Ғасырлардан  жеткен ғажап ойын

Ғасырлардан  жеткен ғажап ойын

Ғасырлардан  жеткен ғажап ойын
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздік күніне орай Алматы маңындағы «Ақбұлақ» спорттық-сауықтыру кешенінде шөген спортынан республикалық турнир өтті. Аталмыш доданы Қазақстан шөген федерациясы ұйымдастырды. Барлығы 5 команда қатысқан сайыс 3 күнге созылды. «Әулиеата» шөген клубы, «Astana Polo Club», «Almaty Polo Club» және «Almaty Horse and Polo Club» және «Tu`lpar Polo Club» құрамалары өзара бақ сынасты. Жалпы, есеп бойынша «Almaty Polo Club» ойыншылары жеңімпаз атанып, 500 мың теңгені қанжығаларына байлады. «Astana Polo Club» командасы 2-орынға табан тіреп, 300 мың теңге иеленсе, Жамбыл облысынан келген «Әулиеата» шөген клубы 3-орынға тұрақтап, 200 мың теңгені місе тұтты. Жеңімпаз құраманың капитаны Қуаныш Мұсабековтің сөзінше, команда 2016 жылы құрылып, Мәскеуде арнайы оқу-жаттығудан өткен. Бала кезден ат құлағында ойнап өскен жігіттер үшін бұл спорт түрі әсте қиын болмаған. Құрама сапындағы ойыншылардың барлығы да ауылдан шыққан азаматтар. Аталған құрамалардың барлығының дерлік тәжірибесі бар деуге келмейді. Мәселен, бұл ойын Алматы облысынан келген «Tu`lpar Polo Club» құрамасының алғашқы дебюті. Бұл спортпен айналысқандарына санаулы ғана айдың жүзі болған. Дегенмен де қарсыласқа кеткен бүгінгі есені ертеңгі күні қайтаратындарына бек сенімді екендігін жеткізді. Облыс орталығында дайындалатын орынның болмауы салдарынан, олар «Ақбұлақ» спорт кешеніне келіп дайындалуға мәжбүр. Сол себепті құрама мүшелері жергілікті әкімдіктен көмек күтетіндіктерін жасырмады. Бұл спорт түрі өз тарихын осыдан 2500 жыл бұрын бастаған. Ойын ережесіндегі ерекшеліктердің бірі – ойыншылардың жасы мен жынысына шектеу қойылмайды. «Әулиеата» шөген клубының капитаны Нұр­­дәулет Момынов аталмыш спортқа келгенде 33 жаста болғанын айтады. Тіпті, осы спорт түрін алғаш болып бастағандардың бірі екенін де жеткізді. Осыған дейін көкпар тартып, Мәскеуге барған қазақ жігіттерінің ат құлағында еркін ойнағандарын көрген аргентиналық бапкерлер отандық спортшыларға шөген спортына ауысуға кеңес берген. «Олар спортшыларды 2-3 жыл тек қана атқа мінгізіп дайындайды. Ал қазақ жігіттеріне атқа отыру таңсық дүние емес. Тек ойынның ережесі мен техникасын дұрыс меңгерсек болғаны. Сонымен қатар, бұл спорт түрін халық арасына тарату үшін жүлде қорын көбейту керек. Бұл бір жағынан жұртшылықтың қызғушылығын оятса, екінші жағынан жеңіске деген жігер болар еді», – дейді команда капитаны. Қазақстан шөген федерациясының бірінші вице-президенті Сейсен Құранбек балалар шөген академиясының да жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті. Бүгінде балалардан жасақталған 4 команданың екеуі республикалық турнирлерде бақ сынауда. Академияға балалар 9 жастан бастап қабылданады. Оқу-жаттығудың барлығы да тегін өтеді. Сондай-ақ, 1,5 сағаттық жолдың алыстығына қарамастан, балалардың аталмыш спортқа деген қызығушылығы өте жоғары. Ата-аналардың ұйымдастыруымен балаларды жаттығуға таситын арнайы шағын автобус та қарастырылған. Шөген спорты елімізде қолға алынып жатқанына 3-4 жылдың жүзі болды. Аталмыш спорт түрінен алғашқы турнир «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай өткізілген. Федерацияның құрылғаны кеше ғана болса да, атқарылған жұмыстардың салмағы ауыр. Осынау жылдар ішінде шөген спортынан ұлттық құрама жасақталып, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарында өңірлік федерациялар ашылды. Қазақстан чемпионаты биыл екінші рет ұйымдастырылды. Осы жылы «Astana Polo Club» құрамасы чемпион болса, өткен жылы «Әулиеата» шөген клубы жеңіс тұғырынан көрінген. Республикалық турнирлерден бөлек, халықаралық жарыстарда да табыстары аз емес. Атап айтар болсақ, үстіміздегі жылы «Astana Polo Club» және «Almaty Polo Club» құрамасы Аргентинада өткен турнирге қатысып, 1-2-орындарға табан тіреді. Сондай-ақ, Лондон, Дубай қалаларында өткен турнирлерде жүлдегерлер сапынан көрінбесе де, мол тәжірибе жинағандарын жеткізді. Федерацияның негізгі талабы – ойыншылар сапына бірде-бір легионерлер алмауы және шетелден жылқы сатып алмайтындықтары. «Тек қазақ топырағында өскен жылқыларды баптап, соларды бабына келтіреміз. Сондай-ақ, қазақстандық спортшылардан тұратын команда жасақтаймыз», – деді Сейсен Құранбек. Оның айтуынша: «Биыл 122-рет өздерінің чемпионатын ұйымдастырып отырған Аргентинаға қарағанда отандық құраманың деңгейі әлі де төмен. Дегенмен біз 4-5 жыл ішінде олармен иық тіресер дәрежеде боламыз». Аргентинада бұл спорт түріне арналған 300 алаң болса, елімізде оның саны біреу ғана. Жоспарда тұрған ендігі нәрсе ойын алаңдарын көбейту. Биыл ақпан айында Германия, Аргентина және Швейцарияның командалары қатысқан «Almaty Snow Polo Cup» халықаралық турнирі ұйымдастырылды. Аталмыш сайысты келер жылы да өткізу жоспарда бар. Жүсіп Баласағұн мен Махмұд Қашғаридың еңбектерінде талдап жазылған бұл спорт түрі елімізде қайта жаңғырып, халық арасына кеңінен таралатынына сенім мол. Шөген ойыны спортшыларға қандай да бір қатал талап қоймайды. Бастысы ниет болса болғаны. Олай болса атадан қалған спортты қайта жаңғыртуға үлес қосайық!  

Нәзира ҚАСЫМБЕК