Баспана құрылысы байыпты бақылауда

Баспана құрылысы байыпты бақылауда

Баспана құрылысы байыпты бақылауда
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракция депутаттары Әбдіманап Бектұрғанов, Амангелді Дәуренбаев, Сәкен Қаныбеков, Марат Бопазов және Серік Сәпиев өңірлерге жұмыс сапары аясында Алматы облысының Талдықорған қаласындағы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан құрылыс нысандарымен танысты. Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі­нің басшысы Саид Дәрменовтің айтуынша, 12 қабатты 64-пәтерлі үй тұрғындарға 2018 жылдың сәуір айында қолданысқа беріледі. Құрылыс жұмыстары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015 жылы басталып, іргетасы қаланғаннан кейін тоқтап қалған 290 пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы былтыр басталған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында аяқталады деген сенім бар. Дегенмен қолдан қолға өткен бес үйге қатысты шешімін күткен түйткілді тұстар жетерлік. Қазіргі кезде барлық үміт «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ мен Алматы облысы әкімшілігі арасында жасалған өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімге байланысты көрінеді. – Аталған үйлердің құрылысы 2015 жылдың маусым айында басталған. Ұлттық қордан қарастырылған қаражаттың дұрыс игерілмеуіне байланысты нысандардың құрылысы тоқтап қалды. Барлық күрделі жағдайлардың күрмеуі тарқатылар болса, биыл тұрғын үйлерді толығымен аяқтаудың мүмкіндігі бар, – дейді қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы. Мәжіліс депутаттары бұл нысандар мемлекеттің қатаң қадағалауында болатындығын ескертіп, алдағы уақытта барлық кемшіліктерді жоюды тапсырды. Өйткені жүздеген отбасы осы үйлердің пайдалануға берілуін жылдар бойы сарыла күтіп отыр. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракция депутаттарының жұмыс сапары Көксу ауданы, Балпық би кентіндегі «Кәрімов» сүт-тауарлы фермасында жалғасты. Ауыл шаруашылық фермасының директоры Рахым Кәрімов өндірілетін сүт өнімдерімен таныстырып, зауыттың өндірістік қуаттылығы жайында баяндады. ‒ Біздің сүт-тауарлы фермасы 2017 жылы құрылғанына қарамастан, бүгінде кәсіпорын бір тәулікте 2 мың тонна сүт өнімін өндіреді. 164 ірі қара мал басы бар. Ферма қоражайларының сыйымдылығы – 400 бас ірі қара мал. Зауытта 65 адам еңбек етеді, ‒ дейді Рахым Смағалиұлы. Ел қалаулылары кәсіпкердің еңбегіне оң баға беріп, алдағы уақытта өнім түрлері мен сапасына ерекше назар аударуын сұрады. ‒ Жетісу өңірінің ауыл шаруашылығы саласында болашағы зор. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында белгіленген меженің бірі кәсіпкерлікті қолдау және кооперативтер құру мәселесін қарастыру қажет. Біз куә болған сүт-тауарлы ферма сынды болашақта да жаңа жобалар, сапалы, табиғи өнім өндіретін осындай кәсіпкер азаматтар ел арасынан шығатынына сенімдімін, ‒ дейді депутат Сәкен Қаныбеков. Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында нұротандық депутаттар Көксу ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесті. Жастармен жүздесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев шеберлік сабағын өткізді.