Екі жобаның қайсысы тиімді?
Қалай десек те, латын әліпбиіне көшу – 2017 жылдың басты ұранына айналды. Президенттің мақаласын негізге ала отырып, шара өткізбеген мекеме кемде-кем. Бұл бағдарламалық мақаланың орындалуына септігін тигізу ме, әйтеуір ұйымдастырылған конференция мен басқосуда айтылған сөздерде есеп жоқ. Кейде «Латын қарпіне көшуді жеделдетейік» деп асығыстық танытқандар да, «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидасын еске салғандар да болды. Әрине, бұған дейін латынға көшкен елдерде де кемшілік болмады деу қате пікір. Олар әлі күнге сол қателіктің зардабын тартып та жүр. Бір есте сақтайтын жайт, латын әліпбиіне көшу 10-15 жылда атқарылатын жұмыс емес, ол да бір эволюциялық дамудан өтеді. Латынға көшу процесі Өзбекстанда 24 жылға, Әзірбайжанда 9 жылға, Түркияда 30 жылға созылды. Демек, «Латын – өркениетке ашылған кең терезе» немесе «Латынға көшу – заман талабы» екенін білсек те, әлгі «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидасы осы мәселеге дөп келеді. Жалпы, Елбасы латын қарпіне көшу мәселесін араға жылдар салып бекер тілге тиек еткен жоқ. Осы салаға қатысы бар мамандардың пікірін тыңдап, арнайы ұсыныстардың жасалуына мүмкіндік берді. Тіпті, арнайы құрылған ұлттық комиссияға 100 жоба түскені ақпарат құралдарында жария етілді. Алайда соның ішінен тіл нормасына сай, үйлесімді нұсқа таңдап алынды ма? Қазір латын қарпіне көшуге байланысты екі жоба көпшілік талқысына ұсынылды. Бірінші жобаны Парламентте таныстырған Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов латыншаға көшудегі қазақтың төл дыбыстарын қолдануды түсіндіре келе: «Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін жасауда «бір әріп – бір дыбыс», «бір әріп – екі дыбыс» және «бір дыбыс» принципі қолданылды. 25 таңбалы әліпбиге қосымша қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын 8 деграфта ұсындық. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды. Біз, латын әліпбиіне көшу бойынша комиссия мүшелері, ақылдаса келіп, 25 дыбыстан тұратын әліпби нұсқасын жасап шықтық. Диграфтар арқылы қазақтың төл дыбыстарын сақтауға болады» деген еді. Алайда қоғам бұл жоба бойынша кейбір сөздердің жазылуын келемежге айналдырып, кемшін тұсын көрсетіп берді. Бұдан кейін ұсынылған «апостроф» жоба туралы да жағымды һәм жағымсыз пікір аз айтылып жүрген жоқ. Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов: «Тамыздың аяғында әліпби турасында жұмыстар аяқталып, үш нұсқа қалды. Үш нұсқадан таңдалып, алдымен Парламентке диграфтық нұсқа ұсынылды. Ол нұсқаға байланысты көптеген сұрақтар болды. Одан кейінгі апостроф нұсқасы… Жалпы айтқанда, қоғамда «диграф нұсқасынан кейін іле-шала бір-екі айдан кейін әліпбидің апостроф нұсқасы дайын бола қалды. Әліпби соған байланысты шала болды» деген бір пікір бар. Ол пікір орынсыз», – дейді. Республикалық орталық директорының айтуынша, латын әліпбиін жасаудың үш әдісі бар. «Біріншісі, диграфтық, екіншісі – апострофтық, үшіншісі – диалектикалық тұрғыда жасақтау. Бұл үшеуі 2000 жылдардың басынан Қазақстанда айтылып келе жатқан нұсқалар», – дейді ол. Бір айта кетерлігі, соңғы жоба бойынша кейбір республикалық басылымдар логотипін ауыстырып, арагідік мақалаларын латынша жариялап та жүр. Ол ол ма, жақында латын тіліндегі алғашқы кітаптың да тұсауы кесілді. Көзі қарақты халық «бұл халықтың көзін латын әліпбиіне үйрете беруден туған жанашырлық» деп қабылдады. Айтпақшы, желтоқсан айында Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша әлі де нақты шешімнің қабылданбағанын айтты. Оның айтуынша, дәл осы себептен апострофты латын әліпбиін қолданысқа енгізу әлі ерте. «Ұлттық комиссия қазақ тілі латын әліпбиі бойынша нақты шешімге келген жоқ, сондықтан «апостроф» әліпбиін газеттерде я басқа жерлерде пайдалануға әлі ерте», – деп жазды Тоқаев өзінің Twitter желісіндегі парақшасында. Дегенмен бұл оның жеке азаматтық көзқарасы ғана. Соған қарамастан, соңғы жобаның авторы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек мырза «Фэйсбуктегі» парақшасында Тоқаевтың пікірін «Керемет жаңалық!» деп бөлісіп қойғанына таңғалдық. Сонда Ерден Қажыбек мырза өз мекемесінің атынан ұсынылған жобаны қорғаудың орнына, оған қарсы болғаны ма?! Ал бүгінде қоғам дұрыс-бұрыстығына қарамай, қолдаған жоба жайында белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның пікірін сұрағанымызда, ол: «Бір жағынан мұны ағартушылық, қоғамды дайындау жұмысының бөлігі деп қарастырса болады. Жұрттың көзі үйрене берсін деген ой. Яғни, латынша жазу үшін қаражат һәм техника қолданудың қажеті жоқ дегенді дәлелдеу шығар. Бұл таза латын қарпіне көшуді насихаттау жағы. Екіншіден, болашақта қай әліпбиді қабылдаймыз? Қай нұсқа бізге қолайлы?» деген мәселе екіұшты. Ал мемлекеттік мекемелердің маңдайшадағы жазуын латынша жазуы асығыстық сияқты. Мәселен, Атырау облыстық әкімшілігі, Ақтау қалалық әкімшілігі, т.б. мекемелер елдің алдына ерте түсіп жатыр. Ертеңгі күні шу болған әңгімеге қосымша дау туғызады немесе қылау түсіреді деп ойлаймын. Ертең басқа жоба қабылданса, олар жұрттың көзіне қалай қарайды? Қазір апостроф деген мәселе дау болуда. Мұның түбегейлі шешімі қалай болатынын дөп басып айту қиын. Ал басылымдардың логотипін латынға ауыстыруы – көзді үйрету. Бұл сол редакция ұжымымен, сол құрал-жабдықпен, сол баспамен латын тіліндегі газетті емін-еркін шығаруға болады дегенді дәлелдеу. Кітап шығару да сол. Алайда қазір жарияланған азды-көпті дүниеден-ақ біраз мәселе көрінді. Апостроф жазуының кемшіліктері көзге ұрып тұр. Мәтіндер шашырап, оның оқылуы қиындық туғызуда. Бұл да бәлкім, осы жағдайды түсіну үшін де керек шығар. Сол тұрғыдан қарағанда, аз уақытта кемшіліктері айқындалды. Екіншіден, эксперимент ретінде сол газеттерде латын қарпінде жазылған мақалаларды «Google»-ден іздесеңіз, таппайсыз. Өйткені апостроф жазуы сөздің мағынасын, адам аттарын бөліп жібереді. Бұл жасалып жатқан саясаттың кемшін тұсын ұғыну үшін де керек шығар. Бірақ мекеме, ұйымдардың атын латынға ауыстыру – артықшылық. Бұл шолақбелсенділердің әрекеті, сол сияқты шын ниеттілердің жұмысы болуы мүмкін. Ең бастысы, латын қарпіне көшу деген көште лаң шығарып, ел-жұртқа мазақ болмау жағын ойлаған жөн», – деп жауап берді. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыға салынған сәтте Qamshy.kz порталының жетекшісі, ұлттық комиссиядағы жұмыс тобының мүшесі Біләл Қуаныш қаріп ауыстыратын арнайы конвертор жасауға ұсыныс білдіріпті. Мәдениет және спорт министрлігі 56 млн теңге бөлмек те болған көрінеді. Алайда осы жұмыс тобының тағы бір мүшесі, IT маманы Рымбек Ізғали конверторды тегін жасауға болатынын дәлелдеп шыққан екен. Осыдан кейін 56 миллион теңгеге бағаланған конвертор жобасы күн тәртібінен алынып тасталған сияқты.