Неге өзгенің газын тұтынамыз?
Еліміз газға бай бола тұра, тұрмыста пайдаланылатын дайын газды Өзбекстаннан, Ресейден, ішінара Түркіменстаннан алады. Себебі газ өндірілетін кен орындары Түркіменстанда, Өзбекстанда орналасқан. Алайда бар газды өңдеп, пайдалануға жарамды етуге не кедергі? Ақтөбе облысындағы Жаңажол кен орнында мұнайға ілеспе газ деген өндіріледі. Қарашығанақта өндірілетін конденсатты газ түрінің құрамындағы газдың дымқылы мол, құрамында зиянды заттары көбірек болады. Оны пайдаланбас бұрын терең тазартудан өткізіледі. Яғни, кен орнынан «сорып» алып, тұрмысқа пайдалана қоятын дайын газ қоры атымен жоқ. Кейбір ауылдық жерлердегі тұрғындар сұйытылған, өңдеуден өткен газ баллондағы дайын газды пайдаланады. Сырт көзге газ дегеннің физикалық, химиялық жағынан еш айырмасы жоқ, әйтеуір бәрі бірдей жанатын сияқты көрінеді. Ал іс жүзінде газды тұрғындарға пайдалануға беру үшін ол белгілі стандарттарға келтіріліп, қауіпсіз етіледі. Шынтуайтына келгенде, бізде алдымен өңделіп, содан кейін тасымалдау арқылы босатылатын газдың бағасы соншалықты қымбат емес. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір шаршы метрі 16 теңге 22-24 тиын шамасында, ал газы жоқ Алматыға, Оңтүстік Қазақстан облысына Өзбекстаннан келетін газдың бағасы 22 теңге болды. Маңғыстау облысында газ бағасының арзандау болуы, ондағы өндірілетін газ таза. Соған орай Атырау газ өңдеу зауытында өңдеу емес, газды дайындау қондырғысы жұмыс істейді. Дегенмен көгілдір отынның үстін мекендеген облыстарда газ өңдеу зауытын салу жөнінде жиі айтылса да, құлақ асар адам жоқ. Тіпті, кей мамандар оны салу қымбатқа түсетінін, аз көлемде газ өңдейтін шағын зауыт құрылысын салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін айтады. Өйткені бізде өндірілетін газ тек тазалауды емес, терең өңдеуді қажет етеді. Дайын күйге жету үшін көптеген технологиялық үрдістерден өтуі тиіс. Оның үстіне газдың бағасы тек өзінің бағасынан ғана емес, оның құрамдас бөліктері бағасына да байланысты. Сондықтан да өңделген дайын газды көрші елден сатып алған тиімді көрінеді. Бүгінде Алматы облысына қарасты бірқатар елді мекенді көгілдір отынмен қамтып отырған «Тәуекел-Н-Алғабас» ЖШС қызметкерінен тариф бағасы туралы сұрағанда, жекеменшік мекеме ешқандай мемлекеттік субсидия алмайтындықтан, бағаны өз еркінше қоятынын жеткізді. «Егер тұрғындар газ құбырын үйіне кіргіземін десе, 340 мың теңге төлеуі тиіс. Ара-тұра жеңілдік жасалып тұрады. Ал тарифтік баға – 30 теңге 96 тиын», – дейді. Ал Іргелі елді мекенінің тұрғыны Жұлдыз Ноғайбекова жекеменшік мекеме тариф бағасын жиі көтеріп тұратынын айтады. «Қыс мезгілінде айына 28-30 мың теңге төлейміз. Бір жақсысы – көмір жақпаймыз. Қазір көмірдің де бағасы удай боп кетті ғой» деп осы күннің өзіне шүкіршілік айтады. P.S. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев былтыр «Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы мәселелері» аймақаралық форумында мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы Қазақстан үшін өте өзекті мәселе екенін атап өтті. «Бұл – ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесі. Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымының ақыры баршаға аян, ол – бюджет кірісін жоғалту, ақша қаражатының елден кетуі, халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуі, инвестициялық жағдайдың нашарлауы. Осының бәрі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуына қауіп төндіреді», – деген-ді әкім. Мәселен, 2014-2016 жылдары «СНПС» АҚ-ның «Кеңқияқ» кен орнында ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдері 8 мың тонна мұнай ұрлаған, бұл іске қатысы бар тұлғалар ұсталып, жазаланды. Ал Ақтөбе өңірінде 2017 жылы 5,9 млн тонна мұнай, 6,5 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. Елбасының тапсырмасына сәйкес, жақын арадағы бес жылда кәсіпорындар мұнай-газ саласын жаңғыртуға кем дегенде 60 млрд теңге салмақшы. Демек, бүгінде көгілдір отынның қызығын облыс орталығындағылар ғана көріп отыр деген сөз. Ал кейбір елді мекен тұрғындары қыстай от жағып, күл шығару машақатынан құтылуды әлі армандап жүр.