Талайға арман болған арзан отын

Талайға арман болған арзан отын

Талайға арман болған арзан отын
ашық дереккөзі
  Еліміздің қойнауы Менделеевтің кестесіндегі элементтерге бай деп айтуға ауыз үйреніп қалған. Бұдан қарапайым халыққа қаншалықты пайда тиіп жатқанында шаруамыз жоқ, бірақ мақтануға құмармыз.  Шынында да, бізде қазба байлықтың сан түрі бар. Алайда оның рахатын көріп, жағасы жайлауда, уайымсыз жүрген пенделер жоқ сияқты. Әсіресе, соңғы кезде аспандап кеткен көмір мен газдың бағасы тұрғындардың қалтасына ауыр салмақ салуда. Қыс қарсаңында қымбаттағаны былай тұрсын, көмір неге тапшы бола қалады? Еліміз тұтастай көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп жатқанда көмірге деген зәрулік неден пайда болды? Қазақстан Республикасының Қор жөніндегі мемлекеттік комиссиясы алынатын газ қорын – 3,9 трлн текше метр, оның ішінде ілеспе газ – 2,6 трлн текше метр және табиғи (бос) газ – 1,3 трлн текше метр деңгейінде бекіткен. Сонымен қатар салалық ақпараттың әлемдік дереккөздерінің бірі – British Petroleum компаниясының деректері бойынша, Қазақстандағы газ қоры 1,3 трлн текше метрді құрайды, ол республикаға осы көрсеткіш бойынша әлемде 22-орынға және ТМД елдері арасында Ресей мен Түркіменстаннан кейін 3-орынға ие болуға мүмкіндік береді. Газдың бүкіл барланған қорының 98 пайызға жуығы Қазақстанның батысында. Бұл ретте 87 пайыз – ірі мұнай-газ (Теңіз, Қашаған, Королевское, Жаңажол) және мұнай-газ конденсаты (Қарашығанақ, Имашев) кен орындарында шоғырланған. Жаңа жыл басталғаны сол-ақ екен, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бəсекелестік пен тұтынушылар құқығын қорғау комитеті еліміздің төрт өңірінде газ қымбаттайды деген ақпарат таратты. Атап айтқанда, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан жəне Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұтынушылары үшін тауарлық газ бағасын көтеру туралы хабарлама жіберді. Бағаны қымбаттатудың негізгі себебі – Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан жəне Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы қоғамдастықтың газ тарату жүйесі бойынша тауарлық газды тасымалдау қызметіне тарифтердің ҚР табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес бекітілген шекті деңгейінің өзгеруі болып отыр. «Сондай-ақ, шикізат пен материал құнының, өзге ұйым қызметтерінің қымбаттауы сынды тауарлық газды бөлшектеп сату бойынша қоғамдастық шығындары көбейіп кеткен», – деді Комитет төрағасының орынбасары Асан Дарбаев. Осылайша, кейбір өңірде іле-шала сұйылтылған газдың бағасы қымбаттады. Мәселен, Ақтөбедегі жанармай құю бекеттерінде 6 теңгеге өскен. Желтоқсанда литрі 49 теңгеге сатылса, қазір 55 теңгеге көтерілген. Бұл қымбатшылық Ақтау мен Атырауға да жетті. Ал елімізде газдың бағасы жылдан-жылға неге дес бермей тұр? 2015-2030 жылдарға арналған бас сызба бойынша 2030 жылға дейін 13 облыстың халқы көгілдір отынмен толық қамтылады екен. 2016 жылы республикада табиғи газды тұтыну көлемі 12,4 млрд текше метрге жетті. Үкімет елді газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас сызбасын бекіткен. Осы сызбаны жүзеге асыру арқылы 2030 жылға дейін 13 облыс газбен қамтылады. Қолда бар деректер еліміздің 42 пайызы газбен қамтылған дейді. Ал бас сызба бойынша тұрғындардың 56 пайызы көгілдір отынға қол жеткізбек. Бұған дейін мұнай өндіруге басымдық беріп, газ экспортына аса көңіл бөлмеген еліміз ендігіде бұл шаруаны да қолға ала бастағаны қуантады. Себебі әлем елдерінің газға деген сұранысы артып келеді. Жалпы, мұнай-газ өндірісі ел экономикасы салаларында, тіпті дағдарыс жағдайының өзінде қарқынды даму үстіндегі сала болып табылады. Республикалық бюджеттің жасақталуы да мұнай бағасына тәуелді. Алайда өндірілген газ толық көлемінде өңделмейді, оны өндірген соң тұтынушыға дейін жеткізудің әдістері жасалмаған. Салдарынан миллиондаған текше метр ілеспе газ ауада босқа жанып, миллиардтаған теңге далаға кетті. Тіпті, елді мекендер тұрмақ, ірі қалалардың іргесіндегі ауылдар да газға қол жеткізе алмауда.

Неге өзгенің газын тұтынамыз?

Еліміз газға бай бола тұра, тұрмыста пайдаланылатын дайын газды Өзбекстаннан, Ресейден, ішінара Түркіменстаннан алады. Себебі газ өндірілетін кен орындары Түркіменстанда, Өзбекстанда орналасқан. Алайда бар газды өңдеп, пайдалануға жарамды етуге не кедергі? Ақтөбе облысындағы Жаңажол кен орнында мұнайға ілеспе газ деген өндіріледі. Қарашығанақта өндірілетін конденсатты газ түрінің құрамындағы газдың дымқылы мол, құрамында зиянды заттары көбірек болады. Оны пайдаланбас бұрын терең тазартудан өткізіледі. Яғни, кен орнынан «сорып» алып, тұрмысқа пайдалана қоятын дайын газ қоры атымен жоқ. Кейбір ауылдық жерлердегі тұрғындар сұйытылған, өңдеуден өткен газ баллондағы дайын газды пайдаланады. Сырт көзге газ дегеннің физикалық, химиялық жағынан еш айырмасы жоқ, әйтеуір бәрі бірдей жанатын сияқты көрінеді. Ал іс жүзінде газды тұрғындарға пайдалануға беру үшін ол белгілі стандарттарға келтіріліп, қауіпсіз етіледі. Шынтуайтына келгенде, бізде алдымен өңделіп, содан кейін тасымалдау арқылы босатылатын газдың бағасы соншалықты қымбат емес. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір шаршы метрі 16 теңге 22-24 тиын шамасында, ал газы жоқ Алматыға, Оңтүстік Қазақстан облысына Өзбекстаннан келетін газдың бағасы 22 теңге болды. Маңғыстау облысында газ бағасының арзандау болуы, ондағы өндірілетін газ таза. Соған орай Атырау газ өңдеу зауытында өңдеу емес, газды дайындау қондырғысы жұмыс істейді. Дегенмен көгілдір отынның үстін мекендеген облыстарда газ өңдеу зауытын салу жөнінде жиі айтылса да, құлақ асар адам жоқ. Тіпті, кей мамандар оны салу қымбатқа түсетінін, аз көлемде газ өңдейтін шағын зауыт құрылысын салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін айтады. Өйткені бізде өндірілетін газ тек тазалауды емес, терең өңдеуді қажет етеді. Дайын күйге жету үшін көптеген технологиялық үрдістерден өтуі тиіс. Оның үстіне газдың бағасы тек өзінің бағасынан ғана емес, оның құрамдас бөліктері бағасына да байланысты. Сондықтан да өңделген дайын газды көрші елден сатып алған тиімді көрінеді. Бүгінде Алматы облысына қарасты бірқатар елді мекенді көгілдір отынмен қамтып отырған «Тәуекел-Н-Алғабас» ЖШС қызметкерінен тариф бағасы туралы сұрағанда, жекеменшік мекеме ешқандай мемлекеттік субсидия алмайтындықтан, бағаны өз еркінше қоятынын жеткізді. «Егер тұрғындар газ құбырын үйіне кіргіземін десе, 340 мың теңге төлеуі тиіс. Ара-тұра жеңілдік жасалып тұрады. Ал тарифтік баға – 30 теңге 96 тиын», – дейді. Ал Іргелі елді мекенінің тұрғыны Жұлдыз Ноғайбекова жекеменшік мекеме тариф бағасын жиі көтеріп тұратынын айтады. «Қыс мезгілінде айына 28-30 мың теңге төлейміз. Бір жақсысы – көмір жақпаймыз. Қазір көмірдің де бағасы удай боп кетті ғой» деп осы күннің өзіне шүкіршілік айтады. P.S. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев былтыр «Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы мәселелері» аймақаралық форумында мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы Қазақстан үшін өте өзекті мәселе екенін атап өтті. «Бұл – ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесі. Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымының ақыры баршаға аян, ол – бюджет кірісін жоғалту, ақша қаражатының елден кетуі, халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуі, инвестициялық жағдайдың нашарлауы. Осының бәрі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуына қауіп төндіреді», – деген-ді әкім. Мәселен, 2014-2016 жылдары «СНПС» АҚ-ның «Кеңқияқ» кен орнында ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдері 8 мың тонна мұнай ұрлаған, бұл іске қатысы бар тұлғалар ұсталып, жазаланды. Ал Ақтөбе өңірінде 2017 жылы 5,9 млн тонна мұнай, 6,5 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. Елбасының тапсырмасына сәйкес, жақын арадағы бес жылда кәсіпорындар мұнай-газ саласын жаңғыртуға кем дегенде 60 млрд теңге салмақшы. Демек, бүгінде көгілдір отынның қызығын облыс орталығындағылар ғана көріп отыр деген сөз. Ал кейбір елді мекен тұрғындары қыстай от жағып, күл шығару машақатынан құтылуды әлі армандап жүр.