Ким Серікбаев: Алдыма қойған мақсатыма жеттім

Ким Серікбаев: Алдыма қойған мақсатыма жеттім

Ким Серікбаев:  Алдыма қойған мақсатыма жеттім
ашық дереккөзі
Әскери ғылымдар докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, полковник Ким Серікбаев  сексеннің сеңгіріне қарай бет алса да, әлі күнге сергек. Күні бүгінге дейін тыным таппайтын ақсақал Алматы қаласы, Медеу аудандық еңбек және соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы қызметін де қоса атқарып жүр. Талап пен тәртіпті сүйетін кейіпкерімізге уағдаласқан уақытта бардым. Сұхбаттасуға сақадай-сай отыр екен. – Ким Серікбайұлы, сізді Қазақстан қарулы күштерінің негізін қалаушы, алғашқы ұйымдастырушылардың бірегейі, отандық әскери доктринаның авторы ретінде білеміз. Сіздің әскери жолдағы еңбегіңіз жастарға үлгі. Осы жөнінде кеңірек айтып берсеңіз... – Өмір жолым мен әскери жолымды бөліп-жарып айтуға келмейді. Екі жол қабысып, бірігіп кеткен. 1941 жылы мектепке бардым. Осы жылы сұрапыл соғыс басталды ғой. Мұғалімдер «соғыс не үшін болып жатыр?» деген сұраққа жауап беретін. Гитлердің дүниежүзін жаулап алу, қол астындағы елді құлға айналдыру саясаты 1941-42 жылдары елді қатты үрейлендірді. Ал 1943 жылдары соғысқа кеткен ағаларымыз жараланып, жарымжан болып орала бастады. Ара-тұра сол кісілердің әңгімесін тыңдаймыз. Әлі есімде, 1944 жылы Темір деген ағамыз соғыстан оралды. Бір аяғын кесіп тастаған, орнына «ағаш аяқ» киген. Ол соғыстан тірі келгеніне тәубе дейтін. Сол кісі бізге дене тәрбиесінен сабақ берді. Біз, жетім балалар мектеп-интернатта оқимыз. Ол кезде бастауыш әскери пәні болмайтын. Сол кісі таңғы сағат 6 жарымда интернатқа келіп, «выходи на физнарядқа» деп бізді тұрғызатын. Онысы «физзарядка» дегені ғой. Сағат 7-де сапқа тұрамыз, дене шынықтыру тәсілдерін үйретеді, өзі бізбен бірге жүгіреді. Біз сол күн тәртібіне қалыптастық, осы күнге дейін сол тәртіппен келеміз. 1945 жыл. Жеңіс. Жауды жек көру, жауды жеңу біздің сана-сезімімізге әбден сіңген. Сонда 10-11 жастағы біздің бойымызда патриотизм деген ұғым, сезім қалыптасып қалған кез. Осы жылдары бізді Ақтөбеге интернатқа көшірді. 6-кластан бастап «бастауыш әскери дайындық» пәні жүргізіледі. Қалада соғыстан қайтқан кісілер көп болатын. Интернаттың директоры Нұрғазин Сәрсенғали бір аяғын Кавказда қалдырған. Аяғындағы протезі жүргенде сықыр-сықыр ететін. Әдепкіде үрейлене қарағанмен, кейін үйреніп кеттік. Бұл кісі бізге биология, зоологиядан сабақ берді. Математикадан Ақтаев Губайдулла капитан шенінде, физикадан Асепов деген ағамыз, аты Ғұмыр ма еді есімнен шығыпты, бастауыш әскери пәннен Олег Гутеевич деген ағайлар сабақ берді, бұлардың барлығы соғыстан келген кісілер. 7-кластан бастап осы кісілердің әсері ме, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов сияқты батырларға еліктеп, әскери мамандықты игеруге бел байладым. 9-класта жүргенде кейде Олег Гутеевичтің орнына бастауыш әскери пәнінен сабақ өткізетін едім. Ол бүкіл мектепке, таңертең дене шынықтыру, парадқа дайындалуды өзі тапсыратын. – Сонда балалық арманыңыз – әскери адам болуға сол кезде біртабан жақындадыңыз ба? – Біз 1952 жылы орта мектепті 23 түлек бітірдік. Солардың көпшілігі жоғары оқу орындарына талап қылып жатты. Оқу мерзімі – төрт-бес жыл. Ал әскери білім беретін училищеде оқу екі жылдық қана екен. Қатарымнан қалып қоятындай бір түрлі намыстанып, институтқа барып жүргенім содан ғой. Әскери мамандыққа қызығуыма Жансен Кереев әсер етті. Онымен Ақтөбедегі №6 орта мектепте бірге оқыдым, интернатта бірге жаттық. Жансен менен екі сынып жоғары оқыды. Ол көп үндемейтін, нақты сөйлейтін, салмақты жігіт болып өсті. Әлі есімде, Жансеннің жазуы маржандай әдемі шығатын. Ол кезде машинка, қазіргідей компьютер жоқ. Мектептегі қабырға газеті қолмен жазылады. «Крокодил» деп аталатын сол газетті шығарушылардың бірі сол Жансен еді. Қысқасы, Жансен Кереев сол кезден бастап маған қай жағынан да үлгі болды. Сол кезден бастап оны алдымдағы бағдаршыдай сезінумен болдым. Тау-кен институтынан талабым қайтқаннан кейін, әскери мамандыққа жақын ба деп ойладым-ау деймін, сол кездері жаңадан ашылып жатқан заң институтына барып құжаттарымды тапсырдым. Сол кезде бұл оқу орнының басшысы Салық Зиманов еді. Онда бір жыл ғана оқыдым. Артымнан келетін көмек жоқ, күндіз оқып, түнде трамвай депосында көлік жуушы болып істеп жүріп, қатты салқын тигізіп алдым. Бәрібір көздеген мақсатым алдымнан көлбеңдеп тұрып алды. Сөйтіп, 1953 жылы Уфадағы әскери училищеге оқуға қабылданудың сәті түсті. Менің әскери жолым осылай басталды. Уфадағы әскери білім ордасын үздік бағамен бітірген маған лейтенант шенімен бірге болашақ қызмет орнын таңдауда кең мүмкіндік берілді. Алайда асау жастық жігер, болашаққа ұмтылыс маған сонау Солтүстіктің шегі болып саналатын Чукотканы таңдатты. Қиындықтар болды, бірақ таңдауыма өкінбеймін. Сондай қиындықтарды бастан өткеріп, жастарға жол көрсете отырып, 1988 жылы полковник шенінде запасқа шыққанымша шегінген кезім болған жоқ. Отыз бес жыл. Қиын ба, оңай ма, өзіңіз пайымдай беріңіз. Қиыншылық жылдар. Жетім-жесірлердің жағдайы белгілі ғой. Осы уақытта маған ең жақын адам нағашым болды. Бұл кісі соғыстан жеті жерінен жаралы болып оралған. Келгеннен кейін милиция болып орналасты. Менің бар ойым – әскери маман болу. Мектепте математикадан Ғұбайдулла Ақатаев ағай сабақ беретін. Сол кісі сабақ сұрағанда: «ай, жапабайлар, сендер теореманы, аксиомаларды, формулаларды, уравнениені қазақша дәлелдедіңдер, енді орысша айтыңдар, ертең орыс тілі өздеріңе керек» деп айтатын. Орысшам жаман емес еді, бәрібір ауызша емтиханда жеткізіп айта алмадым, ол кезде емтиханды орысша тапсырдық қой. Енді не істеймін? Естияр балалар «КазГУ-ге, Заң институтына бар» деп ақыл айтты. Сонымен, математикадан сынақ тапсырмайтын мемлекеттік Заң институтына бардым. Ректорға бару керек. Емтихан жүріп жатыр, менің жолым бөлек, жол-жөнекей қосылып отырмын ғой. Арызымды алдында бергенмін. Құжаттарымды, емтихан тапсырған бағаларымды алып, ректорға кірдім. Әскери формада, орден тағып алған кісі қарсы алды. Ректор Салық Зиманов та соғыстан келген екен. Жалпы, соғыстан келген кісілер бауырмашыл, жаны ашығыш келеді. «Жетім екенсің ғой, неге кешігіп жүрсің?» деген соң, «әскери боламын деп, институтқа барып едім, онда жолым болмады» деп бар шындықты айттым. «Онда қосымша екі сабақтан, тарих және Конституциядан үш күн ішінде емтихан тапсырасың» деп рұқсат берді. Сонымен екі емтиханды 4 пен 5-ке тапсырып, студент атандым. Бірінші курсты бітірер шақ. Барлық сынақ пен бір емтиханды тапсырдым. Әрі сол кезде «сухой плеврит» деген аурумен қатты науқастанып қалдым. Стипендия алсақ та жетпейді. Содан үш бала болып трамвай депосына таңғы сағат 4-тен барып, трамвай жуамыз. Сағат 6-да трамвай жолға шығу керек. Сөйтіп жүріп суық тигізіп алыппын. «Каменское платоға» ауруханаға жатқызды. Емтиханнан қалып, қайтадан ректорға кірдім. Салық Зиманов жағдайды біліп отыр екен. «Академ отпуск ал, қалған емтиханды келген соң тапсырасың» деді. Елге бардым. Өзім оқыған интернат директоры Нұрғазин аға «студентсің ғой, ақша тап» деп демалысқа кеткен кітапханашының орнына жұмысқа алды. Нағашы ағам мен апам: «Әскери училищеге барамын деуші едің ғой. Онда тегін тамақ, тегін форма береді. Сен одан да сол училищеге барсаңшы» деп ақылын айтып бәйек. Үй-ішімізбен ақылдаса келе райкомның бірінші хатшысы Колешниковке баратын болдым. Бұл кісі бұрын теміржолда істеген. Әкемнің досы. Ауылға келіп балық аулайтын, соғысқа қатысқан. Колешников мені көріп, басымнан сипап, «азып кетіпсің, аяғыңдағы киімің де тозыпты» деп қалтасынан 50 сом ақша берді. Келген жұмысымды айттым. Сол мезетте военкомға телефон соқты: «Мына бала жетім. Училищеден орын тап, қабылда» деді. Сол кездегі партияның күші-ай десеңші! Военкомға қайтып бардым. «Ақтөбеде орын жоқ. Уфа, Ташкент қалаларындағы училищеде бір-бір орын бар. Қайсысына барасың, ерік өзіңде», – деді. Ойлана келе Уфаға баратын болдым. Ташкент Алматыға жақын жерде болған соң өз ауылым сияқты көрінді. Уфадағы училищеде 3 жыл оқып, озат бітірдім. – 1966 жылы әскери Академияға түскен кезіңізде соғыс тактикасы бойынша келген сұраққа Бауыржан Момышұлының көмегі тиді дегенді естіп едім. Бұл қаншалықты рас? – Фрунзе атындағы әскери Академияға түстім. Бір орынға алты адам таластық. Оған рота командирінен жоғарыларды ғана алады. Ол Академияға 32 жасқа дейін қабылданады. Менің жасым 33-ке асып барады. Жасыма байланысты күндізгі бөлімге қабылдамады. Сонымен сырттай оқуға түсуге емтихан тапсырдым. Билетті алсам, бірінші сұрағы – тактика (соғыс тәсілі). Қоршаудан шығуға бола ма? Жүрегім су ете қалды. Өйткені ол кездерде негізгі бағыт «шабуыл және қорғаныс» мәселесіне көп көңіл бөлінетін. Қалған сұрақтары қару-жарақ т.б. Егер бірінші сұраққа 5-ке жауап берсең, қалған сұрақтарға жеңіл қарайтын. Әрине, жалпы тактикадан хабарым бар. 500 беттік тактика туралы жазылған кітапты оқығанмын. Бұл жерде бір ұтатын мәселе егер соғыс жағдайынан мысал келтіре алсаң ұтасың. Осы жерде Бауыржан Момышұлының 5 рет қоршаудан шыққан тактикасы есіме түсе кетті. Көз алдымда елестетіп отырып, Баукеңнің батальонды жау қоршауынан қалай алып шыққанын қағазыма сызып алып, әбден дайындалдым. Тақтаға шығып, тактика теориясын айта келіп, аға лейтенант Бауыржан Момышұлының қоршаудан қалай шыққанын тақтаға сызып тұрып дәлелдеп айтып бердім. Емтихан қабылдап отырған 5 полковник. Тактикадан қабылдаушы көзілдірігі бар, түсі сұп-сұр полковник. Баукеңді айтқанда басын көтеріп алып, маған кобра жыланы сияқты тесіле қарады. Сонда да білгенімді тақылдап айтып жатырмын. Қоршаудан шығудың шебері, Панфилов дивизиясының батальон командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлының іс-әрекеті осындай болған деп тақтайға сызғанымды көрсеттім. Көзілдірікті полковник маған қарап, қаламымен үстелді ұрып: «Қайда қазір сен айтқан атышулы Бауыржан Момышұлы?» – деді. «Елден жырақ жүрмін, білмеймін қайда екенін», – дедім. «Так-так» деп, қаламымен үстелді бір ұрып: «билетке жауапты өте жақсы қайтардың, ал бірақ Бауыржанның қайда екенін білмегенің дұрыс емес», – деді. Денем мұздап жүре берді. Құрыдым ғой деп тұрмын. Көзім сол полковниктің қолындағы қаламында. Алдындағы қағазға бір белгі қойғандай болды. «5» деген баға қойғанда, жүрегім жарылып кете жаздады. Сөйтіп, 1966 жылы Фрунзе атындағы Академияға 25 баллмен түстім. – Өмірде жақсыларға жақын жүргеніңізді байқау қиын емес. Атақты Бауыржан Момышұлының батасы да септігін тигізді ғой... – Бауыржан Момышұлын пір тұтқан адаммын. Тірлікте онымен қоян-қолтық араластым, жақын жүріп сырластым, жанынан табылдым деп өтірік көлгірси алмаймын. 1975 жылы Алматы жоғары партия мектебінде әскери кафедра бастығы болып бара жатқанымда Бауыржан ағамыз «Сен келешегің бар азамат екенсің, бірақ мына жерде көп отырып қалма!» деген сөзін айтқан. Ол кісінің осы лебізі әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұрады. Жас буынға әскери-патриоттық тәрбие беру – менің ғұмырымның бір бөлшегі іспетті. Бүгінге дейін осы бағдарымнан тайған емеспін. Өмірлік тәжірибемді пайдаланып, бірнеше кітаптар жаздым. «Менің өмірімдегі Бауыржан Момыш­ұлы» («Бауыржан Момышулы в моей жизни»), «Перзенттік парыз» («Сыновний долг»), «Тактика кафедрасында» («На кафедре тактики»), «Қайырымды істің ғұмыры қашанда ұзақ» («Доброму делу – долгая жизнь»), «Жеңіп алынған Тәуелсіздікке – берік қорған» («Обретенной Независимости – надежную защиту») атты кітаптарым жарық көрді. Осы кітаптарымның бірінің атауынан байқалып тұрғандай, халқымыздың қалаулы перзенті, қаһарман Бауыржан ағаның менің санамдағы, жүрегімдегі келбетін сол еңбегімде көрсетуге тырыстым. Қажет еткен адам оқып шығуына болады. 1988 жылы мен отставкіге шыққаннан кейін Алматы қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернатты басқаруға келдім. Сол тұстағы қолға алған бір шаруам даңқты қолбасшы полковник Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөніндегі республика жұртшылығының бастамасын барынша қолдауға ұйытқы болу еді. Ал 1991 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Қаулысымен біздің республикалық әскери мектеп-интернатына Бауыржан Момышұлының есімі берілуі біз үшін ерекше қуаныш, айрықша жеңіс іспетті болды. Оқу орнының алдына мүсінші Павел Шороховтың сомдауымен Бауыржан Момыш­­ұлының бюсті орнатылды. Бұл шаралардың барлығы да жас буынды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу үшін өз септігін тигізді деп ойлаймын. 1975 жылы Алматыдағы Опера және балет театрында Ұлы жеңістің 30 жылдығына арналған конференция өтті. Үзіліс кезінде Баукеңе жолығып қалдым. Маған тесіліп қарап: «Қай Академияны бітірдің?» – деді. Значогіме көзі түсті ғой деймін. «Фрунзе Академиясын», – дедім. «Молодец!» – деп қолын берді. 1978 жыл. Опера және балет театрының сол жағында Әуезовтің, оң жағында Жамбыл атамыздың бюстері бар. Өтіп бара жатып Баукеңнің дауысын естідім. 1977 жылы полковник шенін алғанмын. Баукеңе барып: «Жолдас, полковник, сізге полковник Серікбаев сәлем береді» деп анық дауыспен сәлем бердім. Екі қолымен амандасып, өзіне тартып алды. Қасындағы кісіге қарап, «Академияға түсерде маған көмектестіңіз деп еді, қазір маған жетіп алды» деп жылы жымиды. – Бүгінгі күнге ойыссақ. Қазір Отан алдындағы борышын өтеуге жастарды бір жылға алады және төрт айлық төлемді борыш өтеуі бар. Осы мерзімдер әскери мамандықты игеруге толық жеткілікті ме? – Отан қорғау үшін азаматтар маман болу керек. Бұрын 3 жыл, одан кейін 2 жыл, ал қазір 1 жыл әскерде болады. Әскери мамандар, генералдар, училище басшыларымен осы күнге дейін байланыстамын. Олар кеңес сұрайды. Кейінгі жаңалықтарға қанық етеді. Шәкірттерім – Сәкен Жанұзақов, Марат Майкеев өте сауатты, білгір мамандар. Қазіргі заманда бір жылдың ішінде әскери маман болу мүмкін емес. Бүгінде неше түрлі қару-жарақтарды, көліктерді игеру оңай емес. Ал 3-4 айда әскери-техникалық мектепті бітіріп, әскери билет алып жатады. Өз басым мұндайды қолдамаймын. Военкомдар да, әскери қолбасшылар да қолдамайды деп есептеймін. Бірақ біз заңға бағынамыз. Әскери маман болу үшін кемінде 2 жыл керек. – Ким мырза, сексенді еңсеріп, тоқсанға қарай қадам бастыңыз, шаршамай жүзге жетуіңізге тілектеспіз. Сіздің қазіргі жас жігіттердің қолы жете бермейтін жіптіктей спорттық формаңызды қалай сақтап жүргеніңіз туралы білсек... – Біріншіден, ертемен тұрып азғантай болса да дене шынықтыру жасау керек. Баяғы мектеп-интернатта қалыптасқан тәртіп қой. Күн сайын сағат алты жарымда тұрамын. Бірақ қазір күнде таңертең дене шынықтырумен айналысамын дей алмаймын. Өйткені үйдегі апайларың төсек тартып қалды. 61 жыл бірге өмір сүрдім, балаларымның анасы. Сол кісіге көп көңіл бөлемін. Екіншіден, темекі тартқан емеспін. Өкпем тап-таза. 1949 жылы 6-класқа Ақтөбеге келдік. Ол кезде бізбен бірге ересек балалар оқитын. Сол балалар бізге үлкендік жасайтын. Ақтөбеде мектеп-интернаттың маңында базар бар еді. Әлгі ересек балалар «бычок» жинайды. Темекінің қат кезі. Жылқының кепкен тезегін уқалап, шөбін алып қосады да, газетке орап, шылым қылып түтінін будақтатып сорады. Әлгі жігіттер «сен не жігіт емессің бе?» деп газетке ораған шылымын маған да тартқызды ғой. Содан көзімнен де, мұрнымнан да су ағып, өліп қала жаздадым. Содан кейін қайтып темекіге жолаған емеспін. Үшіншіден, тамақ мәселесі. Әрине, дәмді тамақты, қазы-қартаны кім жек көрсін?! Бірақ байқап тамақтанамын. Өзімді іркемін. Осы жегенімді сіңірейін деймін. Көз тоймайды, бірақ өзіңді тоқтата білуің керек. «Ынсап сайын – береке» дегендей. Немістердің «біз тамақ жеу үшін өмір сүрмейміз, бірақ өмір сүру үшін тамақ керек» дейтіні бар. Мұны түсіне білу керек. Кейде әскери жас жігіттерге де «бұларың не, қарындарыңды қампитып?!» деп ескерту жасаймын. Қызарақтап қалады. Менің жасым ескерту жасауға мүмкіндік береді ғой. Төртінші, ішімдік мәселесі. Арақ-шарапты байқап ішу керек. Баяғыда ішетін адамдардың арасында біреу ішпей отырса, сол адамды сатқындай көретін. Өмірімде бір рет мас болдым, бірақ ешнәрсе бүлдірген жоқпын. Қазір бәрін тоқтаттық қой. Бірақ көппен отырған жерде көңілді отырғанды жөн көремін. – Бір америкалық офицер сізге өзінің погонын, ордендік колодкасын сыйлапты деп естіген едік. Сол туралы айта кетіңізші... – 1977 жылы сәуірде Алматыда «НАТО: партнерство во имя Мира и Согласия» атты дөңгелек үстелі өтті. Бұл жиынға Қазақстаннан Парламент депутаттары, әскерилер, ғалымдар, барлығы 19 адам қатысы. НАТО-дан – 1 генерал және 16 офицер болды. Баяндамашы Альянс генералы НАТО-ның жетістіктері туралы, дүниежүзілік орны туралы мақтауын жеткізеді. Бесінші болып сөйледім. Әрине, менің сөзімде НАТО-ны мадақтау емес, НАТО-ның Балкандағы іс-әрекеті, бұрынғы Югославияның бөлшектенген тағдыры туралы айтылды. Қысқасы, бейбіт өмірге қарсы әрекеттерін мәдениетті түрде әшкереледім. Үзіліс жарияланды. Сол кезде НАТО-ның бір топ офицерлері жаныма келді. Олардың ішінен бір офицер: «Мен және менің жолдастарым сіздің жарыс сөзіңізді тыңдағаннан кейін алғыс айтуды жөн көрдік. Сіздің айтқан шынайы сындарыңыз және өте ойландыратын ұсыныстарыңыз шараға маңызды үлес қосты. Сізбен кездесудің өзі бізге үлкен әсер етті. Сізді – бейбітшілік өмірдің өкілі ретінде қабылдадық. Осыған байланысты өзімнің әскери белгілерімді сізге сувенир ретінде ұсынамын», – деп әлгі подполковник өзінің ордендік колодкасын, кокардасын және погонын берді. – Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан

Өскенбай Құлатайұлы