Зейнетақы оң жүйеге келер енді...

Зейнетақы оң жүйеге келер енді...

Зейнетақы оң жүйеге келер енді...
ашық дереккөзі
  Жаңа жыл елімізге қандай жаңалығымен енді? Сыртқы саясатты былай қойғанда ішкі саясатта не өзгерді? Әсіресе жұртты жүз ойлантып, мың толғантқан әлеуметтік және еңбек саласында нендей жағымды өзгерістер бар? Үкімет биыл да азаматтарды жұмыспен қамту бағдарламасын жалғастырады. Былтыр іске асырған әр алуан шаралардың арқасында бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді. Ағымдағы жылы ел тұрғындарының өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесіне де зор көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, еліміздің жұмыс күші жетіспей жатқан солтүстік өңірлеріне оңтүстіктен қоныс аударатын азаматтарды әлеуметтік жағынан қолдау да басты назарда болмақ. «Еңбек түбі – зейнет». Қоғамдағы әлеуметтік саланың бірі зейнетақы жүйесін жетілдіріп, жаңғырту болып отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы № 841 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес отандық зейнетақы жүйесінде реформалық өзгерістер жүзеге асырылу үстінде. Әрине, бұл өзгерістердің заман талабынан туындап отырғаны белгілі. Осыған байланысты жыл басынан бастап, біраз игі өзгерістер жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, әйелдердің зейнет жасын 6 айға көтеру мен базалық зейнетақыны еңбек өтіліне қарай қайта есептеу. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақының орташа мөлшері 2017 жылғы 1 желтоқсанмен салыстырғанда 81500 теңге немесе 23,6 пайызға өсетінін ақпарат құралдарында жариялап отыр. Салалық министрлік зейнеткерлік жасты ұлғайту әу бастан-ақ бір мезетте шешілмегенін, еліміздің демографиясы, экономикасы, азаматтардың жұмыспен қамтылуы, халық табысының деңгейіне байланысты басты көрсеткіштерін зерттеп, саралап барып іске асырылғанын алға тартады. Министрлік атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы азаматтарға берілетін көмектің кешенділігін арттырып, отбасыларды кедейлік шегінен шығаруды да қолға алуда. Министрлік жасаған сараптамаға ден қойсақ, 2003 жылы 50 мың адам зейнетке шыққан болса, олардың саны жыл сайын өсіп, қазір жылына 130 мыңға жетіп отыр. 2025 жылға қарай елімізде 3 миллион зейнеткерге жуықтап қалады екен. Статистикалық мәліметке сүйенсек, соңғы он жылдың ішінде әр адамның өмір сүру ұзақтығы 66,3 жастан, 72 жасқа дейін өскен. Демек зейнет жасына жеткен азаматтар орташа есеппен 20 жылдан аса зейнетақы алып отырады деген сөз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ақпарат құралдарында жариялаған мәліметінде: «Еліміздегі осы ерекшеліктерді ескере отырып, 2014 жылы зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасын қабылдадық. Онда азаматтардың қай жылы туғанына қарамай, зейнет жасында еңбек табысына сәйкес келетін зейнет­­­­­­ақымен қамтамасыз ету мақсаты қойылған», − дейді. Ол әлемдік тәжірибені назарға ала отырып, елімізде үш түрлі зейнетақы жүйесі құрылғанын, осы жүйе бойынша енді зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі тек мемлекетке ғана емес, сонымен бірге жұмыс беруші мен әр азаматтың өзіне де жүктелгенін ескерткен. Мемлекет бірқатар жайттарды қаперге ала отырып, азаматтардың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі үшін еңбек зейнетақысын төлеу тәртібін сақтап қалды. Т.Дүйсенова: «Бұған қосымша зейнеткерлерді әлеуметтік қолдауды одан әрі күшейте түсу мақсатында 2005 жылдан бастап базалық зейнетақы енгізілді. Бүгінде зейнетақының бұл түрін 2 миллионнан аса адам алып келеді. Былтыр зейнетақы төлеу үшін мемлекеттен 1,6 трлн теңге жұмсалды. Жыл сайын зейнетақы мөлшерін арттырып келеміз. Өткен жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері 46 мың теңге, ал орташа зейнетақы мөлшері 66 мың теңге болды. ТМД елдері арасында жоғары деңгейде екенін атап өткім келеді. Ал жұмыс берушілер 2014 жылдан бастап қауіпті жұмыста істейтін 425 мыңнан астам қызметкеріне 5 пайыз кәсіптік жарналарды төлей бастады. Бұл қызметкерлердің шотына жұмыс берушілер жіберген сома 135 млрд теңгені құрады. Яғни зейнетақы мөлшері азаматтың еңбек өтіліне тікелей байланысты», − дейді. Жаңа ереже бойынша бұдан былай азаматтардың мемлекеттен алатын зейнет­ақы мөлшері 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне қарай есептелетін болады. Демек толық еңбек зейнетақысын 1998 жылға дейін 20 жыл еңбек өтілі бар әйелдер мен 25 жыл еңбек өтілі бар ер-азаматтар алады. Ескеретін тағы бір жайт, ер азаматтардың зейнетақы жүйесіне 40 жыл қатысу мүмкіндігі болса (23 жастан 63 жасқа дейін), 4 баласы бар әйелдің осы жүйеге орташа қатысу уақыты 28 жылдан аспайды екен. Неге? Өйткені әйел бұрынғы заңнамадағыдай 58 жасында зейнетке шықса, оның ішінде бала бағып өсіруге біраз уақытын жіберетіні анық. Сондықтан сонша баласы бар әйелдің зейнетақы мөлшері еңбек табысымен сәйкес болуы үшін олардың зейнетақы жүйесіне қатысу уақыты ұзартылған. Қолданысқа енген жаңа заңда сол санаттағы әйелдердің зейнеткерлік жасын жыл сайын 6 айдан қосып, алдағы 10 жыл ішінде 63-ке жеткізу қамтылған. Бұған мемлекет қосымша субсидиялар мен жеңілдіктер арқылы баруды қарастыруда. Биыл 1960 жылы туған, яғни 58 жасқа толған әйелдер үшін зейнеткерлікке шығуларына мүмкіндік бар. Ол үшін олар зейнетақы тағайындау жөніндегі қажетті құжаттарын ағымдағы жыл соңына дейін тиісті орынға өткізіп үлгеруі керек. Егер үлгере алмаса, жасына байланысты зейнетақы жаңа заңнамалық өзгерістерге байланысты тағайындалатын болады. Елімізде еңбек өтілі көп, бірақ зейнет­ақысы аз мөлшердегі жандардың да саны аз емес. Оған кезінде түрлі себептер болғаны белгілі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Кеңес өкіметі тарап, өндіріс орындары тоқтап, көптеген адамдар жұмыссыз қалған. Соның салдарынан біраз зейнеткер табысына кепілдік беретін құжаттарды ұсына алмағандықтан, төменгі мөлшердегі зейнетақымен шектеліп қалған еді. Енді Үкімет осы олқылықтың орнын толтыру үшін, сол зейнетақысы тағайындалып қойған барлық жандардың базалық зейнетақысын қайта қарап, қайта есептеуден өткізеді. Мемлекеттік базалық зейнетақы белгілі себептерге байланысты еңбек өтілі болмаған жандарға да тағайындалады. Зейнетақы жүйесінің жаңа заңнамалық өзгерістерінде бұрынғы жеңілдіктердің кейбірі де сақталған. Қазақстан Республикасының «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралық кезеңде төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда кемінде 5 жыл тұрған азаматтар (ерлер 50, ал әйелдер 45 жасқа толғанда) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы сақталған. Қорыта айтқанда, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және содан кейінгі жылдарда жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін қоса есепке ала отырып тағайындалады. Соған сәйкес 2005 жылы енгізілген базалық зейнет­ақы мөлшері биылғымен салыстырғанда орташа есеппен 1,8 есеге өсетін болады. Сала министрінің айтуына қарағанда, бұл әсіресе еңбек өтілі аз әйелдер үшін үлкен қолдау болып табылмақ.