Индустрияландыру өрге сүйрейді

Индустрияландыру өрге сүйрейді

Индустрияландыру өрге сүйрейді
ашық дереккөзі
Дамыған елдердің тәжірибесінен ұққанымыз – өнеркәсіп өркендемей экономика алға баспайды. Ол неғұрлым күрделі әрі әртүрлі салалардан тұратын болса, экономиканың да тұрақтылығы артады. 2010 жылдан бастап индустриялық саясатты толық іске асыруды қолға алған еліміз өңдеу өнеркәсібін әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды ынталандыруға күш салып келеді. Индустрияландыру – инвестиция тарту, өнеркәсіп секторы үшін қаражат көзін қолжетімді ету, ішкі және сыртқы нарықтарда сауатты сауда жүргізу, стандарттау, сапалы адами капиталды қалыптастыру, технологиялардың қолжетімділігі сияқты кешенді мәселелердің шешілуін қамтитын аса күрделі міндет. Осы міндетті іске асыру мақсатында қабылданған индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасының алғашқы нәтижелері көңіл қуантарлық. Бірінші бесжылдық ішінде Қазақстанда индустрияландыру үшін заң мен инфрақұрылым саласында және бизнесті қолдауға арналған құралдар негізінде базалық жағдайлар жасалды. Атап айтқанда, жаңадан құрылған заңнамалық база аясында 50-ге жуық заңдар өзгертіліп, «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы», «Арнайы экономикалық аймақтар туралы», «Энергия тиімділігі және энергияны үнемдеу туралы» 3 жаңа заң қабылданды. Одан бөлек, экономиканың басым секторларын дамыту мақсатында 23 салалық бағдарлама, нақты секторды дамыту мәселелері ескерілген 16 аймақтарды дамыту бағдарламасы өз жұмысын бастады. Өнеркәсіптің алға жылжуына көп жағдайда аймақтағы инфрақұрылымның жоқтығы кедергі болады. Осы мақсатта ел экономикасын индустрияландыруға бағытталған іс-шаралар бойынша инфрақұрылымдық шектеулер жойылды. Оның ішінде энергия тапшылығы мәселесі толық шешіліп, 4 мың шақырымға жуық автомобиль жолдары салынды және қайта жөндеуден өтті. Оған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Орталық – Оңтүстік» және «Орталық – Шығыс» атты 2 транзиттік дәліз мысал бола алады. Экономиканың күретамыры –  теміржол саласында да оң өзгерістер көп. Атап айтқанда, Үзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара, Жетіген – Қорғас, Бейнеу – Жезқазған, Арқалық – Шұбаркөл бағыттарында 1 700 шақырым теміржол салынды. Индустрияландыру барысында жеткен тағы бір жетістіктердің бірі – арнайы экономикалық аймақтар құрылып, олардың толыққанды жұмыс істеуі. Қазір елімізде 10 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Арнайы экономикалық аймақтарды құрған сәттен бастап 651 млрд теңгеден астам сомаға 157 жоба іске қосылды, 11 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Дәл сол секілді индустриялық аймақтарда да 100 млрд теңге жұмсалған 113 жоба жұмысын бастап, шамамен 8 мың жұмысшы еңбек етуге мүмкіндік алды. «Өнімділік – 2020», «Инвестор – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» және т.б. сияқты бағдарламалар өз ісін дөңгелеткісі келетіндердің алдынан даңғыл жол ашты. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жеңілдікпен берілетін кредиттер мен лизинг, инновациялық, экспорттық гранттар, сервистік қолдау және т.б. құралдардың арқасында кәсіптің нәсібін көргендер көбейді. Бүгінде кәсіпкерлер 100-ге жуық қолдау құралдарының қызметін пайдалана алады. Мұның бәрі бизнестің белсенділігін арттыруға оң әсер етті. Оны өңдеуші өнеркәсіпте жұмыс істейтін кәсіпорындар санының артқанынан да байқай аламыз. Мысалы, 2016 жылдың қорытындысы бойынша осы сектордағы субъектілер саны 2010 жылмен салыстырғанда 28 пайызға, яғни 13,8 мыңға дейін өскен. Шағын және орта бизнестің ІЖӨ құрылымындағы үлесі аталған алты жыл ішінде 20,6 пайыздан 26,8 пайызға дейін ұлғайды. Кешегі күнге дейін ел экономикасы негізінен тау-кен өнеркәсібіне арқа сүйеп келсе, қазіргі таңда өңдеуші өнеркәсіпке артылған сенім мол. Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, дағдарысқа дейінгі 2008 жылмен салыстырғанда 2016 жылы өңдеуші салалардың өсімі 25,2 пайызға жетті, ал тау-кен өнеркәсібі 13,9 пайызға ғана өскен. Индустрияландыру саясатының арқасында өңдеуші өнеркәсіптің инвестициялық тартымдылығы арта түсті. Ұлттық банктің мәліметтері 2005-2009 жылдары тікелей шетелдік инвестицияның (ТШИ) 7 пайызы ғана өңдеу секторына салынғаны дәлел. Бірақ бірінші бесжылдық нәтижесінде, ТШИ-дағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі – 14 пайызға, ал екінші бесжылдықтың басынан бері 19 пайызға дейін өсті. Өңдеуші сектордағы ірі және орташа кәсіп­орындарының еңбек өнімділігі 2010-2016 жылдары 2 есе өсіп, адам басына 38,9 мың АҚШ долларына дейін жеткен. Одан бөлек, аталған салада 26 жаңа сектор пайда болды. Осының арқасында еліміздің көптеген өңірлерінде жұмыспен қамтуды және экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз еткен жаңа индустриялық база қалыптасқаны жасырын емес. Оған 2010 жылдан бері жүзеге асырылған құны 5,1 трлн теңгелік 1060 жоба дәлел. Себебі осы жобалардың арқасында 100,2 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Олардың ішінде катодтық мысты өндіретін Бозшакөл КБК, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты, Talgo жолаушылар вагондарының өндірісі сияқты ірі жобалар да бар. Қазақстанда бұрын-соңды өндірілмеген 500-ге жуық жаңа өнім түрлерін игеруге жол ашылса, ол да – Индустрияландыру картасының игілігі. Жүк және жолаушылар тасушы вагондары, электровоздар, жүк тасушы, жеңіл автомобильдер мен автобустар, жарықдиодты шамдар, титан құймалары секілді өнімдердің өндірілуі ел өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсті. Жоғарыда аталған факторлардың барлығы ел экономикасының әртүрлі салалар негізінде дамуына, тұрақтылығын сақтап қалуына және күрделілігінің артуына әсер етеді. Мысалы, Гарвард университетінің экономиканың технологиялық күрделілігі индексіне сәйкес, Қазақстан 2010-2015 жылдар ішінде 14-орынға көтерілді. Бұл әлем нарығында бәсекеге қабілетті түрлі тауарларды көбірек өндіріп, экспорттай бастағанымызды білдіреді. Олардың қатарында титан, жазық прокат, мыстан жасалған бұйымдар, бу турбиналары, радиаторлар, сусындар, кондитер бұйымдары және т.б. тауар түрлері бар. Жалпы, бүгінде Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіп өнімі 110 елге экспортталғанын айтып өту сөзіміздің салмағын арттыра түспек. Ендігі міндет – 2015-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдықты нәтижелі жүзеге асыру. Осы орайда, экономиканы әртараптандыру ұзақмерзімді процесс екенін естен шығармаған жөн. Корей даму институтының (KDI) зерттеулеріне сәйкес, тіпті шикізат ресурстарына тәуелді емес экономиканы әртараптандыру 25-30 жылға созылады екен. Кейбір батыс елдерінде де ол жарты ғасырға жуық уақытты алған, ал индустрияландыру ең жылдам өткен Оңтүстік Кореяның өзінде бұл процесс 19 жылға созылды. Демек, индустрияландыру – экономиканы әртараптандыру саясатының тек қана бір бөлігі. Экономиканың тұрақтылығын арттыру үшін өңделген тауарлардың экспортын ұлғайтуға күш жұмылдырған жөн. Сонда ғана шикізат бағасына тәуелділіктен құтылмақпыз.