Көршілердің құтын қашырған

Көршілердің құтын қашырған

Көршілердің  құтын қашырған
ашық дереккөзі
Батыстың ақпарат құралдары «Үшінші дүниежүзілік соғыс» деп байбалам салғалы біраз болды. Расында, Солтүстік Кореядан төнген қауіп қаншалықты зор? Жақында ғана бұл ел АҚШ-тың «қара тізіміне» қайта енгізілді. Бірақ халықаралық қауымдастық тарапынан салынған санкциялар да, дипломатиялық шектеулер де Пхеньянды райынан қайтаруға дәрменсіз. Керісінше, Пхеньян осы күндері ядролық держава болғанын ашық жариялап, өзінің «АҚШ-ты саяси және әскери теке-тіресте жеңгені» жайлы мәлімдеме таратты. Корей Халық Демократиялық республикасы Қытай, Ресей және Оңтүстік Кореямен шекаралас жатыр. Аумағы бар-жоғы 120 мың шаршы шақырым, яғни АҚШ-тың бір ғана Миссисипи штатынан да шағын. Бірақ өзінен сексен есе үлкен алпауыт елдің құтын қашыруға қауқары бар. Ақ үйдің сыртқы саясаты шарасыз күйге түсірген бір ел болса, осы Солтүстік Корея шығар. Себебі оны қанша сыртқа теуіп, халықаралық байланыстарды үзіп, оқшау тастағанымен, Пхеньянды Жер шарынан басқа ғаламшарға көшіре алмайды. Бұл ел ешкімге, ештеңеге мойымастан өз дегенімен өмір сүріп жатыр. Өзін мойындату үшін өзгелермен санасуды тіпті қажет деп санамайды. Керісінше, өзіндік саясат ұстанғанды тәуір көреді. Ендеше, әлемдік қауымдастықтың қаупі дәйекті ме? Әлде «қорыққанға қос көрінеді» дегеннің кері ме? Пхеньянды жау санау коммунистік идеологияны құбыжық көретін капиталистік елдердің қанына сіңген мінезден бе? Әлбетте, біз «Hwasong15» деп аталатын баллистикалық зымыранды 53 минуттың ішінде 4475 шақырым биіктікке ұшырып, Жапонияның зәресін алған, Қытайдың тынышын қашырған, АҚШ-ты ашуландырған Пхеньянды әсте ақтамаймыз. Бірақ ядролық сынақтар жасады деп айыптап отырғандар кімдер? АҚШ әлемдегі ең ірі атом қаруының иесі емес пе? Ал Қытайдың Қазақстанның іргесінде сынақ жасап, құдайы көршісінің ұйқысын қашырғанын ұмытамыз ба? Сонда «күштінің арты диірмен тартады» дегендей, күштіде ғана қару болсын, басқалар күш көрсетуге дәрменсіз болсын деген пиғыл ма? Осы орайда, Иранды атомдық қару жасауға ұмтылып жатыр деп еш дәйексіз айыптап, экономикалық санкциялармен титықтатқан америкалық саясаттың жазалаушы сипатын есте ұстау керек. Қарашаның 29 күні сынақтан өткізілген зымыран бұған дейінгі қарулардың ішіндегі ең алысқа ұшатыны, яғни ең қауіптісі. Халық­аралық қауымдастықтан сүйінші сұрағандай, Солтүстік Корея мемлекеттік телеарнасы зымыранның ұшқан сәтін, оның ұшу бағдарын бейнелеген бейне және фото деректерді әлем назарына ұсынды. Пхеньянның бұл жаңалықты сүйіншілеуінен бұрын АҚШ пен Жапония қорғаныс саласының мамандары әжептәуір мазасыздыққа ұшырады. Себебі бұл континентаралық зымыранның енді АҚШ аумағына жетуге қауқары бар екені мәлім болды. Яғни, Пхеньян америкалықтардың басына қара бұлт үйіруге шамасы жететінін әйгіледі. Бұл оқиға америкалықтардың арасында елегізу туғызды. Себебі кәріс зымыраны Америка жеріне бағытталуы және жетуі ықтимал деген қауіп өмір шындығына айналғанына көз жетіп отыр. Әйтсе де, әзірге Пхеньян оны іске асыруға дайын емес. Сол себепті зымыранды АҚШ-қа қарай емес, Жапониямен шектес маңайдағы теңізге тастаған. Ал Мәскеуді араға салуы әлі де дипломатиялық жолмен бітімге келуге бейіл екенін көрсетеді. Зымыран сынағынан кейін Дональд Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп, Солтүстік Кореяға экономикалық құрсауды күшейту туралы сөйлесті. Ал Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров осы екі аралықта Пхеньян Ақ үймен тікелей тілдескісі келетінін мәлімдеді. Яғни, Ресей екі мемлекет арасында араағайын болуға дайын екенін ашық айтты. Шамасы, Солтүстік Кореяның АҚШ-қа қоятын өз шарттары бар, бұл шарттар негізінен Пхеньянның қауіпсіздігіне кепіл сұрауға қатысты. Лавровтың мәлімдемесінің астарына үңілсек, Мәскеу Ақ үйдің аптығын басудың тағы бір тетігін тапқан сияқты. Яғни, Таяу Шығыстағы саяси ахуалды Ресейсіз реттеу мүмкін емес дегенді мойындауға мәжбүр еткендей, енді Кәріс түбегіндегі жағдайды ушықтырмай, тұтанған шаланы сөндіруде белсенді ойыншының бірі болуға асық. Оның үстіне, Сергей Лавров «Біз Солтүстік Кореяға немесе кез келген мемлекетке қарсы жаппай эмбарго жариялауға қарсымыз» деп ашып айтты. Яғни, Мәскеу Пхеньянға барынша қолдау білдіретін сияқты. Оның үстіне, бұған дейін 2015 жылды Ресей «Солтүстік Кореямен достық жылы» деп жариялаған еді. Бұл орайда Ресей КСРО-ның заңды мұрагері ретінде коммунистік жүйеге бүйрегі бұратын себебі де бар. Бұл аралықта Жапония қорғаныс министрі Кәріс түбегіне шабуыл жасайтын зымыранды сынақтан өткізуге әзір екенін мәлімдеді. Жапония премьер-министрі Синдзо Абе Солтүстік Кореядан төнген қауіпті «Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен бергі ең зор қатер» деп атады. Ал жапондықтар үшін бұл соғыс қандай трагедиямен аяқталғаны баршаға мәлім. Сондықтан Жапонияның берік қорғаныс жағдайына түсу себебі түсінікті әрі Абенің берген уәдесінде тұратыны да анық. Ал Британ сыртқы істер министрі Борис Джонсон бұл істе қару қолданудың ықтималдығы жоғары екенін жасырмайды. «Меніңше, ешкім бұл мәселенің әскери шешімі бар деп ойламайды, бірақ ондай мүмкіндіктің бар екенін тағы жоққа шығара алмаймыз» деді ол барынша сыпайылап. Сонымен, АҚШ, Қытай мен Жапония Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыранды сынақтан өткізуін аймақтық, бәлкім, әлемдік деңгейдегі қауіпке балап отыр. Дональд Трамп Солтүстік Кореяны «терроризмге демеушілік жасайтын мемлекет» деп атады. Бұл Ким Чен Ынның жеке басына немесе қазіргі билік жүйесіне емес, тұтас мемлекетке, оның халқына, жасы мен кәрісіне, кешегісі мен бүгініге қарата айтылған өте ауыр айып. Бақсаңыз, қазір хан талапайға түскен Сирияның өзі мұндай айыпты естіп көрмеген. Ол елде ең әуелі Башар Асадтың басы дауда. Ол «қатал диктатор, халқын қанаушы авторитарлы билік иесі» т.б. аталса да, ол басқарып отырған мемлекет «терроризмді жақтаушы не демеуші» атанған емес. Бірақ бір ғана адамның атына айтылған айыптың салдарын қараңыз. Алты жылдан бері азаматтық соғыс өртіне оранғаны аздай, халықаралық қауымдастық терроризммен күресті желеу етіп, бұл мемлекетті алма-кезек оқ астына алды, оңай жемтік – полигон аймағына айналдырды. Мемлекет тозып, халқы босып кетті. Мұнда да басты айыптаушы АҚШ екені рас, бірақ Ақ үйдің Сирияға ұстанған саясатын Солтүстік Кореяға қолдана алмай діңкесі құрып отыр. Пхеньянға қарсы қолданылған бар амал – әзірше сөзбен айыптау және халықаралық санкциялар жариялау. Бірақ мұндай шаралар Ким Чен Ын мырзаға шыбын шаққан құрлы әсер ететін түрі көрінбейді. Сонда әлсіздің белін одан сайын бүгетін, тек өзіне күші тең қарсыласты сыйлайтын психология саясаттан да тыс емес деген сөз ғой. Тақырыпқа тұздық ретінде әлемнің түкпір-түкпірінде Солтүстік Корея жайлы не ойлап, не деп жатқанына шолу жасағанды жөн көрдік. Бұл жолы тек батыстық емес, азиялық мемлекеттердегі ақпарат құралдарында жарияланған материалдарды оқырман назарына ұсынамыз. Бұл материалдардың түпнұсқасы ағылшын тілінде екенін және оларды ғаламтордағы ресми сайттарынан табуға болатынын ескертеміз. Global Times (Қытай): ЕНДІ БӘРІ АҚШ ПЕН ОҢТҮСТІК КОРЕЯҒА БАЙЛАНЫСТЫ Бұл – АҚШ президенті Дональд Трамптың Солтүстік Кореяны «терроризмді қаржыландырушы мемлекет» деп айдар тағуына берген батыл жауабы. Бірақ зымыранның тікелей Гуамға немесе Гавай аралдарына бағытталмауы, керісінше, Жапония аралдарына жақын жерге түсуі Солтүстік Кореяның халықаралық қауымдастықтың ашуына тимеуге барынша тырысқанын көрсетеді. Ал АҚШ өз тарапынан мәселені қару-жарақпен шешу ықтималдығын мәлімдесе де, ол соғыс тудыруға бейіл емес. Сондықтан АҚШ үкіметі Солтүстік Кореяға әскери интервенция жасау туралы шешім шығарған жоқ. Америкалық Конгрестің Зерттеу қызметі қараша айында жариялаған баяндамада Оңтүстік Кореядан америкалық әскердің шығарылуы мүмкін екені айтылған. Баяндама авторларының пайымдауынша, бірнеше айдан соң Солтүстік Корея АҚШ аумағына шабуыл жасауға қабілетті қаруға ие болады, ал бұған жауап ретінде Оңтүстік Корея мен Жапония баллистикалық зымырандарын ядролық оқтұмсықтармен жабдықтай бастайды. Мұндай жағдайда АҚШ-тың бұл екі мемлекеттегі базаларына қауіп төнеді. The Daily Star (Ливия): ТРАМП САЯСАТЫНЫҢ ЖЕҢІЛІСІ Дональд Трамп Солтүстік Кореяға қатысты түйткіл алдыңғы президенттерден «мұраға» қалған деп қанша шағымданса да, өз мойнындағы жауапкершіліктен құтыла алмайды. Ол Солтүстік Кореяға қатысты стратегия ұстанбақ түгілі оны лайықты түрде сөзбен сипаттай алмады. Өз президенттігінің бір жылында оның бар жетістігі Солтүстік Кореяға қосымша санкциялар жариялау ғана. Ал оның бұл елді терроризмді қолдайтын мемлекеттер тізіміне қайта қосуы бар болғаны символикалық әрекет, 2008 жылы Джродж Буш Пхеньянды бұл тізімнен алып тастағанының да ешқандай әсері болмаған. Қазір бұл тізімде төрт мемлекет бар: Иран, Солтүстік Корея, Судан және Сирия. Бұл тізімге енгізу деген АҚШ тарапынан бұл мемлекеттерге ешқандай әскери көмек көрсетілмейді деген сөз, бірақ оның Солтүстік Кореяға қажеті де жоқ. Сондай-ақ, терроризммен байланысы бар деп айыпталған мемлекеттер халықаралық қауымдастық тарапынан ешқандай қаржылық қолдау ала алмайды, бірақ Солтүстік Корея онсыз да ешқандай халықаралық қаржылық ұйымға мүше емес. Расында, Трамптың Солтүстік Кореяны бұл тізміге қайта қосуы бар болғаны бюрократиялық әрекет қана. Ал бұл тізімнен шығарып тастау үшін бұл елде соңғы алты айда терроризм әрекеті болмады немесе ешқандай терористік ұйымдармен байланыс жасамады деген дерек жеткілікті. Жалпы, Солтүстік Корея мәселесін шешу үшін Трамп қолға алған мұндай іс-әрекеттерден әлдеқайда жоғары деңгейдегі ерік-жігер мен тәртіп қажет. Тиімді саясат түзу үшін Қытаймен тізе қосып қимылдау керек, бірақ Қытайдың басшыларын асыра мақтаудан да сақ болған жөн. Бұған қоса, Қытаймен ғана емес, сол маңайдағы барлық аймақтық басшылармен қоян-қолтық әрекет ету керек. The China Post (Қытай): СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРЫ Солтүстік Кореяның 164 мемлекетпен ресми дипломатиялық қарым-қатынасы бар. 47 мемлекетте осы елдің елшілігі бар, ал Пхеньянның өзінде 24 мемлекеттің елшіліктері жұмыс істейді. Бұл елде елшіліктері жоқ мемлекеттер Солтүстік Кореямен дипломатиялық қатынастарын көршілес Оңтүстік Корея немесе Қытайдағы өздерінің елшіліктері арқылы жүргізеді. Бұл елмен ресми дипломатиялық байланысы бар мемлекеттер: Германия, Ұлыбритания, Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан. Сол­түстік Кореямен ресми дипломатиялық қатынасы жоқ мемлекеттер: АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония. Express Online (Ұлыбритания): ТОҒЫЗ АЙДЫҢ ІШІНДЕ СОҒЫС БОЛУЫ МҮМКІН Солтүстік Корея АҚШ, Ресей мен Қытайды қамтитын «ғаламдық қақтығыс» тудыруы ықтимал. Үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі өсе түсті. Express.co.uk сайтына берген сұхбатында Солтүстік Корея сарапшысы Гордон Чейндж Пхеньянның «ғаламдық қақтығыс» өртін тұтандыруға қауқары бар деген пікір айтады. Ол «Солтүстік Корея алдағы тоғыз ай ішінде өте қауіпті, оған алғышарт болатын екі нәрсе бар. Біріншісі, президент Трамптың бұл елге қарсы ұстанған қаржылық шектеу саясатының әсері күшті болады. Қазірдің өзінде Солтүстік Кореяда ақша тапшылығы бар. Бірақ соған қарамастан, бұл ел өзінің әскери қуатын арттыруды жалғастыра береді. Солтүстік Корея Америкаға ұшып жететін қырып-жойғыш қару жасауға барынша басымдық беріп отыр, ендеше, осы екі мәселені бірге қарастырсақ, онда 2018 жылдың қандай ауыр жыл болатынын елестетуі қиын емес» деген. The New York Times (АҚШ): СОЛТҮСТІК КОРЕЯ ТУРАЛЫ ЖЕТІ ШЫНДЫҚ Шындық №1. Бәрі бітті. Солтүстік Корея ендігі ядролық мемлекет. Шындық №2. Солтүстік Кореяның енді Вашингтон мен Нью-Йорк қалаларын шабуылдауға қауқары бар. Шындық №3. Солтүстік Корея басшысы Ким мырза қанша экцентрик көрінсе де, ол қарадүрсін шешім қабылдауға бейім емес. Яғни, Солтүстік Корея соғыс бастауға дәті бармайды. Ал АҚШ ядролық мемлекеттердің ішіндегі ең күштісі. Ол осы уақытқа дейін Ресей және Қытайдан төнген ядролық қауіпке қалай қарсы тұрса, енді Солтүстік Кореяны солай ауыздықтай алады. Шындық №4. Қытай Солтүстік Кореяға қатысты түйткілді шешуге қанша тырысса да, оның қолынан келмеуі мүмкін. Солтүстік Кореяның зымыран сынақтары көбіне Пекинді мұқату мақсатында жасалғандай көрінеді. Оған жауап ретінде Қытай өз тарапынан санкциялар жариялаған болатын. Сондықтан америкалықтар Қытай Солтүстік Кореяның қолтығына су бүркіп отыр деп қанша айыптағанымен, шындығында, бәрі керісінше. Шындық №5. Солтүстік Корея өзінің ұзақ мерзімді экономикалық құрсауға шыдас беретінін дәлелдеді. Тоқсаныншы жылдардың ішіндегі экономикалық және азық-түлік санкцияларының кесірінен халқының оннан бірі аштан қырылса да, бұл мемлекет алған бетінен қайтқан жоқ. Шындық №6. Солтүстік Корея соғысқысы келмейді, бірақ әлі де қорқады. Көптеген сарапшылар Солтүстік Корея ядролық қаруды халықаралық қауымдастыққа өзін мойындату үшін ғана ұстап тұрмақ десе, басқалар Солтүстік Корея өзінің оңтүстік көршісінің АҚШ-пен байланысын үзіп, онымен қайта бірігуді көздейді деп санайды. Шындық №7. Қауіп бар, бірақ қантөгістің болмауы да ықтимал.