Жаңалықтар

Қазақ жерін жанымен сүйетін

ашық дереккөзі

Қазақ жерін жанымен сүйетін

Ол бар өмірін өзінің сүйікті мамандығы геология-картографияға арнады.  Арнайы құрылған экспедиция құрамында еліміздің барлық облыстарында болып, жер қойнауындағы минералдық байлықтарды анықтап, оны картаға түсіруде айтулы маманның бірі болды. Сондай ұжымдық жұмыстарының бірі кезінде КСРО мемлекеттік сыйлығына ұсынылған да болатын. Өкінішке қарай, сарапшы комиссияның мәскеуліктерге бүйрегі бұрғанын бүгінгі көз көргендер жақсы біледі. Ол ғылыми атақты арман етпеді. Бірақ геология саласындағы білім-біліктілігі ешбір ғалымнан кем емес еді. Ғылыми кітаптардан алған теориялық білімін экспедиция кезінде практикамен ұштастырып, іс-тәжірибесін үнемі жетілдірудің арқасында геологияның қыры мен сырын өзге әріптестерінен анағұрлым терең игерген. Тіптен Новосібірдегі КСРО Ғылым академиясының Шығыс бөлімшесіндегі аты әлемге мәшһүр академиктер оның білім-біліктілігін жоғары бағалағанын біреу білсе, біреу білмейді. Соңғы жылдары еліміздің жер жағдайы жөнінде сызған карталары да өз алдына бір төбе. Оның тағы бір ерекше қасиеті – республика облыстарын аралау барысы кезінде Кеңес өкіметінің ықпалымен аттары өзгертілген елді мекендердің, жер мен судың байырғы атауларын көнекөз қарттардың айтуы бойынша қойын кітапшасына  жазып отыруы. Тәуелсіздіктен кейін солардың көбін карта бетіне қайта түсіруінің өзі неге тұрады десеңізші. Сол атаулардың бірсыпырасы күні кешеге дейін «Ана тілі» газетінде жарияланып келді. Молдияр Серікбаевтың тұлға танудағы өзінше ізденістері де ауқымды. 1937 жылдың қуғын-сүргіні құрбаны болған мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов жөнінде Кеңестер Одағы республикаларының мұрағаттарынан жинаған құжат-деректері, ол туралы оқып-білгендері ұшан теңіз еді. Ұлттық тұлғаның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында мәскеулік тарихшы В.Устиновқа ол туралы жинаған мол материалдарын беріп, «Служения народу» кітабын жазуға да мұрындық болған. Республика ақпарат құралдарына Рысқұлов жайында берген сұхбаттары қаншама?! Ол зейнеткерлікке шыққан соң республикалық, облыстық баспасөздердің редакцияларына жиі-жиі ат ізін салып жүрді. Ұлттық геология мен картографияның тарихы және елге еңбегі сіңген ұлт тұлғалары жайында сыр шертіп, журналистермен етене араласты. Оның сол айтқандарының біразы кезінде газет-журналдарда жарияланды. Молдияр Серікбаев 83 жасқа қараған шағында бұл пәниден бақилыққа аттанды. Артында мол мұрасы қалды. Оның геология мен картографиядағы еңбектерін осы салада жүрген бүгінгі және келешектегі мамандар қажеттіліктеріне қарай пайдаланып, білім-біліктерін арттырары анық.