Жаңалықтар

Екі елдің сахнасында қойылған – "Баянды бақ"

ашық дереккөзі

Екі елдің сахнасында қойылған – "Баянды бақ"

 Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Атырау облысы Махамбет атындағы драмалық театры Анкара, Малатия қаласында және Қахраманмараш провинциясы Афшин муниципалитетінде гастрольдік сапарда болып қайтты. Театр ұжымы жазушы-драматург, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты Мәлік Отарбаевтың «Баянды бақ» спектаклінің тұсауын сәуір айында кескен болатын. Одан кейін ЕХРО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада өткен Атырау облысының мәдениет күндерінде М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында жұртшылық назарына ұсынған еді. Енді міне, Түркия төрінде көпшіліктің талқысына салып, бауырлас ел тарапынан жоғары бағаға ие болып, еліміздің мәртебесін тағы бір мәрте аспандатып, олжалы оралып отыр. Театрдың көркем жетекшісі – жазушы, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев. Туынды режиссері – Мұқанғали Томанов, қоюшы-суретшісі – Темірбек Мұхтаров. Тарихи драма қазақ және түрік тілдерінде қатар жазылып, қос елдің театр сахнасында тұңғыш рет қойылғанымен ерекшеленеді. Алдыңғы буын драматургтердің шығармасы осыған дейін көрерменге аудармашы арқылы жетіп келсе, Мәлік Отарбаевтың өз ана тілімізбен қатар, түрік тілінде де еркін қалам тербеп жүргенін айта кеткеніміз жөн болар. Оқиға желісінде соғыс жылдары Орта Азия елдері мен қазақ жеріне жер аударылған Ахыска түріктерінің тағдыры баяндалады. Аумалы-төкпелі кезде қазақ жеріне тап болған бас кейіпкер Жасминнің өмірі арқылы екі мемлекет арасындағы достық пен бауырластық қарым-қатынастар насихатталады. Жазушы-драматург алғашқы дебютінде елімізде шоғырланған этнос өкілдерінің ұлт ретінде сақталып қалуына қазақ халқы мен тәуелсіз мемлекетіміздің қосқан баға жетпес үлесін атап көрсетуді мақсат етіпті.