Ел тұрғындары көлік салығын 31 желтоқсанға дейін төлеуі тиіс
Ел тұрғындары көлік салығын 31 желтоқсанға дейін төлеуі тиіс
Еліміздегі автокөлік иелері темір тұлпарлары үшін салық бойынша берешекті 31 желтоқсаннан кешіктірмей өтеуі тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қарыз сомасы қалыптасқан жағдайда, салық төлеушілер көлікке салық бойынша міндеттемені орындауы тиіс. Төлем жасау мерзімі жыл сайын 31 желтоқсаннан кеш болмауы керек», - деп атап өтілген «ҚазАқпараттың» ресми сауалына ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінен берілген жауапта.
Ведомствода нақтылап өткендей, салық төлеушілер санатына Қазақстанда тіркелген немесе есепте тұрған автокөлігі бар жеке тұлғалар жатады. Сонымен бірге көлікке арналған салық ставкасы автокөлік қозғалтқышының түрі мен қуатына байланысты белгіленеді. Көлік иесі тарапынан салық төленбесе немесе толық өтелмесе, онда қарыз сомасын мәжбүрлі өндіріп алудың шаралары қабылданады.
Автокөлікті басқа адамға сату жағдайында оны қайта тіркеу мен есептен шығару үшін тапсырушы тарап барлық салықты төлеуі тиіс. Көлікті сату кезінде есептелген салықтық берешек туралы мәліметті азаматтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарынан және тіркелген жеріндегі салық органынан біле алады.
Атап айтқанда, салық бойынша берешек сомасы немесе оның жоқтығы туралы ақпаратты автокөлік иелері ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан (kgd.gov.kz) біле алады. Сонымен қатар call-орталық та жұмыс істеп тұр.