Әліпбидің нұсқасы айқындалды ма?

Әліпбидің нұсқасы айқындалды ма?

Әліпбидің нұсқасы айқындалды ма?
ашық дереккөзі
Былтыр бүкіл қазақ елі рухани жаңғыруға күш салды. Себебі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргелі бері қоғамның түрлі саласында рухани жаңғыру шаралары белсенді түрде қолға алынды. Оның көш басында тұрғаны – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Себебі бүгінде әлемде 4 млрд 200 млн адам осы латын әліпбиін қолданады. Бұл – әлем халқының 60 пайызға жуығы. Президент латын қарпіне көшу жайында 2012 жылы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген еді. Сол кезде бұл мәселе ақпарат құралдарында дүркін-дүркін көтерілсе де, жаппай қолдауға ие бола қоймаған. Тіпті, былтыр қызу талқыға айналған Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», – деуі бұл мәселені кейінге ысыра берудің орынсыз екендігін қаперге салған болатын. Осылайша, латын қарпіне көшу мәселесі жайлы әу баста қоғамда екіұдай пікір туындағанмен, соңғы уақытта тың серпіліс пайда болды. «Түркістан» газетінің жанындағы «Алдаспан» пікірсайыс алаңында да латын әліпбиіне көшудің себеп-салдары туралы бірнеше отырыс өтіп, тұшымды пікірлер айтылды. Бұл талқылауда айтылған ойлар мен ұсыныстар дер кезінде ескеріліп жатты да. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова: «Ең алдымен, басты мәселе тілдік фактор. Егер біз кирилл жазуында қала беретін болсақ, қазақ тілінің өзін-өзі сақтау иммунитеті жойыла береді, жойыла береді. Ақырында түбіне жетеді. Иммунитет деп отырғанымыз – жай абстрактілі нәрсе емес. Кез келген тілден енген сөздерді игеру механизмдері болады. Ол механизмдердің біріне сөзді аудару жатады. Егер ол механизмдер жоқ болса, келесі бір жолы бар. Өзге тілден енген сөздердің дыбысталу жүйесін өзінің артикулияциялық базасына салып, өзінше алу. Сондай жолмен біздің тіліміз көптеген тұрмыстық заттық атаулармен байыды. Мәселен, резеңке, бәтіңке, бөрене, әмірхан. Солардың бәрі қазір ешбір орыс танымайтындай өзгерген. Енді бір қызығы, жетпіс жыл бойы осы механизм жұмыс істемеді. Неге? Кирилл графикасы біздің санамызда орыс жазуын орыс тілінде жаз деген мықты стереотип қалыптастырды», – деп еді. Ал «Алдаспанның» келесі бір отырысында филология ғылымдарының профессоры Әлімхан Жүнісбек: «Өткен ғасырдың 1950 жылдарының ортасында қазақ жазуына реформа жасалды. Ол кезде де айтыс-тартыс көп болды. Бірақ ол саяси реформа еді. Астарында не жатты? Мақсат – қазақ тілінің айтылуын, жазылуын орыс жазуына икемдеу. Сол реформаның нәтижесін қазір көріп отырмыз. Осы реформаның бағдарымен өскен көзі ашық тіл мамандарының өзі бас тарта алмауда. Қазіргі әліпби – қазақ әліпбиі емес, тіпті, қазақ-орыс емес, орыс-қазақ әліпбиі. Сондықтан латын әліпбиіне өту науқанын бір әліпбиден екіншісіне өту емес, қазақ жазуына реформа жасау деп түсінген дұрыс. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, бүгін-ертең балабақшаға баратын ұрпақ үшін жасалып жатқан тірлік. Ол үшін қазақтың жазуы ұлттық болуы керек» деген пікір білдірсе, сыншы Дандай Ысқақ: «Қазақстандағы әліпби ауыстыру мәселесінің қыры көп. Мұның саяси, ұлттық, экономикалық және түркілік жағы бар. Осы уақытқа дейін саяси жағы кідіріс тудырды. Отарсыздандыру процесі жүрмей, кешігіп қалдық. Шын мәнінде, 25 жылға кешіктік. Тәуелсіздік алған жылдары сол екпінмен, қарқынмен бастап кету керек еді. Біз «әліптің артын бақтық». Ол да дұрыс шығар. Тілді қолға аламыз деп бүлініп жатқан елдер де бар. Қазір саяси билік бұл жағдайды қолға алды. Әлемдік жағдай дер кезінде күн тәртібіне қоюға түрткі жасады. Қазір бірнеше нұсқалары айтылып жатыр. Ең негізгі нұсқа – қазақтың барлық төл дыбыстары енген ұлттық әліпбиі болуы керек» деген ойын бүкпесіз айтқан болатын.

 Екі жобаның қайсысы тиімді?

Қалай десек те, латын әліпбиіне көшу – 2017 жылдың басты ұранына айналды. Президенттің мақаласын негізге ала отырып, шара өткізбеген мекеме кемде-кем. Бұл бағдарламалық мақаланың орындалуына септігін тигізу ме, әйтеуір ұйымдастырылған конференция мен басқосуда айтылған сөздерде есеп жоқ. Кейде «Латын қарпіне көшуді жеделдетейік» деп асығыстық танытқандар да, «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидасын еске салғандар да болды. Әрине, бұған дейін латынға көшкен елдерде де кемшілік болмады деу қате пікір. Олар әлі күнге сол қателіктің зардабын тартып та жүр. Бір есте сақтайтын жайт, латын әліпбиіне көшу 10-15 жылда атқарылатын жұмыс емес, ол да бір эволюциялық дамудан өтеді. Латынға көшу процесі Өзбекстанда 24 жылға, Әзірбайжанда 9 жылға, Түркияда 30 жылға созылды. Демек, «Латын – өркениетке ашылған кең терезе» немесе «Латынға көшу – заман талабы» екенін білсек те, әлгі «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидасы осы мәселеге дөп келеді. Жалпы, Елбасы латын қарпіне көшу мәселесін араға жылдар салып бекер тілге тиек еткен жоқ. Осы салаға қатысы бар мамандардың пікірін тыңдап, арнайы ұсыныстардың жасалуына мүмкіндік берді. Тіпті, арнайы құрылған ұлттық комиссияға 100 жоба түскені ақпарат құралдарында жария етілді. Алайда соның ішінен тіл нормасына сай, үйлесімді нұсқа таңдап алынды ма? Қазір латын қарпіне көшуге байланысты екі жоба көпшілік талқысына ұсынылды. Бірінші жобаны Парламентте таныстырған Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов латыншаға көшудегі қазақтың төл дыбыстарын қолдануды түсіндіре келе: «Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін жасауда «бір әріп – бір дыбыс», «бір әріп – екі дыбыс» және «бір дыбыс» принципі қолданылды. 25 таңбалы әліпбиге қосымша қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын 8 деграфта ұсындық. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды. Біз, латын әліпбиіне көшу бойынша комиссия мүшелері, ақылдаса келіп, 25 дыбыстан тұратын әліпби нұсқасын жасап шықтық. Диграфтар арқылы қазақтың төл дыбыстарын сақтауға болады» деген еді. Алайда қоғам бұл жоба бойынша кейбір сөздердің жазылуын келемежге айналдырып, кемшін тұсын көрсетіп берді. Бұдан кейін ұсынылған «апостроф» жоба туралы да жағымды һәм жағымсыз пікір аз айтылып жүрген жоқ. Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов: «Тамыздың аяғында әліпби турасында жұмыстар аяқталып, үш нұсқа қалды. Үш нұсқадан таңдалып, алдымен Парламентке диграфтық нұсқа ұсынылды. Ол нұсқаға байланысты көптеген сұрақтар болды. Одан кейінгі апостроф нұсқасы… Жалпы айтқанда, қоғамда «диграф нұсқасынан кейін іле-шала бір-екі айдан кейін әліпбидің апостроф нұсқасы дайын бола қалды. Әліпби соған байланысты шала болды» деген бір пікір бар. Ол пікір орынсыз», – дейді. Республикалық орталық директорының айтуынша, латын әліпбиін жасаудың үш әдісі бар. «Біріншісі, диграфтық, екіншісі – апострофтық, үшіншісі – диалектикалық тұрғыда жасақтау. Бұл үшеуі 2000 жылдардың басынан Қазақстанда айтылып келе жатқан нұсқалар», – дейді ол. Бір айта кетерлігі, соңғы жоба бойынша кейбір республикалық басылымдар логотипін ауыстырып, арагідік мақалаларын латынша жариялап та жүр. Ол ол ма, жақында латын тіліндегі алғашқы кітаптың да тұсауы кесілді. Көзі қарақты халық «бұл халықтың көзін латын әліпбиіне үйрете беруден туған жанашырлық» деп қабылдады. Айтпақшы, желтоқсан айында Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша әлі де нақты шешімнің қабылданбағанын айтты. Оның айтуынша, дәл осы себептен апострофты латын әліпбиін қолданысқа енгізу әлі ерте. «Ұлттық комиссия қазақ тілі латын әліпбиі бойынша нақты шешімге келген жоқ, сондықтан «апостроф» әліпбиін газеттерде я басқа жерлерде пайдалануға әлі ерте», – деп жазды Тоқаев өзінің Twitter желісіндегі парақшасында. Дегенмен бұл оның жеке азаматтық көзқарасы ғана. Соған қарамастан, соңғы жобаның авторы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек мырза «Фэйсбуктегі» парақшасында Тоқаевтың пікірін «Керемет жаңалық!» деп бөлісіп қойғанына таңғалдық. Сонда Ерден Қажыбек мырза өз мекемесінің атынан ұсынылған жобаны қорғаудың орнына, оған қарсы болғаны ма?! Ал бүгінде қоғам дұрыс-бұрыстығына қарамай, қолдаған жоба жайында белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның пікірін сұрағанымызда, ол: «Бір жағынан мұны ағартушылық, қоғамды дайындау жұмысының бөлігі деп қарастырса болады. Жұрттың көзі үйрене берсін деген ой. Яғни, латынша жазу үшін қаражат һәм техника қолданудың қажеті жоқ дегенді дәлелдеу шығар. Бұл таза латын қарпіне көшуді насихаттау жағы. Екіншіден, болашақта қай әліпбиді қабылдаймыз? Қай нұсқа бізге қолайлы?» деген мәселе екіұшты. Ал мемлекеттік мекемелердің маңдайшадағы жазуын латынша жазуы асығыстық сияқты. Мәселен, Атырау облыстық әкімшілігі, Ақтау қалалық әкімшілігі, т.б. мекемелер елдің алдына ерте түсіп жатыр. Ертеңгі күні шу болған әңгімеге қосымша дау туғызады немесе қылау түсіреді деп ойлаймын. Ертең басқа жоба қабылданса, олар жұрттың көзіне қалай қарайды? Қазір апостроф деген мәселе дау болуда. Мұның түбегейлі шешімі қалай болатынын дөп басып айту қиын. Ал басылымдардың логотипін латынға ауыстыруы – көзді үйрету. Бұл сол редакция ұжымымен, сол құрал-жабдықпен, сол баспамен латын тіліндегі газетті емін-еркін шығаруға болады дегенді дәлелдеу. Кітап шығару да сол. Алайда қазір жарияланған азды-көпті дүниеден-ақ біраз мәселе көрінді. Апостроф жазуының кемшіліктері көзге ұрып тұр. Мәтіндер шашырап, оның оқылуы қиындық туғызуда. Бұл да бәлкім, осы жағдайды түсіну үшін де керек шығар. Сол тұрғыдан қарағанда, аз уақытта кемшіліктері айқындалды. Екіншіден, эксперимент ретінде сол газеттерде латын қарпінде жазылған мақалаларды «Google»-ден іздесеңіз, таппайсыз. Өйткені апостроф жазуы сөздің мағынасын, адам аттарын бөліп жібереді. Бұл жасалып жатқан саясаттың кемшін тұсын ұғыну үшін де керек шығар. Бірақ мекеме, ұйымдардың атын латынға ауыстыру – артықшылық. Бұл шолақбелсенділердің әрекеті, сол сияқты шын ниеттілердің жұмысы болуы мүмкін. Ең бастысы, латын қарпіне көшу деген көште лаң шығарып, ел-жұртқа мазақ болмау жағын ойлаған жөн», – деп жауап берді. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу мәсе­лесі талқыға салынған сәтте Qamshy.kz пор­талының жетекшісі, ұлттық комиссиядағы жұмыс тобының мүшесі Біләл Қуаныш қаріп ауыстыратын арнайы конвертор жа­сауға ұсыныс білдіріпті. Мәдениет және спорт министрлігі 56 млн теңге бөлмек те болған көрінеді. Алайда осы жұмыс тобының тағы бір мүшесі, IT маманы Рымбек Ізғали конверторды тегін жасауға болатынын дәлелдеп шыққан екен. Осыдан кейін 56 миллион теңгеге бағаланған конвертор жобасы күн тәртібінен алынып тасталған сияқты.