ҚР Президенті: Тиімсіз банктердің банкрот болғаны дұрыс

Тиімсіз банктердің банкрот болғаны дұрыс. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарына сұxбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бюджет қаржысы банктерге не үшін беріліп жатқанын түсіндірді. Өз сөзінде Мемлекет басшысы БТА банкті де еске алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президенттің айтуынша, банктер ел экономикасының «қан тамырлары» іспетті. Банктер несие беріп, экономиканы қаржыландырмаса, бәрі тоқтап қалады. Онсыз тауар да шығарылмайды, ақша айналымы да болмайды. «Бұған дейінгі қаржы дағдарысы бар. Сосын БТА банктің ақшасы талан-таражға салынды. Сөйтіп, осы салада біраз мәселе қордаланып қалды. Осыған байланысты Қазақстанның Үкіметі мен Ұлттық банкі тиісті шараларды қолға алып, банктерге көмек бере бастады. Алайда акционер алдымен өз ақшасын салуы қажет. Сонда ғана көмектесуге болады. Оған келіспесе, ондай банктерді банкрот етіп, жоқ қылған тиімді. Әйтпесе, банктер экономиканы, ал біз банктерді қаржыландырамыз. Ол дұрыс емес. Бірақ мұндай нонсенс бар», – деді Мемлекет басшысы. Н.Назарбаевтың сөзіне қарағанда, банктерге ақша жайдан-жай берілмейді. Банктер шағын және орта бизнесті несиелендіру көлемін ұлғайтып, аяққа нық тұрғаннан кейін мемлекеттен алған қаржыны қайтаруы тиіс.

 

Back to top button