Өліге қиянат жасап, тіріні өзектен тепкендер

Өліге қиянат жасап, тіріні өзектен тепкендер

Өліге қиянат жасап,  тіріні өзектен тепкендер
ашық дереккөзі
Адамнан айла артылған ба? Құлқынның құлы болғандар тірі тұрмақ, өлінің әруағынан да қорықпайды бүгінде. Марқұмның қайтыс болғанын құзырлы органдардан жасырып, зейнетақысы мен жәрдемақысын қалтаға басатындар көбейіп барады. Ата-ананың көре алмай кеткен рақатын біз көрейік дей ме, әдетте мұндай қитұрқылыққа бақилық болған зейнеткерлердің бауыр еті – балалары жиі барады. Өткен аптада Ақтөбе облыстық прокуратурасы қайтыс болған адамдардың зейнет­ақысын үздіксіз алып отырған адамдарды анықтады. Оларың кейбірі 500 мың теңгеге дейін зейнетақы алғаны белгілі болды. Ақтөбе облыстық прокуратурасы ішкі істер органдары мен «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы филиалының жұмысын біріктірді. Себебі қайтыс болған адамның зейнетақысын алып, оны өз пайдасына жаратып отыратындар қатары көбейіп барады. «Ішкі істер органдары жыл сайын «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы филиалының өтініші бойынша тексеру жұмыстарын жүргізеді. Себебі қайтыс болған адамдардың зейнетақысын пайдалану дерегі тоқтамай тұр. Алдағы уақытта ішкі істер органдары мен «Азаматтарға арналған үкімет» апта сайын ақпарат алмасып отырады. Бұл дегеніміз іс сотқа дейінгі өндіріске алынбай, қайтыс болған зейнеткерлердің туыстары қылмыстық қудалауға тартылмайды деген сөз», ‒ дейді Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев. Зейнетақы мен жәрдемақы алушының қайтыс болғаны туралы тиісті органдарға дер кезінде хабарламау деректері еліміздің барлық өңірінде тіркеледі. Мәселен, өткен жылдың қыркүйек айында өкілетті органдардың жұмысын тексерген Павлодар облыстық прокуратурасы бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Мамандар соңғы бес жылдағы адам өлімін тіркеу бойынша біраз айырмашылықтар орын алғанын байқаған. Прокуратура мәліметінше, адамдар өз туыстарын өкілетті органдарда тіркеусіз жерлеп, марқұмдардың атынан жәрдемақы мен зейнетақы алып отырған. 63 адамның өлімі Ақсу қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде тіркелмеген. Зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталықтың мәліметінше, Б. есімді азаматшаның 2015 жылдың 4 тамыздағы қазасынан соң екі жыл бойы оның атынан зейнетақы алынып келген. Қайтыс болған адамның тұрғылықты мекен-жайында оның сіңлісі тұрады. Ол марқұмның банк картасы арқылы екі жыл бойы зейнетақысын алып, қажетіне жаратып отырған. Осылайша ол 2015 жылдың қыркүйегінен 2017 жылдың шілдесіне дейін 1 миллион теңгеден астам қаражатты қалтаға басып үлгеріпті. Жалпы, өңірде зейнетақы қорына 5 миллион теңгеден астам шығын келтірген 10 дерек тіркелген. Қостанай тұрғыны Анастасия Говорова да әкесінің өлімін үш жыл бойы жасырып, зейнетақысын алып келген. Осы уақыт аралығында мемлекеттің 2 млн 268 мың теңгесін заңсыз иемденіпті. Әйелдің әкесі қызына өлерінен екі ай бұрын зейнетақыны алу құқығы бар сенімхат жазып берген. Таксиде диспетчер болып жұмыс істеген Анастасия Говорова мұндай әрекетке жоқшылық итермеледі деп ақталды. Әкесін жерлеген әйел оның өлімін мемлекеттік жағдай актісін тіркеу мен зейнетақы төлейтін мемлекеттік орталықтан жасырып қалған. Сондықтан марқұм үш жыл бойы тірілер санатында болған. Сенімхатты ұзарту мерзімі келгенде қылмыстың беті ашылды. Нәтижесінде әйел ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталды. Сот оны кінәлі деп танып, үш жыл алты айға шартты жаза тағайындады. Говорова ақшаны мемлекетке түгел қайтарып бергендіктен, жаза жеңілдеді. «Қазпошта» АҚ Қостанай облыстық филиалының ауылдық пошта байланысы бөлімшесінің басшысы болған кезде бақилық болған ауылдасының зейнетақысын жымқырған Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы, Троебратское ауылының 32 жастағы тұрғыны да жазадан жалтара алмады. 1934 жылы туған зейнеткер Троебратское ауылында тұрған және ай сайын 9544 теңге зейнетақы алып отырған. 2015 жылы Ресей Федерациясында тұратын балаларына барған ол сол жылдың қыркүйек айында сол жерде көз жұмды. «Қазпошта» қызметкері мұны білген. Қыркүйек және қараша айларында азаматша Ч. ұрлаған ақша көлемі 159 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар «Қазпошта» қызметкері пошта бөлімшесі арқылы «Хоум Кредит Банк» АҚ-ға ай сайын 8 мың теңге көлемінде несие төлеген Троебратское ауылы тұрғынының ақшасын қолды еткен. Сөйтіп, «Қазпошта» АҚ ҚОФ келтірілген залал 160 мың теңгеден асты. Ұзынкөл аудандық соты алаяқты ҚР ҚК 189-бабы 2-бөлімі 2,3-бөлімшесінде көрсетілген қылмыс бойынша айыпты деп танып, бір жылға шартты бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ол бір жылға дейін материалдық жауапты қызмет атқару құқығынан айырылды.

Тірі екенін дәлелдей алмай жүргендер көп

Елімізде тірі бола тұра өлілер санатына енгендер де аз емес. Жер басып жүрсе де, тірі екенін дәлелдей алмай әлекке түскендердің бірі – Шымкент қаласының 25 жастағы тұрғыны Бағдат Жұмаділов. Құжат бойынша тірілер санатында жоқ болып шыққан Бағдат Халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырғалы біраз болған. Баласы дүниеге келгенде ешқандай құжат рәсімдей алмағандықтан, Бағдаттың әйелі амалсыздан баланың туу туралы куәлігін өз атына жаздырған. Бір қызығы, 16 жасынан бері бақилық болғандар санатына қосылса да, Бағдат Жұмаділов осы уақыт аралығында диплом алған, отбасын құрған, тіпті екінші рет куәлік алып та үлгерген. «Тірімін, ал құжат өлілердің қатарында екенімді көрсетіп тұр. Құжат бойынша, Қызылорда облысының Шиелі ауданына тіркелген екенмін. Ал менің Шиелі ауданына ешқандай қатысым жоқ. Өткен жолы ХҚКО-на келсем, бұған Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі (АХАЖ) кінәлі деді. Енді Шиелідегі жұмыспен қамту басқармасы кінәлі деп істі бір-біріне сілтеуде», ‒ дейді Бағдат. Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жеке басты куәландыратын құжатқа жауапты қызметкерлер «бұл олқылыққа біз кінәлі емеспіз» деп жауапкершіліктен қашса, АХАЖ бөлімінің өкілдері Мемлекеттік деректер қорында Бағдатты қайтыс болған деп көрсеткен. Қазіргі таңда бұл азамат бізге арызын жазды. Біз бұл арызды жоғарыға құзырлы органдарға жіберу арқылы жағдайды шешуге тырысамыз» дейді. Бағдат өзінің тірі екендігін дәлелдеу мақсатында қаладағы бірнеше мекемеге бас сұғып, мән-жайды түсіндірген. Дегенмен арада біраз уақыт өткеніне байланысты ол өзін кім «жер жастандырып» жібергенін анықтай алмай әлек. «Алдағы уақытта осы іске кінәліні таппай қоймаймын», ‒ дейді құзырлы органдардың есігін қағудан шаршаған Бағдат Жұмаділов. Бойында қуаты бар, көзі ашық, көкірегі ояу жігіт мақсатына жетері анық. Ал жасы сексенге келгенде далада қалған, ол аздай өлілер санатына енген ақтөбелік Дариға әжей әділет үшін күресуге қауқарсыз. Соңғы бес айдан бері қария өзінің тірі екенін еш жерге дәлелдей алмай жүр. Соның кесірінен жарты жылдан бері зейнет­­ақысынан қағылған. Қалай болғаны белгісіз, өз есімін қайтыс болғандардың тізімінен тапқан қария қазір Ақтөбедегі қаңғыбастарды бейімдеу орталығын паналап отыр. Туған ұлымнан зәбір көрдім деп панасыздардың мекеніне келген кейуана ұлының өз үйінен қуып шыққанын айтады. Анасының зейнетақысын қажетіне жаратып, өзін керек етпеген рақымсыз перзент қарияға қол жұмсауға дейін барған. Үйден кеткелі Дариға Салмағамбетова әркімнің шаңырағында бас сауғалапты. Жасы сексенді алқымдаған кейуана Ақтөбедегі қаңғыбастарды бейімдеу орталығында тамыз айынан бері тұрып келеді. Орталыққа келгенде қарияның қолында тек жеке басты куәландыратын құжаты ғана болыпты. «Әженің қайтыс болғандар тізімінде жүргенін тіркеуге қойып, қарттар үйіне құжаттар дайындау кезінде бір-ақ білдік», ‒ дейді орталық қызметкерлері. Қарияның бақилық болғандар тізіміне қалай енгенін құзырлы органдар нақты айта алмай отыр. Бар болғаны Алға ауданындағы жергілікті әкімшіліктің жіберген қатесі болар деп күдіктенеді. Енді Дариға әженің құжаттарының барлығы қайта тексерілмекші. Өмірден өткен адамдар қатарында жүрген кейуананың қолына өзінің тірі екенін дәлелдейтін құжаттың қашан тиетіні белгісіз.