Органикалық өнімдер насихатталды

Органикалық өнімдер насихатталды

Органикалық өнімдер насихатталды
ашық дереккөзі
 Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінде Қазақстандағы органикалық азық-түлік өндірісін дамытуға арналған «Organic Future`17» форумы өтті. Шараны «Success K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің қолдауымен Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеренария басқармасы  «Organic Kazakhstan» қоғамдық қорымен бірлесе ұйымдастырды.  Форумның басты мақсаты – органикалық мәдениетті: азық-түліктерден бастап, өмір салтына дейін дәріптеу. Сондай-ақ, осы сектордағы мәселелерді анықтап, бүкіл сектор үшін стратегиялық шешімдерді табу. Форум спикерлері ретінде ҚазҰАУ-нің ректоры Тілектес Есболов, KAZFOAM – Қазақстанның органикалық ауыл шаруашылық қозғалысы федерациясының президенті Евгений Климов, «Жасыл драйвер» жобасының негізін қалаушы, эколог Роман Саблин, Халықаралық экология академиясының вице-президенті Евгений Широков баяндама жасады. Форумның модераторы  «Органик Қазақстан» ҚҚ президенті Махмуд Шадиев болды. Экологтардың пікірінше, ұлт саулығы үшін генетикалық модификацияланған өнімдер мен химиялық қоспасы бар тағамдардардан бас тартуымыз шарт. Оның орнын органикалық өнімдермен алмастыруымыз қажет екенін айтты. Форум ҚазҰАУ-нің ректоры Тілектес Есполовтың баяндамасымен басталды. Әлемдегі сұранысы жоғары өнім – органикалық өнім.  Ол кісі өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында айтылған: «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деген тапсырмасын тағы бір мәрте сөзге тиек етті. Қазақстан – астық державасы ретінде өзін әлемге танытқан ел. Былтыр 23,7 млн тонна астық алсақ, осы жылы 20 млн астық қамбамызға түсті. 5 миллионнан 7 миллионға дейін 70 мемлекеттің нарығына өнім шығарып отырмыз. 2-2,5 млн тонна ұн экспортталды. Кеңестік кезеңде біздің 181 млн га жайылымдық жеріміз бар болатын. Қазір 100 млн га жер қолданыста. Органикалық өнімдердің барлығы жайылымда. Ет өнімі, сүт өнімі – Қазақстанның бренді. Біз еліміздің осы ресурстық потенциалын пайдалануымыз керек. Егер біз осы ресурстарды дұрыс пайдалана алсақ, алдымызға қойып отырған мақсатымызға жетеміз деп сендіргім келеді», – деп университет ректоры сөзін аяқтады. Биоорганикалық өнімдерді шығарумен әлемнің 170 елінен 1,8 млн тауарөндірушілер айналысады. Бұл көрсеткіш күн сайын еселеніп келеді. Әлемде жаһандық органикалық нарық 88 млн долларды құраса, органикалық азық-түлік нарығы 4% -ды ғана құрайды. Сондай-ақ, еліміздегі тек 29 фермерлер ғана өз жұмысын экспорттайды. Қазақстанда органикалық өнім шығаратын 25 зауыт болса, оның тек 4-еуі ғана тауарларын шекарадан асыруға мүмкіндік алған. Бұдан бөлек, аталмыш саладағы кадр санының жетіспеушілігі де қордаланған мәселелердің бірі болды. Сонымен қатар, KAZFOAM – Қазақстанның органикалық ауыл шаруашылық қозғалысы федерациясының президенті Евгений Климов агротуризм мен экотуризмді дамыту мақсатында Алматы облысында эко ауылдың құрылысы басталып кеткенін хабарлады. Эко-ауыл Алматы облысындағы Көлсай өзенінің жағасында орналасқан. Залдағы көрермендер спикерлерге әр сала бойынша сұрақ қойып, өз ойларын да ортаға салды. Кейіннен мастер класстар мен түрлі органикалық өнімдерге дегустация жүргізілді. Сондай-ақ, Алматы және Алматы облыстарындағы органикалық жобалардың болашағы туралы талқылаулар болып, заң шеңберіне қатысты дискуссиялар өтті. Нәзира ҚАСЫМБЕК