Роза Әлқожа: Әр отбасының шағын бизнесі болса деп армандаймын

Роза Әлқожа: Әр отбасының шағын бизнесі болса деп армандаймын

Роза Әлқожа:  Әр отбасының  шағын бизнесі  болса деп  армандаймын
ашық дереккөзі
Өнерде әркімнің өз жолы, өз орны бар. Тіпті әр әншінің қалыптасқан өз тыңдарманы бар. Тыңдаушының жүрегіне назды әндері арқылы жол тапқан белгілі әнші, композитор Роза Әлқожа көпбалалы ана ретінде де халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп келеді. Бүгінде өнер мен  жеке кәсіпті қатар дөңгелентіп жүрген Розадан біз де сыр суыртпақтауға тырыстық. – Өнердегі бағыңды жандырған «Мен сыйға тартқан орамал» әні екені белгілі. Халық сені осы ән арқылы таныды. Бұл ән өзіңе де ыстық сияқты... – Иә, осылай десе де болады. «Мен сыйға тартқан орамал» әнін 18 жасымда жаздым. Бұл әннің шырқалғанына да 18 жыл болыпты. Ал сахнада орындап жүргеніме 15 жыл толды. Осыдан-ақ уақыттың зымырап бара жатқанын аңғарғандай боламын. Соған қарамастан «Мен сыйға тартқан орамал» әні өміршеңдігін сақтап келеді. Құдайға шүкір, осы ән арқылы әнші ретінде танылдым. Ал таңқаларлығы сол, қаншама ән жазып, көптеген автордың әнін орындап жүрсем де, ешқайсысы дәл осы әндей ғұмырлы болмапты. Кейде бұл әннің ерекше қасиеті бар сияқты көрінеді. Бәлкім, әннің құдіреті ме екен, әлде ән мен сөз керемет қабысып, үндесе қалды ма екен, әйтеуір таңым бар. – «Мені жұрт «Орамалды айтатын қыз» деп таниды» дегенің есімде. Осыдан екі жылдай бұрын орамал кәсібін ашқаныңды білеміз. Мұндағы мақсат не? Орамал арқылы өзіңді халыққа кеңірек таныту ма, әлде қаржылық әлеуетті көтеру ме? – Қазіргі кезде бір кәсіппен жүруге де болмайтын сияқты. Себебі әнші ретінде тапқан табысымның басым бөлігі шығармашылығымды шыңдауға, дамытуға жұмсалады. Әрине, онсыз шоу-бизнестегі орныңның сақталып қалуы неғайбіл. Сол себептен осы кәсіпті бастаған жайымыз бар. Біз орамалды негізінен елімізде тігеміз. Ал мата Оңтүстік Кореядан, Қытайдан әкелінеді. Жалпы бізде жеңіл өнеркәсіп дамымай қалғандықтан, әсіресе, тігінге қажетті дүниенің бәрі сырттан алынады. Өзіміз матаға ою басамыз, шетін көмкеріп, кесте тігеміз. Міне, осыдан кейін дүкенге сатылымға шығарамыз. Бүгінде ел бойынша 19 дүкен бар. Үлкен дүкендер Шымкент, Қарағанды, Семей, Ақтөбе, Атырау қалаларында ашылды. Ал тауар негізгі нүкте Астана мен Алматыдан таратылады. Тіпті халық таңдауына ілігіп, біздің орамалмен Мәскеу тұрғындары да танысты. – Кәсіпкерлік те тілін, ебін тапқан адамға қонады дейді ғой. Әншіге кәсіп ашу қол ма екен? Қазір бизнес қалай жүріп жатыр? – Кәсіпкерлік әншіге қол ма?! Біріншіден, бұл адамның уақытын алады екен. Бір қырынан қарағанда, бұл да шығармашылықтың бір түрі. Бүкіл күш-қуатыңды, ой-қиялыңды жұмсауға тура келеді. «Мен сыйға тартқан орамал» брендімен еліміздегі 19 дүкенде орамалдың 90-ға жуық түрі сатылуда. Бізден шығатын әртүрлі орамалдың ұтымдылығы сол, барынша әдемі әрі матасы сапалы. Құдайға шүкір, қазір ақ жаулығымыз ақ самайлы әжелеріміздің, кеше түскен жас келіндердің басында желбіреп жүр. – Демек отбасылық бизнес деуге болатын шығар. Үнемі гастрольде, той-томалақта жүресің. Бұл кәсіппен көбінесе кім айналысады? – Иә, отбасылық бизнес деуге әбден болады. Шынында да, бұл бизнес үнемі қадағалауды қажет ететіндіктен, сенім білдіретін адамдарды жұмысқа алдық. Бұл бизнеске әу бастан жұбайым Айдын Қаба жауапты. Одан басқа екі сіңлім Перизат пен Бибайшаны, әпкем Базаргүлді жұмысқа тарттық. Әйтеуір қолдан келгенше орамалды еліміздің өңірлеріне сатылымға шығаруға күш салып келеміз. Тіпті әр өңірден шаңырақ көтерген жас отбасылар, қыз-келіншектер де хабарласып, бізге жұмыс істеу үшін құлшыныс білдіріп жатады. Әрине, бір жағынан өздеріне жақсы. Әрі жұмыс, әрі насихат. – Шағын кәсіп иесі ретінде айтшы, елімізде кәсіп ашып, еңбек етемін деген адамға жағдай жасалған ба? Әлде қандай да бір кедергілерге тап болу заңдылық па? – Біз бәрін нөлден бастадық. Кәсіпкерлік туралы ақпарат та болған жоқ. Алғашқы кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, орынды жалға алу деген сияқты нәрселерді білген жоқпын. Өмірдің өзі үйретеді екен. «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» демекші, бәрі тәжірибемен келетіні белгілі. Әрине, қиындықсыз нәтиже болмайды ғой. Бірақ еңбектенген, ізденген адамға жол қайдан болсын ашылады. Бір өкініштісі, көбінесе кәсіпке қатысты білім жетпей жатады. Орамал бизнесі көзсіз батырлықпен жасалған дүние болғандықтан, бәрін тәжірибе барысында үйреніп жатырмыз.  – Кез келген істі бастау қиын. Ол қомақты қаражатты да талап етеді. Кәсіп ашу үшін шамамен қанша қаржы қажет? – Кәсіп бастау үшін кемінде 2-3 млн теңге керек. Мысалы өзім орамалдың идеясын сатып алуға, сондай-ақ, оның тұсаукесеріне 2-3 млн теңге жұмсадым. Себебі тұсаукесерге келген қыз-келіншектің барлығына орамалды тегін сыйға тарттық. Сөйтіп тауар бітіп қалып, дүкеніміз бір апта жабық тұрды. Одан кейін қайта тауар алып, сатылымға шығардық. Тіпті мата сатып алуға, жалға алған орынға көп қаржы жұмсап, шығынды қайтара алмай қалған кездер болды. Қазір барлығы жолға қойылып, кәсібіміз өз ағысымен ілгері жүріп келеді. – Былтыр өз брендің болып табылатын орамалдың көшірмесі қара базарда қаптап кеткенін айтып едің. Сол кезде бұл мәселені аяқсыз қалдырмаймын дегеніңді де естідік. – Мұндай оқиғалар көп кездесті. Орамалымыздың көшірмесі де қаптап кетті. Басында шамданып, сотқа береміз деп туладық, эмоцияға берілдік. Бірақ бұл мүмкін емес екен. Орамалдың бизнес екенін түсінген адамдар қазір Қырғызстан, Қытайдан шығарып жатыр. Білсеңіз, Қытай мен Қырғызстанға барып, біздің орамалдың көшірмесін жасатып жатқан да – өзіміздің қазақтар. Сондықтан көрші елдерге де, оны сатып жатқан адамдарға да ешқандай өкпе жоқ. Оған ренжімеймін де, қайта қуанамын. Бұл – бәсекелестік. Олармен соттасып, қарабет болып қайтеміз? «Күріштің арқасында күрмек су ішіпті» демей ме?! Бәлкім, солай да біреулердің ақша тапқаны дұрыс шығар. Ал шын мәнінде, қазақы оюларды тек орамалға ғана емес, сырт киімдерге, бешпет, қамзолдарға да салуға болатыны жайында ой тастасақ, бұл біздің мақсатымыздың орындалғаны болар еді. Әрбір қазақ ұлттық салт-дәстүрін, ою-өрнегін дамытса, нағыз патриоттық рух тумай ма? – Қазір ән жазу да, бейнебаян түсіру де қыруар ақша. Бір ән жазып, оған бейнебаян түсіру оңай емес. Оның үстіне орамал бизнесіңді дөңгелету керек. Осының бәріне тапқан табыс жете ме? – Әрине, шоу-бизнес болған соң, одан түскен қаржыны орайымен пайдалану қажет. Оның шетінен алып отыруға болмайды. Әншілік өнерді әрі қарай дөңгелетіп әкету үшін тапқан табысымызды барынша әнді өңдеуге, бейнебаянға, киімге жұмсаймыз. Өзім көп бейнебаян түсірмесем де, бірақ жұрт сүйсініп көретін бейнебаяндарым баршылық. Бастапқы кезде патриоттығым ұстап, бейнебаянды елімізде түсірдік. «Жүрек назы», «Жылатқаның неткенің» атты әндерге бейнебаян түсіргенде байқағаным, біздің клипмейкерлер аузын арандай ашады. Қарапайым бейнебаянның өзіне 25 мың долларға дейін сұрайды. Ал графика десеңіз, тіпті қымбаттатып жібереді. Көрші мемлекеттер соның жарты бағасына ғана тәп-тәуір бейнебаян түсіріп береді. Сапасы да біздікіне қарағанда жоғары. Сондықтан бұл жерде патриоттық та жайына қалады екен. Осылайша, «Әпке» атты әнге бейнебаянды Ташкентке барып түсірдік. Одан кейін Ташкенттен Батыр Момынов деген режиссерді арнайы алдыртып, «Бала балапан» деген әнге бейнебаянға үйде балалармен бірге түстік. Сол сияқты «Арқада салған ән қандай» атты әнге бейнебаян түсіреміз деп, Астана, Көкшетау, Қарағанды қалаларында төрт күн болдық. Өзім көлігіммен барлық топты алып жүрдім. Кеткен қаржыға келсем, қонақүй, тамақ, режиссердің еңбегі, тіккен костюмің бар, бәрі шамамен 5 мың АҚШ доллары болды. Бір бейнебаянның өзіне 3 костюм тіктірдім. Стилистің жұмысы да ақша. Өзім танитын бет әрлеушінің өзіне 200 мың теңге кетті. Ал режиссердің еңбегі – 2 мың доллар. Одан бөлек техниканы жалға алу мәселесі тағы бар. Қысқасы «Шығын шықпай, кіріс кірмейді». Егер бейнебаянды әжептәуір ақшаға сапалы түсірсең, жұрт сүйсініп көреді, тамашалайды. Тіпті бұдан екі есе ақша шығындайтындар бар. Оның жанында біздікі жіп есе де алмай қалады. Дегенмен «көрпеге қарай көсілу» деген бар. Бұған да шүкір. – Орамал бизнесі болмағанда, тағы басқа қандай кәсіп көзін табуың мүмкін еді? – Бәлкім, басқа бизнес ашпайтын да едім. Менің бар ойым – қазақтың ою-өрнегін насихаттау, киімдерге кішкене өзгеріс енгізіп, жұрттың өзін қазақ екенін сезініп, әдемі әрі сәнді киініп жүруі ғана. Орамал кәсібінің әу бастағы мақсаты осы. Бизнес үшін ең алдымен идея керек. Ал идеяны іске асыру қиын. Сондықтан әр отбасында шағын бизнес болса артықтық етпейді. Кейде тағы бір кәсіп ашып көрейін десем, ойыма ештеңе келмейді. Бір жағынан кәсіпті адал жолмен жүргізу де мен үшін маңызды. Содан болар мейлінше адамды жақсылыққа жетелейтін кәсіп ашу керек деп ойлаймын. – Тойдың көп болғаны – әншінің табысының артқаны. Кейбір әншілер «мен тойға мынандай ақшаға барамын...» деп ұсынысты кері қайтарып жатады. Бұл көпшіліктің наразылығын тудырады емес пе?! – Өзім бұрыннан 2-2,5 мың долларға барамын. Көптеген әншілерді білемін, ә дегеннен 6-7 мың АҚШ доллары деп айтып жатады. Сондай кезде ертеңгі күні оның ақыретте сұрауы қалай болады екен деп ойланып қаламын. Туысқан, жора-жолдас, таныстардың тойына тегін барып жатамыз. «Шамам осыған ғана жетеді» дегендерді де түсінеміз. Қатып қалған ештеңе жоқ. Оның барлығы сол кездегі уақытқа, күш-қуатқа байланысты. Соңғы кезде отбасыма, балаларыма да көңіл бөле алмай жүрмін. Сондықтан қазір маңызды деген жерлерге ғана баратын болдым. Өйткені адам одан да қажиды екен. – Сахналық киімдеріңді қай дизайнерге сеніп тапсырасың? Бір көйлекті тігу қаншаға түседі? – 2011 жылдан бастап «Jado» деген сән үйіне барып, киім тіктіре бастадым. Оған дейін қолымның жеткенін киіп жүрдім. Сол кездің өзінде бір костюмді 100 мың теңгеге тіктірген едім. Қазір көбінесе дизайнер Аида Кауменовадан киінемін. Аиданың көйлектері 500-1000 АҚШ долларынан басталады. Кейде 5 мың долларға дейін көйлек тіктірген кезім болды. Оның барлығы концерт үшін, елдің назарын аударып, халық алдына жарқырап шығудың қамы. Ел осылай еркелетіп, тыңдарманым алақанына салып қолпаштап тұрғанда соған лайықты киініп жүру керек деген ой маза бермейді. Сондықтан ара-тұра қымбат костюм тіктіріп тұрамыз. Ал қарапайым костюмнің бағасын әлгінде айттым, 120-150 мың теңгеден басталады. – Әншілікті де, аналық міндетті қатар алып жүрсің. Көпбалалы анасың. Қазақ ертеден «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» немесе «әр баланың несібесі бар» дегенді санасына сіңіріп өсіргендіктен, бұрын көпбалалы отбасыны көптеп кездестіруші едік. Қазіргі қыз-келіншектер бұл сөзге илана ма? Ана ретінде еліміздегі, әсіресе, ауылды жерлердегі көпбалалы аналардың жағдайы туралы не айтасың? – 2004 жылы «Жігіттер» квартетімен де бірге ән айтып, сахнаға шықтым. Одан бұрын да «Мен сыйға тартқан орамалды айтатын» қыз атанып, кассетаға әнім шығып, 2002-2003 жылдары Роза Әлқожа деп таныла бастадым. Біраз уақыт негізгі мамандығым – журналист ретінде де жұмыс істеп көрдім. Алайда мен үшін ана атану маңыздырақ көрінді. Құдайдың бергені дұрыс деп қабылдағаннан шығар, екі-үш жыл сайын бесік тербетіп, үйде көбірек отырдым. Соның салдарынан он жыл бойы қатарластарымнан қалып қойып, көзге көріне алмай, үлкен сахнаға шыға алмай, қолым жеткен жерлерде ғана ән салып жүрдім. 2010 жылы кешімді өзім ұйымдастырып, өткізгеннен кейін ғана елдің аузына ілігіп, «осындай әнші бар екен ғой» деп үлкен кісілер бағасын берді. Міне, содан кейін ғана елене бастадым деп айтуыма болады. Көпбалалы ана ретінде, бұған дейін де, қазір де бір қорқыныш бар. Өйткені балалардың киімі, мектепке қажетті құрал-жабдығы болсын, жоғары білім алуы, бәрі қымбат. Өмірге бала әкелген соң, оған жақсы тәрбие беріп, сапалы білім алуға жетелеу керек. – Бізде көпбалалы анаға, отбасыға көрсетілетін көмекке көңілің тола ма? – Көпбалалы ана ретінде мемлекеттен көмек алып жатқан жоқпын. Барлығы өз еңбегіміздің, екі жақтап тыраштанып жатқандығымыздың арқасы. Өйткені жәрдемақы, жөргекпұл түкке жетпейді. Сол себептен де аналар көпбалалы болуға талпынбайды. Бәлкім ауылды жерлерде жәрдемақы жететін шығар. Қорасында сауынды сиыры, ұсақ малы болса, көп шығын кетпейді. Ал қалада соның бәрін сатып алуға тура келеді. – Биыл өзің үшін несібелі жыл болған сияқты. Жақында Астанада өткен жеке концертіңде тыңдарманың әуезді әнмен сусындап, құлақ құрышын қандырған жайы бар. «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» демекші, келер жылдан не күтесің? – Құдайға шүкір, бұл жыл жағымды жаңалыққа толы болды. Тауық жылы туғандықтан, өзімнің жылым деп жылы қабылдап, біраз әрекет еттім. Астанаға қоныс аударып, балалардың мектебін ауыстырдық. Жаңа әндер көптеп жазылды. Соның ішінде «Арқада салған ән қандай?!» деген әнге бейнебаян түсірілді. Арқаның сұлу табиғатын, Астананың көрікті жерлерін көрсетуге тырыстық. Биыл өнерде жүргеніме 15 жылдан асты. Осыған орай 1 қазанда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында елорда жұртының сұрауы бойынша кеш өткіздім. Бір тебіренгенде «Туған ұлыма» деген өлеңге жазылған сазгер Айгүл Бажанованың әнін орындадым. «Айналайын» деген әнді Қажымұрат Шешенқұлмен дуэт боп айттық. Таяуда ақын Толқын Қабылшаның сөзіне жазылған Индира Елубаеваның «Әйел-ғұмыр» атты жаңа әнін орындап, Жадыра Байбұланованың «Мен сені сүйем, өмір!» атты өлеңіне ән жаздық. Енді осы әнге бейнебаян түсіру жоспарда тұр. Онда қатерлі дертке шалдығып, жеңіске жеткен ақын қыздың өмірі баяндалады. Сол бейнебаян арқылы жұртты өмірді сүюге шақырсақ, ол да бір сауап болар еді деп ойлаймын. Одан бөлек «Ұнайсың», «Қазағым» атты жаңа әндерім тыңдарманға жол тартты. Тағы бір айта кетерлігі, Астанадан бастап өзге аймақтарда 30-дан астам кеш өткізіп, жылдың соңын «Ән мен Әнші» мерекелік концертімен аяқтап жатырмыз. Әнші, композитор Заттыбек Көпбосын­ұлымен дуэт орындап, «Сағындырған әндер-ай» концертіне қатыссам, «Жігіттер» тобымен он үш жылдан соң Исраил Сапарбайдың «Таңдағанымсың» әнін қайта шырқадық. Алда жоспар көп. Астанадан жаңа пәтер алсақ деген арман бар. Қызымызды өнерге баптап, балапандарыммен бірге ән шырқасам деймін. Өйткені, балаларымның бәрінің өнерге бейімі бар. Сондай-ақ, тыңдарманның көңілінен шығатын жаңа әндер жазып, шақырған жерлерге концерттік сапармен барсақ дейміз. Биылғы жылдың тағы бір жетістігі – шәкіртім, бауырым Әбдіжаппар өзінің жеке кешін өткізді. Алматы қаласындағы Республика сарайында кеш өткізуге әлі қорқақтайды екенмін. Келер жылы тәуекел етсем бе деген ойым бар. Жалпы, ұстаз болу деген үлкен бақыт екенін түсіндім. Алдағы уақытта шығармашылық жағынан өсу үшін ізденіп, басқа елдердегі шоу-бизнесті зерттеп көргім келеді. Биылғы жылдың тағы бір қуантқан сәті – Мәскеу сапары. Ақын Төлеген Айбергеновті еске алу кешіне қатысып, ақынның атындағы медаль тағып қайттым. Мұның бәрі – үлкен мәртебе, мақтаныш. Алла абырой биігінен түсірмесін деймін. – Әңгімеңе рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!  

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы