"Бабалар аманаты" дәстүрлі өнер театрына айналса...
"Бабалар аманаты" дәстүрлі өнер театрына айналса...
Оңтүстік Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының назарына!
Қазақстан Республикасы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы сан ғасырлық отарлық езгіден санасы сансыраған қазақтың мүлгіген рухын оятып, намысын жаныған тарихи құжат болды десек, қателеспейтін шығармыз. Ендеше, бұхараның дүр сілкініп, өткеніне жіті көз жүгірте отырып, рухани түлейтін кезі келді деген ойдамыз. Ұлтымызға дәл қазіргі кезеңде ең жетіспей тұрған нәрсе Президент мақаласында айтылған рух пен намыс екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әрі-беріден соң елімізде орын алып отырған небір жосықсыздықтар мен катаклизмдердің түпкі төркіні осы рухсыздықтан туындап жатқан жоқ па? Ал, сол рух пен намысты атойлататын жалғыз дүние ол – бабаларымыздың Ұлы Дала төсінде ғасырлар бойы жасап қалдырған ұшан-теңіз руханияты. Олай болса, адамзаттық өркениетте айшықты орны бар асыл мұрамызды ұлтымыздың санасын отаршылдық зардаптардан құлан таза айықтырып, азат ету жолында неге тиімді пайдаланбасқа?!
Бұл үшін руханиятымыздың ғажайып бір саласы дәстүрлі төлтума өнерімізге төрден орын беріліп, мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде орнықтырылғанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізетін боламыз.
Осы орайда дәстүрлі өнеріміздің барлық жанрын қамтитын (ән, күй, терме, жыр, толғау, поэзия, ақындар айтысы, күй-тартыс т.б.) «Бабалар аманаты» атты тарихи-танымдық, әдеби-музыкалық жобаны төрт жылға жуық уақыттан бері жүзеге асырып келе жатқанымызды айта кеткіміз келеді.
Бірақ, «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпастың» кебін киіп жүргенімізді жасыра алмаймыз. Қазір той-бизнес төрге озып, төлтума өнеріміздің босағада жетім баланың күйін кешіп отырғаны елдігімізге, ұлттығымызға сын болса керек. Қазағымыздың өзінің төл өнеріне деген тосырқаушылығы, қызығушылығының бәсеңдігі мен бейтараптығы қынжылтады. Мұндай ахуалдың орын алуына бодандық қамытын киген кезеңдегі өнерімізге, мәдениетімізге евроцентристік көзқарастың үстемдік құру зардаптарының әлі де жойылмай келе жатқаны, бір жағынан дәстүрлі өнердің насихатының нашарлығы болса, екіншіден, осы өліара шақты тиімді пайдалана білген «самсаған жұлдыздардың» шоу-концерттеріндегі татуы жоқ нәрсіз туындылардың сонау түркілік дәуірден тамыр тартатын мәдени желімізге сызат түсіріп, қалың бұхараның көркемдік талғамын төмендетуінде болып отыр.
Қазіргі таңда, әсіресе, жастарымыз ата-бабадан қалған саф алтындай жауһарларымызды іздеп жүріп тыңдаудың орнына, әсіреқызыл, жетесіз әуеннің жетегінде кетті. Қазақ елі топан судай ағылған керекті-керексіз ақпараттар ағыны мен түрлі қиратқыш мәдениеттер тасқыны астында қалды. Соның салдарынан әлемдегі ең бай да шұрайлы тілдер санатындағы ана тіліміз бен музыкалық тіліміз шұбарлануға бет алып, өнерге деген дүниетанымымыз ала-құла болып барады. Бұл үрдіс осылай үздіксіз жалғаса беретін болса, асыл мен жасықтың ара-жігін ажыра алмайтын дүбәра ұлтқа айналмасымызға кім кепіл?! Елімізде орын алып отырған бұл ахуал тек өнер мен мәдениетті ғана емес, түптің-түбінде тұтастай ұлтты жоюуға бастайтын аса қатерлі тенденция деп білемін.
Тарих қатпарларындағы ұлттық рухани бірегейлігін сақтай алмай, ақыр аяғында тоз-тозы шығып ыдыраған азулы империялардың тағдыр-талайынан сабақ алуымыз керек. Сол себепті, елімізге дендеп еніп келе жатқан тобырлық мәдениет экспанциясына қарсы тұрарлық рухани қаруымыз – ұлттық құндылықтарымызды мемлекеттік деңгейде кең көлемде насихаттау дәл қазіргі алмағайып кезеңде өте-мөте үлкен маңызға ие деп есептейміз.
Қазіргі таңда Қазақстанда 70-ке жуық театр жұмыс істейтін көрінеді. Бірақ, солардың арасында былтыр Алматыда ашылған «Алатау» театрынан басқа дәстүрлі өнер театры жоқ. Бұл жағдай елімізде дәстүрлі өнердің назардан тыс қалып бара жатқанының көрінісі емес пе? Қазақстанның әр облыс орталығында бір-бір дәстүрлі өнері театры болса, ұлттық рух асқақтап, қазақ музыкасы жаңаша даму биігіне көтерілмес пе еді?!
Ұлысымыздың ұйытқысы саналатын 3 миллионға жуық халқы бар өңірдің орталығы, аса қуатты экономикалық және мәдени әлеуетке ие Шымкент қаласынан дәстүрлі өнер театрын ашуға талпынсақ, ол көп қиындық тудырады деп ойламаймын. Егер соны ел басқарып жүрген азаматтар қолдаса, бұл миссияны біраз жылдан бері жүргізіліп келе жатқан «Бабалар аманаты» жобасы атқара алар еді.
Қасиетті Оңтүстік өңірінде дәстүрлі өнер театрының ашылуы – консерватория, өнер университетінің арнайы дәстүрлі өнер факультетін бітіріп, бүгінде жұмыс таппай жүрген дарынды жастар үшін оларды моральдық-материалдық жағынан қолдауға үлкен мүмкіндік болар еді. Төлтума өнерімізді төрге оздыру – елдігіміздің белгісі.
Қалмахан ОМАР,
«Бабалар аманаты» жобасының авторы,
Қазақстан Журналистер одағының
мүшесі