Жаңалықтар

Ит жылғы әңгіме

ашық дереккөзі

Ит жылғы әңгіме

1

Азды-көпті ғұмырыңызда ит атаулының талайын көзбен көріп, дүрегей мен бірегейдің неше атасын қолыңызда ұстағаныңызға сенгендіктен, менің бұл әңгімем сізді таң қалдырып, таңдай қақтырады деп отырғаным жоқ. Жануарлар әлемінің жанашыры деп жүрген сіз түгілі, мына менің өзім де қала мен ауылдың екі ортасын жол қыла жүріп, ит атаулының талайын кездестіріппін. Әшейінде қаны жерге тамбайтын асыл тұқым неміс сеттері мен қазақтың қайқы бел құмай тазысын былай қойғанда, ауыл арасының қайқы құйрық қара төбетіне дейінгі аралықтағы адамға дос саналатын көп италақтардың арасынан сол бір сабалақ жүнді кіп-кішкентай тіршілік иесінің тағдыры қызықты көрінеді маған. Бәлкім, оншалық қызық емес те шығар. Қалың жүннің арасынан көздері ғана жылтырайтын тәмпіш танау әдемі күшікті алғаш рет ауылдағы ескі клубтың қабырғасына ілінген жарнамадан көргенмін. Көп ұзамай бастықтың су жаңа машинасымен салып-ұрып өздері де жеткен. Ауыл-ел болып сарылып күтіп жүргеніміз – бет-аузы бояудан көрінбейтін сылқым келіншек пен сықиып киінген сары бала екенін көріп көңіліміз қоңылтақсып-ақ тұр. Үлкендердің көңілін қайтсін, каникул кезінде күнұзақ клубтың көлеңкесін сағалайтын қарадомалақтардың құдайы беріп-ақ қалған. Сары баланың жанына алдымен салып-ұрып жеткен көршінің қара тентегі – Базарбай еді. – Сен цирк көрсетесің бе?.. – деген қонақ баланың көбелектен аумайтын галстугынан тартып. Сары бала иығына асып алған сөмкесін жерге қойған да, ішіндегі қызыл-жасыл ленталарды шығара бастағаны. Не деген көп лента! Тіптен, бар ғой, біздің ауылдың барлық бойжеткендеріне бір-бірден жетіп, тіптен артылып та қалатын. – Мұндай циркті мен де көрсете аламын, – деген Базарбай да қалысқысы келмей. Жалма-жан қалталарын (қалталары не деген көп еді!) ақтарып, бар байлығын шығара бастаған. Екі шаппа, екі рогатка, қос уыс асық... Ендігі кезек тағы да сары балаға келген. Қара сөмкенің аузын қайтадан ашып қалғанда, сыртқа сабалақ жүнді ақ күшік секіріп-ақ шыққаны. Шошып қалған балалар жан-жаққа безіп жөнелсін. Қашпаған Базарбай ғана еді. – Аты қалай? – деген күшікті жерден көтеріп алып. – Ақтиін... – Ақтиінді екі бәкіге айырбастайсың ба?.. – Үсті-басын былғады-ау мына бала... – деп, ұшып жеткен сылқым келіншек ақ күшікті баланың қолынан жұлып-ақ алғаны. Ақ күшіктің мамықтай үлпілдеген жүніне жұққан шаңды қаққыштап, асты-үстіне түсіп өбектеп-ақ жатыр. Әңгіменің арты қызықсыз болып бара жатқанын байқап балалар үйді-үйлеріне тарай бастаған.

2

Қызықтың көкесі кешке қарай клуб сахнасында болды. Жалғыз мен ғана емес, бұрындары ит атаулыны қара қойдың соңында, әйтпесе түскі астан қалған жуындының маңында көріп дағдыланған көген көздер масаты шымылдығы шам жарығына құбылып ойнаған сахнаға еміне ентелегені бар. – Апырмай, адамнан әрі ғой мынау... – деп, алдыңғы жақта отырған әлдекім жағасын ұстады. Делебесі қозып, шыдамы сарқылған әлдекім ойынның соңын тоспай сатырлата қол соғып та жіберді. Ұшып кетейін деп отырған жұрттың назары бір сәтке есік жаққа ауды. Арт жақта отырған әлдекім ұят-аятты жинап қойып, клубты басына көтере күлгені бар емес пе? Қарабарқын түбінен ытырына жөнелген қоянды жарға жеткізбей жығатын бота тірсек тазысы есіне түсіп күлген шығар. Оның осқырынған үнінен бүгінгі кереметке көңілі толғанын, әйтпесе олқысынып отырғанын айыру қиын еді. Осы бір болмашы ғана нәрсеге қараптан-қарап отырып көнілім құлазысын. Ішімнен әлдененің үзіліп түскенін сезейін. Менің санамнан тыс тулап шыға келген қорқыныш, бәлкім, қорғаныш сезімнің әсеріне беріліп, әлдебір тосын да таңсық оқиғаны күткен сыңайда сахнаға қарай біржола бойсұнып бара жаттым. Сүттей әппақ сабалақ жүні құйылып түскен шам жарығына шағылысқан құйтақандай тіршілік иесі бар өнерін салып жүр. Өзі қуыршақ секілді сүйкімді-ақ! Топ-толық денесіне епетейсіз біткен қысқа аяқтары дамылсыз жыбырлап, тақтай еденнің бетімен сырғанап жүргендей әсер қалдырады. Қимылы ширақ. Орындықтың үстінде шоқиып отырып, шығыршықтан секіріп өткен соң, ұзын көйлегі жер сызған үйретуші келіншекке қарай арсалаңдай жүгіреді. Өне бойындағы бірден көзге ұрар мүшесі – епетейсіз үлкен құлақтарын қайшылап, үп-үлкен ауыз қуысынан қызыл тілін жылт-жылт еткізеді. Шоқтай жанған екі көзін иесінің қолындағы қара қолғаптан айырмайды. – Қу тамақ не істетпейді десеңші?.. – деп күрсінді қасымдағы серігім басын шайқап қойып. Ақ күшіктің қимыл-қозғалысынан бір қарағанда көңілге қонымды кербездік тапсам да, көкірек түкпіріндегі бей-жай селсоқ сезімнен арыла алатын емеспін. Бәрі де әшейін, бәрі де жасанды секілденеді. Көз алдымда өтіп жатқан қозғалыс ырғағы көңіл күйімнің қазіргі ырғағымен үйлесім таппай жатқанын сезгендеймін. Мынандай тосырқай тосаңсуы мен бейжай босаңсуы аралас беймәлім сезіммен бетпе-бет келуім осы. Екі бірдей өзара алшақ сезім көкірекке қатар ұялағанда, құлазу мен қобалжу секілді әсерге қатар бой ұрады екенсің. Мұның бәрі алғашқы әсер ғана болды. Енді оның орнын аяныш сезімі басты. Бәлкім мына ит тірлікке деген аяныш, көрер көзге жасалып жатқан жасандылыққа деген жатсыну сезімі ме екен?.. Енді мына кербез қозғалыстың көп қайталанғандығын, қайталана берсе тәттінің де таңдайға татып кететінін ойлап отырмын. Мына қозғалыстар қарапайымдылық ауылынан алыс, оның кейбір заңдылықтарына мүлдем қайшы секілденеді. Кеше де осылай болған, бүгін де осылай болып жатыр, ертең де осылай болатын шығар. Мына титімдей күшік осы қозғалыс-қимылын қанша рет қайталады екен десеңі! Бұл менің дүсірлей соққан жүрегімнің лүпілі, әлсіз қарсылығы. Ойын бітті. Сүттей ақ, сабалақ жүнді кішкентай күшік шымылдық сыртына өтіп, біржола көрінбей кетті. Сол сәтте кішкентай көрермендердің дуылдап, аяқтарынан тік тұрғанын көрсеңіз. Осының алдында ғана мың бұратылғанда белі сынып кете жаздаған акробат қызға да осылай құрмет көрсетпеген шығар. Оларға қарағанда үлкендер жағы тыныштау секілді. Кішкентай адамды алдау үлкендерді алдаудан гөрі оңай болғаны ма деп ойлап отырмын мен. Бәлкім, мына күшік те алданып жүрген шығар?.. Бір жақсысы, сонысын өзі түйсініп, сезінбейтіні. Кім білген, менікі әшейін пендешілік, әйтпесе өзімшілдік шығар. Кішкентайлар болса, үлкен адамдардың қолынан келмейтін нәрсе жоқ деп есептейді ғой. Ал күнделік көзіміз үйренген кішкентай күшіктің бүгінгі кереметіне көп болып қол соғудың да біз түсіне бермейтін заңдылығы бар болар. Кенеттен өне бойым дір ете түсті де, еріксіз арт жағыма бұрылдым. Манағы бір дарақы күлкі клубты басына көтере қайта әуеледі. Апырмай, әйелі ұл туғандай әулекіленген бұл кім болды екен деймін қараңғылау бұрышқа үңіле қарап. Қызынып алған көпшіліктің бет-жүзінен кімнің-кім екенін айырып болар емес. Кім болсын... Кім болса да, ендігі жерде өзімшіл біреу екеніне дауым жоқ менің. Бет-жүзін көрмеген бейтаныс жанды іштей өлердей жек көріп отырмын. Тағы да сахнаға бұрылдым. Ит үйретуші келіншек өз өнеріне ырза пішінде басын жерге жеткенше иіп, аяғын сәндене басқан күйде сахна сыртына қарай жылыстап барады екен. – Әй, ақ күшігіңді шығар, – деді әлдекім. – Адам көрмей жүр деймісің бізді... Мынандай келіншек өзімде де бар... Клуб ішінде тағы да күлкі әуеледі. Айқай-шу, ысқырық үні көпке дейін басылмай тұрып алды. Тағы да ұзын көйлегі жер сызып, үйретуші келіншек көрінді. Ақ күшікті күткен жұрт оның кербез қимылына бір мезет дуылдата қол соғып барып басылды. Шу саябырлады. Аздасын ақ күшіктің жәудіреген көздері мен ұғымтал қимылы, сүттей ақ сабалақ жүні естен біржола шығып та кетті. Көрермен де бала секілді екен-ау. Шағын концерттің аяғына таман ойын қожырап, артист атаулының абыржуы мен алды-артына алаңдауы көбейді. Мұны манадан бері сахнадан көз алмай отырған көрермендер де сезбей қалған жоқ. Көп ұзамай ортаға ақ бас жүргізушінің өзі шықты. – Тыныштыққа шақырамын, жолдастар, – деді даусына салтанатты екпін беруге тырысып. – Аздаған ыңғайсыздау жағдай болғанын хабарлауға мәжбүрмін. Мына сіздердің көмектеріңіздің арқасында бұл жағдайды түзетерміз деп сенем. Цирк труппасының «Ақтиін» деп аталатын иті жоғалды. Ойын біткен соң труппа үшін аса қымбат қанденді табуға көмектессеңіздер екен... – Ондай күшік өзімде де бар, – деп айқайлады жаңа ғана ұшып кете жаздап отырған серігім. Ақ күшіктің күтпеген жерден жоғалуы ойынның ендігі қадір-қасиетін біржола кетіріп тынды. Ертеңгі сабақтың жайын ойлап, есікке қарай топырлай ұмтылған кішкентайлар, ертеңгі жұмыстың қам-қарекеті мазалап, олардың соңынан ентелеген үлкендер бүгінгі қызықтың соңғы нүктесін қойды. – Мынау бір айта-айта жүретін оқиға болды-ау, – деді серігім ғана әлденеге мазасызданып. – Бәйгеге қосса, телебезер ұтатын жылқы емес, ең болмаса, сүтін сауып ішетін сиыр емес, жаман итке несіне қызықты екен?.. – Қызық оқиға... – деймін, өзімнің қала өмірінен хабарым барын білдіргім келіп. – Талай-талай ойынға барып жүріп, осылай біткенін бірінші рет көруім. Үйме-жүйме топырласып сыртқа шықтық. Таза ауада темекіні құшырлана сорғаннан кейін, манағы бір қобалжу сезімінен бірте-бірте арыла бастағам. «Қызық оқиға» дедім бе? Алдын-ала дайындалған жақсы сценарийді нашар режиссердің бұзып алғаны секілді болып кетті-ау. Манағы бір аяныш, манағы бір жатсыну сезімі бекер болмағаны ғой. Жүрегім сезген екен...» Ауыл шетіндегі үйге қарай жалғыз кеттім. Көз алдымнан тақтай еденнің үстінде құрақ ұшып, безектеп безіп жүрген ақ күшік кетер емес. Қимылы кербез. Кербез болса да үйреншікті, жаттанды қимылдар. Кеше де осылай, бүгін де осылай... Ал ертең... Ары-бері безектеп жүріп, байқаусызда далаға шығып кетті ме? Ауылдың азулы төбеттерінің біріне жолығып қалмаса екен, байғұс күшік... Елеусіз ғана оқиға секілді. Былайша қарағанда кімнің немен айналысқанында менің нем бар? Дүниеде не көп – күшік көп, дүниеде не көп – жан-жануар көп. Ал енді ой тоқтатып қарар болсақ, әрбір елеусіз оқиғаның астарында қанша сыр, қанша құпия жатыр. Соған үңілмей, бәлкім, мына тіршілік ағысында үңілуге уақыт таба алмай жүрміз бе?..

 3

Ақ күшікке қатысты болған-біткені осы кішкентай оқиға бірте-бірте көмескі тартып, ұмытылып бара жатты. Енді біраз уақыттан соң санамнан біржола өшіп те қалар ма еді, кім білген... Арада он шақты күн өткенде үйімізге салып-ұрып көршінің кенжесі Қайсаржан келді. Оның әңгімесі біздің үйдің бала-шағасын ғана емес, мені де елең еткізген. Ерекше ұғымтал, тіптен артқы екі аяғымен де жүре алатын таңғажайып күшіктің қылықтары жайлы әңгімеге құлағымды тосып отырып қалыппын. – Билегенде бар ғой, тура адам сияқты, – деді бала екі көзі ойнақшып. – Базарбайдың ойлап таппайтыны жоқ. – Әппақ па өзі? – Әппақ... – Құлағы мен аузы да үлкен бе? –Үлкен... Аяғының қысқалығы жайында сұрап жатудың қажеті болмады енді. Бірінші болып шыдамсыздық танытқан келіншегім болды. – Ана жолы ақ күшіктің әңгімесін айтып, түнімен миымды ашытып едің, табылыпты ғой... Ұстабай қайнағаның үйінде көрінеді. Сол күні жоғалып-табылған ақ күшік­тің тағдыры ойымнан шықпай қойды. Таң атысымен әдейі іздеп баруға бел буып жатып, әрең дегенде көзім ілінді... Базарбай – біздің шолақ көшенің шет жағында тұратын Ұстекеңнің жалғыз ұлы. Жалғыз болғасын шығар, бір басына тентектігі де жетіп-артылады. Өзінің ойлап-таппайтыны жоқ деген сөздің де жаны бар. Жымқырып кетіпті, қымқырып кетіпті деген құлаққа тосын жағымсыз сөз естігендер Ұстабайдың есігінің алдын торуылдайды. Барарын барарсың-ау, телміріп таң атқанша тұр, еңсең түсіп, еріксіз үйге қайтатыныңа бәс тігем. Оған себеп – темір шынжырын шылдырлатып, қақпаға қарай тап-тап беретін, қабағы қалың қара төбет. Ол аз десең, есіктің саңылауынан көздерін жылтыратып жатып алатын екі қанден тағы бар. Мұның бәрі Базарбай әлемінің ең қастерлі дүниелері екенін еске алсақ, сүмірейіп үйге қайтпағанда далаға түнемейтінің тағы рас. Жоғалып кеткен ақ күшіктің қазіргі мекенжайы осылайша оп-оңай айқындалған. Ертесіне салып-ұрып Ұстекеңнің үйіне де жеттім. Алдымен көзіме түскені – ана шеті мен мына шеті атшаптырым ауланың түкпірінде ұйлығып тұрған балалар болды. Базарбай әдеттегідей бүгін де көшенің бар баласын қасына жинап алыпты. Орталарында әлдене ағараңдайды. Сол. Соның өзі. Сабалақ жүнді ақ күшікке аянышпен қарап, жақындай бердім. Сол. Ақ күшік. Ұзын құлағы мен епетейсіз үлкен аузы да, қып-қысқа аяқтары да орнында. Көптен тарақ көрмеген бе, арқа жүні жығылып, қоңырқай тартқан секілді. Кір тұрып, ірің қатқан дөңгелек көздерімен өткен-кеткеннің қолына жаутаңдай қарап, арсалаң-арсалаң етеді. Кенет жерде шұбатылып жатқан жіңішке жіптің басына байланған бір үзім нанды ұзақ қуалады. Ішек-сілесі қатып күлген топ бала енді жете бергенде қайтадан тартады. Мен жақындай бергенде алдыңғы екі аяғын көтеріп, билемек болды да, қираң етіп қайта құлады. Сосын дүниені қиратып тастағандай төңірегіне дүрдие қарап, маңғазданып жүрген Базарбайдың қолынан ұшып түскен қатқан нанның қабығын ұзақ мыжғылады. Артынша төңірегіне жалтақтай бір қарап алып, шағын денесіне үйлесімсіз жуан дауыспен ызалана ырылдады. Жақындай беріп, үн-түнсіз тұрып қалыппын. Жоқ, бұл мен көрген сабалақ жүнді ақ күшіктің өзі емес, сол тіршілік иесінің ғайыптан жолыққан әшейін елесі ғана еді. Күнкөріс үшін күресуден шалдығып-шаршаған тіршілік иесі. Әйтеуір маған солай, дәл солай көрінгені рас. Кенет жанымызға жақындап келген қара төбет қатқан нанның қабығын аяғымен қағып түсірмекші болған еді, бір уыс болып жиырыла қалған қанден тура тұмсықтан шап ете түскені. Қаңқ еткен даусы төбе құйқаны шымырлатқан төбет қыңсылай түсіп, артымен шегіне берді. Бұдан арыға шыдай алмадым. Мынандай жағдайда қандай да бір әрекет жасау керек екенін іштей сезем. Кенет көңіл түкпірінде әлдебір қуақы ой жылт ете түскендей болды. Балаларды алқа-қотан отырғызып қойып, әңгіме бастадым. – Қазақта Алабай деген иттің тұқымы барын білесіңдер ме?.. Жалқаулау демесең, Базарбайдың қара төбеті де сол Алабайға ұқсайды. Тіптен қасқырдың өзі оның даусын естіген бетте қыр асып жоғалады. Сол Алабайды иттердің жарысына апарған екен, дүние жүзінің чемпионы болған Космос деген итті бес минутта талап тастапты. Балалар біресе маған, біресе қара төбетке таңдана қарап қалыпты. Менің сөзіме сенсе де, кешке дейін ұйқы соғудан жалықпайтын қара төбетке сеніңкіремейтін секілді. – Қара төбетті қайтесіңдер, түптің түбінде бәрінен де Ақтиін озады... Тіптен бар ғой, бұл маңайда Ақтиінге шақ келер ит жоқ. Төбелескен кезде талтайып тұрған Алабайдың екі аяғының арасынан зып етіп өтеді де, тура шабынан, тіптен бар ғой... ана жанды жерінен тістейді де, тастай қатып қалады. Жаны ышқынған Алабай байғұс сайыс алаңын тастай қашады. Кім қашса, сол жеңілді деп саналатынын өздерің де білесіңдер... Жаңа ғана Ақтиіннің қара төбетті қаңқ еткізгенін көзімен көрген балалар менің сөзіме сенер-сенбесін білмей дал. – Ақтиінге чемпиондық қайда?.. Қараңызшы, тіптен кішкентай ғой... – Кішкентай болса қайтеді екен?.. Ақтиін жарысқа барғанда өз салмағындағы иттермен төбелеседі емес пе? Денесі жұдырықтай болса да, қара төбетті қуып салғаны есіне түсті білем, Базарбай бір сәт үнсіз қалды. Осы сәтті пайдаланып, байқаусыз ғана жеңінен тартып, Базарбайды оңашаға шығарып алдым. – Күшігіңді жақсы көресің бе? – Жақсы көрем... – Сенің күшігің де, өзің де жақсы екенсіңдер. Мен білсем, мұндай күшік дүние жүзінде жоқ. Бар өнерімді салып жатырмын. Байқаймын, әңгімем Базарбайға ұнайтын се­кіл­ді. Манағыдай емес, күдігі тарай бастаған, бетіме жаутаңдай қарайды. – Мұндай күшік дүниежүзінде жоқ, – деймін тағы да. – Бір бұтаның түбінде қисайып өліп қалмасын десең, бүгінгідей қатқан нанның қабығын берме. Жылы сумен жуындыр. Үстін тарап қойсаң, мұнан да жақсы билейтін болады. Қанша дегенмен бала емес пе, ол бетіме аңтарыла қарап аз тұрды да, түсіндім дегендей басын изеді.

4

Сол күннен бастап ақ күшіктің жайын жиі ойлайтынды шығардым. Ары-бері өткенде Ұстекең үйі жаққа жалтақтап, ауланың бұрышындағы үйшік жаққа қарайлап қоямын. Кей-кейде неге ғана бейшара күшікті алып кетпедім, бәлкім газетке хабарландыру беріп, иелеріне табыс ету керек пе еді деген ой келеді. Менің мазасыздануым бекер болмады, араға ай салып, үйге Базарбайдың өзі де келді. – Біздің Ақтиін билеуді ұмытып қалған сияқты, аға, – дейді мұңайып. – Жуындырып та, үсті-басын тарап та көрдім. Соңғы кезде тіптен үй жаққа жолауды қойды. Түні бойы есікті тырналайды, шығарсаң болды, әлдеқайда жоғалып кетеді, таң атқасын әрең дегенде тауып әкелемін. Бұрын көрмеген үп-үлкен иттермен таласады. Денесінде сау жері жоқ. Өзі біртүрлі ауру сияқты, арықтап та кетті. Оның жыламсыраған жүзіне қарап отырып, көкейімде әлдебір күдікті ой жылт ете түсті де, қайта жоғалды. Ұмытпасам, дәл осындай жағдайды бір жерден оқыған секілді едім. – Мүмкін семіріп кеткен шығар? – Жоқ, арықтап кетті... – Жүрші, көрейік, – дедім асығыс жиналып. Шарқ ұрып іздеп, Ақтиінді ауланың түкпіріндегі ескі жәшіктің ішінен әрең дегенде таптық. Бұрынғысындай арсалаңдап алдымыздан шықпады. Жәшіктің түкпіріне тығылып алып, көздері жылт-жылт етіп жатты да қойды. Ит секілді ырылдап үруді де, ентелеп еркелеуді де ұмытып қалған сияқты. Манағы күдігім бекер болмады, ақ күшіктің мына жатысы соның айқын айғағындай еді. – Қызық болды-ау... Әзірге жанына жақындамай тұра тұр, – дедім екі езуім екі құлағыма жете ыржиып. – Енді көп ұзамай ауылдың бар баласы осы үйдің алдын бермейтін болады... Қанша ыржисам да Ақтиіннің мынандай халіне не қуанарымды, не қайғырарымды білмей басым қатып тұр еді. Арада көп уақыт өтпей үйге салып-ұрып Базарбайым тағы келіп тұр. Сөзіне қарағанда біздің Ақтиін (бұл кезде кәнденді іштей меншіктеп те алғанмын), әп-әдемі үш бірдей күшік туыпты. Үйшіктің түкпірінде манаурап жатқан күшіктерге жақындауға батпай, алыстан көз салып тұрмын. Үшеуі де аппақ-ау, аппақ. Тек маңдай тұстарында таға тектес сарғыш жолақтары бар. Көңіліме күдік кірді де, дарбаза жаққа қарадым. Дәл өзі. Дарбазаның көлеңкесінде бүйірін соғып, қалғып жатқан қара төбеттің маңдайы ғой мынау. – Аға, мына күшіктердің таңдағанын алыңыз, – деген Базарбайдың сөзіне де ішім жылып тұр. Сол күннен бастап Ұстекеңнің үйі жаққа келуді жиілеткенмін. Байқаймын, бұрынғы бұрынғы ма, енді Ақтиіннің мінезі біржола өзгеріп сала берген. Өзі сәл нәрсеге дыз ете қалар мазасыз, тіптен шақар болып алды. Жәшіктің алдындағы тамақ құятын астауға жақындап кеткен көршінің қызыл қоразына тап бергенде, көздері қызарып, құтырып кеткен бе дерлік. Кең ауланың атам заманғы қожасы алды-артына қарамай безгенде, шарбақ қораның қадасына екі тал қауырсынын қалдырып кетті. Енді Ұстекеңнің есігінің алды балалардан бір босамайтын болды. Сүп-сүйкімді кішкене күшіктерден дәметкендер үйлеріндегі ең тәтті мен ең дәмдіні қойындарына тыға келеді. Базарбай болса, көктен іздегені жерден табылып, бір күннің ішінде болып-толып шалқайды да қалды. Ақтиіннің бауырынан шыға сала жүруге талпынған үш күшік болса, күн санап өсіп келе жатты. Анасындай көлеңке-көлеңкені қуаламай, ұп-ұзын, жұп-жуан аяқтарын маңғаздана басып, құйылып түскен күн шуағына қарай ұмтыла береді. Басқаларына қарағанда ширақтау қарабауыр күшік тіптен анасына да мойынұсынғысы келмейтін сияқты. Бойы өзімен шамалас анасы желкесінен алып, қанша сүйрелесе де мыңқ етпейді-ау, мыңқ етпейді. Бірер айдың ішінде-ақ толысып, бойлары өзіне жетіп қалған зіңгіттей күшіктерге шамасы жетпей, дәрменсіз шәуілдеген Ақтиіннің ғана жағдайы мүшкіл еді. Енді мен Ұстекең үйі жаққа бұрынғыдан да жиі келетін болдым. Әбден арықтап, құр сүйегі қалған Ақтиінге оны-мұны апарып беремін. Табаққа тастаған бірер түйір етке анасымен таласа ұмтылған үш күшікке қызықтай қарап тұрамын. Алдарына келген тамақты жалап-жұқтап тауысқан үш күшік артынша түк көрмегендей енесінің бауырына ұмтылатыны қызық. Күшіктер бауырын жаза келе үй арасынан алыстап, ауыл сыртына шығып кететін әдет тапты. Ақтиін болса, серейіп өскен күшіктерді желкеден тістеп, үйшікке қарай сүйрелеп әуреге түседі. Әлі жетпейтінін сезген соң шәуілдеп үріп, сирақтарына жабысады.

5

Осылайша арада бір жылдай уақыт өтті. Мен қызмет бабымен аудан орталығына ауысып кеттім де, сабалақ жүнді ақ күшікті бірте-бірте ұмыта бастадым. Сөйтіп жүргенде тағдыр жазып онымен тағы да кездеспесім бар ма? Бәрі де күтпеген жерден, төтеннен болды. Жұмыс жағдайымен ауылға жолым түсіп, Ұстекең үйінің жанынан өтіп бара жатқанмын. Кенеттен көзім есік алдында ойнап жүрген бір топ балаға, бір топ баланың ортасында безектеп жүрген ақ күшікке түсті. Кілт тоқтап, қадала қарап тұрып қалыппын. Сол. Соның өзі. Бойы да өспепті. Өзгермепті де. Қалшиып тұрған мені көріп, балалар маған қарай қозғалды. Ең алдымен шапқылап, безек қағып Ақтиіннің өзі де жеткен. Жеткен де екі аяғымның арасына орағытып, кәдімгідей сегіздік жасай бастаған. Бірдеңе тындырып тастағандай тұп-тұнық жанарымен бетіме жаутаңдап, әлдене дәметкендей сыңай танытқан. Сосын артқы аяқтарымен тұрмақшы болып, бірнеше рет талпынған да, қайтадан құлаған. Ойпырым-ай, негізі мақұлық қой дегенмен, әлі күнге ұмытпаған екен. Мына жүріс-тұрысы тура баяғыдай болғанмен, қимылында бұрынғыдай кербездік пен еркелік жоқ еді. Ұзақ жаттығудан қалған үйреншікті дағдының соңғы жұқанасын ғана көлденең тартқан сыңайы бар. Құртақандай жан иесінің қу тіршілік үшін тырбанып, талмай күресіп келе жатқанын сезіп, жүрегім шымырлап қоя берді. Одан ары әңгіме желісі қалай өрбігенін өзіңіз де сезіп отырған боларсыз. Ауданға бара сала астанадағы беделді газетке хабарландыру жіберемін ғой баяғы. Көп ұзамай жауабын да алдым. Ақтиіннің иесі – сырбаз келіншек қуанғаннан талып қала жаздапты. Жұмысынан сұранып, асығыс жолға жиналып жатса керек. Сырбаз келіншекті өзім күтіп алдым. Ауыл жаққа баруға сылтау таппай жүр едім, өзім апарғаным дұрыс деп шештім. Ауыл аман, өзгерген ештеңе жоқ. Базарбай да, ақ күшік те орын-орындарында екен. Итпісің деген, иесін көргенде бұл кезде жүні сұрғылт тарта бастады демесең, сыртқы сымбатын бере қоймаған Ақтиіннің қуанғанын көрсеңіз. Ұшып келіп келіншектің кеудесіне секіргенде су жаңа помбарқыт көйлектің өңірін былғап тастағаны ғана өкінішті болды. Уақыт тығыз, тез арада жолға жиналдық. Біразға дейін мұрнын пысылдатқан Базарбай маңдайының түр-түсін таға секілді сарғыш жолақтар ғана бұзып тұрған үш күшігін құшақтап қала берген. Дарбазаның көлеңкесін сағалаған қара төбет ыстық күннің астында сала құлаш тілі салақтап ұйқыны соғып жатты. Тақтайдай түзу асфальт жолға түскен соң аудан қайдасың деп тартып кеп бердік. Осымен жоғалып-табылған күшіктің хикаясы соңына да таяған секілді еді. Кенет... Кенет... артқы орындықтағы иесінің жанында шоқиып отырған Ақтиін машинаның ашық терезесінен сыртқа қарай ытқып-ақ кеткені бар емес пе. Қатты секірсе керек, бір қарағанымда жолдың шетіне қарай домалап барады екен. Жалма-жан тежегішті бастым. Жан даусы шыққан сылқым келіншекке ілесіп сыртқа шықтым. Асфальті езіліп жатқан үлкен жолдың үстінде сілейіп қалыппыз. Қолымды күнқағарға апарып, көз ұшында ақ сағымға бөгіп жатқан ауыл жаққа қараймын. Буы бұрқырап жатқан қап-қара асфальт жолдың үстінде кішкентай аппақ ноқат көрінеді. Ә дегенде әрең көрінген доп-домалақ сол ноқат көз ұшына сызық боп сіңіп бара жатты... ... Міне, содан бері де талай мүшел уақыт зымырап, талай рет ит жылынан аман-есен өтіппін. Базарбай бұзық болса, облыс орталығында дәрігер болып жұмыс істейді. Тек... Күшіктерін қимай қаладағы ғажайып өмірінен баз кешкен Ақ күшік ортамызда жоқ... Ит жылғы әңгімені қайта көңірсітіп отырғаным сол ғой...  

Серік БАЙХОНОВ,

жазушы,

А. БАЙТҰРСЫНОВ атындағы

Ұлттық сыйлықтың лауреаты