Жаңалықтар

Латын графикасында басылған алғашқы кітаптың тұсауы кесілді

ашық дереккөзі

Латын графикасында басылған алғашқы кітаптың тұсауы кесілді

Алматыда латын графикасында шығарылған тұңғыш кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бүгін Алматыдағы «Книжный город» дүкенінде Любовь Говорухинаның латын әліпбиінде басылып шыққан «Mahabbat qyzyq jas da'y'ren»  (Махаббат қызық жас дәурен) кітабының тұсауы кесілді. 1 000 тиражбен жарық көріп отырған кітап орыс тілінде жазылған, сосын қазақ тіліне аударылған. «Қазақстандағы латын әліпбиі реформасын қуана қолдадық. Сондықтан, адамзаттың барлығына ортақ махаббат тіліндегі хикаяларды неге барлығына ортақ, таныс әріппен басып көрмеске деп ойладық та осы бастаманы қолға алдық. Латын әліпбиін жастар қолдады. Сондықтан, кітапты жастар оқиды деп сенемін», - деді идея авторы, кітапты шығарушы Жанна Исингарина. Кітап авторы Любовь Говорухина бұған дейін қысқа хикаяттар мен әңгімелер жазып жүргенімен кітап ретінде басылып отырған алғашқы еңбегі екенін айтты.    «Бұл бірінші кітабым. Бірінші, әңгімелерді латын әрпімен басып көрдік. Оқырман қызығушылық танытқан соң, жинақтап, кітап етіп шығарып отырмыз. Бұл - бастама. Егер оқырманға қызықты болса, ары қарай жалғасын табуы мүмкін. Кітап орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылды. Кітапта махаббат хикаялары баяндалады. Онда теміржолшының басынан өткені туралы әңгіме бар. Онда «Қорғас», Жезқазғаннан Қазақстанның батысына жол тартылған мемлекеттік ірі жобада қызмет еткен теміржолшының сапарда өмірлік жарымен табысуы туралы хикая суреттелген. Жалпы, кітап жолаушыларға арналған десе болады», - деді автор. Кітапты таныстыруға Астанадан арнайы келген Мұрат Әбенов орыс тілді автордың қазақ тілінде латын әліпбиімен кітап шығаруына ерекше мән беру қажеттігін айтты.   «Шет елде Қазақстанның мемелкеттік тілінің латын әліпбиіне көшуіне сыни көзбен қарайтындар бар. Ал елімізде қоғамның барлық сатысында бұл бастамаға қолдау танытқанын осыдан көруге болады. Латын әліпбиіне қатысты әлі де талқылаулар жүріп жатыр. Сондықтан, осындай кітаптар шыққаны жақсы. Сосын, бұл мемлекеттің қаржысына шығып жатқан жоқ. Бұл мемлекеттік тілді насихаттауға да тиімді. Кейін ғылыми кітаптар шыға жатар. Махаббат тақырыбы адамның бәріне ортақ сезім. Сондықтан, күрделі болмас», - деді Мұрат Әбенов.   Аталған кітап Алматының әуежайы мен темір жол вокзалындағы дүкендерде сатыла бастаған. Қаңтар айынан бастап, Астана қаласында және «Меломан» дүкендер желісінде сатылымға шығады. Кітаптың құны шамамен - 1 500 теңге.