Жаңалықтар

Қытай Қазақстанға 30 млрд доллар көлемінде инвестиция салмақ

ашық дереккөзі

Қытай Қазақстанға 30 млрд доллар көлемінде инвестиция салмақ

Қытай қаржыгерлері Қазақстанды жарылқамақ. 2020 жылға дейін көрші ел инвесторлары 30 млрд доллар көлемінде инвестиция құю жоспарлануда. Ақшаның дені инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілетуге жұмсалады. Газ-мұнай өндіру саласында жұмыс істейтін Қытай компаниясы еліміздің нарығында 5 жыл бұрын пайда болды. Осы мерзім ішінде табыс көлемі екі есе өсіп, жұмыс орны да көбейген. Еліміз бойынша Алматы, Астана, Ақтау және Қызылорда қалаларында бөлімшелер ашылған.

Оларда 600-ден аса адам қызмет етеді. Компания басшысы бұл жетістікпен тоқтамақ емес, керісінше алдағы уақытта әріптес ұйымдарға миллиондаған доллар қаражат құюды көздеп отыр. «Petroleum» компаниясы негізінен мұнай саласы бойынша жұмыс істейді. Біз бірнеше жобаларды табысты жүзеге асырудамыз. Биыл тағы бір ауқымды жобаны қолға алмақпыз, қазір ол жан-жақты талқылануда»,- деді «GEO-Jade Petroleum» компаниясының президенті Джоэ Нинг.

Жалпы жыл өткен сайын Қытай инвесторлары тарапынан Қазақстан экономикасына қызығушылық артуда. Алдағы 5 жылда олар 48 жобаға 30 млрд АҚШ долларын құюға бекініп отыр. Бұл жобалар тау-металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру салаларымен тығыз байланысты. Қытай тарапы, әсіресе бірлескен ұшақ шығару кәсіпорнын ашу, технопарктер құру және алыс-жақын арақашықтағы әуетасымалы қызметін жандандыруға ынталы. «Ал қаражаттың басым бөлігі «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталмақ.

Айта кетсек, Орталық, Оңтүстік, Орталық Батыс, Орталық Шығыс жолдарын салу, сондай ақ «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізін 2016 жылы толықтай іске қосу жоспарланып отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында Қазақстан бойынша үлкен жобаларды іске асыру жоспарланған. Енді тікелей Қытайға келетін болсақ, былтыр Қытаймен ұлттық оператор құрылған еді.

Соған байланысты «Эксим банкпен» бірге жолға инвестиция тарту көзделіп отыр», - деді ҚР Инвестиция және даму министрінің кеңесшісі Замир Сағынов. 2005-2014 жылдар аралығында Қытайдан Қазақстан экономикасына тікелей құйылған инвестициялар ағыны 13 млрд АҚШ долларын құраған. Ал, осы мерзім арасында елімізден Қытайға салынған инвестиция 345 млн АҚШ долларына жеткен. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан аспан асты елінің компанияларының саны 600-ге жетіп жығылады.