Жаңалықтар

Парламент жол ережесіне қатысты айыппұлды азайтуды мақұлдады

ашық дереккөзі

Парламент жол ережесіне қатысты айыппұлды азайтуды мақұлдады

Парламент мәжілісінің депутаттары сәрсенбіде сенаттың әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске кейбір жол ережесін бұзуға қатысты жазаны жеңілдететін түзетулер жобасына жасаған ескертпесімен келісіп, мақұлдады. Сенат әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына бірсыпыра ескертпе жасап, мәжіліске қайтарған. Мәжіліс жобаға жасалған түзетулер оның концепциясын бұзбайтынын хабарлады. Түзету жобасында жылдамдықты асырғаны үшін салынатын айыппұлды азайту қарастырылған. Қолданыстағы заң бойынша жылдамдықты сағатына 10 километрден 20 километрге дейін асырғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынса (бір АЕК - 2269 теңге) түзетулер жобасында айыппұл мөлшерін бес айлық есептік көрсеткішке дейін азайту қарастырылған. Сонымен қатар «жол қиылысы мен торабынан өту ережесін бұзғаны» үшін салынатын айыппұлды 10 АЕК-тен үш АЕК-ке дейін азайту да қарастырылған. Қазіргі заң бойынша, жолдың қарсы бетіне шығып кеткені, оның ішінде айналып және бұрылып шығып кеткені үшін жүргізуші куәлігінен бір жылға дейін айырылатын болса, түзету жобасында бұл мерзімді алты айға дейін азайту қарастырылған. Қазақстан бас прокуратурасы биылғы жылдың басында айыппұлды көбейту жолда заң бұзушылықты азайтпайтынын айтып, айыппұл көлемін азайтуды ұсынған. Бұдан өзге, прокуратура елде тұрғындардың табысы азайғанын, ал кейбір айыппұлдар көлемі соңғы 15 жылда бірнеше есеге ұлғайтылғанын айтқан. Қазақстан әлемде жол-көлік оқиғасы салдарынан адам көп құрбан болатын елдер қатарында тұр.