Қазақта қоныс тойдың жөні бөлек

Қазақта қоныс тойдың жөні бөлек

Қазақта қоныс тойдың  жөні бөлек
ашық дереккөзі
  Бүгінде пәтер жағалап, кісі үйін паналап отырғандардың бәрі жиған-тергенін банк депозитіне апарып салады. Ондағы мақсаты – тезірек үй-жайлы болу, бала-шағасын өз баспанасында бағып-қағу. Үйлі болуды армандағандардың үмітін оятқан «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында биыл талай отбасы жайлы баспанаға қол жеткізді. Қазақ жеті қазынаның бірі деп қастерлеген ит жылы да қаншама отбасы үшін қоныс тойымен басталғалы тұр. 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 8 672 пәтерлі 145 үйді пайдалануға берді. Құрылыс әлі де жалғасуда. Мұнан бөлек келесі жылы 100 көп пәтерлі тұрғын үй мен 400-ден астам жекеменшік коттедж иелерін табады. Оңтүстік Қазақстан облысында – 1 630 пәтер, Қостанай облысында – 1 260 пәтер, Маңғыстау облысында 1 068 пәтер кілті иелеріне табысталады. «Нұрлы жер» бағдарламасы алты бағытты қамтыса, соның көп бөлігі Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қатысуымен жүзеге асып отыр. Қолжетімді, шаршы метрі жеңілдетілген бағамен берілетін баспанаға қол жеткізу үшін алдымен банкке салымшы болып, алғың келген пәтер құнының 30 пайызын жинақтау қажет. Бұл мемлекеттік бағдарламаға қатысушы 5 пайыздық жеңілдікпен берілетін заемға иек арта алады. Баспанаға мұқтаж адамдардың мүддесі үшін жергілікті әкімдіктер жұмыс істеп, мердігер компанияларды іздестіріп отырғанын айта кеткен жөн. Үй болмаса күйдің де болмайтынын пәтер жағалап жүргендер жақсы біледі. Тәуекелге барып, тұрғын үй құрылыс жүйесіне сенім артқандар ескі жылға шүкірлік етіп, Жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алмақ. Арманы орындалған отбасылардың бірі – Ақтөбе облысы Қараой селосындағы Амангелді Ысмағұловтың шаңырағы. 2013 жылы бұл отбасы Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы депозит ашып, ай сайын 50 мың теңгеден салып отырған. Биыл олар Ақтөбе қаласынан 2 бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Ысмағұловтар несиені 6 жылға алған, енді айына 60 мыңнан төлеп отырады. Мұндай мысалдарды еліміздің әр аймағынан көптеп келтіруге болады. – 2017 жылдың басында ТҚЖБ жүйесінде 700 мыңға тарта салымшы болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1 миллионнан асып, олардың салымдары 492 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде 32 мың келісімшартта салынып жатқан үйлерден сатып алуға қажетті пәтердің 30 пайызы, яғни 172 миллиард теңге жинақталды. 2017 жылы 181 млрд теңгенің заемы беріледі деп жоспарланса, іс жүзінде 256 млрд теңгеге 37 мың заем беріліп, жылдық жоспар 141 пайызға орындалды, – деді Астанада өткен брифингте «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры-басқарма мүшесі Қайырбек Өскенбаев. Осы мәліметтерге қарап-ақ бағдарламаның қандай нәтижеге қол жеткізгенін көруге болады. «Нұрлы жер» бағдарламасының банк секторынан бөлек құрылыс саласын да жандандыра түскенін «Бәйтерек» холдингінің басшысы ұсынған деректерден көреміз. Оның айтуынша, құрылыстың аяқталу бағыты бойынша бұған дейін қабылданған бағдарламалар шеңберінде жоспарланған 554,3 мың шаршы метрдің орнына 560,1 мың шаршы метр (9 637 пәтер) пайдалануға тапсырылған. Демек, тұрғын үй құрылысының жоспары артығымен орындалды деген сөз. Бүгінде Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 1 мың келісімшарттың орнына күніне рекордтық 2,5 мың келісімшарт рәсімдеуге көшкен. Және салымшылар саны айтарлықтай көбейгеніне қарамастан, банк өз қызметкерлерінің штаттық бірлігін сақтап қалды. Бұл – автоматтандырудың арқасы.  Мәселен, онлайн-банкингті қазір 300 мыңға жуық салымшы қолданады. Яғни онлайн арқылы жинақтарын қадағалап, қосылған сыйақыны көріп, депозитті толықтырып, несиелерін санаулы секундтарда жауып отырады. Қазпошта, «е-gov.kz» порталы, Qiwi, Paypoint төлем терминалдары, екінші деңгейдегі банктер мен басқа да байланыстың балама арналары арқылы биыл Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 1 млн 120 мың теңгенің төлемі жасалған. Бұл қызметтердің басым бөлігі комиссиясыз жүреді. – Күзде біз «Баспана.kz» жылжымайтын мүлік порталын қосып, «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық нысандарын біріктірдік. Бұл үйлердің фотосуреттері мен жобасын көрсететін жай ақпараттық сайт емес. Порталдан салымшылар өзі таңдаған пәтеріне бірден өтінім бере алады. Егер өтінім мақұлданса, салымшы банкке тек келісімшартқа қол қою үшін ғана келеді. Бұл біздің «Цифрлы Қазақстанды» дамытуға қосқан үлесіміз, – дейді ҚТҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. Айтпақшы, салымшылар депозитіне қосылатын мемлекеттік сыйлықақы жайлы да білу маңызды. Өткен жылдың аяғында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әр салымшының депозитіне 20 пайыз мемлекеттік сыйлықақы қосылатынын мәлімдеген болатын. Жинақталған қаражатқа үстемеленетін бұл сома биыл да салымшыларға беріледі. Бұл сыйлықақы 200 АЕК-тен, яғни 453 800 теңгеден аспайтын салымның сомасы бойынша есептеледі. Айталық, егер сіз бір жыл нәтижесінде шотыңызға осындай ақша салсаңыз, депозитіңізге мемлекет тарапынан ең жоғары 90 760 теңге көлеміндегі сыйлықақы беріледі. Ендеше, қапы қалмаңыз, салымшы!