Еуро-5 бензині енді Қазақстанда шығарылады
Еуро-5 бензині енді Қазақстанда шығарылады
Қазақстанда осы жылдың аяғында Еуро-5 стандартты бензин шығарыла бастайды. Бұл туралы Астанада өткен брифинг барысында Қазақстан Даму банкінің басқарма төрағасының орынбасары Ринат Сисембаев хабарлады. «Қазақстан Даму банкі мен «Конденсат» компаниясы Еуро-5 стандарттарына сәйкес келетін К5 экологиялық класындағы АИ-92, АИ-95 маркалы бензинді шығаруды қаржыландыру туралы келісімге қол қойды. Жоба құны — 200 млн доллар, оның 60%-ын алты жылдық мерзімге Қазақстан Даму банкі бөлетін болады», — деп мәлімдеді Р.Сисембаев.
Қаражат жабдық сатып алуға, сонымен қатар құрылыс-монтаж және іске қосу-реттеу жұмыстарына жұмсалады. Қалған сома компанияның жеке қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жобадағы жоспар бойынша жылына АИ-92 маркалы бензиннен 114 мың тонна және АИ-9 маркалы бензиннен 86 мың тонна шығарылмақ. Ал өндірістің орналасатын жері — Батыс Қазақстан облысы. «Біз бұл жобаға сенеміз, ел үшін стратегиялық тұрғыда маңызды жобалардың бірі деп есептейміз. Себебі бұл жоба Қазақстандағы мотор отыны бойынша қазіргі жетіспеушіліктің орнын толтырады. Сондай-ақ көрші елдерден болатын импорты қысқартып, нарықтағы дайын өнімдердің қатарын кеңейтеді», — деді Р.Сисембаев.
«Конденсат» компаниясының бас директоры Фарид Бахтиозиннің айтуынша, шығарылатын өнім облыс аясында, сонымен қатар жақын жатқан аймақтарға жеткізілетін болады. «Бастапыда біз барлық өнімді ішкі нарықта өткіземіз деп есептедік. Ресей нарығына шығуды келешек жоспарларға қостық, ол үшін Қазақстандағы басқа зауыттардың модернизациясы аяқталуы тиіс», — деп түсіндірді Ф.Бахтиозин. Оның айтуынша, зауытта қазақстандық және ресейлік, сондай-ақ Қарашығанақ кен орнының шикізаты пайдаланылады. «Әрдайым шикізатты нарықтық бағамен аламыз. Бұл ретте Қарашығанақ шикізаты жеткізіледі деп ойлаймыз. Қарашағанақ шикізтын алу барысында, көбінесе техникалық мәселелер туындайды. Егер жүйелі жеткізу мүмкіндігі туындап жатса, бұл шикізатты қолайлы бағамен алатын боламыз», — деп түсіндірді ол. Бұл ретте компания басшысы өнімдерінің құны нарықтық бағадан төмен болатынын айтты. «Жобаның бір бөлігін Қазақстан Даму банкі қаржыландырып отыр. Әрине міндеттемелер болады. Ең алдымен өнім облыс үшін қол жетімді болады», — деп түйіндеді Ф.Бахтиозин.