сыпайылығыңыз біраз жұртқа мәлім. Сонда да, әлгі шығармашылықтың «биіктік межесін» сәл ашыңқырап айтсаңыз? Жазба сөз бетінде көп айтыла қойған жоқ-ау, бірақ Шерхан аға, Мұзафар ағалар сол бәйге Қазақ әдебиетіне әкелген «Жыл келгендей жаңалықты» талай сөздерінде айтып отыратын. Әр онжылдықтың әдебиетіміздегі «жыл келгендей» жаңалығы М.Әуезовтен қалған сөз ғой. Сол кезең (70-жылдарға дейін) әдебиетімізде Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков, Қ.Ысқақов, Д.Исабеков легі – 60-жылдар түлектері делінсе, 70-жылдар легіндегі романтикалық, батыл ой мен қиял еркіндігін «Алыстағы аралдар» повесі ала келгені әдеби ортада мойындалған шындық еді. Жасыратыны жоқ, ол әдебиетімізде жаңа серпін-тыныс ашты. Осыны қоштап ала жөнелгендей М.Қабанбаев, М.Рахманбердиев, Н.Мұратәлиев, С.Байхонов қатары «лапылдап» кеп есік ашты. Солай, жаңа бір лек өмірге келді. Егер ақсақалдардың пікіріне қарсы болмасаңыз, дәл осыны әдебиеттегі мына пенденің бірінші ерлігі деп қойыңыз! Екінші. 80-жылдар ортасында КОКП-ның Арал туралы құпия қаулысы шықты. Сондай тыйым бедерінде «Қазақ әдебиеті» газеті «Сұрауы бар су еді...» атты мақаламды басып жіберді. Құйттай ғана дүние. Бірақ ҚСР Ауыл шаруашылық министрі соған жауап жазып, әпі-шәпісі шықты. (Ол кезде сын сөзге байыпты жауап беретін мәдениет бар еді!..) Ал редактор Ш.Мұртаза сол мақала үшін ҚКП ОК-нен сөгіс алды деп естідім. Сонда да ер ағамыз «Мақала жазсаңдар, Жұбатыровтай жазыңдар!» деп редакция летучкасында мәлімдеген екен (М.Құлкенов айтқан мәлімет). Міне, осы дүние қазақ журналистикасындағы проблемалық мақаланың алғашқы қарлығашы болды. Сол кезге шейінгі «гектарына пәлен центнер... еселі ерен еңбегімен... ауа-райының қолайсыздығына қарамастан...» деген татымсыз-таптаурын журналистика сөзін бұза сөйлеген, зерттей-зерделей айтылған батыл сөз болды ол. (Солай сөйлеткен де Арал мұңы!..) Кейін, «қара сөздің Қабанбайы» атанған М.Қабанбаев інім бұл бастауды да іле-шала дүрк көтеріп әкетті. Және ол керемет биіктерге самғады. Қазақ журналистикасындағы сарапшы өткір сөз бастауы 1984 жылы солай өмірге келген. Мұны бұл пендеңіздің екінші жаңалық-бастамасы дегенге қосыла алсаң, өзің біл! Үшінші «Абыржы» роман-трилогиясы. Мұның анық сөзі әлі айтылған жоқ... Бірақ сонау «шығармашылық деңгейді» бір сәт естен шығармаған намысты жұмыс, көп жылдық (17 жыл!) еңбек пен ізденіс бір нәтижесін берер деймін. Ел пікірін арлы адам ақшаға сатып, не алақан жайып сұрап алмайды. «Қын түбінде өткір пышақ жатпайтыны» рас болса, бұл да бір жерден шығар... Тек... Романның біткеніне 4 жыл. Қаржы мәселесі себебінен сонша уақыт жатып қалды. Заманауи тақырыпқа жазылған дүние шықпай жатыңқырап қалса, ол уақыт «мүжуін» тез сезеді, оны тез «тат шалады». Кітап көп уәделерге малтығып, қиналыста жарық көріп жатыр... Рухани өрістің еңбек адамы (ол да осы қоғамның еңбеккері ғой!) әлеуметтік жағынан әлі де әлсіз дер едім... – Көсемсөзші-эколог ретінде Арал теңізі төңірегіндегі көптеген бастамаларыңызды ел біледі. Ал бұл жұмыстардың бізге мәлімсіздеу жақтары бар ма? – Арал сөзін айта бастағаныма былтыр 50 жыл болыпты. Ал «Кіші Арал» жолындағы сүркіл ізденіс сүрдегіне – 28 жыл! Сөздің басы – Арал мен үшін. Соны жазып бастадым. Әдебиетке де, журналистикаға да соның толқындарының қуатында келдім десем болады. Ендеше, өзіңді бағып-қаққан ата-анаңды, өзіңді тербетіп өсірген Арал-бесікті кім тәрк етер?!. Ұлдық парыз – ұлық ұғым... Бәрі есімде. Тыйымды, тіпті, қатерлі тақырып еді Арал. Көп мәселеде жалғыз шырылдап жүрдім. Мұны бір ерлік іс деп ойлаған емеспін. Тіпті, деліқұлылық сияқты көрінетін... Ақылды жігіттер ондай тақырыпқа жоламайтын. Пайдасынан – зияны... Сондай уақытта үнсіз-қалыс қалғандарды да бүгін кінәламаймын. Тек, осы күні қаптаған «аралшыл ерлер» өз өрекпулерінде сол тарихқа қиянат айтпаса екен!.. Білсе де білмегенсу, көрсе де көрмегенсу бар. Сондай себептен, 2007 жылы «Тасжарған» газетінде «Елдегі атқа мінген інішектерге» деген толғау-сөз айтуыма тура келген... Өткенде ресейлік бір «қайраткер» «Кіші Аралды» сендерге (Қазақстанға) ұсынып істеткен мен едім!» деп, кеуде соғып тұрды. Аттарын айтпай-ақ қояйын, елге белгілі деген біраз азамат соған орындарынан тік тұрып, шыбындап бас шұлғып жатты. «Тарихты біліп сөйлеңіз. Бұл теңіз халық ізденісінің нәтижесі!» деп ол «қайраткерге» тыйым айтуға тура келді сол жерде. Біз өз тарихымыздың шындығын қолмен көлегейлеуге, шындықтарға көз жұмуға әдеттенген халықпыз. Бірақ, бәрібір ақиқат озады, ұсақ-есеп ниеттер елдің көз алдында тозады. Сонау 90-жылдары осы аймақ басшылығы «Кіші Арал» – халықтың табанды сұранысы!» деп жоғарыға уәж айтатын. Бірақ сол сұраныс табиғаты қандай, мән-мағынасы неде – осы жағына олар тереңдеп барған емес. Сонан да, идеясын халық көтерген мәселе 16 жыл (!) ғана өткеріп, онда да жартыкеш деңгейде, 2005 жылы жүзеге аса алды. (Кіші теңіз, Көкарал бөгеті). Ал көсемсөзші-эколог ретінде тек Аралмен шектеліп қалғаным жоқ. Сыр-Ана жайы, «Байқоңыр» мәселелері мен үшін зор қайғы еді. Бұлардың сыртында Балқаш, Ертіс, Зайсан да біздің ынталы назарда тұрды. Құдайшылығын айтайық, Арал сонау тәуелсіз тарихымыздың бастауында біздің елдік сана-сезімнің оянуы, ұйымдасып-ұйысуымыздың өзіндік (Семей сынақ алаңымен бірге) бір ұйытқысы болған. Бүгін сол киеден тағы да теріс айналғандай жайт бар... Арал ықылас пен назардың тағы да шет жағында қалған сияқты сезім бар... Осындай жағдайда, «Кіші Арал» талабы жолында Қызылорда облысы басшылығы соңғы кезеңде аса қажырлы ізденіс-жұмыстар жүргізіп жатыр. Нәтижесін көрер күн де алыс емес деп үміттенемін. – Осы ретте, еліміздің өміріндегі соңғы кезеңнің тарихи оқиғаларына қатысты ойларыңыз қандай? – Қазақстан бүгін әлем таныған, дүние көзінде толымдылық, көркемдік, бейбітшілік символына, тіпті, ертегіге айнала бастағандай ел. Құр дабыра-дақпыртпен емес, толағай еңбек, сындарлы саясатпен қол жеткізілген жетістіктер мұның бәрі. Соңғы кезеңнің үш ұлық бастамасы ел назарында – конституциялық реформа, экономикалық серпін және рухани жаңғыру. Бәрі маңызды. Ал қаламгер ретінде, осы кезеңдік құбылыстардың үшіншісі маған көп ой салған, ой-ізденістерге жаңа кеңістіктер көкжиегін ашқан жайт дер едім. Ел мен жер туралы кең толғап сөйлейтін қаншама мүмкіндіктер ашылып тұр! Жасыратыны жоқ, біз сонау бір өткен батырлары мен бағландары керемет, ал бүгіннен айтары аздау жұрт түрінде сезіне бастағандай едік өзімізді. Кемшіндік психология рухани құлдықтың қанымызда қалған сарысүйек үзірі ғой. Сонан серпіліп, сергитін уақыт келді. Киелі жерлеріміз зат байлығынан әлдеқайда көп, алуан қатпарлы рухани байлығымыз қаншама! Міне, қала демей, ауыл демей, даладағы жалғыз үй демей, соларды көтермелеп айтатын мүмкіндік келді. Тоқымдай ғана Бөген деген ауылды айтайын. Сол бір ауыл төңірегінде «Ормамбет би өлген жер», «Алтын көмулі құм», «Қан жиде» деген жұмбақ жерлер жеткілікті. Бұл – бір «100 нысан» аясына сыймайтын кеніштер... Ең алдымен, адам, адам болғанда да, жастар жанын тәрбиелеу керек! Бұл бүгінгі қазақ зиялылары алдында тұрған Толағай міндет. Мағжанның «Мен жастарға сенемін!» атты өлеңі көкейтесті: күні бүгін де заман мен қоғамның ділгір, өткір мәселелері жастарда тұр. Жекелеген адамдар мәдениетінен қоғам салауаттылығы тоқылған. «Рухани жаңғыру» – қаламгер ретіндегі біздің осы төңіректегі ой-қайғымызды жүйелеп, қалыптауға бастаған, ізденістерді елдік саясат деңгейіне көтерген үлкен бастама. – Осы тұс, қоғамдағы осы күннің рухани ахуалына тоқталсақ? – Қоғамдағы ахуал әлгіндей елдік міндеттер мен саясатты туындатуға сеп болады. Себепсіз ешнәрсе болмайды. Біз «жабайы капитализм» дегенді көбірек айтатын болдық. «Жабайыны» да, жақсы-жаманды да жасайтын – адам. Еркіндіктің жөні осы екен деген асыра сілтеумен, адамдар, біздің адамдар қазақы қасиет қана емес, адами әлпеттен жүдеп-жадауға бой алдырды. Дөрекілік, дарақылық, анайылық – ешкім ұялмайтын, тіпті, әлдебір артықшылық көрінетін өмір нормасына айнала бастады. Бет жыртысқан ұсақ есепшілдік көбейді. Ақша мен билікке арқа сүйеген жаман мінез үстемдік алды. Қазақтың «жаманды жаман десең, бөркі қазандай бола береді» деген астарлы мәтелі мына өмірдің шындығы болып шыға келді. Жазушы үшін қарғаға жемтік көбейгендей бір молшылық бұл. Бірақ бізге осындай «жемтік» молшылығы керек пе еді?.. Ау, біз кеше «Шенеуніктің ажалы», «Ревизор», «Хамелеондарды» жиіркене оқып, адамдық қасиеттердің биіктігін ұлықтаумен өскен жұрт емес пе едік? Жалпы, қазақ – қызық халық. Бұрындары ол сауда-саттыққа жоқ сияқты еді, енді саудагерлікте сартыңды сатып жіберетіндей дәрежеге жетті. Демек, бір жағынан, шығармашы да халық. Міне, осы феноменді жөнімен, дұрыс жолда пайдалану керек. Еркіндік пен анархия – екі түрлі нәрсе. Тықақтық, тарлық қазаққа жарасқан емес. Бірақ мына уақыт «прагматизм» деген мәселені алға тартып тұр. Онда да, мөлшерлі прагматизм керек. Әйтпесе, есепшіл дүние қазақты қай жерде де «мат» етіп кетуі әбден мүмкін. Иә, капитализм – қателікті кешірмейтін қоғам. Уақыт пен құбылыстарға жанды аздырмай, елді тоздырмай төтеп беретін біздің өзіндік төл қасиеттеріміз, ілім тіліне салып айтқанда, Құдай берген қазақтық менталитетіміз. Соны өлтіріп алмау ғана емес, жаңа уақыт талабына сай ел қасиетін шығармашылықта бейімду өмір шарты енді. «Қазақ халқының моральдік Кодексі» деген керек сияқты бізге. – Тағы да соңғы жаңалығыңызға оралайық. «Абыржы» трилогиясы қалай жазылды? – Мен үшін тым қиын тақырып. Өмір проблемаларын кітапта өрнектеу бейнетті тірлік. Әсіресе, сонау Арал проблемасын алсақ... Әрине, табиғат, Арал мәселесі – баяндаудың фоны болмақ. Мәселе – адамда. Негізінен, кітаптар тараулары ширыққан сюжеттер арқылы өріледі. Мен де сюжетпен «ойнағанды» жақсы көремін. Ол кітапты арқалап алып шығатын оңқай асықтай қолайлы амал. Бірақ өмір үнемі ширыққан сюжеттерден тұрмайды ғой. Қалыпты өмір бір ырғақты, байырқалы ауанды ұнатады. Сол «сюжетсіз» өмірді натуральді түрде жаза аламын ба? Ол үшін қаншалықты күш, шеберлік деңгейі керек?.. «Абыржының» алғашқы нұсқалары осындай авторлық ұстанымда туды. Аса күрделі, ауыр табиғатта шықты. Көпшілік қиналып оқыды, түсінгендер аз болды. «Ширпотреб» дегенді аса көп жақтырмайтын адаммын. Бірақ халықты, оның қабылдау деңгейін (бұл сөзім үшін кешірім өтінемін) ескермесе болмайды екен. «Күрделілік тереңдігінен гөрі, қарапайымдылық тереңдігі керек» дейтінім сонан. Кітапқа кеткен 17 жыл уақыт ішінде осындай жайттардың көп бейнеті бар. Трилогия өткен жылы облыс әкім­шілі­гінің қолдауымен толық құрамда жарық көрді. Кітап өмірі халық алдында жалғасады. Кітап өзі үшін өзі жауап беруге тиіс. Оны автор өбектеп, көп үгіттеуінің қажеті жоқ. Ол енді менен кеткен, «өз қолы өз аузына жеткен», көпшіліктің дүниесі. – Дегенмен «өз баласына әке сыншы дегендей», кітабыңыздың жоғарыдағы «биік межеге» сай ұстандым деген қандай тұстарына назар аударар едіңіз? – Осыдан 400 жыл шамасы бұрын жазылған, романдардың романы «Дон Кихотты» жиі мысалға алмын (Жалпы, «Абыржыда» Дон Кихот сарыны аса анық). Осыдан 4 ғасыр бұрын бір жынды идальго туралы күректей екі кітап (дилогия) жазған Сервантеске замандастары «сенің мынауың не?» деп сұрақ қойды ма екен?.. Ал менен ХХІ ғасыр оқырманы сұраса қайтем? «Дені дұрыс емес, қоғамға көңілі қиғаштау біреуге үш кітап (трилогия) арнағаны несі?» деп... Несін жасырайын, осындай рухани тайыздықтан қорқамын Роман даратұлғалы (моногерой). Ол бүгінгі қоғамның «лакмус қағазы» сияқты. Химияда бар еді ғой зат құрамын анықтайтын сондай құрал... Тек Арал мәселесі ғана емес, күрделі, күрмеулі өмір жайттары көп мұнда. Қаза бар. (Өмір ғой). Және сол даратұлға көзімен үш кітап бойы өмірге қарау, яғни роман сюжетін бір адам сезімімен алып шығу – Кербаланың шөлінен жаяу өткендей азапты тірлік болды. Қайтейін, өзіме қойған талап, солай алып шығу міндет. Қоғам мен құбылыстарға сыншыл көз (бұл – шындыққа көз жұмбайтын өмір үшін аса қажет) кітаптың сөзін өткірлеу еткен сияқты. «Ауруын жасырып өлгенше», ауырмайтын салауаттылық жолын іздеу обьективті қажеттілік қой. Өркендеп өсетін өмір қажеттілігі. Роман бастауында «советтік» лексика, «русизмдер» деген баршылық. Бүгінгі қазақыланған оқырман оған ренжімесін. 90-жылдарға шейінгі кешегі кітаптарды қарап көрші. Бұл дүние де сол ізді қуалап барып, екінші томда қазақыланады. Сондай өмір шындығы, болмыс динамикасы керек болды... Шындық демекші, екінші кітаптағы «Қиялистанды» жазу үшін бұл пендеңіз бір апта бойы жүйке аурулары (жындыхана) ішіне барып, араласып көруге де мәжбүр болған... Тағы да сол өмір шындығының қажеттілігінен істелген... – Болашаққа жоспарлар қалай? – «Абыржының» өзімді біраз әбіржіткені рас. Апуайымда келетін көптеген жалтты ойлар (кей қызық идеялар солай, табан астында келеді ғой) осы кітаптың садағасында кетті. Қанша дүние жазуға болатын еді!.. Осы күні ішіндегі айраны төгілген күбідеймін... Дегенмен, Алла жүрім берсе, әлі де біраз нәрселердің басын шалармыз деген ой бар. Көп қиындықтар болды. Сондай қиындықтарда ізгі азаматтардың қолдау-көмектерін сезіндім. Мұхтар Құл-Мұхаммед, Алик Айдарбаев, Мархабат Жайымбетов сияқты азамат-інілерімнің ізгіліктерін көрдім. Ретті жерде айта жүремін: аман болсын, талаптары өрлей берсін! Сол баяғы Сайлаубаймын. Төмендеп, түсіп қалған дәнеңем жоқ. Тек бір-жар жыл бір тосындау сырқаттың аяқ тұсағаны болмаса... Ол да өмірге соны көзбен қарап, кей пенделерді танып-білуге септескен рухани-моральдік эксперимент сияқты болды. Балықшы – ескегінен, диқан – кетпенінен, жазушы – қаламынан ажыраған күн – жақсы күн емес. Қолдан қаламды түсіріп алмасам деген тілек бар. – 70 жас деген қандай екен? Сіздің көңіл көзімен... – Жақсы жас! Жаратушы жеткізген нығметтің бәрі жақсы. Ал көңіл 25 жас шамасы төңірегінде-ау деймін!.. – Сұхбатыңызға рахмет, Сәке!   Сұхбаттасқан Еркін ӘБІЛ  

ӘР ЖЫЛДАР ЛЕБІЗДЕРІ

Сайлаубай Жұбатыров әдебиеттегі тың есім... «Алыстағы аралдар» қат-қабат хикаялар кітабы. Қазақ әдебиетінде әлі дамымаған, кенжелеп келе жатқан, бірақ, әттең, өте қажет жанр...

Шерхан МҰРТАЗА,

Қазақстан Халық жазушысы,

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

«Жалын» альманағы, 1971 ж.

  Жасөспірімдердің арман-қиялын, ой-мақсатын елден бұрын ұғынып, соған орай тартымды материалдар жариялап, олардың өмірімен біте-қайнасып жүретіндердің бірі – қаламы жүйрік журналист, талантты жазушы Сайлаубай Жұбатыров.  

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА,

Ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

«Шашы ағарған қыз» кітабы, 1989 ж.

Сайлаубай Жұбатыровтың алдыңғы туындылары ұшқыр қиялға құрылған еді. Енді «Жасыл сағым» жазушыны мүлдем басқа қырынан танытты. Повестің өмірдің өзінен алынған шыншыл, реалистік табиғаты мені қайран қалдырды.

Оразбек СӘРСЕНБАЕВ,

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

«Жалын» бәйгесі, жабық рецензия, 1974 ж.

  Сайлаубай Жұбатыров – авантюрист жазушы. (Мен бұл сөзді еркін, батыл, тәуекелшіл мәнінде алып отырмын). Біздің біразымызға осы қасиет жетпейді.

Әнес САРАЕВ,

жазушы.

«Қазақфильм» киностудиясы, 1980 ж.

Сайлаубай Жұбатыровтың «Кіші Арал» идеясы мен Қазақстан өзендерінің бір бөлігін Арал өңіріне жеткізу туралы батыл ұсыныстары – өмірден туған қажеттіліктер. Оның жобалары мен есептері практикалық тұрғыдан тиімді, жүзеге асыруға ыңғайлы, пайдалы әрі арзан.

Абай ТҰРСЫНОВ,

техника ғылымының докторы, академик.

«Қазақ әдебиеті» газеті, 1990 ж.