Жаңалықтар

Жол полицейлері хаттаманы планшетпен толтырады

ашық дереккөзі

Жол полицейлері хаттаманы планшетпен толтырады

Алматының жол полицейлері енді хаттаманы планшетпен толтырады. Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Цифрлы Қазақстанның» қарапайым адамдарға не беретінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Алматыда Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Бауыржан Байбек  Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстанды» құру тапсырмасына орай қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан «Smart Almaty» инновациялық қала жобасын қалыптастыруға қатысты пікірін айтты. «Денсаулық сақтау, білім беру, бизнес, қауіпсіздік және көлік сияқты салаларға заманауи технологияларды енгізу азаматтарға кезексіз, ғаламтор арқылы мемлекеттік қызметтерді пайдалануға жол ашады. Мемлекеттік қызмет көрсету уақыты үнемделіп, қызмет түрі ашық болады, сыбайлас жемқорлық факторы жойылады», - деді Бауыржан Байбек. Алматы әкімі бүгінде жол қызметкерлері мен автокөліктердің бейне тіркеу және GPS құрылғылармен қамтылғанын айтты. «Егер инспекторлар белгіленген бағыттан шығатын немесе бейнетіркегішті өшіретін болса, онда қызметтен босатылады. Жол полициясы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы электронды толтыруға көшті. Бұл осы саладағы жемқорлықтың белең алуына тосқауыл қойып, айыппұлды сол жерде төлеуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде полиция қызметкерлері 200-ден астам планшетпен қамтылған, келесі жылы олар планшетпен 100% жабдықталатын болады», - деді Б.Байбек. Шаһар басшысы «бір терезе» қағидасымен мемлекеттік қызмет көрсететін «Open Almaty» қоғамдық қабылдау орталығы туралы сөз қозғады. «Бұл орталық Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінің арасында халыққа қызмет көрсетудегі инновациялық жоба  ретінде 2-ші орынды  иеленді. Орталық азаматтарға сабылып қала кезбей, мемлекеттік қызметті бір жерден алуға мүмкіндік береді. Қоғамдық қабылдау халыққа ыңғайлы болу үшін қала орталығында - «Almaty Towers» ғимаратында орналасқан. Мұнда қаланың барлық аудандық әкімдіктерінің, бес негізгі басқармалардың, алты орталық мемлекеттік органның, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері мен медиаторлар жұмыс істейді. Шағымдар телефон және Интернет арқылы онлайн қабылданады. Ашылғанына небәрі 3 ай болған Орталыққа 4 мыңға жуық өтініш түскен», - деді ол.