Жаңалықтар

Мақсат – айқын, міндет – зор

ашық дереккөзі

Мақсат – айқын, міндет – зор

«Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы Саяси Кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысы өткен жылы атқарылған істерді қорытындылап, 2018 жылғы мақсат-міндеттерді айқындады. Облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиында партиялық жаңғырудың мақсат -міндеттері, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламаларының  жүзеге асуы, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Аграрлық сектор», «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағытындағы комиссиялардың атқарған  жұмыстары, сондай-ақ  депутаттық фракциясының  2018 жылға арналған жұмыс жоспары мен қабылдау кестесін бекіту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің және партия филиалының партиялық бақылау комиссиясының құрамын бекіту секілді 7 мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясы жанындағы «Индустриалық, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау» бағытындағы комиссияның жетекшісі, облыстық Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов баяндады. Өңірде 2017 жылға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілері құрылысына және жылу-энергетикалық жүйесін дамытуға барлығы 3263,0 млн теңге қаржы қаралған. Оның 2832,7 млн теңгесі  13 жобаға  ұлттық қордан бөлінді. 13 жобаның екеуі 2016 жылдан өтпелі, 11 жоба жаңа құрылыстар. – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілері құрылысына қаралған қаржы желтоқсан айына толық игеріліп, жоспар 100 пайыз орындалатын болады, ‒ деді комиссия жетекшісі  Асқар Махамбетов. «Аграрлық сектор» бағытындағы комиссияның атқарған жұмыстарын комиссия жетекшісі, аймақтық тәлімгер Бақдаулет Мақашов баяндап,  «Агробизнес 2017» бағдарламасы бойынша оң өзгерістерді атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің  жалпы көлемі 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда  4,1 пайызға артқан. Бағдарламаның индикативтік жоспарын іске асыру мақсатында 2017 жылы «Сыбаға»  бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 70 шаруашылық 432,8 млн теңге несие алып, 2507 бас сиыр және 120 бас асыл тұқымды бұқа сатып алып, жоспарды 119,4 пайызға артығымен орындаған. Қой шаруашылығындағы фермерлік шаруашылықтарды дамыту «Алтын асық» бағдарламасы аясында 11 шаруашылық 56,5 млн теңге несие алып, жоспарды 151,3 пайызға, «Құлан» бағдарламасы аясында  жоспар 101,8%-ға орындалған. – Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нарықтық сұранысқа ие өнімдерді өндіру және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту бағыты бойынша ағымдағы жылдың тамыз айында Иранға алғашқы рет 812 бас  қозы және Біріккен Араб Әмірлігіне 1132 бас қозы экспортқа шығарылды, – деді өз сөзінде Бақдаулет Мақашов. «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағытындағы комиссияның  атқарған  жұмысы туралы аймақтық тәлімгер, комиссия жетекшісі, мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығының директоры Райхан  Ысқақованың хабарламасы тыңдалып, ұсыныстары ескерілді. Бюро отырысын қорытындылаған облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күн тәртібіндегі мәселелер бойынша айтылған ұсыныстарды қолдап, жұмысты жетілдіру бағытында тиісті тапсырмалар берді. Бюро шешімімен  күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.