Жаңалықтар

Қазақстанда Назарбаев жөнінде киноэпопея түсіру жалғасып жатыр

ашық дереккөзі

Қазақстанда Назарбаев жөнінде киноэпопея түсіру жалғасып жатыр

20 желтоқсанда Алматыда "Елбасы жолы" киноэпопеясы - Қазақстанды 1990 жылғы сәуірден бері үзбей басқарып келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы көркем фильмдердің жалғасын түсірудің алғашқы кезеңі аяқталды. Кезекті бөлім "Бейбітшілік кіндігі" деп аталады. Жаңа бөлім ("Сатайфильм" киностудиясымен бірлесіп) түсіріліп жатқан "Қазақфильм" киностудиясы таратқан баспасөз хабарламасында картина "Ақмоланың қарапайым қаладан жас орда – Астанаға айналуы мен күні бүгінге дейінгі кезеңі туралы баяндайды. Картинада 1994 жылы астананың Ақмолаға ауысып, Астананың қысқа мерзім ішінде күн санап дамып келе жатқанын және үздік әлем астаналары қатарына енгенін көрсетеді" деп хабарланған. Эпопеяның алтыншы бөлімін қазақстандық белгілі кинорежиссер Ақан Сатаев түсіріп жатыр. Фильм сценариін Тимур Жақсылықов (Ақан Сатаев екеуі бірлесіп бірнеше фильм шығарған) пен Мәскеудегі кинематография институтын 1980 жылдары бітірген Әділбек Жақсыбеков жазған. Жақсыбеков қазір жоғары лауазымды шенеунік – Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі. Жаңа бөлімде Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін Талдықорғаннан шақырылған театр және кино актері Мұрат Ахманов ойнайды. Эпопеяның алғашқы төрт бөлімінде Назарбаевтың рөлін Нұрлан Әлімжанов, бесінші бөлімінде – Берік Айтжанов ойнаған. Қарашада "Қазақфильм" киностудиясы "Бейбітшілік кіндігі" фильміне түсетін актерлерді "Гранд Будапешт" қонақүйі» фильміндегі ең үздік макияж үшін "Оскар" сыйлығын, "Темір ханым" фильміндегі ең үздік макияж бен шаш үлгісі үшін BAFTA сыйлығын алған ұлыбританиялық суретші-визажист Марк Кульер гримдейді деп хабарлаған. Қазақстандық ақпарат агенттіктері үкімет "Елбасы жолы. Бейбітшілік кіндігінде" фильмі түсіріліміне бюджеттен 2,3 миллиард теңге (қазіргі айырбас бағамы бойынша 6,8 миллион доллардан асады) бөлді деп хабарлаған.