Қасқыр да қас қылмайды бөлтірікке

Қасқыр да қас қылмайды бөлтірікке

Қасқыр да қас қылмайды бөлтірікке
ашық дереккөзі
1 қаңтардан бастап педофилдердің жазасын күшейту туралы заң күшіне енді. Сот шешімімен кінәлі деп танылған қылмыскерлерге енді химиялық кастрация түрінде мәжбүрлеп емдеу шарасы қолданылады. Жазаның елімізде алғаш рет енгізіліп отырған бұл түрі қоғамда алуан түрлі пікір тудырды. Кей азаматтар балаларға әлімжеттік жасап, зорлық көрсеткендерді үйреншікті әдетінен арылту бос әурешілік десе,  енді бірі осы мақсатқа бюджеттен бөлінген 9,5 миллион теңгені желге ұшқан ақша деп, қабылданған жаңа заңға сенімсіздік танытуда. Балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық түзетулерге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың сәуір айында қол қойған болатын. Түзету енгізілген заңнаманың ішінде химиялық кастрация шарасы қарастырылған. Бас прокуратураның хабарлағанындай, химиялық кастрация заңына сәйкес, кәмелет жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық жасағандарға ешқандай жағдайда шартты түрдегі үкімдер берілмейді. Рақымшылық, жазаның жеңілдетілуі, мерзімінен бұрын шартты түрде босатылу секілді ешқандай процессуалдық келісім жасалмайды. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары жас балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету оқиғалары жиiлеп барады. ҚР Бас прокуратурасының хабарламасы бойынша, 2016 жылы кәмелет жасқа толмағандар мен кішкентай балаларды зорлау қылмысы үшін 26 адам алтыдан 20 жылға дейін сотталған. Ал кәмелет жасқа толмағандарға қатысты жасалған осындай қылмыс бойынша 46 адам түрмеге отырған. Ілгерiде мұндай қылмыстар БАҚ бетінде жариялана бермейтін. Өйткенi «адам адамға дос және бауыр» дейтiн ұстанымға сүйенетін қоғамға әлгiндей сорақы жағдайлар мүлде жат көрiнетiн. Содан болса керек, арнайы органдар жарияға жар салмай, қылмыскерге ың-шыңсыз лайықты жазасын кесетін. Ал, қазiр қалай? Ғаламтор бетінен зорланған бүлдіршіндер жайлы ақпарат көзімізге жиі ұшырасады. Қаныпезерліктің белең алғаны соншалық, бүгінде ата-ана баласын қасынан ұзатуға қорқады. Жалғыз әкенің тапқаны бір үйлі жанның мұқтажын өтеуге жетпей жатса да, мектепке баратын өрімдей қызын сабаққа алып барып, алып қайту үшін анасы жұмыстан бас тартуға мәжбүр. Өйткені баланың қауіпсіздігі бәрінен қымбат. Баласының өміріне балта шабылған ата-ананың ащы зарын, әсіресе, өткен жылы көп естідік. 2017 жылдың маусымында Атырау облысында 28 жастағы азаматтың азғындық әрекетінен 8 жасар қыз бала көз жұмды. Көп ұзамай, осыған ұқсас оқиға Қарағанды облысында қайталанды. 50 жастағы азамат 5 жасар бүлдіршінді қорлады. Салдарынан зардап шеккен қаршадай қызға күрделі операция жасалды. Әлеуметтік желіге кіре қалсаңыз, осындай көңіл құлазытар ақпараттың көптігінен көз сүрінеді. 2017 жылы педофилдерден зардап шеккен бүлдіршіндер саны 2016 жылмен салыстырғанда 33 пайызға өскен. Бұл – мінберлерде осы мәселені жиі көтеретін Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева келтірген дерек. «Егер 2017 жылдың 9 айы мен 2016 жылдың дәл сол мерзімдегі көрсеткішін салыстырар болсақ, кәмелетке толмаған балаларға қарсы қылмыс артқан. Нақтырақ айтқанда, зорлау қылмысының саны 100-ден 133-ке көбейген. Өсім – 33 пайыз. Сексуалды мінездемеде зорлық-зомбылық әрекеттері 83-тен 108 жағдайға жетіп, өсім 31 пайызды көрсетіп отыр. Фактінің аты – факті, елде педофилия өршіп тұр», ‒ деді халық қалаулысы.

Екпе аурудан  айықтыра ала ма?

Бір кездері сөздік қорымызда мүлде болмаған «педофил» сөзі бүгінде жастың да, жасамыстың да аузында. Кішкентай балаларды қорлаған азғындарға қоғамның өшпенділігі өршіп тұр. Қазақстандықтар арасында жүргізілген сауалнамаға қатысушылардың 52,61 пайызы педофилдерге өлім жазасын кесу керек деп есептесе, 26,87 пайызы химиялық екпе әдісімен жазалауды қолдайтынын айтқан. Мемлекет екіншісін таңдады. Бұл мақсатта биылғы бюджеттен 9 млн 629 мың теңге бөлінді. Қаржының қомақты бөлігі, 1 млн 936 мың теңгесі Қарағанды облысына бағытталды. Ал ең аз бөлігі, 121 мың теңге Атырау облысына тиесілі. Химиялық кастрация шарасын қолдану үшін әуелі міндетті түрде айыпталушының педофил екенін дәлелдейтін сот-психиатриялық сараптама өткізіледі. Соның нәтижесінде химиялық кастрация тағайындау мәселесін сот шешеді. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Николай Негайдың айтуынша, соттың шешімі педофил жазасын өтеп жатқан орынға жіберіледі. Үш күн аралығында қылмыстық-атқару жүйесінің әкімшілігі соттың шешімін амбулаторлық ұйымға жеткізуі тиіс. Сотталушының тіркелген жеріндегі емханаға да соттың шешімі бірден жеткізіледі. Егілген екпенің күші 14 күнге жетеді, педофилге әр екі апта сайын түрмеде немесе бостандықта жүрсе, тіркелген емханасында химиялық кастрация жүргізіледі. Алайда мамандар екпенің әсері әлсіреген соң, жазаланушы әуелгі әдетіне қайта басуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. «Химиялық екпе ер адамның либидосын, жыныстық қатынасқа деген ынтасын азайтады, басып тастайды. Ағзасының өзге мүшелеріне, психикасына да зақымын тигізеді. Нәтижелілігі болады деп есептеймін. Бірақ педофилдерді дертінен түбегейлі айықтыратынына кепілдік жоқ. Қазіргі фармацевтиканың дамыған заманында, жеке медицинаның дамыған уақытында бұл адамдарға мұқият бақылау қажет деп есептеймін», – дейді генетик-ғалым Алмаз Ибрагимов. Педофилдерді жазалаудың елімізде қолданылғалы отырған жаңа түрі оң нәтиже беретініне заңгер Ольга Рыль де күмәнмен қарайды. «Химиялық кастрация жүргізу үшін алдымен жүйені қалыптастырып алу қажет. Бұл тек екпені егетін дәрігерлердің ғана емес, психологтардың да жұмысы. Өкінішке қарай, бізде білікті мамандар аз. Түрмеде отырған адам ашуын ішке жия береді, шыққан соң олармен жұмысты кім жүргізуі тиіс? Түрмеден босап шыққан қылмыскерлердің 97 пайызы осы әрекеттерін бостандыққа шыққан соң қайталайтынын қаперге алған жөн», – дейді заңгер. Ал құқыққорғау саласының тағы бір маманы Кәрібай Тасшабаев химиялық кастрация педофилді жөнге салудың бірден-бір жолы деп есептейді. «Менің ойымша, педофилді барынша қатаң жазалау керек. Дәл бүгінгі күні бұл уақыт талабы болып отыр. Бүлдіршіннің өміріне балта шапқан жанның өзінің де өміріне балта шабылуы керек. Балалар да ересектер сияқты қоғам негізін қалаушы. Олар да сыйлау, қол тигізбеу және адамдық абыройын сақтау құқықтарына ие. Педофилдердің 88 пайызының жәбірленушінің танысы, туған-туысы болып шығуы жүрек ауыртпай қоймайды. Яғни, бала үшін ата-анасының үйі ең қауіпсіз жер бола алмай отыр. Жалпы, өз басым педофил үшін ең ауыр жаза – химиялық кастрация деп санаймын. Бірақ, бұл жазаның өз деңгейінде орындалуын, қоғамда ашық талқылануын қалаймын. Неғұрлым жаза қоғамда кең талқыланса, бұл басқалардың да содан құлағдар болып, аяғын аңдап басуына әкеледі. Бұл жазаны талай ел қолданып жатыр ғой. Біздің елімізде де сәтті жүзеге асырылатынына сенейік. Кейбіреулер педофилдерді емдейік деп жатыр. Оларды емдеудің қажеті жоқ. Өйткені олар ауру емес», – дейді Кәрібай Тасшабаев. Бұған психологтар не дейді? Белгілі психолог, Орта Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярованың пікіріне сүйенсек, педофилия – психикалық дерт. «Алдымен, педофилдің кім екенін түсініп алуымыз керек. Тар мағынада алатын болсақ, педофилия деген – психикалық ауытқушылық, ауру. Ал әрбір аурудың емі бар. Бұны маньяк деуге болмайды. Жыныстық маньяк деген мүлдем басқа ауру. Маньяк ұл ма, қыз ба, кәрі ме, жас па, талғамайды. Ал педофилдің айырмашылығы – олар жас балаға құмар. Түбін қазбалап іздейтін болсақ, ол эмоциялық тәуелділік. Эмоциялық тәуелділікті психологтар сөзбен емдейді. Сондықтан бас салып жазалауды емес, емдеуді де ойлаған жөн. Бірақ, елімізде психологтардың саны жетпейді, сапасы тағы бір мәселе. Соңғы жылдары елімізде балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық жасау әрекеттері тіптен көбейіп кеткен. Сондықтан педофилдерге қатаң жаза қолдануды өмірдің өзі талап етуде. Бірақ мәселенің салдарымен де күресіп көруіміз керек. Негізі мәселе біз ойлағаннан да күрделі. Арсыз­дықтың құрбаны болған кішкентай жандардың өз-өздерін құрбан қылмасына кім кепіл? Арсыздан кек аламын деп бүлдіршіннің ата-анасы қылмысқа баруы да мүмкін. Тіпті, бұл психологиялық тұрғыдан бала санасына жазылмас дақ түсіреді. Қараниеттілерді бүгін құрықтап түрмеге таңғанмен, ертең алшаң басып қайта шығады. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген тағы бар. Сондықтан педофилизмді жоюмен кешенді түрде айналысуымыз керек», – дейді маман.

Әлемдік тәжірибеге  көз жіберсек...

Педофилдермен күрес тек бiздiң ғана емес, өзге мемлекеттердiң де бас ауруына айналған. АҚШ-та кәмелетке толмаған балаларды зорлағандарды химиялық кастрация әдісімен жазалау өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап қолданылып келеді. Бұл елде педофилдердің аты-жөні, тұрғылықты жері жалпақ жұртқа мәлім. Кейбір штаттарда мұндай қылмыскерлерге мектеп пен балабақша жанында тұруға тыйым салынады. Польша мен Чехияда педофилдер түрмеде жазасын өтегеннен кейін міндетті түрде кастрациялық жолмен емделеді. Чехиялық мамандардың айтуынша, кастрация жасалған 100-ге жуық қылмыскер 10 жылда бiрде-бiр рет қылмысты қайталамапты. Германияда, Францияда, Арменияда қылмыскерлер медициналық жолмен бекітілген емдеу әдістерінің бірін таңдап алуға міндетті. Оңтүстік Кореяда мұндай қылмыс жасағандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынған. Ал 13 жасқа дейінгі баланы зорлап, өлтірген қылмыскерлер бұл елде өлім жазасына кесіледі. Сауд Арабиясы, Қытай, Иран, Ирак, Индонезия, Оңтүстік Корея, Латын Америкасы мен Африканың көптеген елдерінде педофилия үшін бірден өлім жазасына кеседі. Шетелдік тәжірибені зерделей отырып ұққанымыз, кастрациялық жаза қылмыс жасаушыларды жәй жазалап қана қоймай, кейiнгiге сабақ болатындай дәрежеде жүргізілуі тиіс. Сонда ғана балалардың обалына қалып жүрген озбырлар аяғын тартуы мүмкiн. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген миллиондар құмға сіңген судай бос ысырап болмауы үшін дәрігерлер мен құқыққорғау органдарының мамандары күш жұмылдыруы қажет. Баласын бауыр етіне балаған адамзат бар жақсысын, бар асылын қашанда ұрпағының бойына сiңiрудi мұрат тұтқан. Бiрақ бүгiнгi таңда көптеген адамдар отбасын асырау үшiн нәпақа табуды басты орынға шығарғаны жасырын емес. Өйткенi заманның талабы сол. Ұл-қызын қатардан кем қылмау үшiн әке мен ана ерте кетiп, кеш оралуға мәжбүр. Сол аралықта баласы бақылаусыз қалады. Қараусыз бала – қорғансыз. Ар мен ұятты ұмытқан озбырлардың күткені – сол. Сондықтан әке-шеше қырағылық танытып, перзентінің қай жерде болғанын, кiммен араласатынын және ғаламтордан не көретiнiн үнемi қадағалап жүргені абзал. Жазаның қатайғаны – ұл-қыз тәрбиелеп отырғандардың көңіліне медеу, бiрақ балаға ата-анадай ешкім қорған бола алмайтынын естен шығармаған жөн.