Жаңалықтар

«Еуразия барысы»: Қазақстан құрамасы – жеңімпаз

ашық дереккөзі

«Еуразия барысы»: Қазақстан құрамасы – жеңімпаз

  Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Алматы-арена спорт кешенінде қазақ күресінен «Еуразия барысы» әлем кубогы мәресіне жетті. Қазақ күресінен дәстүрлі өтіп келе жатқан бозкілем сайысының тариxына көз жүгіртсек, 2013 жылы бастау алған xалықаралық турнирде Қазақстан құрамасы үш рет жеңімпаз атанды. Халықаралық турнирді ашқан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қалалықтарды еліміздің ұлы мерекесі – Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтады. «Тәуелсіздік алған күннен бастап елдің рухын асқақтатуға, ана тіліміз бен ділімізді нығайтуға, елдік сананы шыңдауға бағытталған істерге аса үлкен мән берген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаз саясаты бүгінде ұлт санасын жаңғыртуды діттеген «Рухани жаңғыруға» ұласты. Елбасы айтқандай, Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Олай болса, біз ұлттық спорт түрлерін, қазақтың балуандық өнерін дамытуды жан-жақты жалғастыра бермекпіз. Көкпар, аламан бәйге, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі секілді ұлттық спорт түрлерін жүйелі түрде қолдау – бұл бір жағынан, жаужүрек батырлар тәрбиелеуге, спортшы жастардың танымал болуына, өмірден өз орнын алуына жасалған үлкен мүмкіндік болса, екінші жағынан, әлемдік өркениетке елімізді өз мәдениетімен, өз өнерімен, өз спортымен танытудың құралы», – деді қала әкімі. Қазақ күресінен «Еуразия барысы» турниріне қатысқандар арасындағы ең ауыр балуан Моңғолиядан келген Даваням Алтангэрээл болып шықты. Оның салмағы – 138,6 келі. Ал қазақ балуандары арасында ең ауыр салмақты Айбек Нұғымаров көрсетті. Оның таразыдағы таза салмағы 135,6 келі болды. Биыл турнирге тұңғыш рет Бразилия, Жапония және Камерун елінің балуандары қатысып, күш сынасты. Бозкілем бәсекесіне 8 мемлекеттен келген палуандар өзара мықтыны анықтады. Жалпы, бұған дейін «Еуразия барысының» жүлдегерлер қатарына Грузия үш рет, Моңғолия үш рет, Қазақстан төрт рет, Ресей және Өзбекстан бір реттен енген. Осымен екінші рет Алматыда өткізілген додада Қазақстан құрамасы топ жарды. Ақтық сында Қазақстан құрамасы Алматы облысының «Қазақстан-2» командасымен кездесті. Нәтижесінде аталған командалар арасындағы тартысты белдесу «Қазақстан-1» жеңісімен аяқталды. Есеп – 5:3. Биылғы жылдың жүлде қоры 20 млн теңгені құрады. Бірінші орын – «Қазақстан-1» командасына 10 млн, екінші орын – «Қазақстан-2» құрамасына 6 млн және үшінші орын – 4 млн теңге Өзбекстан командасына бұйырды. «Бізге сәттілік жетіспеді. Ақтық сында ұлттық құрамамен шығып, тең түстік. Әдістің жасалуы, таза жеңісті нәтижелерімен ұпай бойынша бірінші орынды олар ұтты. Жалпы, өзіміздің спортшыларға ризамын. Барлық қарсыластар мықты болды. Енді алдағы жарыстарға дайындаламыз», – деді Алматы клубының жаттықтырушысы Бауыржан Тәліп. Балуандарды Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, «Қазақстан Барысы» жобасының авторы Арман Шораев және тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров марапаттады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысты 120 млн көрермен «Қазақстан», «KAZSport», Түркияның «TRTAvaz», Ресейдің «Матч планета» телеарналары арқылы тікелей трансляциядан көрген.