Алматыда Internews Network пен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының қолдауымен “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының ұйымдастыруымен тренерлерге арналған тұңғыш қазақ тіліндегі тренинг өз мәресіне жетті. Тренингке Қазақстанның әр түкпірінен арнайы конкурс арқылы таңдалып алынған 12 медиатренер қатысты. Айта кету керек, бұндай тренингтер қазақ тілінде бұдан бұрын өткізілмеген еді.
– Ешбір тренингтерде дәл осылай терлеп тепшіп, миды аударып-төңкеріп отырмаған болармыз. Екі күн бойы алған ақпаратымыз аз емес. Асхат пен Есенгүл апай бүге шегесіне дейін түсіндіруде. Ешнәрсе тыс қалған жоқ деп ойлаймын. Үшінші күн қатысушыларға тиесілі. Бір жолда бірден он екі адамның тәжірибесімен бөлісемін деп ойламаппын. Маған сондай пайдалы болды, – дейді шымкенттік медиатренер Раушан Мақым.
– “Интерньюс” ұйымдастырып жатқан ТоТ тренингі мен үшін аса пайдалы болды дер едім. Күнде көріп жүрген Есенгүл апайымыз бен Асхат Еркімбайдың тренингі, расымен де, берері мол, кәсіби жағынан пайдалы дүние болды. Өзімнен өзге 11 қатысушының әрқайсысынан әлдене үйрендім. Әрқайсысына қызықтым. Бірінен еркіндікті, бірінен кіршіксіз тазалықты, енді бірінен ашықтықты дегендей. Кәсіби машықтар өз алдына, – дейді алматылық медиатренер Жұлдыз Әбділда.
– Қазақ тілінде мұндай тренингтер өте аз өткізіледі. Тренинг әдіснамалық тұрғыдан да, мазмұн жағынан да өте жоғары деңгейде өтті, — дейді алматылық медиатренер, www.gonzo.kz сайтының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай.
"Түркістан-ақпарат"