Элизабет Маунт елімізде неге қиналды?
Элизабет Маунт елімізде неге қиналды?
Жуырда Henley & Partners халықаралық консалтингтік компаниясы жыл сайынғы Төлқұжат индексін жариялады. Елдердің түрлі мемлекеттерге визасыз бару мүмкіндіктерін сараптайтын рейтингке биыл әлемнің 200-ден астам елі мен аумағы еніп отыр. Азаматтары әлемнің 71 еліне визасыз бара алатын Қазақстан бұл жолы 65-орыннан көрінді.
Германия төлқұжаты төрткүл дүниеге есік ашады
Соңғы бес жыл бойы рейтингте көшбасшылықты неміс паспорты сақтап келеді. 2018 жылы Германия төлқұжатымен 177 елге визасыз баруға болады. Яғни, германиялықтар үшін еркін саяхаттауға болатын елдердің қатарына тағы бір мемлекет қосылып отыр. Екінші орынға Сингапур (176 ел) тұрақтаса, үшінші орынды сегіз ел теңдей бөлісті. Олар: Ұлыбритания, Дания, Италия, Норвегия, Финляндия, Франция, Швеция, Жапония. Бұл елдердің азаматтарына 175 елге визасыз баруға мүмкіндік берілген. Биыл Қазақстан әлемдік рейтингте 65-орынды иеленді. Біздің елімізден бөлек, бұл орынға Беларусь Республикасы мен Оман Республикасы да ие болды. Көрсеткіш бойынша Қазақстанның азаматтары әлемнің 71 еліне визасыз бара алады. 2017 жылы Қазақстан рейтингте 67-орынды иемденген болатын. Дегенмен визасыз саяхаттауға болатын елдер саны өзгеріссіз қалды. Қазақстанмен қоңсы қонған елдер де Төлқұжат индексінде ілгерілей түскен. Ресей 48-орыннан көрінсе, Әзірбайжан – 72, Өзбекстан 85-орынға жайғасты. Рейтингті визасыз баратын елдер саны небәрі 24 мемлекетті құрайтын Ауғанстан түйіндеді.Әр елдің шарты басқа
Екіжақты келісім бойынша Қазақстан азаматтарының визасыз баратын елдер тізіміндегі мемлекеттерде жүріп-тұру мерзімі бекітілген. Мәселен, отандастарымыз Гонконгте екі апта визасыз жүре алады. Ал Бразилия, Индонезия, Түркия, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Филиппин, Сербия мемлекеттері қазақстандықтарға 30 күнге дейін еркін саяхаттауға мүмкіндік берген. Тізімдегі елдердің басым көпшілігі Қазақстан азаматтарына 3 айға дейін визасыз жүру құқын ұсынған. Атап айтқанда, Әзірбайжан, Албания, Колумбия, Коста Рика, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Молдова, Тәжікстан, Украина секілді мемлекеттерде біздің еліміздің азаматтары 90 күнге дейін визасыз жүре алады. Ал визасыз саяхаттың ең ұзақ мерзімін Грузия ұсынып отыр. Қазақстандықтардың бұл елде 365 күн, яғни бір жылға дейін еркін жүруіне болады. Бұдан өзге, Қазақстан азаматтары үшін саяхаттауға бірқатар жеңілдік ұсынған мемлекеттер де бар. Дегенмен визасыз кіру үшін олардың арнайы талаптарын орындау шарт. Мәселен, Бурунди мемлекетінің шекарасынан өтерде алдын-ала рұқсат алу арқылы бір айға виза рәсімдеуге болады. Ал Мысырда бір айға дейін визасыз жүру үшін бұл елге туристік агенттік арқылы баруыңыз шарт. Қытайдың Хайнань провинциясы да туристік агенттік арқылы келген қазақстандықтардан виза талап етпейді. Алайда туристік топ мүшелерінің саны 5 адамнан аз болмауы тиіс және олар Хайкоу мен Санья әуежайларына ғана қонуға міндетті. Сомали шекарасынан өтерде 30 күнге виза аштыру үшін демеушінің алдын-ала шақырту қағазы болса жеткілікті. Балқан уәлаяты да (Түркіменстан) туристік агенттік арқылы келген Қазақстан азаматтарын визасыз қабылдауға дайын. Ал Черногорияда визасыз жүріп-түру үшін саяхатты күн жылы уақытқа жоспарлау қажет. 2017 жылы бұл мерзім 1 сәуірден 30 қазанға дейін созылды. Өз кезегінде Қазақстан да бірқатар мемлекет азаматтарына өз аумағына визасыз енуге мүмкіндік беріп отыр. Өткен жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі 45 мемлекет үшін визасыз режимнің ашылғанын хабарлаған болатын. Атап айтқанда, Австрия, АҚШ, Грекия, Испания, Швеция, Канада, Финляндия, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония, Португалия, Венгрия, Кипр, Бельгия, Сингапур, Монако, Иордания, Малайзия, сондай-ақ ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдерінің азаматтары 30 күнге дейін Қазақстанда емін-еркін жүре алады. Бұдан бөлек, еліміз тағы 48 мемлекетке виза алудың жеңілдетілген шарттарын ұсынып отыр. Олар визаны шақыртусыз ала алады. Мамандар соңғы жылдары елімізде туризмнің ілгерілей түсуіне өзге факторлармен қатар визасыз режимнің де оң ықпал еткенін жасырмайды. Мәселен, finprom.kz мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанға келушілер саны 18 пайызға өскен. Шетелдіктердің Қазақстанға деген қызығушылығы қазақстандықтарды да ынталандырды. Былтыр ел азаматтарының көпшілігі шет елде емес, өз елімізде дем алуды құп көрген. 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша отандық туристер саны 4,4 млн адамға жетті. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 25 пайызға артық. Қазақстан халықаралық туризм картасында өз позициясын нығайтты. 2017 жылдың 9 айында республикаға 5,8 млн шетелдік туристер келген. 5 жыл ішінде кіріс туризм көрсеткіші 5 миллион адамнан аспаған еді. Демек, бұл көрсеткішті жаңа рекорд деуге толық құқылымыз. Сондай-ақ, туристер саны артқан сайын отандық қонақүй, мейрамхана бизнестерінің ісі дөңгелей бастады. Мысалы, 2017 жылы әртүрлі деңгейдегі (жұлдызды) қонақүйлердің 3,9 млн нөмірі өткізілген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 23,7 пайызға артық. Шетелдік қонақтар басым бөлігі (50,5 пайызы) бес жұлдызды қонақүйлердің нөміріне тапсырыс берген. Ал төрт жұлдызды қонақүйлерге келушілердің 33,9 пайызы, 3 жұлдызды қонақүйлерге 31,9 пайызы, 2 жұлдызды қонақүйлерге – 18,4 пайызы және 1 жұлдызды қонақүйлерге 21 пайызы қонақ болған.Астанаға 4 млн турист келді
Былтыр шетелдік қонақтардың Қазақстанға келуіне түрткі болған бірден-бір шара – ЭКСПО-2017 көрмесінің отандық туризмнің дамуына қосқан үлесі ерен. Көрмені тамашалауға күн сайын 40-50 мың адам келді. Үш ай ішінде елордаға келген қонақтардың саны төрт миллионнан асып жығылды. Айтулы шараның елдің туристік әлеуетін арттырудағы маңызына көрменің жабылу салтанатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше тоқталған еді: «Елорда үш ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан шағын қалашыққа айналды. Бұл көрме Қазақстанды әлемге танытты. Қонақтарға қонақжайлығымызды көрсете алдық. Бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық. Астанаға 4 миллион адам келгенін атап өттік. Оның 3/2 бөлігі жастар еді. Көрмеге күн сайын 40-50 мың адам келді», – деді Елбасы. Астананың Инвестиция және даму басқармасының жетекшісі Әлішер Әбдіқадыровтың дерегінше, көрме барысында елордаға бір жарым миллионнан астам шетелдік қонақ келген. Енді Астана әкімдігі өз алдына 2020 жылға қарай миллион туристі тартуды мақсат етіп отыр. «Біз әртүрлі елдердегі ЭКСПО тәжірибесін зерттедік. Қабылдайтын ел алдында тұрған мақсаттардың бірі, ең алдымен қала үшін, көрмеден кейінгі туристер санына қатысты көрсеткішті сақтап қалу екен. Әрине, біз жыл сайын осындай шараны қайталай алмаймыз. Алайда туризм экономиканың жаңа өсу нүктесі бола алатынын көріп отырмыз. Мысалы, Парсы шығанағының елдері ЖІӨ едәуір бөлігін туризм арқылы қалыптастырады. Осыған орай, біз осы саланың дамуына байланысты өз стратегиямызды әзірледік. Басты мақсатты индикатор – 2020 жылға қарай миллион шетелдік турист. Сондай-ақ, біз олардың осында болу уақытын ұзартуға ниеттіміз», – дейді Әлішер Әбдіқадыров. Астанадағы туризм саласы дамуының стратегиясы негізгі үш бағыттың жүзеге асырылуын көздейді: іскерлік, мәдени және медициналық туризм. «Бүгінде Астанада алуан түрлі халықаралық деңгейдегі конгрестер мен көрмелерді өткізу үшін барлық инфрақұрылым жасалған. Бізде Конгресс-орталығы, Тәуелсіздік сарайы бар. Екінші – бұл қалалық рекреациялық туризм. Егер қалада белгілі бір шара өтіп жатса, туристердің ұзақ мерзімге кідіруі үшін олардың баратын жерлерін – әртүрлі музейлер, театрлар, яғни мәдени өмірді ұйымдастыру керек. Үшінші бағыт – медициналық туризм. Астанада халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін емдеу мекемелері, жоғары білікті мамандар бар. Солардың әлеуетін пайдалануымыз керек», – дейді ведомство жетекшісі. Астана қонақжайлылық инфрақұрылымының барлық көрсеткіштері бойынша өсім көрсетіп отырғаны шүбәсіз. Елордада 201 мейманхана салынып, 2016 жылмен салыстырғанда олардың саны айтарлықтай артты. Қонақүйлердегі нөмірлердің толуы да үш есе көбейді. Хостелдер саны 36-дан 95-ке дейін өсті. Елорда билігін қуантатын тағы бір жайт – қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану орындарынан түсетін салық төлемдерінің ұлғаюы. Өткен жылдың тамыз айында бұл көрсеткіш 170 миллион теңгеге жетті. Астана туристер арасында кең танымалдылыққа ие болғанының тағы бір көрсеткіші – туроператорлардың қызметіне таяу және қиыр шетелден түскен сұраныстың 78 пайызға артуы. Былтыр AstanaCityPass саяхатшы картасын 30 мың пайдаланушы қолданған. Бес мыңнан астам адам екіқабатты экскурсиялық автобустар қызметіне жүгінген. Әлемнің 13 елінен (Австралия, Малайзия, Сингапур, Словакия, Ресей, Әзірбайжан, Түркия, Германия, Қытай, Испания, Польша, Франция, Сербия) келген 12 мың адам аудиогид қызметін пайдаланды.«Do you speak Еnglish?»
Елімізді туристер үшін жайлы мекенге айналдыру үшін көптеген шаралар қолға алынғанымен, әлі де Қазақстанды аралауға келген туристердің алдынан шығатын қиындықтар көп. Елімізге келетін шетелдік қонақтар, әсіресе аймақтарда жергілікті тұрғындардың ағылшын тілін білмеуі мен туристік орындарды аралауға көмектесетін мамандардың жоқтығы қолайсыздық туғызатындығын айтады. Шетелдік туристер Қазақстанда тек үлкен қалаларда, онда да адамдардың кей топтары ғана ағылшынша сөйлейтінін аңғарған. Мәселен, Ақсу-Жабағылы ұлттық паркінде, Шымкент, Түркістан және Алматы қалаларында болған британиялық турист Николас Моррисон мемлекеттік тілін білмейтін елде саяхаттаудың қиын екенін мойындады. «Өзім турист ретінде барған Африка, Үндістан және Оңтүстік Американың кей елдеріндегідей бұл жақта да жұрттың көбі ағылшынша сөйлейтін шығар деп ойлаған едім. Егер орысша бірер ауыз сөз жаттап алмасам, күнім қараң, яғни мүлде қиын болатынын Қазақстанға келген бойда түсіндім», ‒ дейді Моррисон. Орыс тілін білмегені үшін елімізде қиындық көргенін жалғыз Моррисон емес, өзге туристердің де аузынан естігенбіз. Бұл Қазақстанда қазақ тілінің әлі де өз деңгейінде үстемдік құра алмай отырғанын аңғартса керек. Ұлыбританиядан келген тағы бір турист Элизабет Маунт та дәл осындай қиындықпен бетпе-бет келіпті. «Орысша сөйлемесең, жұрт қойған сұрақтарыңды мүлде елемейді», – дейді ол. Туристің сөзі рас екеніне Азаттық радиосының тілшісі жүргізген эксперименттен кейін көзіміз жетті. Ол елімізге келетін туристер жиі ат басын бұратын Бурабайға арнайы барып, туристік аймақ орталығындағы мейрамхананың туристерге жол көрсетуші екі гиді мен даяшыларына және жағажай қызметкерлеріне ағылшын тілінде сұрақ қойған. Олардың ешбірі журналистің өзге тілдегі сауалдарына мардымды жауап бере алмапты. Аймақтағы эконом-класс деңгейіндегі туристік ұйымдарда көбінесе ағылшын тілін мүлде білмейтін немесе бірер сөз ғана білетін Бурабай қаласының жергілікті тұрғындары жұмыс істейтін көрінеді. Ағылшын тіліндегі жазулар көп Алматы мен Астана қалаларында туристерге жүріп-тұру анағұрлым ыңғайлырақ. Көрнекі орындар мен ойын-сауық ғимараттары, тамақтану орындарындағы жазулардың ағылшын тіліндегі нұсқасы бар. Мәселен, елордадағы Нұржол даңғылы бойындағы шығармашылық жобалар көрмесінде әр экспонаттың сипаттамасы үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған. Алматыдағы ірі ойын-сауық орталықтары, мәдени орындар да туристерге лайықтала бастағаны бірден аңғарылады. Ғимараттарда ағылшын тіліндегі нұсқаулықтардың көбейгені өз алдына, аталмыш орындардың қызметкерлеріне қойылатын талаптар қатарына ағылшын тілін білу шарты қосылған. Қаладағы ірі ойын-сауық орталығындағы «Nature Republic» косметика дүкеніне жұмысқа орналаспақшы болған Айдана Қасымбекова осы талапқа сай келмегені үшін сыннан өте алмай қалған көрінеді. «Nature Republic» дүкені бұрыннан ұнайтын. Қалада бірнеше нүктесі бар. Солардың бірінде қызмет ету көптен бергі арманым болды. Бір күні дүкенге сатушы керек деген хабарландыруды оқып, түйіндемемді әкеп өткізіп едім, дүкен әкімшісі тағылымдамадан өтуге шақырды. Бес күндік тағылымдамадан кейін сынақ тапсыруға тиіс болдым. Алғашқы күннен-ақ тиянақтылығымды, саудаға ептілігімді аңғартуға тырыстым. Тіпті, үшінші күні сатқан тауарымның көлемі сол жерде біраз уақыттан бері жұмыс істеп жүрген қыздардан асып түсіп, дүкен әкімшісінен мақтау естідім. Алайда төртінші күні ұятқа қалдым. Дүкенге шетелдік туристер келді. Ағылшынша амандасып едім, сәлемімді алды да, сол тілде бірдеңе сұрады. Ештеңе түсінбедім. Уот, уот дей беріппін сасқанымнан. Әкімші маған қарап қабағын шытты да, әлгі кісілерге өзі жауап берді. «Ағылшынша білесің бе?» деп сұрағанда тіл білу деңгейім «Сәлем!», «Сау болыңыздан» әрі аспайтынын жасырып қалғам. Түйіндемеде де ағылшын тілін базалық деңгейде білемін деп көрсеттім. Бір-ақ сәтте масқарам шықты. Жұмыс уақыты аяқталғанда әкімші келесі күні келмей-ақ қоюыма болатынын, мені жұмысқа қабылдай алмайтынын айтты. Тіл білмеуімнің кесірінен армандаған жұмысыма қол жеткізе алмадым», ‒ дейді Айдана. Ағылшын тілін білу заман талабына айналғанына көзі жеткен бойжеткен тіл үйрету курсына жазылыпты. Бір айдан бері үзбей сабақ алып жүргендіктен, ағылшыншасы айтарлықтай жақсарған. «Осы бетімнен таймасам, «Nature Republic»-ке жұмысқа орналасатын күнім алыс емес», ‒ дейді мақсатына адал ару. Толағай істер осындай қадамдардан басталары анық. Ағылшынша сайрап тұрған сатушының жұмысына риза болып, еліміздегі қызмет көрсету сапасына көңілі толған шетелдік туристер Қазақстанды қайта айналып келуге болатын мемлекеттер тізіміне қосса, соның өзі жеңіс.