Фейк аккаунттар ауыздықталмақ

Фейк аккаунттар ауыздықталмақ

Фейк аккаунттар ауыздықталмақ
ашық дереккөзі
  «Заманына қарай амалы» демекші, сөз де, іс те дәуірдің әуеніне төңкеріліп, қоғам қабылдаған қағидаға сай болатынын ескерсек, мемлекет шығарған заңдар соны реттеп отырады. Демек, шексіз еркіндік ұғымы моральдық тұрғыдан да, заң шеңберінде де адам мен қоғам арасындағы байланысқа тәуелді. Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында қоғам болмысын белгілеген жариялылық пен демократия құбылысы ұзақ жылдар бойы коммунистік режимде өмір сүріп, «екі елі ауызға төрт елі қақпақ» қойып үйренген халыққа бір сәтте қараңғы түнектен жарыққа шығып, күнге көзі шағылысқандай күй кештірді. Міне, содан бері сөз еркіндігі, пікір ашықтығына бой үйретіп, ойымызға келгенді ірікпеуге үйрендік. Азаматтардың саяси белсенділігі артып, қоғамдағы барлық түйткілді мәселеге ашық пікір білдіруге үйреніп, ойындағысын ірікпей айтатын дәрежеге жетті. Ал оған мүмкіндік беріп отырған жаңа ғасыр жаңалығының бірі – әлеуметтік желі. Интернет дәуірі тудырған бұл құбылыстың пайдасы сол – бүкіл әлем бойынша қалаған адамыңмен виртуалды байланысқа шығып, пікірлесе аласың немесе өзіңнің ойларыңды жаһанға таратып, жаңалықтарыңды күллі әлемнің назарына ұсына аласың. Алайда үлкен мүмкіндіктің үлкен кемшілігі де болады. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, мәдениет өркениетке жол ашқанмен, өркениет мәдениетті үйретпейтінін жиі естен естен шығарып алатын бүгінгінің адамдары ақпараттық технология дәуірінде талай қателікке жол беріп жатады. Соның бірі – әлеуметтік желідегі пікір айтудағы жауапкершілікті елемеу. Соның салдарынан жекелеген адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, кейбірі тіпті соталып та жатады. Неге олай? Әрине, кез келген әлеуметтік желіге тіркеліп, сол арқылы адамдармен виртуалды түрде байланысып, пікір алысу ешқандай қиындық тудырмайды. Алайда кей жағдайда көңіліңе ұнамайтын жазбаларға негативті пікір білдіріп қоймай, жазба иесінің жеке басына тиіссеңіз, сізге ол үшін құқық қорғау органдары алдында жауап беруге тура келеді (егер әлгі жазба иесі сіздің үстіңізден сотқа шағымданса). Бұндай жағдай біздің елімізде сирек те болса кездесіп тұрады. Қазақстандықтар тұтынатын әлеуметтік желінің ең танымалы – фейсбук (facebook) әлеуметтік желісі. Бүгінде әлем бойынша 2 миллиардтан аса адам тіркелген бұл желі біздің елімізде де кең танымал. Өз парақшаңа ой-пікіріңді жазып, суреттер мен аудио-бейне материалдар жариялап, түрлі сайттарда шыққан материалдардың сілтемелерін бөлісіп, виртуалды достарыңмен пікірлесіп, хат жазысып отыруға ыңғайлы бұл желінің талайлардың көңілінен шыққаны сондай, бүгінде елімізде фейсбукке тіркелгендердің саны күн санап артып барады. Тіпті, қоғамдық пікірдің беталысын да осы желі арқылы бағдарлауға болады. Өйткені желі арқылы халыққа танымал өнер адамдары да, саясаткерлер де барлық мәселе бойынша ойларын ашық айтып отырады. Алайда «бес саусақ бірдей емес». Мұнда парасатты ой айтып, обьективті пікір білдіріп отыратындармен қатар барлық нәрсеге негативті түрде қарап, кез келген мәселеде субьективті көзқарастарын жұртқа таңуға дайын, пікірімен келіспегендерді тілдеп, жеке басына тиісіп отыратындар да өте көп. Олардың арасында желіге өз атымен тіркелмегендер, фейк (ағылшынша «жасанды» деген мағына береді) аккаунт ашып алып, түрлі арандатушы жазбалар жариялап отыратындар да кездеседі. Желіде отырғандардың бәрі бірдей сауатты, оқығанын сараптай білетін парасатты жандар емес. Сондықтан білім-білігі әртүрлі деңгейдегі адамдар арасында көзқарас қайшылығы, пікір алуандығы болмай тұрмайды, алайда мұндай қарым-қатынаста еске сақтауға тиіс бір ғана шарт бар: пікіріңді мәдениетті жеткізу. Өкінішке қарай, түрлі желілердің қазақстандық сегменттерінде бұл шарт сақтала бермейді, яғни, жеке адамдардың құқығы бұзылады. Ал бұл жағдай зерттеліп жатыр ма? Өткен жылдың соңында  MediaNet Халықаралық журналистика орталығы «Қазақстандағы әлеуметтік желілердегі өшпенділік тілінің мониторингі» атты кітап шығарған еді. Аталған кітапта бірнеше автордың сараптамалық мақалалары беріліп, онда Facebook желісінің қазақстандық сегментінде өшпенділік тілінің көрініс беру мониторингінің нәтижелері арқылы отандастарымыздың әлеуметтік желідегі пікір айту мәдениеті сарапқа салынған. Кітап авторларының бірі, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) Ішкі саяси және әлеуметтік зерттеулер бағдарламасының жетекшісі, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті әлеуметтану кафедрасының PhD кандидаты Серік Бейсембаев: «Өшпенділік тілі – кемсітуден, антогонистік және толерантты емес сөздерден тұратын тұжырым, ол жекелеген әлеуметтік топтарға, соның ішінде көбінесе азшылық өкілдеріне қатысты қолданылады. Интернет технологияның қарқынды дамуы мен жаппай смартфон ұстау дәуірінде өшпенділік тілі де айтарлықтай өршіп отыр. Ендігі жерде бұл жекелеген адамдардың теріс пиғыл, жағымсыз көзқарасы ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік өмірдегі маңызды фактор. Кейбір елдердің тәжірибесі көрсеткендей, өшпенділікке шақыратын сөздері бар бір жазбаның салдары ауыр болуы мүмкін, соның ішінде шынайы өмірдегі ашықтан-ашық жеккөрушілікке алып келуі де ықтимал», – дейді. Демек халықаралық журналистер орталығы бұл зерттеуін бекерден-бекер жүргізіп отырған жоқ. Әлеуметтік желі арқылы адамдардың бір-біріне деген жеккөрушілігі оянып, пікір қайшылығының кесірінен азаматтар арасында алауыздық туындауы мүмкін. Сондықтан бұндай ортаның пікірлесу үдерісін зерттеудің маңызы зор. Оның нәтижесі – әлеуметтік желіде адамдардың өзін дұрыс ұстауына пайдасын тигізері анық. «Білмеген у ішеді» демекші, кейбір адамдар біреудің сөзіне сенем деп арандап қалады, біреулер желіні шексіз еркіндік алаңы деп санап, ойына келгенін айтады. Жалпы, әлеуметтік желіде заңды білмегендіктен, т.б. себептермен істі болып жатқандар баршылық. Мәселен, өткен жылы елімізде 20 адам әлеуметтік желідегі заңбұзушылықтары үшін сотталған. Соның он алтысы бас бостандығынан айырылды, біреуі Қазақстанның тұтастығын бұзуға шақырғаны үшін 5 жылға түрмеге жабылды. Сол секілді он бес қазақстандық терроризмді насихаттап, теракт жасауға шақырғаны үшін 2 жылдан 9 жылға дейін абақтыға қамалса, екі адамның әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық, дiни алауыздықты қоздырғаны себепті бас бостандығы шектеліп, бір адам билік өкілін балағаттағаны үшін 227 мың теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Әлеуметтік желі арқылы, қорқыту, арандату материалдары жиі көрініс табатыны белгілі. Оның кейбірі түрлі жағдайларда адамдардың үрейленуіне, күйзелуіне алып келеді. Мысалы, 2015 жылы Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы, Таусамалы елдімекендерінде болған су тасқыны кезінде WhatsApp желісінде су тасқынының жолындағының бәрін жайпап келе жатқанын көрсететін қысқа бейнесюжет тарап, жаппай үрей тудырған. Ал шындығында ол бейнесюжетте өзге елде болған жағдай көрсетілген екен. Қалай десек те әлеуметтік желіде жазылған материалдардың із-түзсіз кетпейтінін есте сақтауымыз керек. Мәселен, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желі туралы айтқан бір сөзінде «АҚШ виза беру үшін адамдардың фейсбукте, әлеуметтік желіде не жазғанын тексереді. Соған сараптама жасай келе виза бермеуі де мүмкін» деген болатын. Сайттардағы материалдарға пікір жазу мәселесі де өзекті болып қалуда. Оқыған нәрсеңді жақсы не жаман деп бағалау қалыпты нәрсе, өйткені әркімнің өресі әртүрлі. Бірақ айтар ойыңды дұрыстап жеткізудің орнына біреудің адресіне қорлау мағынасындағы ауыр сөз айту, жалған мәліметті алға тартып жала жабу – заң алдында жауап беруге мәжбүрлейтінін білу керек. Сөздегі пікір – адамның ақыл-ойы мен санасының тұнық не лай екенінен көрініс беретінін қаперге алмай, пернетақтаның шаңын шығара береміз. Кейбір сайттардағы мақаланың астына жазылған комментарийлерді оқығанда төбе шашың тік тұрады, өйткені комментарийлерде жарияланған материалдың мәнінен гөрі соны жазған адамның жеке басына қатысты жайларды қазбалау, жұрттың өсегін жалаулату, автордың намысын тиетін сөздер айту алға шығып кетеді. Сол секілді әлдебір мәселе жөнінде жалған мәлімет беру, арандату, біреудің тегіне тиісіп – рушылдық-тайпашылдықты қоздырып отыратын комментарийлер көптеген сайттарда өріп жүреді. Бұл дегеніңіз ұлт тұтастығына, азаматтардың тұлғалық қасиетіне үлкен зиянын тигізетін індет. Демократия – пікіріңді ашық айтуға мүмкіндік бергенмен, біреуді жөнсіз қаралау, қорлау, ұлт пен мемлекет тұтастығына зиянын тигізетін сөздерді айту деген сөз емес. Дегенмен кейінгі кезде бұл бойынша БАҚ беттерінде жарияланған көптеген пікірлер қоғамның көзқарасына айналып, мемлекет бұл мәселеге орай шешім шығарды. Өткен жылдың соңына таман Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ақпарат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қоюы ендігіден былай интернет желісіндегі бейберекеттікке жол бермейтіні анық. Заң өкімі бойынша қазақстандық ақпараттық ресурстарда жасырын комментарий жазуға тыйым салынатын болады. Бұл дегеніміз ендігіден былай еліміздегі интернет қолданушылар қазақстандық ресурстарға жасырын атпен пікір жазып қалдыра алмайды. Өйткені пікір иелерін сайт иесі электронды үкімет порталы немесе SMS арқылы идентификациялау туралы келісім  жасауын талап етеді. Ал оған келіспегендерге сайттарда пікір қалдыру мүмкіндігі берілмейді. Әрбір қабылданған жаңа заң қоғамға өзгеріс әкелетіні анық. Қазақстандағы әлеуметтік желілер мен сайттар жаңа заңға бағынып, қоғамда пікірталас мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізетініне сенім білдіре отырып, электрондық БАҚ-тар мен әлеуметтік желіде танымал бірнеше тұлғадан болып жатқан өзгерістерге орай пікірін сұраған едік.  Аманхан ӘЛІМҰЛЫ, «Ақиқат» журналының бас редакторы: – Біздің қашанда айтып, жазып келе жатқанымыз – еш уақытта құрал жаман болмайды, құралды пайдаланатын адам жақсы не жаман болуы мүмкін. Өйткені бұлай деп отырғаным, егер де біз әлеуметтік желілерді, соның ішінде фейсбукты құрал деп атасақ, пайдаланушылар ол құралды қалай пайдаланады, мәселе сонда. Әлеуметтік желілерді пайдалану мәдениетін игермеген адам оны жақсылыққа пайдаланбайды, керісінше осы бір ақыл-ойдың тамаша жемісін қор қылып, оның да, өзінің де беделін түсіреді. Тіпті, кейде кейбір жастар пайдаланып жүрген әртүрлі сайттар мен әлеуметтік желілерді т.б. біз айтып отырған «құралдарды» жабу керек деп ой айтып жүр. Оларға айтарымыз ешқандай «құралмен» күреспеу керек, тек сол құралды пайдаланатын адамның сана-сезімімен күресу керек. Қазіргі біз пайдаланып жүрген кез келген әлеуметтік желі – уақыт талабынан туған құбылыс, яғни прогрестің көрінісі. Мұндайда кері кетуге болмайды, ілгері жүру керек. Ал оны дұрыс пайдалана білмей, ойына келгенді жазып, аузына келгенін сөзін сол құрал арқылы елге жариялап отырғандарды түсінбеймін. Адамзаттың ақыл-ойының жемісі – ерекше құралды пайдалану мәдениетін игермеген адам біздің пікірімізбен санасады деп те ойламаймын. Біз қалайық, қаламайық жаһандану бәрібір үстемдік етпей қоймайды, соның бір көрінісі осы әлеуметтік желілер. Ендеше, біз жаһанданудың жақсысына есікті жаппауымыз керек, керісінше оның жаманына елікпей, жақсысына қызығуымыз қажет. Егер жаһандануды, соның бір өнімі – әлеуметтік желілердің есіктен кіруіне кедергі жасасақ, олар бәрібір жол тауып, терезеден түседі. Өйткені ол – уақыт, заман талабы. Өмірде ақ пен қара, жақсы мен жаман, күн мен түн секілді бір-біріне қарама-қарсы түсінік-ұғымдар болса,  заман тудырған құралдардың да сондай жақсы-жаман жақтары болады. Сондықтан мұндай жағдайда жауапкершілікті сезіну керек, ол жоқ жерде, әлеуметтік желіні пайдалану мәдениеті дегенді әңгіме қылудың өзі артық.   Нұрғали Нұртай, Qamshy.kz сайтының директоры: – Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңдағы анонимді пікір жазуға тыйым салу мәселесі азаматтық қоғамға ұнай қойған жоқ. Себебі бізде демократиялық стандарттар толыққанды қалыптаспағандықтан, кейбір азаматтар өзінің ой еркіндігін пайдалануда қызметіне, мансабына, жеке жағдайына байланысты бүркеншік есім қолдануы мүмкін. Әлеуметтік желі мен сайтқа әдетте кез келген адам пікір жаза алады. Бүгінге дейін мемлекет тарапынан қадағалаудың болмағаны рас. Қадағалауды бақылауда ұстау деп түсінбегеніміз жөн. Министр Абаев «Қазақ сайттары редакторларының форумында» ІІМ өкілдерімен бірлескен зерттеу нәтижесін алға тартып, Астанада болған «Әбу-Даби Плаза» құрылыс кешеніндегі тұрмыстық жанжал кезінде пікір жазушылардың локациясы түгелдей Астанадан алыс аймақтар болғанын айтқан болатын. Елдегі түрлі әлеуметтік, саяси жағдайларға, ықпалды тұлғалар мен шенділерге байланысты ушықтыру, қаралау, арандату мәселелерінің алдын алу үшін кімнің қандай жерден қалай пікір білдіріп отырғанын білу маңызды. Бірақ оны тек құқық қорғау органдары ғана емес, тұтас қоғам көріп-біле алатын жағдай жасалуы керек. Жалпы, сайттар мен әлеуметтік желілерді ой еркіндігі мен сөз еркіндігін шектейтін цензуралық құрал ретінде емес, ашық пікірталасқа шақыратын дискуссиялық ортаға айналдыра алсақ – анонимды пікірге тыйым салу құба-құп. Себебі конструктивті диалог ашықтықты талап етеді. Алайда аталған заң анонимді пікір дегенге нақты анықтама берді ме, ол жағы белгісіз. Өтірік есім мен біреудің атын пайдалану дерегі қалай анықталады? Әлеуметтік желідегі фэйк аккаунттар мен сайттарда бүркеншік есіммен пікір жазушыларды анықтаудың параметрі қандай? Осы жағына мән беруіміз керек.  P.S. «Басқа пәле – тілден» дегенді қазақ біліп айтқан. Өйткені «Судың да сұрауы бар» екенін ұққан халық әрбір орынсыз әрекеттің зардабы болатынын даналықпен түсінген. Ендеше осындай елдің ұрпағы баба тағылымына бас исе, бүгінде «демократия мен анархия аталас» деп ойлайтындарға ес кірер еді. Себебі әрбір сөздің салмағы бар.