622 оралман отбасы Қазақстанның солтүстігіне қоныс аударады

622 оралман отбасы Қазақстанның солтүстігіне қоныс аударады

622 оралман отбасы Қазақстанның солтүстігіне қоныс аударады
ашық дереккөзі
Биыл 622 оралман отбасы Қазақстанның солтүстігіне қоныс аударады. Қазақстанның солтүстік өңірлеріне жататын Ақмола, СҚО, Павлодар, Қостанай облыстарына көшуге биыл 622 оралман отбасы ниет білдіріп отыр. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. «Бізде шетелден жұмыс күшін тарту бағытында бөлінетін квоталар бар. Биыл ондай квоталарға өтінім берушілердің саны 41 мың. Яғни, бұл көрсеткіш - экономикалық белсенді тұрғындардың 0,6 пайызы. Екіншіден, Қазақстанның солтүстігіне оралмандарды көшіру бойынша берілетін квоталар бар. Биыл 622 оралман отбасы Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлеріне көшуге өтінім берді. Әлбетте, оларға нақты мамандық бойынша жұмыс ұсынылмақ», - дейді Тамара Дүйсенова. Министр сонымен бірге, аймақтық деңгейде, яғни бір облыстан екінші облысқа көшіп келушілердің саны артып бара жатқанын атап өтті. «Жұмыс орындары аз өңірлерден көп аймақтарға көшуге ниет білдіргендер көбейіп келеді. Биыл Қазақстанның басқа өңірлерінен солтүстіктегі Қостанай, Павлодар, СҚО, Ақмола облыстарына көшуге 1706 отбасы ниет білдірді. Былтыр солтүстік өңірлерге көшуге өзге облыстардан 380 отбасы ғана өтінім берген болатын. Аталған өңірлер көшіп келушілерге нақты қандай жұмыс орындары бар екені, баспана мәселесі туралы ақпарат беріп жатыр», - деді министр.