Орман сәнін отағандар жазадан құтылмайды
Орман сәнін отағандар жазадан құтылмайды
Жаңа жылға санаулы күн қалды. Бұл уақыт орманшылар үшін мазасыз кезең. Себебі желтоқсан айында бірер күндік мереке, бір сәттік қызық үшін орманды отап, шыршаларды кесіп алып кететіндердің қатары көбейе түседі.
Өткен жылдың деректеріне сүйенсек, Жаңа жыл қарсаңында Ішкі істер министрлігі мен орманды қорғау органдары бірлесіп жүргізген шаралардың нәтижесінде мерекелік шыршаларды заңсыз кесудің 19 фактісі, 3 заңсыз тасымалдау және 26 заңсыз сату деректері анықталған. 80 құқық бұзушы ӘҚБтК-нің 204-бабы бойынша шыршаларды белгіленбеген жерлерде құжатсыз сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ағаштарды заңсыз шабу, дайындау, тасымалдау және сатуды анықтауға, сондай-ақ бұндай әрекеттердің жолын кесуге бағытталған профилактикалық іс-шара кезінде 209 дана шырша тәркіленді. Мәселен, Семей қаласында жергілікті 5 азамат 4 дана қылқан жапырақты ағаштың өскіндерін заңсыз тасымалдағаны анықталды. Бұдан бөлек, Ақмола облысы ІІД Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері «Бурабай Шеп» бекетінде Көкшетау қаласының тұрғыны ешқандай тиісті құжатсыз 60 дана шыршаны Көкшетау қаласынан Степногорск қаласына заңсыз тасымалдағанын әшкереледі. Жалпы, өткен жылы Жаңа жыл қарсаңында табиғатқа келтірілген залал сомасы 1,3 млн теңгеден асып жығылған.
Былтырғыдай жағдай қайталанбас үшін биыл Шығыс Қазақстан облысының орман шаруашылығы қызметкерлері аймақтағы шыршаларды, оның ішінде жас өскіндерді өз бақылауларына алды. Қазір Тархан орманшылығындағы стационарлық бекетте тәулік бойы кезекшілік қойылған. Бұдан бөлек, жас өскіндердің заңсыз кесілуіне жол бермеу үшін арнайы 5 мобилді топ құрылған.
«Биыл 1 ақпаннан бастап қылқан жапырақты ағаштарды қиюға тыйым салынғандықтан, жаңажылдық шыршаларды дайындау көлемі едәуір азайды. Шыршалар тек мәдени-бұқаралық шараларға облыстық табиғи ресурстар басқармасының рұқсатымен заң аясында беріледі», ‒ дейді Өскемен орман шаруашылығының орманды қорғау және сақтау жөніндегі инженері Нұрлан Сәттібаев.
Жаңажылдық шыршаларды тасымалдаушыларда тиісті құжаттарының болуы да қатаң бақылауға алынған. Орманды заңсыз отаушыларға қолданылар жаза күшейтілген. Табиғатқа зиян келтіріп, шырша ұрлағандарға салынатын айып мөлшері өте қомақты. Қылқан жапырақты тұқымдардың жас шыбықтарын заңсыз кескені үшін тұрғындар Қылмыстық Кодекстің 340-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылып, заң бұзушыға 1 млн теңгеге дейін айыппұл салынады. Биылғы 20 қарашада АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мемлекеттік орман қорының аумағында қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының жас шыбықтарын заңсыз кесудің алдын алу және болдырмауға бағытталған іс-шараларды белсенді жүргізу туралы №17-1/299 бұйрығы да шыққан.
‒ Қылқан жапырақты ағаштар – аса құнды өсімдіктер. Мұндай ормандар жел мен су эрозиясынан сақтайды, ылғалды ұстап, жинайды, бұл ағаштардың тұқымдары мен жасыл шыбықтарында көптеген дәрілік заттар бар. Бірақ осындай аса бағалы ағаштар өте баяу өседі. Жаңажылдық шыршаларды дайындау қазіргі уақытта тек қана ағаштарды күтіп-баптау мақсатындағы кесу алқабы есебінен, сондай-ақ, арнаулы жаңажылдық плантацияларда жүргізіледі. Осындай орындарда өсіріліп жатқан және кесу мақсатындағы шыршалардан өзге ағаштарды кесуге болмайды, ‒ дейді «Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы» РММ бөлімінің басшысы Алексей Морозов.
Шығыс Қазақстан облысының мектептерінде, балабақшаларында және басқа мекемелерінде мәдени-жаппай іс-шараларды жүргізу үшін шыршаны сатуға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің рұқсат қағазы керек. Ұйымдар мен мекемелерге жаңажылдық шыршалар тек өтінімдер бар болған кезде ғана босатылады.
Солтүстік Қазақстан облысының орманшылары да шыршаларды қорғау жұмыстарын күшейтті. Бүгінде аймақтың 432,9 мың гектар жерін орман алқаптары алып жатыр. Оның 4 пайызында Жаңа жылдың нышаны – қылқан жапырақтылар тамыр жайған. Мереке қарсаңында өңірде жайқала өскен әсем шыршалар ара тісіне ілігіп, кесілу қаупі артатындықтан облыс орманшылары табиғатты қорғау жұмыстарын ерте қолға алды. Бүгінде Қызылжар ауданында 4 орманшылық бар. Оның бірі «Куйбышев» деп аталады. Осында еңбек ететін Өлмес Нұртазин өз қарамағындағы 200 гектар алқапты тәулігіне 3 мәрте аралап, тексеріп шығады. Ондағы мақсат – қылқан жапырақтылардың көлденең көк аттылардың қолында кетпегеніне көз жеткізу.
Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында 12 орман шаруашылығы тіркелген. Олар заңсыз ағаш кесу қылмыстарын болдырмау және орман қорын сақтау мақсатында жұмыс істейді. Соның арқасында соңғы жылдары өңірде браконьерлік фактілері азайған. Қазір өңір саудагерлеріне тек көрші елдерден әкелінген шыршаларды сатуға рұқсат етілген. Олардың әрбірінің діңінде арнайы мөр болуы тиіс.
Жаңа жылдың басты нышаны Павлодардың сауда орындарында да қызу саудалануда. Аймақта орманды заңсыз отаушыларға қарсы күрес қатаңдатылғандықтан, бүгінде жергілікті тұрғындар үйлеріне көбінесе жасанды шыршалар орнатады. Мамандардың айтуынша, өңірде биылғы жылы қылқан жапырақты ағашты кесудің бірде бір оқиғасы тіркелмеген. Облыс аумағында Ресей аймақтарынан, оның ішінде Сібірден жеткізілген қарағайлар мен шыршалар сатылуда. Қала базарларында қылқан жапырақты ағаштардың түр-түрі самсап тұр. Қымбаты да, қалтаға салмақ түсірмейтін арзаны да бар. Мәселен, Сібірдегі тұқымбақтардың бірінде өсірілген биіктігі төрт метр болатын шыршаны сатушы 15 мың теңгеге бағалапты.
Жалпы, мереке қарсаңында Павлодарға 4 мың дана ағаш жеткізілген. Рұқсат қағаздарын он алты бақылау бекеті тексереді. Ал аймақтағы жасыл белдеуді 38 мобильді топ қадағалайды. «Қазір бақылау күшейді. 21 желтоқсанға дейін заңсыз кесілген шыршалар тіркелген жоқ. Тексеру шаралары қаңтарға дейін созылады. Сатылған ағаштардың құжаттарын тексеріп, сауданың заңды екеніне көз жеткіземіз», ‒ дейді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясы жетекшісінің орынбасары Қайрат Әбілбаев.
Ертіс өңірі жасыл желек қоры бойынша елімізде үшінші орында тұр. Павлодар облысындағы орман алқаптары 260 мың гектар аумақты алып жатыр. Тоқсаныншы жылдары өңірдің орманы аяусыз оталды. Қасақана от қойып, артынан өртенген алқаптардың ағашын сатып пайда тапқан қаскөйлер Шалдай орманын жойып жіберуге аз қалған болатын. Экологтар мен БАҚ өкілдерінің араласуынан кейін орманды отауға тыйым салынды. Бүгінде облыста барлық мемлекеттік мекемелер, мектеп, балабақшалар жасанды шыршалар орнатады. Жарияланған мораторийдің мерзімі келер жылдың қаңтар айында аяқталады. Табиғатты қорғау полициясы оны тағы бірнеше жылға ұзартуды талап етпек. Әйтпесе, бір күндік қызық үшін табиғат ғажайыбын аяусыз талқандаудан тайынбайтындарға тосқауыл қою қиындап кетуі мүмкін.