Жұттан басталған жаппай соғыс

Жұттан басталған жаппай соғыс

Жұттан басталған жаппай соғыс
ашық дереккөзі
Бүгінде күллі әлем жұртының назары Астанаға ауған. Сирия дағдарысын бейбіт жолмен реттеу бойынша кезең-кезеңімен өтіп жатқан келіссөздің өзі Қазақстан астанасын айшықтай түскендей. Биыл жыл басынан бері дүркін-дүркін бас қосқан саяси һәм оппозицияшыл топтардың бір үстелдің басында кездесіп, өзара ымыраға келуі Таяу Шығыста тұтанған  соғыстың бетін қайтаруға едәуір септігін тигізгені анық. Қалай десек те, 23 миллион тұрғыны болған Сирия елі 2006 жылға дейін бейбіт өмір сүріп келді. 2006 жылы елге жұт келіп, жаппай құрғақшылық жайлады. Салдарынан 2006-2011 жылдар аралығында Сирияның 60 пайыз жеріне су жетпей, 75 пайызына егін шаруашылығының өнімі шықпай, 85 пайыз мал қырылды. Халық жұмыссыздыққа ұшырады. Одан бөлек саяси элитада азшылық алавиттердің көпшілік суниттерді басқаруы, коррупция сынды жағымсыз жайттар елдегі жағдайдың ушығуына әсер етті. 2011 жылы Тунис, Египетте ұйымдастырылған төңкерістер Сирияда да жалғасын тапты. Осылайша, елде ашық қақтығыстар бастау алып, оппозиция өкілдері елдің біраз қалаларын жаулап алды. 2011 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғыста Сирияда 300 мыңнан астам адам қаза тапса,  миллиондаған адам босып кетті. Сирия мәселесiн реттеу бойынша Астанада кездесу өткiзу бастамасын Ресей мен Түркия президенттерi ұсынған болатын. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз тарапынан қолдау танытты. Бір айта кетерлігі, Қазақстан келіссөз өткізуге алаңқай ұсынғаны болмаса, қандай да бір мемлекет­аралық мәселеде қалыс қалатынын әу баста ескерткен-ді. Таяуда Астанада Сирия дағдарысын бейбіт жолмен шешу бойынша келіссөздің сегізінші басқосуы өтті. Оған тұрақты түрде қатысқан Сирия үкіметі, Сириядағы бірнеше оппозицияшыл топтардың өкілдері, Ресей, Иран және Түркия өкілдері, сондай-ақ, БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол, т.б. саясаткерлер пікірін ашық түрде білдіріп, талай жылдан бері қордаланып келген түйткілдің түйінін тарқатуға күш салуда. Тараптар кейде өзара ортақ мәмілеге келсе, кейде пікір қайшылығына жол беріп жатты. Сирия соғысында Ресей мен Иран мемлекетінің президенті Башар Асад режимін қолдаса, Түркия мен АҚШ оппозициялық топтардың әрекетін мақұлдайды. Алғашқы отырыста-ақ Ресей, Түркия және Иранның жасаған қорытынды мәлімдемесінде: «Бiз бұл мәселеде әскери шешiм жоқ екенiне және оның тек саяси процесс арқылы шешiлетiнiне сенiмдімiз. Үш жақты механизм құру шешiлдi, осылайша оқ атуды тоқтату режiмiнiң толық сақталуын бақылаймыз. Бiз «Ислам мемлекетi» мен «Джабхат ан-Нусраға» қарсы күрестi жалғастыру және оларды қарулы оппозициядан бөлу бойынша ниетiмiздi растаймыз. Бiз БҰҰ-ның 2254 қауiпсiздiк резолюциясына сәйкес, дереу келiссөздер процесiн бастау қажет деген сенiмдемiз» делінген. Сондай-ақ, Сирия бойынша Астанадағы халықаралық кездесу Сирияның үкiметi мен оппозициясы арасындағы тiкелей диалог үшiн тиiмдi тұғырнама екеніне екпін түсірген қатысушылар: «Бiз оппозициялық қарулы топтардың Сирия үкiметi мен оппозициясы арасында өтетiн келiссөздердiң келесi раундына қатысу тiлегiн қолдаймыз. Халықаралық қауымдастықтың барлық мүшелерiн саяси процестi қолдауға шақырамыз. Бiз сириялық саяси процестi қамтамасыз ету, жаһандық процестерге үлес қосу және БҰҰ-ның 2254 резолюциясын жүзеге асыру үшiн Астана тұғырнамасында белсендi қарым-қатынас жасау туралы шешiм қабылдадық» деген еді. Астанада Сирия бейбіт келіссөзінің жетінші кезеңінен соң кепіл елдер – Ресей, Түркия және Иран соңғы жарты жылда Сирияда деэскалация аймақтарын құру туралы меморандумның іске асу барысына көңілі толатынын білдіріп, Сирия территориясында қақтығысты тоқтату режимін нығайту шараларын жасау нәтижесінде зорлық-зомбылық көрсеткіші азайғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, үш ел деэскалация аймақтары жұмыс істей бастауы нәтижесінде «Ислам мемлекеті» (ИМ), «Джебхат әл-Нусра» және «Әл-Қаида» экстремистік ұйымымен байланысы бар басқа да топтардың жойылып, терроризммен күресте ілгерілеу байқалғанын жеткізді. Тұтқындарды босату, құрбан болғандардың мәйіттерін қайтару және із-түзсіз жоғалғандарды іздеу жөніндегі жұмысшы тобын құру тәртібін бекіту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Ең бастысы, келіссөзге қатысатындар деэскалация аймақтарының қызметін талқылап, Сирияда гуманитарлық бейбіт аймақтарды, оның ішінде ЮНЕСКО нысандарын минадан тазарту жұмыстары туралы бірлескен мәлімдемені бекітпек ниетте. Ал Сирия жөніндегі келіссөздің сегізінші, яғни биылғы жыл бойынша соңғы кезеңіне қауіпсіздік аймақтарын құру, соғысты тоқтату режимін бақылау мәселелері енді. Астана келiссөздерiнiң басты мақсаты – өткен жылдың соңында қол жеткiзiлген бiтiм туралы келiсiмдi нығайту. Қазіргі таңда шетелдік сарапшылар «бейтарап жиналыстар, Сирияға, Ресейге қатысты арағайындық мәмілелер, келіссөздер жүргізуде Астана – екінші Женева деңгейіне жетті» деп оң бағасын беруде. Мәселен, Таяу Шығыс Техникалық университетінің профессоры Хүсейін Бағжының Анкарада өткен конференцияда: «Арағайындық жиындарға бір тараптан қызғанышпен, бір жағынан қызығушылықпен қараймыз. Бұрын мұндай жиындар Стамбұлда өтетін, қазір шет қалды. Түркия үшін сын болғанымен, Қазақстан тарапынан қарағанда үлкен жетістік. Халықаралық саясатта да беделі жоғары. АҚШ, Қытай, Ресей және басқа Еуропа мемлекеттерінің көзқарасы өзгеріп келе жатқанын байқаймыз. Алпауыттар арасында имиджі жоғарылап келеді» дегені есте. Шынтуайтында, бұл келіссөздердің арқасында Сириядағы ахуал едәуір тұрақтанды, гуманитарлық жәрдемді қауіпсіз жеткізу үшін жағдай жасалып, бейбіт және жайлы өмір қалпына келуде. Келіссөздер нәтижесінде Сириядағы атысты тоқтатуды күшейтуге бағытталған бірқатар келісімге қол жеткізілді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов: «Сириядағы әскери қимылдар толығымен тоқтаған деэскалация аймақтарын құру туралы меморандум қабылданды. Сондай-ақ, Астана платформасы шеңберіндегі келіссөздер арқасында Сириядағы атысты тоқтату режимі бір жылдан бері орныққанын атап өту керек. Осы қақтығыс басталғаннан бері мұндай прогресс әлі болған жоқ. Сирия халқы өз үйлеріне қайта оралып, әдеттегі тіршілікті қалпына келтіруге мүмкіндік алды. Елді мекендерде сауда-саттық бірте-бірте жанданып келеді. Астана процесіне қатысқан Сирияның қарулы оппозиция өкілдері бізбен болған кездесулерде қауіпсіздік тұрғысынан елеулі оң өзгерістердің орын алып жатқанын атап өтеді. Сонымен қатар келіссөздер алаңын ұсынғаны үшін Қазақстан басшылығына деген шынайы ризашылығын білдіреді. Сирия мәселесі – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Осы құрылымға біздің тұрақты емес мүшелігіміздің арқасында Астана процесі Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуіне және БҰҰ ұйымдастыратын Женева келіссөздерінің жалғасуына елеулі үлес қосты», – деді баспасөзге берген сұхбатында. Сирия дағдарысын реттеуге байланысты келіссөздің кезекті отырысы 2018 жылдың 29-30 қаңтарында Сочи қаласында өткізіледі деп жоспарланған. Оған дейін, яғни 19-20 қаңтарда дәл осы қалада Түркия, Иран, Ресей сияқты кепіл беруші елдер өкілдерінің қатысуымен алдын ала бір кездесу өтпекші.

«Konaklamany»  көзбен көргенде...

Таяуда қазақ журналистері Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай Түркияға барған сапарында Газиантеп қаласына да арнайы атбасын бұрды. Мұндағы мақсат – Түркияның сириялық босқындарға жасаған шарапаты мен жақсылығын өз көзімізбен көру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сириялық босқындар тұрып жатқан лагерьге Қазақстан журналистерінің алғаш келуі екен. Бүгінде Түркия 3 млн 200 мың сириялық босқынға пана болып отыр. Қайырымдылық жасау бойынша әлемде екінші орында тұрған Түркия мемлекеті 2012 жылдың ақпанынан бері сириялық босқындарға 30 млрд АҚШ долларын жұмсапты. Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан Газиантеп қаласына түнде жеттік. Бұл халқының саны жағынан Түркияның алтыншы қаласы болып есептеледі. Жалпы, Газиантеп Түркияның басқа шаһарларына мүлдем ұқсамайды. Өзінше томаға-тұйық жатқан қаланың келбеті де сұрқай. Бәлкім, 6 жылдан бері соғыс өртіне оранған Сирияға шекаралас жатқандықтан болар, бітіспес даудың табын әуелі осы қаладан анық байқадық. Себебі неде десек, қазір Газиантеп қаласының өзінде 400 мыңдай босқын тұратын көрінеді. Жат елде бас сауғалап, жанын аман сақтап қалғанда, туған жеріндегі бауырларын уайымдап, күн кешіп жатқаны мұң шалған қабақтарынан сезіледі. Газиантеп – Сирияның Алеппо қаласына жақын. Дәл осы қаладан 50 шақырым жерде сириялық босқындар орналасқан екі лагерь бар. Шекара тиіп тұр. Оның ар жағында қанды соғыс жүріп жатқанын ойлағанда бойымызды үрей билеп алды. Газиантеп провинциясына қарасты Низип ауданында қоныс тепкен «Шатыр» кентінде 1900 шатыр үй бой көтеріпті. 2012 жылдың қазан айында ашылған бұл лагерьде 9 мың адам тұрса, оның 3600-і оқушы. Сондай-ақ, күндіз-түні жедел-жәрдем қызметін көрсететін 9 дәрігер жұмыс істейді. Ал біз 2013 жылы контейнерден тұрғызылған «Низип-2» лагеріндегі сириялық босқындардың тыныс-тіршілігімен танысуға бет алдық. Түріктер біз сияқты «босқын» немесе «беженцы» деп төтесінен айтпайды. Лагерьдің кіреберіс маңдайшасындағы «konaklama» деген жазу көзге оттай басылды. Жалпы, «қонақ» деген сөз кеңдік пен жайлылықты білдірмей ме? Адам жанына ә дегеннен жылы қабылданады. Өздері сөз арасында сириялықтарды «мүсәпір» дейді екен. Мұндағы 900 контейнерде 3900 адам тұрады. 1600 оқушы сол лагерь ішінен ашылған балабақша мен мектепте білім алады. Бізді босқындардың жағдайына барынша қанықтырып жүрген Газиантеп провинциясына қарасты Низип ауданы губернаторының орынбасары Кемал Шахин мырзаның айтуынша, балалар мен жас­өспірімдерге білім алуға қолайлы жағдай жасалған. Одан бөлек екі лагерьден тағы бір-бір мектеп салынады екен. Ал биыл 2 лагерьден 80 шәкірт Түркия университеттеріне оқуға түсіпті.  width= Балабақшаға кірген сәтте-ақ қуана амандасып, тақпақтарын тақылдап айтып берген кішкентай балақайларға сүйсіндік. Бақытты балалық шағы басқа елдің босағасында өтіп жатқанын сезбесе де, ішкі түйсіктері алдамайтын сияқты. Ерекше қайсар, ерекше алғыр. Есіктен кіріп келген бізге орындарынан тұрып амандасып, ілтипат білдіріп мәз. Оларға жергілікті түрік ұлтынан, тіпті сириялық босқындар арасынан шыққан мұғалімдер араб және түрік тілінде дәріс береді. Келесі бөлмеде бір топ оқушы Құран кітабына үңіліп, судыратып оқып отыр. Бала емес пе, талайдан бері сырттан адам келмеген лагерьге барғанымызда олар да бір жасап қалды. Тіпті, бөтен болсақ та, ниетіміздің түзу екенін бала пейілі сездірді ме, туғанын көргендей құшақтағанда көңіл шіркін босап кеткенін қалайша жасырайық?! Сол сияқты емханада үздіксіз жұмыс істейтін Сириядан келген алты дəрігер лагерь тұрғындарының денсаулығын қадағалайды. Ал кәсіби мектептен, яғни, тігін тігу, шаш қию курстарынан дәріс алған әйелдер қауымы өз бетінше жұмыс істеуге кіріскен. Арнайы ашылған тігін тігу бөлмесі түрлі қол­өнер бұйымдарына толы. Бірі шашқа қажетті әсемдік заттарды әп-сәтте дайындап жатса, енді бірі тұрмысқа қажетті көрпе-жастық тігумен айналысуда. Олардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын арнайы тапсырыс беріп, сатып алатындар да бар екен. Өнер демекші, бір бөлменің қабырғасына қаламмен салынған суреттер жабыстырылған. Соның ішінде 13 жасар қыз әкесінің қолынан тартып, тізерлеген күйде жалынып тұрған суреті ерекше тебірентті. Картина авторының айтуынша, Сирияда жас­өспірім қыздарды көбінесе әкесіндей азаматтарға тұрмысқа береді екен. «Бұл туындыда да «Әке, мені шалға тұрмысқа бермеші...» деген қыз балалардың типтік образы мен ортақ тілегі көрініс тапқан», – дейді. Ал лагерьдегі босқындар қалай күн көреді? Қайырымдылық пен адамгершілікті бәрінен биік қоятын Түркия сириялық отбасының әр мүшесіне ай сайын 100 лирадан ақша береді. Оны азық-түлікке, керек-жарағына жұмсайды. Сол лагерьдің өзінде тауарлар арзан бағамен сатылатын арнайы 2 дүкен бар. Мұнда күнделікті тұрмысқа қажетті азықтың бәрін табуға болады. Біз бас сұққанда лагерь тұрғындары сауда жасап, карточка арқылы есептесіп тұр екен. Низип ауданы губернаторының орынбасары Кемал Шахин: «Керек тауардың бәрін толтырып қоямыз. Баға өспейді, себебі бақылап отырамыз»,  – деді. Тіпті, ер азаматтарға лагерьден сыртқа шығып, жұмыс істеуіне, қосымша нәпақа табуына рұқсат берілген. Тек кәмелетке толмаған балалардың тысқа шығуына болмайды. Бұдан соң босқындар тұрып жатқан лагерьдегі бөлмелерге бас сұқтық. Бір отбасы 21 шаршы метр контейнерде тұрады. Соған қарамастан, ұрпақ санын да көбейтуде. Мәселен, біз есік қаққан отбасы жақында бесінші баласы – Ибрагим Кемалды өмірге әкелген. Әрине, өз елінен безіп, жат елде бой тасалаған жандардың көзіне тіке қарай да алмайсың. Оған дәтің де бармайды. Әсіресе, қаннен-қаперсіз ойнап жүрген балаларды көргенде жүрек тұсың  шымырлап қоя береді. Жалаңаяқ інісін көтере-мөтере жанымызға жүгіріп келген Мұстафа пысық екен. Біздің алдымызды орап: «Сіздер қайдан келдіңіздер?!» деп сұрақ қойды. Бәлкім, Қазақстан туралы естімеген де шығар, «А-а, Қазақстан ба?!» деді таңырқаған күйі. Сол сәтте ересек баланың жүзінен   туған жеріне деген сағыныштың лебі есіп тұрды. Біз де арқасынан қағып «Әлі-ақ бәрі жақсы болады, туған жеріңе баратын күн туады» деуден артық ештеңе айта алмадық. «Келіңдер, суретке түсірем» деп едім, «О-о-о, панорама» деп аулада жүрген ойын балалары жаныма топырлай кеткені. Жатырқап, қашып жүрген баланы кездестірмедік. Бала қайда да бала ғой. Бауырмал, көпшіл. Тіпті, бір бала жүгіріп келіп, әріптесіме кәмпит берді. Қолындағыны бөліп беруге даяр. Бөгде елде, контейнерде не үшін тірлік кешіп жатқаны туралы қазір бас қатыра қоймауы мүмкін, бірақ ертең нағыз ұлтжанды азаматтар солардың арасынан шығатынына сендік.  Өкініштісі сол, соғыс балалардың балалық шағын ұрлады. Жанары жәутеңдеген балалардың бәрінің басын сипағың келеді, бірақ өз үйіне жетері жоқ. Туған Отанын аңсаған олар қырғиқабақ соғыстың тоқтаған күнін көруге асық. Низип ауданы губернаторының орынбасары Кемал Шахин мырза бір сөзінде мұнда келген 6 мың адамның көбі өз еліне оралғанын тілге тиек еткен еді.  Құдай соғыстың бетін аулақ етіп, Мұстафаның да, Ибрагимнің де атақонысына қайтатын күнін жақындатса екен деп тіледік. Ал бұдан былай Сириядағы соғыс туралы ақпараттың бәрі осы көріністі, әлгіндегі балақайларды көз алдыма әкелетін болды…  P.S. Біз бұдан бұрын Түркия үкіметіне қарасты Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) төраға орынбасары Сүрейя Ер мырзамен болған кездесуде «Сириялық босқындарға гуманитарлық көмек беріп, бауырларыңызға басып жатырсыздар. Бұған Түркияның 80 млн халқы қалай қарайды?» деген сауал қойған едік. Сүрейя Ер мырза: «Екі мысал айтқым келеді. Мажарстанда шекарадан жүгіріп, өтіп бара жатқан босқындарды суретке түсірген жорналшы бала көтерген әйелді аяғынан әдейі шалып қалады. Ол осы әрекеті арқылы адамгершіліктен жұрдай екендігін көрсетті. Әрине, ол журналист талай сын тезіне ілікті де. Екінші мысал, Стамбулдың Серкижи деген мөлтек ауданында сириялық босқындар көшеде отырып, қол сағат сатады. Бәлкім, бұл арзан әрі сапасыз шығар, бірақ соған қарамастан адамгершілікті ту еткен халық соны көптеп сатып алады. Себебі олардың мұндай күйге тектен-тек түспегенін біледі. Міне, осыдан-ақ жергілікті ұлттың босқындарға деген көзқарасын байқауға болатын шығар», деп жауап берді.

Динара Мыңжасарқызы

Алматы-Стамбұл-Газиантеп-Алматы