Керекуде кергіген әнші

Керекуде кергіген әнші

Керекуде кергіген әнші
ашық дереккөзі
Соңғы жылдары шоу-бизнесті жиі насихаттап жүрген телеарна тілшілері «қазақ эстрадасының жарық жұлдызы» деген тіркеске тым әуес болып алды. Сахнада 50 жыл ән салған әнші де «жарық жұлдыз», кеше ғана бір әнімен танылған орындаушы да «жарық жұлдыз». Бұл қалай? Бесіктен белі енді шыққан әншілердің көбі «Менің халқым», «Халқым мені алақанына салды» деп, асқақ сөйлеуге әбден әуестеніп алған. Рухани байлық ысырылып, даңғаза әуенге жол берілген уақытта әншілердің де дәурені жүріп тұр. Думанды мерекесіне әнші шақыруды абырой санайтын қазақ отбасылары әуелі әншінің жылтыр бетін көргеніне, сосын фонограммамен салған әніне билеп мәз. Демек, бүгінгінің көп «жұлдыздары» той арқылы танымал. Бірақ қазақтың тойы арқасында аты шығып, қымбат көлік мініп, атақты да оңай олжалап жүргенін естен шығарып алатындай ма, қалай? Кейде тым астамшыл, кейде дөрекі. Сахнада тұрып, өркөкіректік, кеудемсоқтық әрекеттер көрсетуге бейіл. Неге? Соңғы кезде өзін «Ұлы дала баласы» деп таныстырып жүрген әнші Төреғали Төреәлі Павлодар қаласында Естай атындағы мәдениет сарайында өткізген «Айхай-25» атты ән кешінде ұятқа қалды. Ол киелі сахнада ойына келген сөздерді айтып (арасында анайы сөз де бар), көрерменнің ашу-ызасын тудырды. Интернет сайттарында жария болған мәліметке сенсек, әнші Төреғали концерт барысында өзіне гүл шоқтарын ұсынып, қолпаштау білдірген көрермендерімен суретке түсіп, қойқаңдап жүріп алады. Әрине, жұрт концертке ән тыңдауға келгені белгілі. Қаншама адамның алтын уақытын зая кетірген әншінің бұл әрекетіне наразы болған бір тыңдарман өзінің Қызылордадан келгенін, суретке түсе бермей, әншінің ән айтуы керек екендігін айтқан. Ал бұдан кейінгі әнші Төреғалидың былапыт сөзге құрылған әңгімесі ел аузында жүр. «...Мен сіздерге оттың басы, ошақтың қасы, үйдегі проблемамды айтып жатырмын ба, а? Болмаса, басымда мынадай кредит бар деп жатырмын ба, ағайын? Риза емессіздер ме, пажалыстаңыз, тұрыңыз да шығып кете беріңіз, есік ашық. Мен ешкімді қинаған жоқпын. Мен ешкімге концертіме келмесеңдер, өліп қалайын деп жатырмын, мына жерде ауа жетпей жатыр, асылып өлейін деп жатырмын деген жоқпын, ағайын. Өйтіп ренжуіңіз өте орынсыз, көке! Е, айналайын көке, ата сақалың аузыңа жетті ғой. Не айтып тұрсыз? Менің де бір кісідей ашуым бар, ағайын. Ешкім еріккеннен жүрген жоқ. «Еріккен сарт енегін уқалайды» деген. Ұнамай ма?! Шығып кетіңіз, бар. Сізге ешкім жалынып жатқан жоқ...» деген болатын өктем дауыспен. Бұл бейнежазбаны концертке барған көрерменнің бірі Youtube-com каналына салып жіберген. Алайда әнші Төреғали Төреәлі өзінің Instagram парақшасында «Өтірік» деп ақталды. Дәл осы уақыт арасында еліміздегі «Orda.fm» радиосының басшылығы әуе толқынынан Төреғалидың әндерін алып тастау жөнінде шешім қабылдағанын жария еткен-ді. Ол ол ма, әріптестері де ақылға шақырып, бәйек болды. Бұл жайт бүкіл қазақ эстрадасына жағылған күйе екенін түсінген «Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов Төреғали Төреәліні Павлодарда тіл тигізген тыңдарманның алдында кешірім сұрауға үндеді. «Ақылың бар жігітсің ғой, Төреш! Елден безіп қайда барасың? Кешірім сұрап, ел алдына шық! Шаш пен сырғаны жыр ғып жүргенде, қате болыпты мұның! Концертте ел тұрып кетпегеніне қарағанда, сол залдағылар сені түсінген ғой. Қатең болса мойындап, анық-қанығын айт! Кешірімді xалықпыз! Түсінер сені!», – деді әнші. Істің насырға шауып кететінін білді ме, артынан әнші халықтан кешірім сұрауға бел буған сияқты. «Ең бірінші өтірік деп салған себебім – видео толық нұсқа болмағаннан кейін ол өтірік болып жетті сіздерге. Ал егер де ол шал... үлкен кісіні шал деймін-ау, шал да қалмады ғой қазір қазақта, шауқан болды ғой бәрі. Аталы ақсақалдар да азайды ғой. Сондықтан сондай үлкен кісілердің келіп, бұрынғыда ауылыңа алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп, қолынан алмаушы ма еді. Қазіргі үлкен кісілерден ондай жоқ тек. Өтірік деп жазғаным сол еді», – деп түсіндірді ол. Сондай-ақ, әнші: «Уақыты келеді ғой, түсіндіремін ғой дейін десем, ушығып бара жатыр. Енді жүректеріңіздің кеңдігіне, пейілдеріңізге, патша көңілдеріңізге салып, ағайын, қате кеткен, ағаттық жасаған жерім болса, Алланың атымен сіздерден кешірім сұраймын. Өйткені менің де жаныма қатты батып жатыр», –  деп кешірім сұрады ол. Алайда, халықтан биік ешкім жоқ. Қазақ сахнасында 40-50 жыл өнер көрсетіп жүрген Қайрат Байбосынов, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, т.б. әншілердің артынан жаман сөз ергенін естіген де, көрген де жоқпыз. Халықтың бұл кісілерге деген махаббаты да ерек. Себебі олар халық барда ән бар екенін, ән барда халық бар екенін мойындаған тұлғалар. Қай аймаққа барса да, құрмет пен сияпаттың астында қалады. Тыңдарманы алақанында ұстап жүр. Неге? Кейінгі жас әншілер осы аға буын өкілдеріне қарап, бой түзесе дейсің кейде. Алайда «болдым, толдым, тойдым» деп секіріп қана қоймай, кекіретін кейбір әншілерді қалай түзеуге болады? «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де, түзел» деп әуелі эстрада әншілеріне айту керек шығар, бәлкім?!

Гүлсім Тұрғынбекова, журналист:

– Мезгіл – 80-жылдардың ортасы. Шамамен 5-6 класта оқып жүрген кезім болу керек. Ерейментау ауданының қиырында жатқан ауылыма Алматыдан концерт келді. Менің сол концерттен есте қалған жалғыз әншім – Нұрғали Нүсіпжанов болды. Бейнесі де әлі күнге есімде – үстінде қоңыр түсті костюм-шалбар, сары түсті жейде... Ол кезде ауыл балалары сахнаның дәл алдында, екі жақ қапталында шүпірлеп қарап тұратынбыз. Біздейлерге орындық тимейді де... Сөйтіп, концерт жүріп жатыр, кезегі келіп Нұрғали аға лып етіп сахнаға шыға келді де, қатарынан бірнеше тілде (нақты есімде жоқ, әлде татар, әлде башқұрт тілінде ме) әндерді төгіп-төгіп тастады. Осылайша, ән арасында пауза орнағаны сол еді, ауылымыздағы тілі жүйріктеу бір әйел адам (атын атамай-ақ қояйыншы) жұлқынып: «Әй, мынау өзі адам секілді қазақша ән айта ма, жоқ па?!» деп қойып қалмасы бар ма. Әрине, құрқылтайдың ұясындай ауыл клубында айтылған ол сөз әншіге иек астынан айтылғандай естілді. Ауылдың ер адамдары әлгі әйелге кейіп жатыр. Сол кезде Нұрғали Нүсіпжанов ақырын ғана жымиып: «Сабыр түбі – сары алтын», аздап сабыр етсеңіздер, қазақша әннің де кезегі келеді», –  деді де, «Маралдым» әніне баса жөнелді. Айерке Сәкен, әлеуметтік желі қолданушысы: – Адамның бəрі қателеседі. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді емес пе?! Əрине, Төреш өнер адамы болғандықтан, халық алдында солай сөйлеуі үлкен қателік болды. Бірақ сол қателігін түсініп, кешірім сұрады. Оның істеген қателігін дұрыс демеймін. Дегенмен біз адамды жұлдызы жанғанда қолдап, қолпаштаймыз, ал жығылып сүрінгенде, аяғын шалыс басқанда табалап, жан-жақтан ғайбат сөз айтамыз. Мұнымыз дұрыс па?! «Ұлы дала баласы» деп көкке көтерген халық баласын бір уақытта жерге түсіргеніміз бе?! Талғат Шамұратов, әлеуметтік желі қолданушысы: – Ол ішіп алған. Сахнада халыққа анандай сөздер айту – ұятсыздық. Мәдениет саласында жүріп, әкесінен үлкен кісіге қолын шошайтып тұрып, айтқан сөздеріне қарағанда, шынымен-ақ көкірегі өсіп, көзін шел басқан көрінеді. Тіпті, көрерменнің неге тапжылмай, оның былшылын тыңдап отырғанына таңым бар? Ондай адамды кешірудің өзі... Әрі-беріден соң оның әнін тыңдап, Төреғали Төреәлі қылып жүрген халық емес пе?! Айтпақшы, қазір кейбіреулер «Төреғали қайта бұл сөзді Павлодарда айтты. Орыстілді орта оның не айтқанын да ұқпай қалған сияқты. Егер дәл осы былапытын Атырау, Оңтүстік Қазақстан облысында айтқан болса, ит терісін басына қаптап жіберетін еді. Тулақша тартқылайтын еді» деген пікірді ашық айтты. Ал есесіне, Төреғали Төреәлі бұдан былай Павлодардағы ресми шараларға шақырылмайтын болды. Павлодар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы әртісті өңірде өтетін ресми іс-шараларға жолатпау жөнінде шешім шығарды. «Біз Павлодардағы әр мерекеде қазақстандық эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуіне мүмкіндік беріп, жиі ресми шақыртулар жіберіп тұрамыз. Сөз жоқ, біз облысымызда жеке ұйымдастырушылардың тарапынан өтетін коммерциялық концерттерге бақылау жүргізе алмаймыз. Ал мемлекеттік мекемелер өткізетін салтанатты шараларға Төреғали Төреәлі шақырылмайтын болады», – деп хабарлады облыстық мәдениет басқармасы.